Ержан БАЙТІЛЕС. Алты Алаштың ақылманы
Қабырғаңды қайыстыратын, қабағыңа кірбің салатын, жаныңды құлазытатын, жүрегіңді сыздататын күндер болады. 16 қыркүйек - сондай күндердің бірі. Өйткені бұл күні Алаштың Ақселеуі аруаққа айналды. Арамыздан о дүниеге аттанды. Ақылман - Ақселеу, ғалым - Ақселеу, этнограф - Ақселеу, күйші - Ақселеу, сері - Ақселеу, қазақтың жоқшысы болған Ақселеу осыдан тура бір жыл бұрын жұртынан мәңгілікке жырақтады. Қасиетті Қадір түнінде соңғы тынысын алды. Содан бері де жыл айналыпты. Алаш Ақселеусіз бір жылын өткізді.
Ақселеу Сейдімбек туралы аңыз көп. Оның өмірінің өзі аңызбен өрілген. Құрдастары, замандастары бір ғана «Құнанбайдың шақшасы» туралы әңгімені сан құбылтып айтады. Ол да аңыз. Слан баласы - қазақ даласындағы көшпелі өмірдің соңғы көрінісін көрген қазақ. Оның ата-баба салтына, әдет-ғұрпына, өмірлік қағидаттарына, күйі мен әніне, сыры мен сынына, шежіресіне, тарихына адал болатыны, көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі жанкештілігі осында жатыр. Білдей бір ғылым институты жылдаған уақытын сарп етіп шығаратын «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихын» бір өзі дайындап, баспаға ұсынды. Ол қалың оқырманның қолына тиді. Жанкештілік дегенде біз осыны айтып отырмыз. Ұлтын сүю, Алашқа адал болудың жолын Ақаң бізге өзінің еңбегімен көрсетіп кетті.
Қабырғаңды қайыстыратын, қабағыңа кірбің салатын, жаныңды құлазытатын, жүрегіңді сыздататын күндер болады. 16 қыркүйек - сондай күндердің бірі. Өйткені бұл күні Алаштың Ақселеуі аруаққа айналды. Арамыздан о дүниеге аттанды. Ақылман - Ақселеу, ғалым - Ақселеу, этнограф - Ақселеу, күйші - Ақселеу, сері - Ақселеу, қазақтың жоқшысы болған Ақселеу осыдан тура бір жыл бұрын жұртынан мәңгілікке жырақтады. Қасиетті Қадір түнінде соңғы тынысын алды. Содан бері де жыл айналыпты. Алаш Ақселеусіз бір жылын өткізді.
Ақселеу Сейдімбек туралы аңыз көп. Оның өмірінің өзі аңызбен өрілген. Құрдастары, замандастары бір ғана «Құнанбайдың шақшасы» туралы әңгімені сан құбылтып айтады. Ол да аңыз. Слан баласы - қазақ даласындағы көшпелі өмірдің соңғы көрінісін көрген қазақ. Оның ата-баба салтына, әдет-ғұрпына, өмірлік қағидаттарына, күйі мен әніне, сыры мен сынына, шежіресіне, тарихына адал болатыны, көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі жанкештілігі осында жатыр. Білдей бір ғылым институты жылдаған уақытын сарп етіп шығаратын «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихын» бір өзі дайындап, баспаға ұсынды. Ол қалың оқырманның қолына тиді. Жанкештілік дегенде біз осыны айтып отырмыз. Ұлтын сүю, Алашқа адал болудың жолын Ақаң бізге өзінің еңбегімен көрсетіп кетті.
Ақселеу Сейдімбек туралы әлі талай әңгіме айтылады, еңбек жазылады. Осы бір жылдың өзінде қазақтың марқасқа ұлдары Ақаң туралы жылы естеліктерімен, зерттеу еңбектерімен бөлісті. Оның бәрі баспасөзде жазылып жатыр. Қали ағам Сәрсенбай айтпақшы, «Ақселеутану басталды».
