Айсұлу Қадырбаева. ТҮРІК БАБА, ҚҰЛАҚ САЛ ДАУЫСЫМА!
«Шың-Құз» кітабының аннотациясы
Біз ақын Айсұлу ханым жөнінде сөзімізді бастарда, осыдан тастай он сегіз жыл бұрын жарық көрген «Барып қайт, балам, ауылға» атты өлеңдер жинағының алғысөзінде жазылған пікірдің басынан аттап кете алмадық. Онда: «Әдебиет әлеміне «Ақ мама» сынды лирикалық жыр-дастанымен қалың оқырман қауымның жүрегін жаулай енген Айсұлу Қадырбаева заман ырғағындағы әртүрлі халықтық проблемаларды өзінің айтар ой-армандарына арқау ете отырып, шығармашылығының шоқтығын мейлінше биіктете түскен», – делініпті.
Жасыратын несі бар, болып жатқан әртүрлі қоғамдық шаралардың үстінде, өскен ел, туған жерге деген сағынышымызды қоздатып, өзегімізді өртей орындалатын «Барып қайт, балам, ауылға» әнін естігенде ғана, авторын еске алып: «Апырмай, бұдан бақандай отыз төрт жыл бұрын мына өлең шыққан қоржында бұдан да басқа сүбелі нәрселердің жатуы мүмкін-ау», – деп елеңдеуші едік. Айсұлу ханымның таңдамалы жинағын шығарудың сәті түсіп, төрт жүз беттік осы кітапты баспаға даярлау барысында біз күткен сол үміт ақталды деп есептейміз.
Еліміздің тәуелсіздігі жолында Құдай берген дарын мен шыбын жанды шүберекке қоса түйіп, ел-жұртының ары мен намысы үшін, тағдырын қауіп пен қатерге байлаған азамат ақын Айсұлу сонау 1991 жылғы еліміздің батыс өңіріндегі территориялық тартыстарда ер азаматтармен иық тіресе қатар жүрген-ді. Бізді қуантқаны – Айсұлу сол рухты жоғарылатпаса, төмендетпепті. Оның: «Ну ішінде айналып қарағайға, асып туар әкеден бала қайда?! Ғашық жардың ақылы нені айтады? – Ел намысын қорғарға Ер Тарғындай бір ұл тауып беруге жарамай ма?!» деген жанайқайы «Ұлт болам! Ұрпақ өсірем!» деген қазақтың қай-қайсысының да жан-дүниесін сілкіп өтер.
Автор ұсынып отырған бұл кітаптың ішіндегі терең философиялық өлшеммен тарихи-тағылымдық деңгейде жазылған «Шыңғыс хан», «Бабыр», «Өсиетнама» жыр-дастандары – өзінің көтеріп тұрған идеялық салмағы жағынан, берісі – қазақ, әрісі – бүкіл түрік тұқымына дүние тұрғанша қызмет ететін имани-ұлттық құндылықтар десек, артық айтқандық болмас...
Түрік баба, құлақ сал дауысыма!
Түрік халқы – батыр халық! Түрік халқы – арыстан ер халық!
«Кімнен таяқ жегендей біздің түрік баласы?! Алдырып жүрген
дұшпанға ауызының аласы!» Бұл нақыл сөзді біз ұмытпауымыз
керек! Бәріміз бір болсақ, жеңбейтұғын жауымыз жоқ!
Мұстафа ШОҚАЙ.
Қазақ жеріне бүкіл әлемнен, атап айтқанда, Әмрика, Англия, Франция, Жапония, Ресей секілді ірі державалардан аса жоғары дәрежедегі улы ядролық, химиялық қалдықтарды әкеліп көмуге, сондай-ақ, Семей, Өскемен, Жезқазған, Жамбыл, Алматы, Балқаш секілді территориялардан бұзылмайтындығы жөнінде еш кепілдігі жоқ Чернобыль типтес алты бірдей Атом электр станциясын салуға, сөйтіп, атамекеніміз Қазақстанды айналаға өлім себетін айықпас радиация аймағына айналдыруға мен үзілді-кесілді қарсымын! Ал, жер сату саясаты – бұл – барып тұрған опасыздық!
Жоғарыдағы жоспарлардың қай-қайсысы да, түптеп келгенде, бүкіл түрік дүниесі бабашаңырағының тұтқасын ұстап отырған қазақ халқының тамырыны балта шабу!
Бұған жол беру – қылмыс! Бізге мұны ата-бабаларымыздың аруағы һәм келер ұрпақ кешпес!!!
Автор.
Мына заман қай заман?!
Азған заман!
Өз көрімізді өзіміз қазған заман!
Шұрық тесік кеудесі жер дүниенің
басқа түскен
оймауыт таздан жаман!
Мыны заман қай заман?!
Құрбан заман!
Жайдың оғы
төбеден ұрған заман!
Алла жар боп, өзі амал ұйғармаса,
түбірімен жұлынып түрік біткен
құрып кету
қаупінде тұрған заман!
Арман заман – бұл заман!
Жалған заман!
Ел тағдырын тәлкекке салған заман!
Мал менен жан жем болып ит пен құсқа,
Ата жұрты
адыра қалған заман!
Жын ойнаққа айналып мекеніміз,
басымызға түрілді етегіміз!
Ар-ұждан - пұл!
Нәпсі - құл!
Абырой - тұл!
Тарта берсек осылай, айдан да анық
шыңырау түбі
шым батып кетеріміз!
Құдай берген құрытып тілімізді,
табанға сап, таптадық дінімізді!
Сүйекте жоқ қасиет,–
сайқалдықпен,
сақ-сақ күліп аузына әждаһаның
біріміз кеп тастадық бірімізді!
Көзін тігіп қорғасын, қоласына,
түрен тартқан
бабаның моласына
қас дұшпанға табындық,
Тәңір тұтып! -
Көкке жетті төбеміз, соның, егер,
иті орнына байлансақ
қорасына!
Тепкілетіп тезектей тегімізді,
жау қолында қалдырдық
кегімізді!
Хан алдында қарадай қорғалаған,
Кімі келіп сұраса, сонысына
бөліп бердік тулақ қып
жерімізді!
Аласартып кеудеде өрімізді,
көрінгенге ұсындық
төрімізді!
Құлан жортқан сар далам!
