«Алиқұл ата» шаруа қожалығы 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған
«Алиқұл ата» шаруа қожалығы 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Сайрам ауданы Манкент ауыл округiне қарасты Аққала ауылында орналасқан «Алиқұл ата» шаруа қожалығында болғанымызда қайнаған тiрлiктiң үстiнен түстiк. Ұзындығы 150 метрлiк стандартты қос қора мал бордақылау үшiн салыныпты. Жем тасыған тракторлардың бiрi кiрiп, бiрi шығуда. Қожалық басшысы Файзулла аға аудан орталығына жиынға кеткен екен. Орынбасары Дiлшат Юнусов жұмыс барысымен таныстырды. Айтысына қарағанда мал бордақылау үшiн үкiметтен 7 пайыздық жеңiлдiкпен несие алған. Сол қаржыға «ақбас», «сементал», «герфорд» тұқымдас 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған. Ерекше күтiмдi талап ететiн бұқалардың күнделiктi жем-шөбiн уақтылы берудi тәжiрибелi мамандар әрдайым назарда ұстап отырады.
Бағымдағы бұқаларға күн сайын салмақ қосу үшiн 60 сығымдалған шөп пен 700 келi жентек жем қайнатылып берiлсе, ай сайын 10 тонна шрот, 30 тонна жентек жем, 30 тонна кебек жұмсалады екен. Барлық зоотехникалық талаптар сақталып, 4 ай бағылған бұқалардың салмағы 270-350 келiге жеткенде етке өткiзiледi. Яғни әр тоқсан сайын 130 тоннадан есептелгенде, жылына 520 тонна ет өндiрiледi деген сөз.
Қазiргi күнi бұл шаруашылықта 11 адам жұмыспен қамтылған. Ауылда Семей малдәрiгерлiк-ветеринарлық институтын бiтiрiп келген жоғары бiлiмдi, 22 жыл еңбек өтiлi бар малдәрiгерi Айдар Маликов пен көмекшiсi Ұлықбек Балтаходжаев өз iсiнiң нағыз шеберлерi саналады. Атшаптырым мал қораның айналасы тап-таза, көлденең жатқан шөп-шалам да байқалмайды. Барлық жерде – тазалық пен тәртiп. Талапқа сай бордақыланған бұқалар Сайрамдағы құшқанада сойылып, етi Алматыға жөнелтiледi. Өйткенi, «Алиқұл ата» шаруа қожалығы өндiрген тәттi ет оңтүстiк астанада да үлкен сұранысқа ие.
Шағын ғана Аққала ауылында 3000 халық бар. Жергiлiктi тұрғындар негiзiнен егiн егумен, мал өсiрумен айналысады. Қарап отырсаң, бұрынғыдай бейсауат, жұмыссыз сенделiп жүрген ешкiмдi көрмейсiң. Кез келгенi бiр-бiр кәсiптi дөңгелетiп отыр. Демек, ынта-жiгер, ниет болса қай жерден де жұмыс табылады.
Абай-ақпарат