Жұма, 22 Қараша 2024
6706 0 пікір 28 Қаңтар, 2017 сағат 10:09

МАҢҒЫСТАУ ЕРЕУІЛІ НЕГЕ КЕЗЕКТІ РЕТ ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ?

Сонымен, қазақстандық билік Маңғыстау мұнайшыларының ерік-жігерін аяққа таптап, ереуілге шыққан және аштық жариялаған жұмысшылардың өздерін жазғырып, азаматтық акцияны өшпенділікпен тоз-тоз етті. Ал ереуілдеген жұмысшылардың басты талабы – өздерінің мұңы мен мұқтаждығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақты мемлекеттік тіркеуден өткізу еді.

Қазақстанда мемлекет қысымына ұшырамайтын тәуелсіз қоғамдық ұйым жоқ. Сондай қоғамдық ұйымдардың бірі – маңғыстаулық мұнайшылардың тәуелсіз кәсіподағы еді. Бүгінгі қазақстандық билік жүйесі жұмысшылар қауымын қорғауға мүдделі емес, өйткені елдің іргелі кәсіпорындарындағы жұмысшы атаулыны шетел инвесторларының езгісіне салып қойған. Шетелдік иеліктегі кәсіпорындар көбінесе жергілікті жерден жұмысшыларды жалдаған кезде өздерімен бірге әкелген білікті деген мамандары өзіміздегі деңгейі бірдей жұмысшылардан 6–8 есе көп жалақы алатыны ешкімге құпия емес. Ал тәуелсіз кәсіподақ осындай әлеуметтік теңсіздікті жоюдың бірден-бір бастамашысы еді.

ҚУҒЫНДАУ ХРОНИКАСЫ

Қазақстандағы ірі мұнай кәсіпорыны – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеніштеріне қызмет көрсететін Oil Construction Company (әрі қарай – OCC) компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы қаңтардың 5-і күні Ақтауда, Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде аштық жариялап, наразылық акциясын бастаған еді. Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен мұнайшылардың аштық акциясы Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподақ ұйымы кеңсесінде басталған. Жұмыс берушінің мәліметінше, аштық акциясы үш жерде өтіп, Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде 292 адам, ал Қаламқас кенішінде 270 адам, Жетібай кенішінде 100-ге тарта адам аштық жариялаған.

Олар құрамына өздерінің кәсіподақ ұйымы енетін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылуына қарсылық білдіріп, ұйымды тіркеу туралы талап қойған. Ескерте кетейік, қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан конфедерация «заңмен белгіленген мерзімде жергілікті филиалдарын тіркеуден өткізбегені» үшін жабылатыны туралы шешімін жариялаған болатын.

Сот шешімі шыққан күннің ертеңі – қаңтардың 5-сі күні Маңғыстау облысы мұнайшылары Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жоюға қарсы шықты. Ақтау қаласында OCC кәсіпорны жұмысшылары «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы жойылса, жұмыс берушіге талаптарымыз жетпей қалады» деп мәлімдеп, аштық жариялады. ОСС кәсіпорнының тәуелсіз кәсіподағы осы конфедерация құрамында болған еді. Ал наразы мұнайшылар «жұмысшылардың құқығын қорғамайтын» ресми кәсіподақ ұйымында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген.

Бірақ тәуелсiз кәсiподақтар конфедерациясының президентi Лариса Харькова 11 қаңтарда Шымкентте баспасөз мәслихатын өткiзiп, онда кәсiподақтың жабылуының заңдылығы мен мұнайшылардың аштықты тоқтатуын сұраған мәлiмдемесi БАҚ арқылы дереу тарады. Билiк осы мәлiмдемеден соң мұнайшылар талабы тығырыққа тiреледi деп күтсе керек. Алайда аштық жариялағандар өздерiнiң Харькова үшiн талап қойып отырмағанын және оның қысым жасалғандықтан осындай ақпар таратуға мәжбүр болып отыр деп санайтындарын айтты. Себебi Харькова бұған дейiнгi «Хьюман Райтс Вотч» ұйымына (HRW – штаб-квартирасы АҚШ-та орналасқан адам құқықтарын қорғау ұйымы) берген сұхбатында «сот жүйесi iстiң мән-жайына қанығуға мүдделi болмағанын, конфедерацияның әдейi жабылғанын және ол туралы сотқа тапсырма берiлгенiн» айтып салған.