Енді өзіңнен,
өлген күні, мың шүкір, бір жапырақ
қазатұғын жер тапсақ
көрімізді!
Бір-ақ күнде шашылып
жыйғанымыз,
ойран болды, ой емес, мидағымыз!
Беті жаман уақыттың, ниеті жаман! –
Ақырзаман біз үшін осы деп біл –
Бұйырмаса Алладан
иманымыз!
Досымыз бен айырмай қасымызды,
У аралас шайнаймыз асымызды!
Ұрпақ азды!
Ел тозды!
Жер бүлінді!
Қасіретке тұншығып, өксігенде,
кім құрғатар көздегі жасымызды?!
Баба Түрік!!!
Құлақ сал
дауысыма!
Мен сөйлеймін
бүгін күн
тауысыла!
Болашағы - атомның азығында,
Дию, пері қаптаған жазығында, -
қазақ атты бел балаң шырылдайды
байлап кеткен өзіңнің
қазығыңда!
Жанған оттың қақталып алауында,
алтын басы тігулі қарауылға!
Түрік өрген кіндін жер –
Атамекен,
«Айналдырам тамұққа!» - десе сені,
дұшпаныңның
ол дағы қалауында!
Топшысынан қанатым қайырылып,
шөкті кеудем,
намысым майырылып!
Нағып шыдап жатырсың, Баба аруақ?! –
Қос бүйірім таянып, мен боздаймын,
Арал,
Балқаш,
Семейден айырылып!!!
Буындағы у алып қуатымды,
Бор кемік боп сүйегім уатылды!
Баба Түрік! –
Айбарым Айға атылған!
Бір өзіңе сүйендім тарыққан күн, -
артта қалған қолдай гөр
мұратыңды!
Маңдайда елдің қалың ед соры қандай?!
Күн болар деп кім күткен,
о, мынандай!
Шырқырысам, жан даусым оятпас па
аруағын от кешкен Отаны үшін
қос батырдаң
Алпамыс, Қобыландай?!!
Ну ішінде айналып қарағайға,
асып туар әкеден
бала қайда?!
Ғашық жардың ақылы нені айтады, -
ел намысын қорғарға Ер-Тарғындай
бір ұл тауып беруге
жарамай ма?!
Ду көтеріп дауылдай шуымызды,
заман бар ма түлетер
нуымызды?!
Арқа тұттым рухын Ер-Қорқыттың, -
Құдай оңдап, бас қосса барша түрік,
ешкім біздің жыға алмас
Туымызды!!!
1992 жыл, Алматы.
ШЫҢҒЫСХАН
(дастан)
“Әкеден бала тумай ма?! -
Атаның жолын қумай ма?!”
Әмрика, Алмания, Англия, Франция, Ресей секілді ірі-ірі мемлекеттердің Шыңғыс жайында том-том кітап жазып, оны тоқсан тоғыз тарапқа толассыз таратып жатқаны еріккеннің ермегі ме?! Иә болмаса, олардың Шыңғысқа бір әукелері түсіп, ет жүректері елжіреп бара жатыр ма екен?! Әрине, жоқ!
Бұл – керісінше, сонау әлмиссахтан, яғни, дүние жаратылғаннан бермен қарай, оңына айналып келе жатқан түріги тарихтың дөңгелегін, өздерінің жалған жазбалары арқылы, теріс айналдырып, халықты шатастыру, – жадынан айырып, мәңгүрттендіру, – жақынының кім, жатының кім екенін сезбейтіндей, миғұла халге жеткізу. Одан әріде оларды іштей ірітіп, өзара қырқыстырудың, бірі бірінің жағасынан алып, кеңірдегіне жармасатындай, қасіретті халге жеткізіп, әлсіретудің еш қиындығы жоқ.
Осы бағытта жасалған қасақаналық әрекеттердің бірі және бірегейі – ол -- кезінде, ислами талап, ислами тәртіптің шеңберінде қабырғасы қаланған түріги жұмһұрият – қасиетті Тұранымыздың абыройын асқақтатып, әлемдік деңгейге дейін көтерген Шыңғысхандай баһадүрді мұсылман шежірелер желісінің бел ортасынан, пышақпенен кескендей алып тастап, оған таңылған жалған ғұмырнамаменен, өзге тұрғай, өз ұрпағы жатырқайтындай кескінде пұтқа құлай табынған нағыз қанішер етіп көрсету болатын. Белгілі бір дәрежеде олар соған қол жеткізді де. Яғни, тұтаса жүріп, өзінің әскери күш, сән-салтанатымен бүкіл әлемге ықпалын жүргізе бастаған түрік дүниесін діні мен ділінің тамыры жатқан қасиетті Атажұртына қайрылып қайта қона алмастай етіп бытыратып, Шыңғысынан айырып, бассыздандырды. Халқымыз қаншама ғасырлық уақыт бойына есеңгіреп, есін жыя алмаған қалыпта ғұмыр кешті?!
Ендеше, біздің ендігі жерде Шыңғыс ханнан безгеніміз – ұлт-ұлыстың басын қосып, халқымызды бір Тудың астына жыйнақтаған Ұлы Тұранның түп тұғыры – қасиетті Алтын Ордадан безгеніміз екенін түсінетіндей болдық емес пе?! Ал, Алтын Ордадан безгеніміз – өзімізден, - яғни, өзімізге «ХАЛЫҚ» деп мөр басып, ен таққан тарихымыздан безгеніміз дүр!!!
Жұрт жоқтан бар жасауға тырысады, ал, біз болсақ, барымызды бардай етіп көрсетуден қалып барамыз. Досымыз: «Шыңғысхан мемлекетіңіздің қабырғасын қалап, босағасын бекітті», – десе, оған сенбейміз. Ал, енді, қасымыз: «Шыңғысхан мемлекетіңіздің шаңырағын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырған жауыз», - десе, онда ол сөзге құлай кетеміз. Өкінішті-ақ, әрине!
Ия! Жағалай жала, жағалай налаға толы, жау «шеберханасында» соқталанған арсыз тарих! Сен Шыңғысханды кімге теңемедің?! Ажалға да теңедің, Тажалға да теңедің!!! Алайда, сенің де бет-пердеңнің сыпырылар уақыты таяу!!!