Көзі тірісінде Ақаңмен дәмдес болып, сөзін тыңдау бақыты бұйырып еді. Осыдан екі жыл бұрын сұхбат жасаған болатынбыз. Абзал ағаны еске ала отырып, сол сұхбатты қайта қарап шықтық. Дуалы аузынан шыққан уәлі сөзінен қазақ деп қабырғасы қайысып тұрғанын байқайсыз. Ұлт болашағына алаңдайтынын сезесіз. Алты Алаштың ақылманы Ақаңмен болған сол сұхбаттан бүгін үзінді жариялағанды жөн санап отырмыз. Оқыңыз.
***
Менің қолыма 1,5-2 мыңдай шежіре түсті. Оның ішінде кейбір шежірелер былай басталады. «Мен өзім бір ғасырға куә болдым. Тағы бір ғасырға куә болғандардың сөзін естідім. Менің бойымда екі ғасырдың ақиқат сөзі бар». Ал екі ғасырлық тарихы жоқ елдер бар. Екі ғасырлық ақиқат сөз шежіреде тұр. Оның үстіне соңғы екі ғасыр қазақ тарихындағы өте тағдырлы ғасырлар болды. Демек, шежірелік айғақ-деректі көз көре отырып, оны қорытып, пікір білдірмеу менің рухани бағыт-бағдарым үшін қылмыспен пара-пар шаруадай еді...
***
Мен тұңғыш рет қазақ ру-тайпаларының этникалық бөлік емес, бұл әкімшілік-аумақтық, территориялық бөлік екенін қолмен ұстатқандай дәлелдеп отырмын. Демек, жүзге бөліну деген сөз барып тұрған ақымақтық, төл тарихын білмеушілік болып шығады...
***
Мына Кавказда Дағыстан дейтін ел бар. Біздің Қорғалжын ауданының аумағынан жері кішілеу. Сол Дағыстанда ресми 18 тіл бар. Анау төбедегі көрініп тұрған ауылдың тілін етектегі ел түсінбейді. Қазақ дейтін халықтың біртұтас этножаралым болуы - біздің ақылман-даналарымыздың жасап кеткен ұлы үлгісінің нәтижесі...
***
Өзі жаман індет басталғанда өрт сияқты елді шарпып кететін әдеті. Бұл індет талай адамдарды азапқа, әуреге салды. Әлі де әуреге салып келеді. Сорымыз болар, бағымыз болар, Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық жүйені таңдадық. Ал нарықтық жүйе деген - байлықтың бәйгесі. Баюдың бәсекесі. Баю жолына түскен адамдар өзіне қолайлы тәсілдің бәрін қолданады. Үлкен ақыл, тәжірибені қолданудан бастап, кісі өлтіруге дейін барады. Оны көзіміз көріп жүр. Демек, нарықтық жүйе өзінен-өзі протекциялық аңсарды дүниеге әкеледі. Протекция деген не? Белгілі мақсатқа жету үшін топ құрады. Әрине, кез келген адам топқа өзі білетін адамды тартады. Олар өзінің рулас, аталастары болуы мүмкін. Бірақ сол рулас, аталастары көңілінен шықпаса, соның өлігін аттап тұрып, мүлде басқа ұлтпен пәтуаласады. Дегенмен түпкі мақсатына жетуден танбайды. Протекция деген осы. Біздің протекциялық ындынды жүзшілдікпен, рушылдықпен шатастырып отырған жайымыз бар...
***
Біз белгілі бір ұрпақ алмасқанға дейін социалистік идеологияның жалаңбұт ұраншылдығынан, желбуаз әпербақандығынан көпке дейін арыла алмаймыз. «Қазақстандық ұлт» деген баяғы Сусловтың кезіндегі «паспорттарға ұлтым Совет Одағы деп жазайық» деген ұсыныс сияқты болып естіледі маған. Өйткені еш уақытта бірнеше этностан құралған ұлт болмайды. Ұлт деген - жеке адам сияқты өте дара жаралым...
***
Мені өкіндіретіні, мемлекет идеологиясының тізгінін ұстап отырған пақырлардың қарапайым этнологиялық зердесінің жоқтығы. Сондай адамдарға тізгінді қалай қорықпай ұстатады екен?! Бұл баланың қолына жалаң, өткір қылыш ұстатқанмен бірдей. Еш уақытта мемлекеттің бірнеше ұлттан жаралуы мүмкін емес.