Ескерте кетейік, OCC жұмысшылары бірінші мәрте наразылық акциясына шығып отырған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын – 2013 жылдың қарашасында сервистік компанияның Қаламқас пен Жетібайдағы жұмысшылары бірнеше күн ереуілге шықты. Олар компания басшылығына жалақыны көтеру (сол кезде олардың орташа айлығы 70 мың теңге көлемінде болған), өндірістік база мен теxниканы жаңарту, жұмысшылар адам төзгісіз жағдайда – вагондарда тұрып, әбден тозығы жеткен теxникалармен атқарылатын азабы көп еңбектің өтеуін сұрап, тәуелсіз кәсіподақты қудалауды доғару жөнінде ұзын-саны 23 талап қойған еді. Мұнайшылардың осы талабы толық орындалса, белсенді жұмыс атқарған кәсіподақ жетекшілері мен жұмысшылар аштық жарияламас па еді, бәлкім!

Бірақ жұмысшылар талабы толық орындалмай қалды. Сондықтан министр болып тұрған кезінде «патамуштамен» аты шыққан Серік Әбденов директоры болып отырған ООС компаниясының жұмысшылары тағы да әлеуметтік-тұрмыстық талаппен ереуілге шығуға мәжбүр болды.

CОТ ТАПСЫРЫСТЫ ОРЫНДАДЫ

Екі аптадан астам уақытқа жалғасқан жаппай аштық акциясы өткен сенбі күні – қаңтардың 21-інде кеңседегі аштық жариялаушы жұмысшыларды полиция тізімге алып, қолдарына Ақтау ішкі істер басқармасына шақырту қағазын тапсырады. Бірнеше күн бойы аштық жариялап, қалжыраған мұнайшыларға полиция әкімшілік іс қозғап, сенбіде түні бойы олардың ісін Маңғыстау облыстық ауданаралық әкімшілік соты қарады.

Сотқа полицияның хаттамасы негізінде 15 адам: Серік Балжігіт, Жамбыл Бекешов, Ержан Болатбек, Тахир Ерданов, Қайрат Ерекешов, Мақсат Жайлаубаев, Құсайын Жылқышиев, Мұханбет Қаржаубаев, Зейнелғабиден Қойшығұлов, Құспан Қосшығұлов, Анарбек Құлжанов, Иманғали Молдағалиев, Нұрсұлтан Мұхамедиев, Валерий Пахомов пен Мақсат Тасыбаев жеткізіледі.

Әкімшілік сот отырысы ашық деп жарияланғанымен, журналистерді сотқа кіргізбеген. Сот залына жұмысшыларды бірнеше топқа бөліп кіргізіп-шығарып әлекке салады. Бір мезгілде сот өтіп жатқан залдан шығарылған және кіреберісте тұрған бірнеше мұнайшыны полиция қызметкерлері екі жеңіл көлікке салып, белгісіз жаққа алып кетеді. Оларды қайда апара жатқанын полиция журналистерге айтпаған.

Кешкі сағат тоғыздың шамасында Маңғыстау облысы бойынша сот әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аманбек Қалпақов «сот жұмысы бүгін осымен аяқталды» деп хабарлаған соң, сот залынан шыққан Тахир Ерданов, Серік Балжігіт, Қайрат Ерекешов және Анарбек Құлжановты «наркологиялық орталыққа тексеруге апарамыз» деп, көлікке салып, қала шетіне алып кетеді. «Азаттықтың» тілшісінің хабарлауына қарағанда, рация арқылы сот ғимаратында журналистердің жоқ екенін естіген полиция көліктегі мұнайшыларды қайтадан сот залына әкеледі. Түнгі сағат екіге дейін жалғасқан заңсыз соттың нәтижесінде Қазақстан Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488-бабын (заңсыз шеру, митингі, пикет өткізу) бұзды деп танып, Құспан Қосшығұловқа – 50 айлық, ал қалғандарына 20 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2269 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.

Айыппұл салынғандардың кейбірі соңғы үш күннің ішінде екінші рет әкімшілік сотқа тартылған еді. Қаңтардың 19-ы күні Ақтау соты OCC компаниясының аштық жариялаған жұмысшылардың үстінен берген шағымын қарап, наразылық акциясын «заңсыз» деп тауып, оны тоқтатуды міндеттеген болатын.