Ей, менің шіл боғындай шашыраған бейнеті қалың қайран Түрігім! Ата жұртына кіндігінен байланып, сол үшін, азап пен мехнаттың не бір түрін басынан өткерген сор маңдай Қазағым! Мына бір былыққан дүниенің ішінен адалдық іздеп, маңдайыңды ақиқатқа қарай бұрғың келсе, осы айтылғандарды ескере жүргейсің де!!!
Ұшар дәурен басымнан
жыл құсындай!
Келешек тұр мылтықтың ұңғысында-ай!
Әттең дүние!
Атой сап, бар түрікті
мұсылманның жыйнайтын Туы астында
тағы бір ұл туса-шы
Шыңғысымдай!!!
Қабағында қара бұлт күркіреген,
қалың әскер соңында дүркіреген,
еш бір пенде
Шыңыспен тең түсе алмас
он сегіз мың ғаламның қағидасын
астастырған
тұқымы түркіменен!
Он сегіз мың ғаламым – Тәңірімнен!
Тәңірімнің “Бол!” деген әмірінен!
“Болма!” дей ме?! –
Ғайыппыз,
қас-қағымда! -
дүние біткен қақырап жүре берер
сөгітіліп жік-жігі
әдібінен!!!
Сол дүниенің сен де бір тетігісің!
Жүректегі иманың –
бекінісің!
Бекінісің барында
саспа, мүмін! –
келе жатқан ұрпақтың қағырадай
қамалы – сен!
Тапжылмас кепілісің!!!
Жұмысым жоқ есеп пен қисабында! –
Мендік мақсат –
ақиқат мисалында!!!
Адам ата, Анамыз Хауанадан
бермен қарай түзілген түп щежірем
қаттаулы тұр
Құрани Исламымда!!!
Өлшенбейді иманың саныңменен, -
жылжып аққан тамырда
қаныңменен!
Қағидасы Құранның сол болады –
бір анадан тусаң да, туыстық жоқ
ардан безген
Құдайсыз
залымменен!!!
Әңгімемді қозғасам әріректен,
“Тәурат”, “Зәбүр”, “Інжілді”
тәлім еткен
бір жүз дағы жиырма төрт мың пайғамбар,
міне, осының бәріне жаббар ием:
“Дін мұсылман – Антың !” – деп,
әмір еткен!!!
Саңқылдаған дауысы
сұңқардайын,
жер тарпыған тұяғы
тұлпардайын,
алып тұлға ғұмыры – ғибрат бізге,
Хақ-Тағала жолында, ұран тастап,
Тажалменен алысқан
Зұлқарнайын!!!
Зұлқарнайын есімі – Тариықта!!!
Аллаһ рақымын жаудырғай
Ағиыққа!
Насихаты – қаттаулы Құранымда!
Өнегесі – өсиет Тұранымда!
Жан иманым – түйулі Тұмарымда!
Тұран,
Тұмар,
қолымда Құран тұрып,
мен мойнымды
өзгеге бұрарым ба?!
Ия, Алла!!!
Ия, Алла!!!
Ия, Алла!!!
Ғайса, Мұса, Дәуіт пен Исаларым
Мұсылмандық жолында
қиса жанын, –
Нұх, Сүлеймен, Ибраһим, Смайылдай
бабалардың, кім білмес, иман үшін
еткен еңбек, төккен тер –
қиссаларын!
Тура тартып солардың жолыменен,
Үдері көш –
қаптаған қолыменен,
қиқу салған дұшпанға Шыңғыс атты
баһадүрге,
не біліп, сорлы ағайын,
жібімей жүр жүректің тоңы неден?!
Жауда кеткен әперіп кегіңізді, –
тезге салып тентек пен теліңізді, –
шекпен менен бүтіндеп шеніңізді, –
алшаңдатып бегзада, бегіңізді, –
шиыршықтай ширатып,
ширықтырып,
қайта тартып босаған беліңізді, –
«Халық» атты белгілеп еніңізді, –
жұдырықтай,
бір жерде жұмылдырып,
қосып кеткен қатарға еліңізді -
сол Шыңғысхан! -
Мойында-мойындама!!!
Шарпып өтіп шалғайы Шыңғысханның,
айтшы, қане, қор болған жеріңізді?! -
Ту көтеріп Шыңғыстан тапқан ұлың,
дүр сілкінткен жоқ па еді,
тегі, бізді?!
Келер Ұрпақ!!!
Шегелеп
мынаны айтам:
Таразының басында – Шыңғыс Қаған! –
Барша мұрат-мақсатың
сол бабаңның
жыюлы тұр бойында сенің ізгі!
Сол Шыңғыстан ізде сен,
іздей қалсаң,
тепкілесе үзілмес «Қазақ» атты
тегеуріні темірдей
тегімізді!!!
Қара қазан, қалың ел –
қарауында! –
Дүниенің ісі жоқ талауында!
«Құдай – жалғыз!» «Құран – шын!» –
құрамды сөз –
жауға шапса, жарқ та жұрқ найзағайдай,
жарқылдайды
Шыңғыстың Жалауында!!!
Жел сөзің мен ісім жоқ
таласыңда!
Түбі ақиқат жеткізер қарасынға!
Сандырағы дұшпанның неге керек?! -
Ар-ұжданы Түріктің – Жасыл Байрақ
Оғыз Хан мен Шыңғыстың
арасында!!!
Айтқан сөзі халқының зиянына,
қалды қандай қасиет зиялыда?!
«Шыңғыс!» – десе,
Қытайға жүгіреді,.. –
етек-жеңі далиған қайран Бабам
қоржынына Қытайдың сыяды ма?!
Жазған тарих тарих па сұрастырып,
аннан-мыннан
жоқ-барды құрастырып?! -
«Шыңғыс!» қылам десеңіз Шыңғысханды,
түріктіктің төңірегін түрткілемей,
тұтас қара
Алланың жолындағы
мұсылмани күреспен ұластырып!!!
Бір Алла аты – Шыңғыстың Ұранында!
Болат тәртіп! –
Ол тәртіп – Құраныңда!
«Аллаһу акбар!
Аллаһу акбар!
Аллаһу акбарлап!»
азандатқан дауысы Шыңғысханның
ұйқысынан оятып қалың жұртты,
азынайды дүниенің
құлағында!!!
Ия, Алла!
Ия, Алла!
