Жұма, 22 Қараша 2024
Cатира 7760 0 пікір 30 Қаңтар, 2017 сағат 23:40

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ. ЖАРЫҚТЫҚ

Бастығымыздың алдын «күзетіп» отырған Жылтың деген шыңылтыр қыз есігімнен баптап алған басын көрсетіп:
– Болған ағай кабинетіне шақырып жатыр! – деді де, аяғының арасында тауық қыт-қыттап жүргендей өкшесі тық-тық етіп, «неге?» дегізбей тез кетті.
– Жарықтық айтатын сөзін тағы ұмытып қалмаса екен, – деп ойладым да, шашымды жығып, жағамды шертіп, кірпігімді қағып-қағып кіріп бардым. Жігіттер де күндегідей түгел жиналып Бөкеңнің аузына қарап отыр екен.
Бөкең бізге «осыларды қайдан көріп едім» дегендей таңырқай қарайтын секілді.
– Бәрің бірдей топырлап, жай жүрсіңдер ме, түге? – деді Болған ұзын мүштегіне кигізген ұзын сигареттің күлін түсіріп.
Біз аң-таңбыз.
– Сіз шақырады деген соң келіп отырмыз, Бөке, – деді біреу.
Бөкеңнің де есі екеу, түсі төртеу. «Осыларды шынымен өзім шақырып па едім?» дегендей алыстан ойланып отыр. Темекісінің де күлі ұзарып, қисық түтіндеп, бірге ойланғандай.
– Мен шақырды дейсіңдер ме, ей? – деді сәлден соң Бөкең.
– Иә, сіз шақырды деген соң...
– Кім айтты?
– Жылтың айтты.
– Әй, осы Жылтың да мені әбден жынды қылатын болды. Шақыршы өзін бері!
Жылтың келді.
– Жай ма, ағай?
– Сен қыз, қарағым, жындымысың? Кім шақырды мыналарды?
– Өзіңіз шақыр дедіңіз ғой.
– Қашан?
– Жаңа. «Ойбуй, алжыған басым, костюмімнің сыртынан костюм киіп келіппін» деп біреуін шешіп былай, екіншісін шешіп былай қойдыңыз. Күлдіңіз. Мен де күлдім. Сосын «жігіттерді тез шақыра қойшы!» дедіңіз. Мен, міне, жинап келдім.
Болған Жылтыңның бет бақтырмас дәлеліне «кет, и» деп айта алмай, екі костюміне кезек-кезек қарап отырып қалды. Біз не көңіл айтарға, не жөнін айтарға еп таппай қаңтарылып отырмыз.
– Бірдеме айтайын деп ұмытып қалғамын да, бар, шаруаларыңды істеңдер! – деп таратып жіберді. «Адам қартайғанда бір бала» деген ғой, жарықтық не айтқысы келді екен?» деп бәріміз шығысымен дәлізде темекі тартып, шалымыздың қылығына мәз болып, дабырласып тұр едік, Жылтың ізімізше жүгіріп келіп: «Бөкең шақырып жатыр, тез жүріңдер!» – деді.
Адам жаман ойға жүйрік қой, «Бөкең талып қалды ма, әлде одан да сұмдық бірдемеге душар болды ма, жарықтық» деп ойладық та, темекімізді тастай салып жүгірдік. Жазымнан аман екен. Бөкең екі қолын артына ұстап, бөлмеде ары-бері аяңдап жүр. Міне, қызық, Бөкеңнің аяғын көріп күліп жібердік. Бір аяғында – қызыл бәтеңке, бір аяғында – қара бәтеңке.
– Бөке, модаңыз құтты болсын, жаңа бәтеңке алғансыз ба? – деді Пошым елден бұрын дәлдеңдеп.
Болған аяғына қарап аң-таң.