Маңғыстау облысында екі аптадан астам уақыт аштық жариялап келген жүздеген мұнайшыға жетекшілік еткен OCC компаниясы кәсіподағының лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Қошақбаев Ақтаудан Астанаға жеткізілген соң, қылмыстық айыптар бойынша қамауға алынды. Қаңтардың 21-і күні Астананың Алматы аудандық соты Елеусінов пен Қошақбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша екеуін екі ай тергеу мерзімге қамау туралы санкция берген. Қамауға заңсыз алынған азаматтардың адвокаты Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу), Нұрбек Қошақбаевқа 402-бап бойынша (заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруды арандату) айыптар тағылған.

Ақтаудағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесіне сенбі күні таңертең келген Ақтау қаласы прокуроры Марат Тойжан наразылық акциясын өткізіп жатқандардан кеңсені босатуды талап етіп, жұмысшылардың мемлекетке қарсы шығып отырғандарын ескерткен.

Ал қаңтардың 23-інде Ақтау қалалық сотында Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен OCC компаниясының шағымы бойынша, Қаламқас кенішінде аштық жариялаған 28 жұмысшының үстінен сот жүрді. Шағымда жұмысшылардың аштық акциясын заңсыз деп танып, олардың 6 қаңтардан 22 қаңтарға дейінгі аралықта аштық ұстауы салдарынан компания тартқан «3 миллион теңге шығынды» өндіріп алуды сұраған.

Сотқа келген жиырмадан астам жұмысшы сотқа түскен іс материалымен таныса алмағандарын айтып, соттан уақыт беруді, өздеріне адвокат тағайындауды сұраған. Ал судья материалмен танысуға 15 минут қана уақыт берді. Жұмысшылар 15 минуттың ішінде танысып үлгермегенін, адвокаттарының жоқтығын айтып, сотқа қатысудан бас тартады. Бірақ судья оған қарамай сот ісін жүргізіп, заң талаптарын өрескел бұзды.

Маңғыстау аудандық сотының судьясы Жасұлан Сәлиев ОСС-тің аштық жариялаған 28 мұнайшысына байланысты компания пайдасына 3 354 594 теңге өндіріліп алынсын деген үкім шығарды. Судья бұл қаржыны сотқа қатысушылардың бөліп төлеуін міндеттеді.

Ақыры тәуелсiз кәсiподақтың жұмыс iстеуiне мүмкiндiк берудi сұраған ОСС компаниясы мұнайшыларының әрекетi әлем назарына iлiктi. HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан тәуелсiз кәсiподақтар конфедерациясын жою туралы Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикалық сотының шешiмiн азаматтардың бiрiгу құқығын «өрескел түрде бұзу» деп айыптап, Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар ұйымын жабу туралы шешiмi жойылуы тиiс дейдi. Бұл туралы HRW-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон 10 қаңтарда таратқан мәлiмдемесiнде айтқан болатын. Қазақстан билiгi кәсiподақ ұйымын жабумен «артқа қарай қауiптi қадам жасады», – дейдi Уильямсон.

Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын маңғыстаулық мұнайшылар аштық акциясы арқылы аман алып қала алмады.

ЕНДІГІ ЕРЕУІЛ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы 2016 жылғы желтоқсаннан бастап Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) тең құқықты мүшесі. Билік тағайындаған Әбілғазы Құсайынов басқаратын тағы бір қазақстандық бірлестік – Қазақстан кәсіподақтары федерациясы да осы халықаралық ұйымға 2015 жылдан бері мүше екен. Бірақ бұл кәсіподақ ұйымының ерекшелігі тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы тап болған кедергілерге ұшырамапты, орталық кеңсесі Астана қаласында аман-есен жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы 2016 жылғы ақпанның 12-сі күні құрылған. Конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылған. 2014 жылғы шілдеде кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін, Лариса Харькова басқарған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы құрылғанымен, құзырлы органдар оған заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан.

2017 жылғы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты (іс заңды тұлға тіркелген және Лариса Харькованың тұрғылықты орны бойынша қаралған) тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.

Осылайша, әлеуметтік әділетсіздікке тап болғандардың құқын қорғайтын қоғамдық ұйымның мәселесі саяси мәнге айналды. Жергілікті жердегілердің әлеуметтік мәселесі саясатқа айналып кетпесін деп, бастарын ала қашқанымен, мұнай – әлемдік аренадағы үлкен саясаттың құралы екені белгілі. Маңғыстаудың мұнайы да осы әлемдік үдерістен шет қалмайтыны анық.