Ия, Алла!!!
Жыйылмайды, оу, жұртым, неге есіңіз?!
Кім не десе,
бас шұлғи бересіңіз!..
Қараңғылық шегі – сол –
бұл Шыңғысты:
«Пұтқа құлай табынған кәфір!» – десе,
аузыңды ашып,
оған да сенесіңіз!
Тарих – теңіз... –
Сүңгі өзің тереңіне.
Ілігерсің деректің керегіне.
«Түрік!» – десе, түрпідей жыйырылып,
теріс қарай ағызар қара суды
ғылымыңның шетелдік
берері не?!
Үш ұйықтасам, түсте жоқ Голланыңа,
Әмірика, Англия, Алманыңа,
Францияң, Қытайың, – қалғанына
менің тегім не керек, тініткілеп,
бір-ақ мақсат бәрінде, жалғыз-ақ шарт! –
Ол –
адастырып ақ жолдан біз сорлыны,
қайткен күнде түсірмек
қармағына!!!
Не гәп менің тәптіштеп қоймауымда, –
қызыл сөзді ермек қып ойнауым ба?!
О, жоқ, жұртым!
Санаңа салдым қозғау!.. -
Қал қимылдап, –
қазынаң тұнып жатыр
мұсылмани Шыңғыстың қойнауында!!!
«Шыңғыснама» айналса қазығына,
ғылымның да жетеді ол азығына!
Құдай оңдап,
бас қосса барша түрік,
Ергенекон – Алтайдан бастау алған
тартар шеру жорығы
мұсылманның,
Дешті-Қыпшақ ұласып жазығына!!!
Сөздің нем бар
Тумайтын
қысырында! –
Бибарыс Хан
қайдан жүр
Мысырыңда?!
Батыс жаққа ұзатқан ұғымымды
болмас ұмыт қалдырсам
Тұғырымды!
Тарамады қай жаққа тамырымыз,.. –
Үнді елінен не іздепті
Бабырымыз?!
Сал осыны санаңның салмағына,
жол табасың өзің-ақ
қалғанына. –
Не қасиет – Шыңғысқа дейінгіде, –
сол қасиет –
Шыңғыстан кейінгіде!
Тұраның да,
дәулети Османың да –
Шыңғыспен бір тарихтың
тостағында! –
Түп шежірең шешілер Шыңғысханмен
аты аталған баһадүр батырлардың
бір арнада бастарын
қосқаныңда!!!
...Бәйтеректің тамыры –
түбірінде. –
Түбіріне зердемен үңіліңдер!
Шыңғыс – ақыл!
Шыңғыс – күш!
Шыңғыс – батыр!!! –
Жалпақ әлем әскері,
дүр-Жиһангер
Шыңғысханның алдында жүгініңдер!
Жүгініңдер!!!
Әңгімемнің зейін қой әрісіне, –
Түсінерсің сөзімнің
мәнісіне!
Құй санаңа!
Сал құлақ! –
Мен айтамын:
Бұл дүниеде тең келер
еш әдіс жоқ,
Шыңғысханнның соғысу әдісіне! –
Отқа түскен «Отан!» – деп, қарғадайдан,
Шыңғыс баба,
айналдым «Алғадайдан!» *
Ақыл-қайрат Құдайдан дарымаса,
шегірткедей қаптаған қара қытай
сол заманда-ақ
жер бетін жалмамай ма?!
*Әлқисса,.. «Алғадай» – жау амалын алдын ала аңдау үшін, ұрысқа қосар, яғни, қарсыласымен соғысқаннан гөрі, айла тастап аңдысқаны басым Шыңғысхан әскерінің өңшең өрімдей жастардан құралған бір тобы. Ал, ұрысқа түсер негізгі қол – ол, әлгі, “Алғадай” салған “ойын-соғысты” сырттай бақылап, жау жақтың әдіс-тәсілін әбден зерделеп-зерттеп алғаннан кейін, тұтқиылдан тап беретін болған. Шыңғысхан соғыс барысында мұндай айланың сан түрін ойлап-тауып, бойлай алмастырып отырған деседі. Оның шағын әскермен жеңіске жетуінің бір сыры – осынысында болса керек.
Ана-жатыр жаралып қуысында,
кек түйіліп
темірдей уысында,
жауда кеткен ақысын даулай туған
бұл Шыңғысың –
Жалғыз ұл –
Жалғыз тарлан
түрік деген тұқымның туысында!!!
Кең жаһанды Бабамыз
қоныс қылған!
Қоныс үшін қанқұйлы соғыс қылған!
Шыбын жаннан түңілтіп кәфірлерді, -
дінін берік тұтынған мұсылманмен
ниет қосып,
тілегін тоғыстырған!!!
Сөйлеп кетсем, өлең сөз жосыла ма?
Аярлықтың бет-жүз
осыла ма?!
Ақиқатқа соқпаса Бабам ісі,
қол бастаған сан батыр басын иіп,
өз еркімен
Шыңғысқа қосыла ма?!
Кәфіріңді
жанынан түңілдіріп,
бір Алланың алдында жүгіндіріп,
атой салған ұрандап,
Дін-Мұһаммед
Пайғамбардың Шыңғыстай хас сарбазын,
уа, халайық,
жатырсың бүгін біліп!!!
Хабар беріп санаңа “Ақыреттен”, –
алысыңды қиялмен
жақын еткен
ғалымдардың ғалымы – шоң ғұлама,
күні ертең естисің
Бабамыздың
берік тұтқан Одағын Ахметпен!!!
Ахмед-құл-Иассауи! – Кемеңгерім!
Сен
ақиқат жолында
не көрмедің?!
Тұңғиық сыр болмаса тұнып жатқан,
Пайғамбардың жасында белді буып,
қара жердің қойнына енер ме едің?!
Иә-ә-ә!
Ол кездегі имани қалып күшті.
Ата-Бабам ұстанған салыт күшті.
Әмірімен Алланың
Қожа-Ахмед
қалдырмаққа мәңгілік, сол мұраның
түп тамырын
тереңге алып түсті.
Түп тамырын тереңге
алып түсті!
“Аллаһу!
Аллаһайлап!”
зікірін салып түсті.
Қақ айырылып қара жер, –
қойнауына
Әулиемен ілесіп Иассауидей,
көз қарыққан керемет
жарық түсті!
