Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7905 0 пікір 3 Ақпан, 2017 сағат 14:33

ДЕПУТАТТАР МЕН "НҰР ОТАН" ТҮЙЕҚҰСТЫҢ ПОЗАСЫНДА ТҰР

Жақында  Ресей Думасының депутаты Шперов Павел Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартып, кейбір жерлерді қайтадан Ресейге қосу  керек деген бастама көтерді.  

Басқыншылық идеяларымен жұртты дүрліктіріп жүрген депутат РЛДП мүшесі екен. Атышулы Жириновский құрған неоимпериалист либералды партия.

Шперовтің айтқандарын сөзбе-сөз аударсақ, Қазақстандағы Ресейге тиесілі жерлерді қайтарып алу керек дегенге саяды. Мұның сыртында «Біз - алпауыт елміз. Мысалы, Қазақстандағы отандастарымызды диаспора деп айтуымыз саяси қателік болып табылады.Өйткені ол жерлер бізге тиесілі. Шекаралар мәңгілік емес, біз Ресей мемлекетіне тиесілі шекараларымызды қайтарамыз. Және де бұл жақын арада орындалады», - дейді әлгі Шперов.

Бейбіт күнде екі елдің арасына суық сөз жүгіртіп, қос бірдей одақта "ортақ қазаннан ас ішіп отырған" Қазақстан-Ресей дипломатиясына сызат түсіруді көздеген Шперовтің сыңаржақ пікіріне қатысты қазақстандық саясаткер Ерлан Саиров «Abai.kz» порталына шұғыл сұхбат берді.

-Ерлан Бияхметұлы, сіздің Ресей саясаткері Павел Шперов туралы әлеуметтік желіде жазған жазбаңызды оқып шықтым. Көшеде жүрген көптің бірі емес, геосаяси әм стратегиялық жағынан көршілес жатқан елдің білдей депутатының осылай деуі, ашық арандатушылық қой. Оған біздің қолында құзыреті бар билік органдары «ләм-мим» демеуі қалай?

-Қандай мемлекет болмасын шет елдің саяси өкілдері тарапынан осындай басқыншылық немесе арандатушылық ниеттегі ұлт пен мемлекетті мазақ ететін зұлым мәлімдемелерге бейжайлық танытпайды. Әсіресе, бөтен елдің территоииялық тұтастығына нұқсан келтіретін ауандағы іс-әрекет немесе мәлімдеме жасалатын болса, онда сол мемлекеттің құзырлы органдары оған қарсы бір ишара жасауы керек. Халықаралық нормаларға сәйкес. 

-Ол ишараны жасайтын алдымен Сыртқы істер министрлігі ғой... Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шперовтердің сөзіне байланысты БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген болды. Алайда, жұрт қалауындай емес, жеңіл-желпі жауап болды.

-Шперов пен Слуцкийге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі санкция салу керек. Ол дегеніңіз -оларға Қазақстанға келуге, қандай да бір шаруашылық қызмет атқаруға, кәсіппен айналысуға, Қазақстанның  банктерінде есеп-шот ашуыға тыйым салу.

Бұл Халықаралық зайырлы заңдылық.

-Ресей саясаткерлерінің тарапынан әлгіндей сөз бірінші рет айтылып отырған жоқ қой. Осыған дейін Шперовтің бастығы Жириновский мен Лимоновтар да радикалды пікірлер айтқан. Ол кезде де біздің органдар жақ ашпаған.

-Меніңше, Ресейдің осы азаматтарына қатысты осындай санкция салу қажет. Өйткені болашақта тек қана Ресей емес, басқалар да Қазақстанның территориялық тұтастығына қарсы іс-әрекетіне тосқауыл болады. Шынын айту керек, Ресей азаматтарының Қазақстанда шаруашылық субьектілері бар. Олар біздің елімізде бизнеспен шұғылданады. Сондықтан мемлекет олардың Қазақстанда алшаң басып пайда табуына тосқауыл қоюы керек.

Біздің Сыртқы істер министрлігі дәл осында жағдайда өздерінің күш қайратын көрсетуі керек. Өйткені әлемдік геосаяси ахуал күннен күнге күрделіленіп келе жатыр. Егер біз осы жолы Ресей  саясаткерлерінің ұрда-жық пікірлері мен ұшқары көзқарастарына жауап бермесек, ертең олардың саны он есеге, жиырма есеге көбейеді. Бұндай келеңсіздіктің алдын алу СІМ құзырындағы кезекті бір мәселе ғана емес, бұл - СІМ-нің бірінші кезекте қолға алуға тиіс міндетті қызметі.

Содан кейін, Мәжілістегі мыңғырған депутаттар бар, «Нұр Отан» партиясы бар, қазір бастарын құмға тыққан түйеқұстың позасында тұр. Дым көрмегендей болып отыр. Бұлай болмайды. Олардың барлығы  лайықты деңгейде жауап беруі керек. Мәжіліс пен «Нұр Отан» осы кезде көрсетсін өздерін. Осы істі аяғына дейін бір жақты етуіміз керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381