Жека-дара биліктің басқаруындағы мемлекет үшін батыс өңірдегі «алақандай» Маңғыстаудағы мұнайшыны уысынан шығармау – аса қиын шаруа еместігі тағы бір шындық. Көнбесе – оққа байлап, соттай салу тәжірибесі жетерлік. Осындайда қаны кеппеген, жарасы жазылмаған Жаңаөзен қасіреті – билікке де, қоғамға да сабақ болмады-ау деген өкініш бойды билейді.

Жаңа жыл басталысымен аштық жариялаған жұмысшылардың бірқатары ауруханаға түсті. Ал Ақтауға президент Назарбаевты шақырып, жағдайды өз көзімен көріп кетеді деген ереуілшілердің үміттері ақталмады.

Осыдан алты жыл бұрын да мұнайшылардың наразылығы сегiз айға ұласып, ереуілшілер қаны төгілген қақтығыстан кейiн абыр-сабыр басылған соң, президент Назарбаев Жаңаөзенге келіп, «ештеңе естiмегенiн», «ештеңе көрмегенiн» айтып, сүттен ақ, судан таза болған еді.

Сонда Назарбаев былай деген еді: «Осымен мынандай сұмдықты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Солай болды екен деп, мен Маңғыстау жұртына көңілімді өзгертпеймін. Қазақ елдің қай түкпірінде жүрсе де – менің қазағым. Маңғыстау – 362 әулиенің жері, қасиетті жер. Солардың аруағына күл шашпаңдар. Олардың қаһарына қалмаңдар. Ұят болады...».

Президенттің сол «ұят боладысын» биліктік БАҚ осы жолы тағы да қайталады. «Қазақстан» ұлттық телернасының Ақтаудағы бөлімшесі және КТК телеарнасынан шығатын «Портрет недели» бағдарламасы «мұнайшылардың аштық жариялауына сыртқы күштер ықпал етті» деген сарында сөйлеп, бірнеше жүз жұмысшының наразылығын арандатушылардың айдап салуы ретінде көрсетуге тырысты.

Бірақ биліктегілер Жаңаөзен қасіретінен сабақ алмаған сияқты. Оған осы – маңғыстаулық жұмысшылардың соңғы ереуілі дәлел болса керек. Президент тағы да «ештеңе естімеген», «ештеңені білмеген» күйде кезекті рет аузын буып қалды.

Дегенмен, әлеуметтік талаппен көтерілген жұмысшылар ереуіліне қатысты «ауыз буу» әдісі бұдан былай нәтиже бермейтін сияқты. Ашынған жұмысшылар бұл жолы бір ғана әлеуметтік талаппен жеңіске жетпейтіндерін, мемлекеттік билік алдына саяси талап қоймайынша және оның орындалуын табанды түрде талап етпейінше, елде қалыптасқан қатыгез жағдай өзгермейтініне көз жеткізді. Тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Қошақбаевты Астанаға әкеліп соттаудың астарында саяси сипат жоқ деп айтуға келмейді. Ақорда жергілікті жердің сотына да, прокурорына да сенбейтін болған сыңайлы, биліктің дәрменсіз әрекеті осыны меңзейтін сияқты.

Осыдан кейін Маңғыстау мұнайшылары мен жұмысшылар қауымы енді көтерілсе, Ақорданың алдына елге өзгеріс енгізу жөнінде саяси талап қоюмен ғана алаңға шығатындарын сезініп кетті.

Бет қатталып жатқанда

Қаңтардың 23-күні Маңғыстау облыстық «Ақтау» тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының кеңсесінде жиналыс өтіп, «Oil ConstructionCompany» (ОСС) кәсіподағының лидері Әмин Елеусінов пен облыстық филиал кәсіподағының төрағасы Нұрбек Қошақбаевтың екі ай қамауға алынуына байланысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарлары талқыланды. Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы Үйлестіру кеңесінің ұсынысы бойынша, ОСС еңбек ұжымының атынан қамалғандардың мүддесін қорғауға «Ақтау» мен «Жаңарту» кәсіподақтарының қайраткері Мұхтар Үмбетов сенімді өкіл болып сайланды.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №3 (367) от 26 января 2017 г. 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264