Жердің асты – мәңгілік түнгі аймағым,
жүре берді жарқырап,
күнге айналып!!!
Он сегіз мың ғаламым дөңгеленді ,
Құрани жол, Құдайы – пәрменменен,
Қожа-Ахмед Иассауи –
Күнді айналып!
Шашты Күнім әлемге шұғыласын,
жазбай танып мүмінім
Құбыласын!
Бабам орнын өзгеден бөлек қойсам, –
Оның сырын, ағайын, әңгімемнің
желісінен
өзің-ақ ұғынасың!!!
Алла берген осындай несіп болды! –
Жердің асты
ғаламат Мешіт болды!
Мінездегі айығып күліктіктен,
сол Мешітке ағылды
түрік біткен!!!
Маңдайымның жазылған еншісіне,
жан-дүниемнің айналды ол
емшісіне!
Бір жаратқан Алланың рахымымен,
Дін-Мұхаммед
бекіткен Иассауиді
“Түрік” атты әулеттің
Елшісіне!!!
Бұған болмас, сірә, енді таласыңыз?!
Уәжімді айтқан
ақылға саласыңыз! –
Арқалатқан үмітті, «Құрма сыйлап»,
Яссауидей бір Аллам сүйген құлды
Пайғамбардың
ықыласты құшағынан
қалай жұлып, япырм-ау, аласыңыз?!
Ахмедтей бас иіп Бабамызға,
сараптайық осыны
санамызда.
«Қылуетке кеткені – неткені? – деп,
Алла берген қызықты шеттеді!» – деп,
жел сөзге ерген жан болса
арамызда,
«Қайт, – демекпіз, – райдан,
Раббым өзі
тұрғанында түсірмей сабаңызға!!!»
Ой – тұңғиық!
Түбіне
үңілгенім! –
бүктетіліп аш белім,
бүгілгенім!...
Кәрі тарих көне көз!
Сен не дедің?! –
Әлденені айтқандай, еппенен кеп,
құлағымның түбінен
күбірледің...
Күбірледің! –
Ішкі әлем
дүр сілкінді! –
Сірә,
ми қабатым қақырар бүгін менің!!!
Иә, Алла!
Иә, Алла!
Иә, Алла!!!
***
Тағы тартсам
алдыңа
тосын жайды, –
“Қайдан табад, –
дей көрме, –
осындайды?”:
Моңғолияң қазіргі – жоңғар жұрты!!!
Оу, сондықтан,
Шыңғыстың
бұл моңғолға
үш қайнаса, сорпасы қосылмайды!!! –
Шыңғыс тегін іздесең, –
ол моңғолда! –
Дін мұсылман –
иманы мол моңғолда!
Оғыз-Бабам ізімен
“Аллаһу акбарлап”,
сап түзеген жауынгер қол моңғолда!!!
Ал,
Ол моңғолың – түріктің бір бұтағы! –
Қадір тұтып,
қауымы пір тұтады!!!
Мына моңғол, жылмиған желкедегі –
бұл –
атын жұтқан жоңғарлар,
ертедегі!!!
Ақиқатта кетпесе аласымыз,
доғарылсын осымен
таласымыз!!!
Ие-е-е, Шыт-шытырман
өмірдің өрмегінде
тұнып жатыр не бір сыр! –
Көрмедің бе?! –
Шыңғысханның бабасы – Оғыз Қаған
әмірімен Алланың, әлһәмдулиллаһи,
иманына жүгінген, антын байлап,
анасының сүтімен,
жөргегінде!!!
Қалған жерде түкірдім шимағыңа!
Қол жүгіртіп, дәніктің, жыйғаныма!
Бұққан сайын сұғасың, ей, кәззаптар!
Бұдан әрі үн-түнсіз жата берсек,
Шыңғыс емес,
Шыңғыстың бабасының
тиісетін түрің бар иманына!!!
Құдай үшін!
Сөйлеме,
білмегесін!
Шежіре үнін
құлаққа ілмегесін!
Мені қалай боқтасаң, олай боқта! –
Оу!
Қалай ғана шыдармын, Бабамыздың
шыққан тегін
“Кәфір!” – деп тілдегесін!!!
Иншаллаһ!!!
Түбі сенем
таңымның атарына!
Қосылармын қайта елдің қатарына!
Бір Аллаға аманат – Баба рухы!
Рахым түссе Құдайдан,
Лә илләһә ил Алла!
Бас көтеріп,тіл бітер татарыма!!!
Тіл бітеді татардың
Малайына.
Жыйыламыз Малайдың
маңайына!
Күндердің бір күндері сол Малайың
қойнауында ғасырдың тұнып жатқан
қатпар-қатпар қаттаулы қазынаны
тарқатады тарих қып
талайыңа!
Көрерсің сен сол кезде
сөйлегенді, –
Шыңғыс жәйлі өй деген, бүй дегенді!
Сүйекте – дақ! –
Қорладың
аруақты!!!
Ақірет күн татарсың әлі азабын,..
өңшең азғын
түсінбес
“Қой!” – дегенді!!!
Әңгімемді жөн еді созбағаным... –
Бір ойды кеп бір ойдың қозғағанын!..
Наламенен, қып-қызыл жаламенен,
көрде тыныш жатқызбай, Бабалардың
көргенімде рухын қозғағанын,
жаным күйіп,
ботадай боздағаным!!!
“Жаббар ием,
сақта!” – деп,
Жаратқанға
жалынармыз,
жан шығып
баратқанда! –
Өкініш сол –
ол кезгі кештеу болмақ,..
Құдай өзі жиып ап
құл пендесін
құзырына еріксіз қаратқанда!!!
Жан тәсілім бүгінгі қысылған күн –
Аллам өзі
мүмкіндік ұсынған күн!!!
Арашалап пәктігін ғұсыл жанның,
Туын көтер ғалами мұсылманның!!!
Ақіретте Аллаға берер жауап –
«Әлһәмдулилләһи, мұсылманмын!
Әлһәмдулилләһи,
мұсылманмын!
Мұсылманмын!
Мұсылманмын!!!»
***
Кім бар жеткен дүниенің баянына!
Көңілім құлай берілдім
баяғыға!
Бабам аты аузымнан түспей қойды-ау! –
Айтқан сөзім –
Алланың аяны ма?!
