МАҒАН КІТАП СЫЙЛАҢДАРШЫ
Назарларыңызға сыр елінің тумасы талантты жас ақын Мұхит Преизаттың өлеңдерін ұсынамыз!
Кітап
Гүлдің исі жұпар дейді жұрт осы,
Сезім үшін гүлден асқан не керек?
Парақтары барқыт раушан күлтесі,
Өзім үшін, кітап исі керемет.
Гүл алғанда қуанады қолдарым,
Кітап ашсам нұрланады көздерім.
Мүмкін емес көрген сәтте солғанын,
Жабырқаған көздің жасын сезбеуің.
Кітап деген - өзге адамдар, өзге əлем,
Сағатыңды сырғытатын өткенге.
Мазмұнынан мұң мен сырын қозғап ем
Күз секілді Тоңа салдым көктемде.
Көлік болса, замандардың арасын,
Армансыз бір аралайтын мініп ап.
Таза ауасын, бақылайтын даласын,
Жаңбыр асты қолшатырмен тұрып ап...
Қиял жүйрік, жетелейді ойды да,
Өмірімнің кешіп бақыт аралын.
Кітабымды қысып алып қойныма,
Дəуірлерден дəуір көшіп барамын...!
Көңіліме көктем келіп орныққан,
Пəк жүрегім мың арманнан үміткер.
Сезіп жүрмін,
Өзім гүлмін, сондықтан
Маған кітап сыйлаңдаршы,
Жігіттер!!!
***********
Ай көріп сен мені, дедің ғой ғазалым,
Ғазалдың бірақта сен тарттың азабын,
Келерін, келмесін білместен күткеннен
Күткенің жақсырақ, келуін ажалдың.
Мен сені қызғанам, айдан да, күннен де,
Көреді себебі, Күн-күнде, Ай-түнде,
Бақытты боламын, бірақта күнде емес
Күн салып араға, сен түске кіргенде.
Бұл қандай соқырлық? Бұл қандай заңдылық?
Жүректің үні де, қалғандай қарлығып,
Сүйсекте екеуміз, білмеймін неліктен?
Қосылмай келеміз, жүректі зар қылып.
Сезімді ақылға салып-ақ келемін,
Ақылда сарқылды, білмейді не дерін
Жаныма жалғыз-ақ медеу боп тұрады
Әр түні жазылған сен жайлы өлеңім.
Жүректің сөздерін құлаққа ілмейміз,
Бөлекпіз десекте, біз бірақ бірдейміз
Қатыгез екенбіз, шынымен екеуміз
Жүректі жасырын, күн сайын жерлейміз.
Сезімнен қашамын, қашқандай өлімнен,
Жырымды құшақтап, түндерде көз ілем
Түсімде бақытты, таң ата бақытсыз
Оянам ендігі, тұрғандай көрімнен.
************
Тәубеге келу
Жастанып алып ала жастықты,
Қарасам мені қара басыпты
Болғасын құрбы нәпсіге еріп
Шайтаным келіп араласыпты.
Басымды ұрмай сәждеге иіп,
Жартасқа соқтым нәпсіні сүйіп,
Таң намазына тұрмай да жүрдім
Құлшылық үшін ұйқымды қиып.
Біраздан бері қалам да алмадым,
Азғырған сезім санамды алдадың,
Бұлыңғыр тартып өтсе де күнім
Ойланып бір сәт алаңдамадым.
Тозақтан қорқып жыламағалы,
Тәңірден тілек сұрамағалы,
Бірталай айдың жүзі болыпты
Шумақтап өлең құрамағалы.
Жамалып жатыр күнәға күнәм,
Соңында өзім кінәлі болам,
Өзіме емес тағдырға налып
Өзімнен-өзім жылаған болам.
Еңсемді басты ауыр мұң еніп,
Тәңірге сосын жалындым келіп,
Егілі отыр жаралы құлың
Жаншимын дейді нәпсіні жеңіп.
Мейірімі шексіз Жаратқаныма
Құбылға мені қаратқанына,
Шүкірлік етіп, тәубеге келдім
Мұсылман етіп жаратқанына.
Ұяттан жерге кірердей қызың,
Өшірсем дейді күнәлар ізін,
Тәубеге келіп құлдық ұрады
Құбылаға қайта қаратып жүзін...
Сайтқа әзірлеген Нұрсұлу Найманова
Abai.kz