***
Қазақстанның тірек ұлты - қазақ. Қазақстанның жері қазақтікі.
***
«Қазақтың күй өнерін» жазуға 30 жылдай өмір кетті. Қорқыттан бастап 15 жастағы күйшіге дейін бұл кітапқа іліктірдім. Ұзын-саны 200-ден астам күйшінің шығармашылығы талданады онда. Оның үстіне аспапты музыканың арғы мыңдаған жылдық тарихына археологиялық жазбалар бойынша шолу жасадым. Байтақ қазақ даласындағы күйшілердің өмір дерегін айтқанда, өзінен-өзі жер аты, су аты, топонимдер, ру аттары аталады. Былайша айтқанда, бұл кітап музыкалық мәдениет туралы болғанымен, қазақ тарихының музыкалық мәдениетті мысал ете отырып баяндалуы.
***
Біздегі протекцияшылдық, коррупцияшылдық, жебірлік ындынның билік сатысында өмір салтына айналып кетуі өте қауіпті. Сосын әлемнің елу еліне құр экономикалық деңгеймен жетуге өз басым ұялар едім. Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ең алдымен рухани өреде жетуді мақсат тұтуымыз керек.
***
Бірыңғай экономиканы күйттейік деген сөз, ол - «мемлекеттің болашағын жоқ етейік» дегендей естіледі маған. Өйткені рухани негізі берік, төлтумалық қасиеті дара, өзіндік төл сипаты жоқ ұлт та, мемлекет те болмайды. Онда біз қырық ру, қырық жілік тобырлардың мекені боламыз да, біздің ақырымыз қайыр болмай шығады. Сондықтан біз дереу ұлттық төлтумалық, мемлекеттік төлтумалық деген мәселені қолға алып, соның кемшін кетіп жатқан жақтарын жоюдың тетіктерін ойластыруымыз керек.
***
БАҚ-тың зорлық-зомбылығынан мұрнымыздан қан кетіп отырған елміз. Сол ақпарат құралдарының тәрбиесін көрген балалардың өзі 10-15 жасқа келіп қалды. Олар ертең бізді алмастырғанда ұлт үшін күреспейтін, мемлекет үшін тұяғын да қимылдатпайтын өте дүбәра, космополит, немкетті ұрпақ бола ма деп қорқамын. Онда бүгінгі ұрпақ тырбыңдап жинаған дәулет, қазіргі жасалған игіліктің барлығы желге ұшады.
***
Біз орыс халқының рухани асырауында отырмыз. Қазіргі ұрпақ орыстың әнін тыңдайды. Орысша ойлайды. Орыстың ойлағанын шайнап қайталайды. Біздің ғылымымыз да, саясатымыз да, мәдениетіміз де орыстың өкшесін басқан рухани дүбәра дүние болып отыр.
***
Біздің ауыл мәңгілік көктем мен жазда отыратын. Яғни қазақтың көшпелі өмір салтының архаикалық рудименттерін, қалдық-жұқаналарын мен өмір сүрген ортада сақтап қалды. Соның әсерінен мен бала-шағама өскен ортамның дәстүрін, кейбір моральдік-этикалық нормаларын үлгі-өнеге етуімнің сыры осында болса керек. Қыз балаға тұлым, ұл балаға айдар қояды. Осыны қоюдағы негізгі екі себепті айту керек. Біріншісі, сұлулық, әдемілік үшін. Екіншісі, көз тию деген бар. Кез келген сәби сұлу ғой. Оған әрбір көзі өткір, жаралымы ерекше адамның ықыласы ауса, онда баланың ауырып қалуы мүмкін. Тұлым мен айдар қойғанда көз алдымен соған түседі, сол арқылы баланы пәле-жаладан сақтайды деген сенім де болуы керек. Өзім әкеден жалғыз болғаннан кейін, ұрпаққа шыр-пыр болған жайым бар. Құдайдың берген үш-төрт баласы мен алты-жеті немересінің барлығына тұлым мен айдар қойғаным рас. Олардың қарын шашынан бастап, тырнағы мен тұлым-айдарына дейін жинап жүремін.
«Ана тілі» газеті