Көз жасыма ұстаттым ерікімді!
Балқып сезім, ет-жүрек ерітілді!
Біздің тамыр – әріде! Алданба,ұрпақ,
Аннан-мыннан жыйып ап, әркімдердің
айта салған сөзіне берітінгі!!!
Сөз салмағы –
иманның
қадірінде, –
бас билігі –
Алланың әмірінде!
Тыныштығын бұзбаңыз!!!
Шыңғыс бабаң
ұйықтап жатыр, тыныстап,
Лә илләһә ил Алла,
Құбылаға бас беріп
қабірінде!!!
Көзін ашып өлең-сөз бұлағымның,
“Бисмилләһи!” – деп,
қол жайып дұға қылдым!
Бір өзіңе аманат, ия Жаратқан!
Бейнет кешкен «Ел!», « Жер!” – деп,
Бабаларға
бұйырта гөр рахатын жұмағыңның!!!
Лә илләһә ил Алла!
Мұхаммадан –
Расул Алла!
Расул Алла!!!
1997 жыл. Түркістан қаласы.
Б А Б Ы Р
Тарих – теңіз. Сүңгі өзің тереңіне, -
ілігерсің деректің керегіне!
«Түрік», – десе, түрпідей жиырылып,
теріс қарай ағызар қара суды
ғылымыңның шетелдік берері не?!
Үш ұйқтасам, түсте жоқ Голланыңа,
Әмрикаң, Ресейің, Алманыңа,
Францияң, Қытайың – қалғанына
менің тегім не керек, тінткілеп,
бір-ақ мақсат – бәрінде, жалғыз-ақ шарт, –
ол –
адастырып ақ жолдан, біз сорлыны,
қайткен күнде түсірмек қармағына!!!
х х х
Бір сұмдық жәйт бататын қабырғаға –
түп нұсқадан айрылды
«Бабырнама!»
Иьминский қолынан шыққан кітап -
ұрық шашып азғындық құрсағында,
қайта туған
қызыл өрт –
«Дабырнама!!!
Тоқтау бар ма суайт-сұм Ильминіңе, -
Берген ерік аузына келгеніне!
Мейлі дағы, -
жасай берсін дұшпаным дұшпандығын!
Ал, қазақтың не дейсің ғылымының
айтағына солардың ергеніне!!!
Сәуегейсіп, әр кімге бал аштырып,
көрер көзге ұрпақты адастырып:
«Бұдан бес жүз жыл бұрын
мынау жәйтті
Бабыр айтты», – дегенсіп,..
Алаш жәйлі
мәселені қайта отыр қарастырып!
Мәселені қайта отыр қарастырып,
дау-жанжалдың отынын қаластырып!
Ең болмаса, Құдай-ау,
айтқандарын
тарихына халқымның жүріп өткен,
сәл де болса, қойса-шы жанастырып!
Жо-жо-жоқ!!!
Қайтеді оны шындыққа жанастырып, -
Дүниені қазақпен санастырып!!!
Одан дағы, қолында күш тұрғанда,
жібермей ме быт-шыт қып! –
Жатсын сосын
өзді-өзі қырқысып, бір-бірімен
шешілмейтін түйінге
талас қылып!!!
Мұндайлардан жөн еді сақтанғаның! -
Масқараға қалды енді Мақтандарың!!!
Сорлы қазақ! Сезбесең,
мен айтайын, -
Ильмин жазған «Бабырдан» бермен қарай,
«Алты алаштың» аруағы – ақталусыз,
қасірет жұтып, аһ ұрған Ақтаңдағың!!!
Ақтаңдағың!!!
Сал құлақты
әңгімем арғысына:
Алты Алашты байлап ел қарғысына,
Ильмин сұмың қап-қара әріптермен,
өмір бойы бояуы өшпестей қып,
жазып қойды тарихтың
Жарғысына!!!
О! Мынандай кім көрген ылаңыңды?!
Бұл найсапқа
қыл енді қыларыңды!!
Тартып мініп астымда пырағымды,
қылышымды қынымнан суырып ап,
бос қалдырды-ау
белдегі қынабымды?!!
Жалпаң қағып,
жалпылдап,
жақтағансып, -
Жаза басса,
жанын сап, ақтағансып, -
теспей сорып
талайдың қанын ішкен,
не бір пері арада жүрді-ау сонда,
қағып қойып арқадан
мақтағансып!!!
Байқадың ба?!
Жоқ, әлде,.. байқамадың
тұнығыңды осылар шайқағанын?!
«Ғалым!» - дейді-ау, сендерді,
о бейшара,.. -
дұшпандарың нені айтса, соның сөзін
есің кетіп,
есіре қайталадың!!!
Не сыр жатқан жасырын астарында,
сәл ойланып,
құпиясын ашпадың ба?!
Арам пиғыл, жымысқы әрекетін
беттеріне шыжғырып
баспадың ба?!
Қаперіңе кірмей ме сонда сенің,
Ильмин сөзін қостасаң,
Алашыңның
қылмыскер боп шығарын қас-қағымда?!
«Кісі өлтірген кісіні «Алаш!» – дейді, –
қалмақтарда,
нанбасаң, мынау тұрған
Бабыр айтқан дерекке қараш», – дейді.
Иә!!!
«Алаш» сөзі болсын-ақ қалмағыңда,-
«кісі өлтіру» мағыналық салмағында!
Ал, алайда, Алаштай алты арыстың
атын қою билігін берер ме едім,
өліп кетсем, қалмақтай
жарымағырға?!
Тас төбемнен қара аспан төңкеріліп,
милығымнан қысады,
көмкеріліп!.. –
О! Қос байтақ! Қос алып! -
Алаш – Бабыр!
Көрінгенге былғатып абыройыңды,
қорлығына дұшпанның көніп келген,
мендегі бұл
не деген көнтерілік?!!
Шаруам не әңгіме ұсағында?! -
Қу надандық!
Аяқты тұсадың ба?!! –
Кім ойлапты, -
түр-түрі болады деп
ішке түскен қайғы мен құсаның да!!! –
Мен
ұяттан тұншығып өліп барам
жиырма да бірінші ғасырымның
тастай қатқан
қайрымсыз құшағында!!!
Ия, Аллаһ!
Ия, Аллаһ!
Ия, АллаҺ!!!
