Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6174 0 пікір 6 Қаңтар, 2017 сағат 10:58

КӨК САЙТАН

- Замандас-ау, осы ауылда бізден жасырып жүрген бикелерің бар ма еді, атыңның жалын түк қалтырмай өріп тастапты ғой, – деп қулана күлген құрдасымның келіншегі босаған кесеге шай құйып жатып.

Менің жүрегім «зырқ» ете қалды.

– Қойсаңшы, Жәміш!

Құрдасым зілсіз жекіді.

– Менің атым қайда! – деп апыл-ғұпыл жаюлы тұрған дастарханның шетін баса, есікке қарай ұмтылдым.

– Ой, не болды Асеке?! – құрдасым да менің артымнан ере шығып жеңімнен тартты.

– Құдайым-ай, бұл қырсық мені қайта тауып алған болды ғой...

Мен шынымен таусылып кеттім.

– Не болды, жарқыным! Ашып айтсаңшы...

– Қанша заманнан кейін қайта жолыққанымды қарашы...

– Кімге, кімді айтасың.

– Бұл ұзақ әңгіме... Жүр, атымды бекіткен жаққа барайық.

Екеуміз ауылдың аяқ жағындағы кешегі аттарды бекіткен жаққа қарай жүрдік.

Топ қарағанның бергі шетінде құрдасымның есік пен төрдей кертөбелі тұр. Менің құла айғырым көрінбейді.

Асыға басып, төмен жақтағы ағарға қарай беттедік.

Ағардағы бұлақ басында айғырым тұр. Қара сүмек терге малшынып, түсі барандап кетіпті. Жанына таяй бергенде, бізді көріп осқырына кісінеп жіберді де, маған қарай төрт аяғын теңселе әзер басып келе жатты.

Тізесін соға түсіп тұратын ақшулан жалын тарам-тарам қылып өріп тастапты.

– Сол, нақ соның өзі, – дедім мен күңірене.Ширек ғасыр бұрынғы бір іс есіме түсіп.

***

Нағашыларым орта жайлауға енді келіп жатыр екен. Жаз жайлауға шығандап кетсе, қыс қыстауға ойға түсіп кететіндіктен, араға жыл салып әзер бір келетінбіз.

Мен жоғары оқу орынынан шақырту алып, алыс қалаға аттанатын болған соң шешем:

– Нағашы атаңа барып батасын алып кел, – деп әкемнің алаяқ торысын мінгізіп, қанжығама сәлем-сауқатын бөктеріп беріп аттандырып салған.

Таң бозынан желе-жортып, Тасбастауға жеттім де, ер-тоқымымды алып, бастау жағасындағы шалғынға атымды біраз оттатым. Енді бұлақтан су ішейін деп еңкеие беріп, су түбінен жарқыраған шідерді көріп қалдым. Таңертен асығып жүріп шідерді ұмытып кеткенім есіме түсіп, еріксіз мырс еттім де қолымды тастай бұлақ суына матырып, шыдерді алып шықтым. Керемет бір шебердің қолынан шыққаны менмұндалап тұр. Иесі келіп алып кетпесін деген адамша асығыс атымды ерттеп, шідерді тоқымның астына көлденең бастырдым да, жүріп кеттім. Нағашымның ауылына түс қайта әзер жеттім.

Алыстан жиенінің келгеніне Нағашы атам балаша қуанды. Кеште:

– Жиенім алыс жол жүріп барады екен, жолы ашық болсын, ауылдың ақсақалдарын жиып, ақсарбас сойып бата тілеп отырмын, –деді үйге толып отырған қалың шал-кемпірге.

Ортаға ақсарбастың басы енді келген кезде, манадан тып-тынық болып тұрған ауарайы кенеттен алай-дүлей болып боран соғып, үйді теңселтіп жіберді.

Есік жақта отырған нағашы ағам сыртқа атып шықты да, тіреуіш әкеліп, нағашы жеңгеме ұстата салды. Өзі қайта далаға жүгіріп шықты. Артынан мен де ере шықтым. Екі жақтап жүріп, үйге салма салып терең қағылған қазыққа мықтап байладық та, үйге қайта кіре бергенімізде, анадайда ойбайлап айғай сүрен салып біреу келе жатты.

Мен қорқып кетіп, ортадағы ошақты соға-моға төр жақта отырған ақсақалдарың арасына келіп тығылдым.

– Әй, мынау Әден бақсының дауысы ғой.

– Апырай, жарықтыққа не көрінді екен.

– Бағана балаларды жіберіп шақыртқан едім, – деді нағашым жаймен ғана.

