Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 4143 0 пікір 5 Қаңтар, 2017 сағат 09:44

АЛДА – УНИВЕРИСАДА. ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Иманғали Тасмағамбетов дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізудің дайындығын тексерді

Кеше, яғни қаңтардың 4-і күні, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласындағы ауқымды спорттық шараны өткізудегі нысандардың соңғы дайындығын тексеріп, көшпелі кеңес өткізді.

Универсиадаға дайындық жұмыстары аяқталуға таяды. Бұл өз кезегінде барлық қызметтер тарапынан мұқият тексеруді қажет етеді. Көлік қызметі мен жол қауіпсіздігін сақтау – осы бағыттағы жұмыстың жауапты бөлігі саналады.

«Көлік логистикасын ұйымдастыруға келсек, онда біздің ЕҚЫҰ Самиитіне және 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықты жүргізуде тәжірибеміз бар. Мұны делегаттарға, спорттық командаларға қызмет көрсетуде қолдануға болады. Бұған қарамастан, алау эстафетасын өткізу кезінде көлік қозғалысының артуына байланысты басқа да сұрақтар туындайды. Бұл орайда, еліміздегі қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қолайсыздықтар тудырмау мақсатында көлік қозғалысын реттеуге қосымша шаралар қабылдау қажет», - деді вице-премьер көшпелі кеңесте.

Спорттық ғимараттардың дайындығына қатысты Иманғали Тасмағамбетов негізгі нысандардағы жұмыстардың аяқталғанын ескере отырып, оларды белгіленген талаптар мен стандарттарға және пайдалануға беру қауіпсіздігіне сәйкес толық жабдықтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, вице-премьер дайындық жұмыстарының жақсы жүргізіліп отырғанын айта келе, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке құзырлы қалалық ведомстволар мен қызметтермен бірлесіп қалың көпшіліктің қатысуымен өтетін нысандарды пайдалану ережесі мен қауіпсіздік талаптарын міндетті орындау бойынша жұмысшы комиссияларды өткізуді тапсырды. 

Сондай-ақ, ҚР Пермьер-Министрінің орынбасары қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитеті өкілдерінің қатысуымен жарыстар өткізілетін әрбір нысанның функционалдық талаптарының орындалу мәселелерін пысықтау міндетін қойды. Жаңа спорт ғимараттарына іргелес аумақты көгалдандыру және абаттандыру жобасына сәйкес абаттандыру, жарықтандыру, безендіру жұмыстарын орындау және көлік тұрақтарын жабдықтау тапсырылды.

«Біздің спортшыларымыздың даярлығы мен шараның салтанатты ашылу рәсімінің маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді. Осынау ірі әлемдік сайыс үлкен маңызға ие және ол спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын тиімді насихаттауды қамтамасыз етуі тиіс», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Ойындарды өткізуге дайындықтың ұйымдастыру кезеңі аяқталуға жақын. Осыған орай, Иманғали Тасмағамбетов дайындықты тағы бір пысықтап, спорттық нысандар мен ғимараттардың, қонақ үйлердің, мейрамханалардың, көлік және коммуникация жүйесінің, шетелдік делегаттар мен командаларға, туристер мен қала қонақтарына қызмет көрсететін басқа да қала нысандарының уақытылы дайын болуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атады.

Сонымен қатар, Иманғали Тасмағамбетов «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде спортшылар мен қонақтарды қарсы алу дайындығын тексеріп, Универсиада барысында қолданылатын техника, волонтерлық топ, ақпараттық орталық және Универсиада атрибуттарымен танысты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052