Естімесем бұл сөзді, түңілер ме ем?!
Бүктетіліп аш белім,
бүгілер ме ем?!
Түнгі ұйқымды төрт бөліп, дөңбекшіймін,
Бабам үні жеткенде құлағыма,
дұшпан жапқан жалаға шыдай алмай,
жатып алып көрінде
күңіренген!!!
Тұз құйылып жүректің жарасына,
ойран түсті ойымның санасына!
Жалбарындым өзіңе, ия, Жаратқан!
Бұйырта көр адаспай жетер жолды
Бабырым мен алты алып – Алашыма?!!
Алашыма!!!
х х х
Тарих – теңіз!
Сүңгі өзің
тереңіне!
Ілігерсің
деректің керегіне!
«Түрік!» - десе, түрпідей жиырылып,
қара суды ағызар теріс қарай
ғылымыңның шетелдік берері не?!
Үш ұйықтасам, түсте жоқ Голланыңа,
Әмрикаң, Ресейің, Алманыңа,
Францияң, Қытайың - қалғанына
менің тегім не керек, тініткілеп?! -
Бір-ақ мақсат – бәрінде, жалғыз-ақ шарт -
ол -
адастырып ақ жолдан біз сорлыны,
қайткен күнде түсірмек қармағына!
Ал, әйтпесе,
қатысы не ед қалмақтың қазағыма?!
Бұл солардың жымысқы мазағы да!
Кейінгі ұрпақ: «Мынаны неге айттымен?»
сақалына жармасып Бабалардың,
жатсын дейді өзді-өзі қырылысып,
батсын дейді дұниенің азабына!!!
Бұл да – аманат Құдайға!
Біз не делік
ардан безген бұл мұндар кәззәбыңа?!!
«Бабыр!»
«Бабырнамалап!» -
бәйектеген
Ильмин сұмың ұсынған дәйектемең -
міне, осы! –
Қаларсың, қаламассың, -
сен, әйтеуір, осы іске араластың!!!
Бабыр салған сара жол сайрап жатып,
Ильмин сұмға жармасып,
қара бастың!
Қара бастың!!!
Тұншықтырған тарихты қауызында,
мысқал иман қалса-шы
жауызыңда!
«Алашымды» «Палашқа» айналдырып,
азған елдің, - Аллаға жазған елдің
Үкімі тұр, көрдің бе, Ильмин сұмның
қаламының ұшымен сүйкей салған
Бабыр бабам дуалы ауызында!..
Дұшпан тілді осылай байлағаны!
Қарсы қояр
амал мен айла қані?!!
Өзімізді айдап сап өзімізге,
үймелетті көк шыбын
көзімізге!
Көкбөріден сүт емген көгжал қазақ,
қаңғып жүрген көлденең көк аттыны
басымыздан секіртіп, аттатардай,
ел намысын аяқта таптатардай,
не көрінді,
не болды,
осы, бізге?!
Бірде мақтап өткенді, бірде даттап,
соңымыздан ілескен жас буынды
сендірерміз қай айтқан
сөзімізге?!!
Ненің дағы, бармаймыз байыбына...-
Байқап тұрсақ, бар кінә - өзімізде!
Өзімізде!!!
«Тең келер жоқ Алашқа! Мықты», - дедік! -
«Қабағынан қара бұлт ықты», - дедік!
«Алқа топтың алдында айбынымен
талайлардың меселін жықты», - дедік.
Ал, бүгін күн Ильминнің сөзіне еріп,
арқа сүйер асқар тау – сол Алашты
«Қанішер боп қадімгі шықты», - дедік!..
О, несі бар?! -
Қырса қазақ, дұшпанын қырған шығар! -
Өз қылғанын
өзіне қылған шығар!
Кесірінен солардың, ел ішінде
ауып кетіп баратқан иман көшін
найза ұшымен
оң жаққа бұрған шығар!!!
Сөйтіп, жұртты бағытқа салған шығар!
Қанға қылыш сол үшін малған шығар!
Аузын ашса, жүрегі көрінетін,
нұр жүзінен иманы төгілетін
мына қазақ
«Қапысыз, қалың елді
қан жылатты!» деген сөз
жалған шығар!!!
Жалған шығар!!!
х х х
Қорлап жатса, бас салып,
Бабырымды,
Қалай сақтап отырам
сабырымды?!
Ильмин жазып қалдырған «Бабырнама» -
кілең өсек, өтірік!!! Сонысымен
жасөспірім ұрпақтың санасына
Бабыр жәйлы сіңірмек
жала ұғымды!!!
Ал, енді өзің
ар жағын
ойлап қара!-
Пиғылы не?!
Түбіне
бойлап қара! –
Қалың қазақ есептен шығарылып, -
айтуынша Ильминнің, Алты Алашқа
баға беріп, ат қойған –
ойрат қана!!!
Ойрат қана!!!
Деген осы – «От басар ойнақтаған!..»
Не қалды енді әңгімем ар жағына!
Іліктіріп қазақты
қармағына,
дарияның түбінда бұққан жайын -
тастай сапты жемтіктей, қалмағыңа!!! –
Ей, ағайын!
Одан әрі сен менен сұрап жүрме,
«Шіл боғындай шашылып,
шашырардай,
кім жеткізді бізді, - деп, - халға мына?!»
Не бір, не бір тағдырлар өтті бастан
нардың белі шыдамас салмағына!
Дүниенің қой айтып жалғанына,
арттым үміт «Аллалап!» алдағыға!
Серпілетін күн бүгін!
Сілкін, халқым!
Жоғын жоқтап, өткеннің, арын арлап
жетем десең бабалар
арманына!!!
Алқымынан алармыз қас дұшпанды! –
Бізде осыдан
басқа амал қалмады да!
Қалмады да!!!
х х х
Адамшылық өзгертіп қалыбыңды,
өшірген соң
Бабырдай жарығыңды,
жердің жүзін жалмаған жалмауызға
адастыру қиын ба, қараңғыда,
жол таба алмай,
шатасқан халығыңды!
Астағіфир Аллаһ!!!
Қойып өзін
Құдайдың орынына,
қосылды олар Ібіліс жорығына!
Сандырағын солардың кепілге алып,
дәйек түйген ғылымда Бабыр жайлы,
ей, ғалымдар, не дейін
порымыңа?!