– Мұнысы несі, а? Масқара! Түнде бір үйде қонақта болып едім, кетерде қалың бәтеңкенің ішінен іліп алып жүре бергенмін ғой. Ұят-ай, ә! Иесі табанын қасып жалаң-аяқ отырған шығар, тез Дырданның үйіне апарып, өзімдікін ала кел! – деп қызыл бәтеңкені бауын ағытпай, өкшесінен басып шешті де, Пошымға нұсқады. Бейім тұрған Пошым Бөкеңнің бұтының арасынан қызыл бәтеңкені іліп ала жүгірді. Ол енді, көр де тұр, осы қызметін мият тұтып, ертең түске дейін жұмысқа келмейді.
Бөкең бір аяғында шұлық, бір аяғында «құлып», сәл ақсаңқырап ары-бері жүр. Жарықтықтың шұлығынан түскен дымқыл ізге қарап біз отырмыз.
– Біреуден жасырынып жүргендей сендер осы менің кабинетіме келіп, тығыласыңдар да отырасыңдар, жұмыс істемейсіңдер ме, түге? – деген Бөкең оқыс тоқтап, бетімізге қарайды.
Біз «ақымақ» болып болдырдық.
– «Айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» дегендей, өзіңіз қайта шақырады деген соң келіп отырмыз, – деді біреу.
Бөкең маңдайын езгілеп біраз ойланып қалды. Ернін шығарды, қабағын түйді, көзін жұмды.
– Иә, айтпақшы, – деді бір кезде шошып оянғандай. – Мен, жігіттер, ұмытшақ болып бара жатырмын, шамасы, қартайсам керек. Содан қабырғаммен ақылдасып, алжымай тұрғанда пенсияға шығуға тоқтам жасадым. Сендерге соны айтайын деп...
Біз «адам шаршаса күледі» дегендей, күліп отырмыз.
– Бөке-ау, жылда пенсияға шығайын деп пе едіңіз? – деді біреу.
– Жылдасы несі, жынды ма мынау?
– Бөке, сіз қазір пенсияда жүрсіз ғой. Енді қайдағы пенсияны айтып тұрсыз? – деді ішіміздегі кексе кісі.
– Әй, мыналар мені жындыханаға түсіретін шығар, – деп Болған бәрімізге кезек-кезек қарап, қабақ қақпай қалшиып тұр.
– Ой, жарықтық-ай, сіз былтыр «Черметтен» шекпен киіп, пенсияға шықтыңыз. Содан «әлі көрсетері көп» деп, сізді біздің мекеменің меңгерушісі етіп сайлады ғой. Яғни, пенсияға шыққаннан кейін тағы жұмыс істеп, жалақы тауып жүрсіз. Қайта-қайта пенсияға шығып, екі жегіңіз келе ме? – деп әлгі кексе «шалған» болды.
– Шақыршы әлгі Жылтыңды! – деп бұйырды Болған.
Жылтың келді.
– Әй, сен қыз, анығын айтшы, мен пенсияға шықтым ба?
– Иә, былтыр шыққасыз.
– Енді мұнда не бітіріп жүрмін?
– Жұмыс істеп жүрсіз.
– Жарайды, бар, кет айда!
Жылтың «айдап» кетті.
– Мен осы ұмытшақ болып барамын. Айтпақшы, былтыр «Черметтен» пенсияға шыққан соң осында келген екенмін ғой. Бәсе, осы пенсияға шыққым келеді де тұрады. Жәрәйді. Ал, жігіттер, жұмыстарыңды істеңдер. Әкемнің өлгенін естіртуге келгендей топырлап жетіп келесіңдер де тұрасыңдар. Тараңдар, түге! Иә, айтпақшы, әлгі пәтіңкі келді ме, біліңдерші! – деп Болған бәрімізді тырқыратып қуып шықты.
«Ойнаса баласы жеңеді, шындаса әкесі жеңеді» деген осы-ау. Ой, жарықтық-ай, аман бол, әйтеуір!

Журналист Сәкен Сыбанбайдың facebook парақшасынан алынды.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289