Соның арасынша бақсы да айғай-сүрен салып үйге кірді.

Қолындағы сарала жез қамшысымен айналасын сабалап:

– Антұрған жүгермек даладан тауып алған шідерді неге аласың, онымен атыңды неге шідерлейсің, – деп маған тап-тап береді.

Мен әлде біреудің дүниесін әдейі ұрлап алғандай қысылып қалдым.

Нағашы атама қарап:

– Нағашы ата, мен оны ешқайдан ұрлап алғаным жоқ. Бұлақтан тауып алдым, – дедім.

– Иә, иә, зәнталақ, оны тауып алмасаң көк сайтан саған күміс шідерін қалай ұрлатады. Тауып алғансың білем, тауып алғансың... Бейбақ бала сорыңа бола тауып алғансың, – деп бақсы одан арман аласұра бастады.

– Сабыр, сабыр, бақсы! – деп атам «гүр» ете түскен кезде барып ол сәл басылды.

–  Мәкем-ау! Бұл жай қарайтын дүние емес. Көксайтан бір жабысса, оңай құтылдырмайды... Жап-жас баланың алдағы өмірі ғой менің қара жынымды ойнатып тұрған.

Ол осыны айтты да, ортадағы ошақтың басына жалып етіп отыра кетті. Менің жүрегім өрекпіп, аузымнан шығардай болып барады.

– Не амал енді? – Нағашы атам тағы гүр ете қалды.

Орнынан атып тұрған бақсы ортадағы табақтан жауырынды, сосын нағашы жеңгемдердің алдындағы табақтан асық жілікті алды да, сыртқа қарай жүгіре басып шыға жөнелді.

Отырғандардың барлығы үдірейсіп қалды. Нағашы атамда үн жоқ, тұнжырап отыр. Әредік тізесін басып отырған менің басымнан сыйпалап қояды.

Отырғандар алдағы астан шұқылап ауыз тиді де, түн ортасы ауа үйлеріне қайтты.

Көрер таңды көзбен атырдым. Таңертең менің алаяқ торымды жетелеп түндегі бақсы келді. Алаяқ қара сүмекке түсіп, арлы-берлі теңселіп тұр. Артқы екі аяғы қып-қызыл қан.

Аттың жанына таяған нағашы атам.

– Аһ, жануар-ай, қан сиіп жіберген екен ғой, – деді күңіреніп.

Мен енді байқадым. Алаяқторының жал-құйрығы түгелімен өріліп қалыпты.

Үйден онша алыс өре қоймаған малдың ішінен меңсіз қара лақты алдырып сойғызған бақсы:

– Әлдебір түсініксіз күбірмен аттың жалын тарқата бастады. Жалын тарқатып болып, құйрығын енді тарқата бергенде, Бақсының аузынан қара жалын болып, қан бұрық ете қалды да бүк түсіп отыра кетті. Нағашы атам барып сүйей беріп еді. Қанға шашалған бақсы:

– Мәкем-ау, Мәкем! Тез, тез құйрығын тарқатып жібер, сонда жиенің екеуміз де аман қаламыз, – деді.

Атам жалма-жан аттың құйрығын тарқата бастады. Құйрықтың өрімі тарқатылып болғанда барып бақсы:

– Үһ, – деп терең дем алып орнынан ақырын көтерілді. Алаяқторы да дүр-дүр сілкініп, оқыранып барып құлақ тұндыра кісінеп жебірді.

Анадайда тұрған мамаағашқа атты байлаған нағашым бақсыны ертіп үйге кірді.

– Коксайтанның өрімін шешетін бақсылардың бәрінің тұқымы құрыған. Жалғыз мен ғанамын. Мен өлгесін кім шешер оны... Әр өрімді бір жыныңмен байлап әзер шешесің... Құдіреті күшті құдайым мына жаман жиеніңді өзі сақтасын. Қашан екенін қайдам тағы бір айналып соғар. Менің көзім тұрғанда жолықса құтқарып жіберер едім... Кім білсін, оның қашан келетінін... Мен өлген соң кезігетін болса, аттың жал-құйрығын күзеп қана, жанын аман алып қалар, бірақ ары қарай көксайтан күнде мазасын адар... –деді.

***

Содан бері тура жиырма жыл өтіпті.

– Кім өрген бұны, – деді құрдасым.

– Көк сайтан.

– Не істейміз, – деді құрдасым тағы.

Менің есіме сүйегі баяғыда қурап қалған Әден бақсы түсті де:

– Қайшы алып кел! – дедім құрдасыма.

Қойшыбек МҮБАРАК

"The Qazaq Times"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377