Шибөріні, дәніккен өлексе жеп,
неге жақындатасың бабалардың
ару тұтқан аппақ нұр
Қорымына?!
Жемтік көрсең, ентелеп, емінгенің! -
О, қу жендет! Осынша
жебір ме едің?!
Аруағынан қорқу жоқ, - көрде жатқан
марқұмдардың қол салып мүрдесіне,
үстіндегі сыпырдың
кебіндерін!
Астағіфир Аллаһ!!!
Жұпардай-ақ, сіміріп өлік демін,
көкжиегін бейіттің
сөгіткенің! –
Ата-бабаң салтында о бастағы
жер қойнынан адамды о дүниелік
қайта алғанды суырып
көріп пе едің?!
Өлгеніңді осы ма тірілткенің?!
Саудыратып,
мүшесін жіліктедің!
«Мынау – басы,.. мынаусы – басқасы», - деп,
төрт жүз қырық төрт сүйек, -
әр қайсысын
топқа бөліп, жік-жікпен іріктедің!
Астағіфир АллаҺ!!!
Біреулердің назары –
бармағында, -
бармақтағы айшықты балдағында!
Енді бірі жармасар иықтағы
алтын тонға, япырмау, жолыққандай
ғұмыр бойғы көксеген
арманына!!!
Бірі сұғар аяқты
кебісіне,
ұлтанының таң қалып елісіне!
Сыбағадан құр қалған енді бірі,
талақтайын, тарс етіп жарылардай,
сыймай кетіп барады
терісіне!
Астағіфир Аллаһ!!!
Қашан көрсең, әр кімнің мазағында! –
Күн бар ма осы ес жыяр
қазағымда?!.
Хан базарын қыздырып дұшпан отыр,
ұрпақтары тәу етіп, басын иер
бабасының тас қорған –
мазарында!!!
Астағіфир АллаҺ!!!
Зұлымдығы дүниені қайран қылып,
құлқыны мен нәпсісін майландырып, -
көр қойнынан көтерген қазынасын,
сатырлатып,
қояды шотқа соғып,
қып-қызыл өрт – ақшаға айналдырып!!!
Астағіфир АллаҺ!!!
Әңгімені жөн еді созбағаным, -
бір қылмыстан
бір қылмыс қоздағанын!..
Наламенен,
қып-қызыл жаламенен,
көрде тыныш жатқызбай, бабалардың
көргенімде
рухын қозғағанын,
жаным күйіп, ботадай боздағаным!!!
Ұрпақ қайда бұл жәйтті ескеретін, -
егжейі мен тегжейін тексеретін?!
Құдай сөзі – «Інжілге» қол көтерген,
кәфіріңе
Бабыр кім сескенетін?!
Иә-ә-ә!
Құнын жойып Бабырдай қадырымның,
қаздың терең шұңқырын қабірімнің!
Ей, ғалымдар!
Ел сорын арқаламай, –
(Ғылымың да – өзіңе, былығың да!)
тұрғанында қиылмай тамырымның,
түп нұсқасын тауып бер Бабырымның!!!
Бабырым кім?!
Иә, менің
Бабырым кім?!
Бабырым кім?!!
Бабырым кім?!!
Бабыр – бабам!!!
Дұшпаным бас иетін
бойымдағы
бар асыл қасиетім!!!
«Бабырнамам» -
Байрағы
мұсылманның!!!
Жап-жасыл түс –
келбеті ғұсыл жанның!!!
Ал, «Бабыр жорық!» Бұл –
бас қосу! Ұлы мақсат! –
Жандарынан табылып қысылған күн,
босағасын бекіту
бұсырманның!!!
Лә илләһә ил Аллаһ!
Мұхаммадун – расул Аллаһ!!!
Жасыл Байрақ!
Жасыл түс –
«Бабырнамам!!!»
Алтын жебем –
атылған
адырнадан!!!
Рахым түссе Алладан, әлі талай
қадаларсың дұшпанға
қабырғадан!!!
«Бабырнамам!!!»
О, менің
«Бабырнамам!!!»
«Бабырнамам!!!»
х х х
Алты қарыс азуы арландарым!
Жіптей тізіп қайтемін қалғандарын!
Аруағыңнан айналдым, беу, бабалар!
Дін-мұсылман жолында біз – Сіздердің
өшкен үміт, жоғалған армандарың!!!
Осыны ойлап,
батамын
уайымға!
Зор бәйтерек! –
Гүрс етіп
құлайым ба?! –
Болар – болды!!!
Лажым жоқ! –
Мен бір ғаріп! -
Тағдыр еркі –
жалғыз-ақ
Құдайымда!!!
Ия, Алла
Ия, Алла!
Ия, Алла!!!
Сөз соңы
Ия, Жаратқан!
Кеше гөр ақыныңды!
Әрі-сәрі күй кешкен
пақырыңды!
Бет пердесін шындықтың ашамын деп,
алыстатып алдым ба жақынымды?!
Оңды-солды сілтелеп қаламымды,
жерім бар ма жасқаған жаранымды?! –
Бәрі – өзіңе аманат!
Не де болса,
адалдықтын тайдырма табанымды!!!
Ия, Жаратқан!
Қабыл ал тілегімді!
Рахым-нұрға толтырып жүрегімді,
шафхатыңнан үздірме күдерімді!!!
Тәртіп айқын қасиетті Құрандағы!
Құран ұстап, басымыз құралмады!
Ол жоқ жерде, айтқан сөз –
бәрі бекер!
Өзін-өзі бұл пендең құр алдады!!!
Құран сөзі –
Құдайдың бұйырғаны!
Бұйырғаны –
санама құйылғаны!!!
Зердесізге не дейін?!
Зерделісі
айтқан ғибратнамаға ұйыр дағы!
Құран сөзі -
жүгіну Жаратқанға!
Әр аятын,
пәрман – сол,
таратқанда!
«Шайтан, - дейді, - үмітсіз!» -
Арман қайсы
иман болса жолдасың, дем таусылып,
Құбылаға жүзіңді
қаратқанда!!!
Лә илләһә ил Аллаһ!
Мұхаммадун – расу Аллаһ!!!
Аллаһу акбар!
Аллаһу акбар!
Аллаһу акбар
1997 жыл. Түркістан қаласы.
Abai.kz