Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
Әдебиет 24992 0 пікір 27 Сәуір, 2015 сағат 14:59

Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ. ОТАМАЛЫ

Бұл аңыз көктемде қар еріп, жер жалаңаштанғаннан кейін кенеттен ызғырықтың қайта соғып, боран қақап кеткенінде еріксіз еске түседі. Сондағы соққан долы жел солтүстіктегі мәңгі мұз тауларының арасында ұмыт болып қалған аңызды сары далаға қайта айдап әкеледі. Сондағы қаптай жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен мұң-зары кең даланы тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жусан басына соғылып, біресе қияқты тұншықтырады. Біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді. Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып, төбелердің баурайын қайғы шарбысы қоршап алады.

Сол кезде қазақтың көне даласындағы қартамыш жусандар бұл аңызды тағы бір естиді. Желмен бірге жеткен шер далаға мынаны айтады деседі қариялар.

 *  *  *

Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын... аздаған қазақтар жайлайтын. Қазақтың даласы төбелерден тұратын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортатын. Әр төбенің ар жағынан қамшыдай суырылып шығып боран ышқынатын. Әр төбенің астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен.

 *  *  *

Отамалы қолына таяғын алып, кішкене лашықтан далаға шықты. Күн шапыраштанып, қып-қызыл болып батып бара жатыр екен. Көзін қысыңқырай оған біраз қарады. Ішінен бірдемелерді айтып күбірледі. Басын шайқады. Әлі оты сөнбеген көздерін аспан ортасында аударып, оны да барлап қарады. Алыстағы жардың басында бір топ қарға шуласып жүр екен. Ол басын тағы шайқады.

Ақырында орнынан қозғалып, анадай жерде тұрған аппақ киіз үйге беттеді. Ақ үйдің ар жағындағы төбелердің бауырында бір топ қой жатыр. Жер беті түгел жалаңаштанған. Күнгей жақ беттері көгере бастаған. Көктемнің көңілді сулары жер бетін шыжбайлап өткелі де көп болмаған — әр жерден-ақ үлкенді-кішілі жыралар, жаңа сайлар көзге ілігеді.

Отамалының артынан ұзын құйрықты ала төбеті еріп келеді. Оның құлағы түйежапырақ сияқты салбыраңқы.

Отамалы ақ үйге жетті. Үйге кірместен бұрын, бұрылып күнге тағы қарады. «Ұнамайды...» деп күбір еткендей болды, бірақ ерні онша қозғалып жарымады. Иті қожайынның ыңғайына жығылғандай, о да күнге қарап біраз тұрды. Бірақ басын шайқаған жоқ.

Отамалы киіз үйдің есігін көтеріп ашты да, ішке енді.

Төрде қара мұртты біреу зеренге мұртын малып шұбат ішіп отыр. Отамалыны көргенмен, көңіл аударған жоқ, жамбастап жатып сораптап жұта берді.

Әлгі адам сусынын ішіп болғанша, Отамалы тыныш отырды.

Үйдің іші жиһазға толы. Керегелерге оюлы кілемдер ілініп тасталған. Салбырап-салбырап тұрған жібек желбаулар. Қазан-аяқ жақта үлде мен бүлдеге оранған бір әйел отыр. Құлағындағы сырғалары, қолындағы білезіктері — бәрі ақ күмістен соғылған, жалт-жұлт етеді. Аяғындағы биік өкшелі кебісіне күміс шалынып, әшекейленген. Үстінде қытай, самарқан жібектері. Қасын сүрмелеткен. Бірақ киімі қанша әдемі болғанымен, өзі толық, келіссіздеу. Ұршығын томар бояудың түбірі сияқты саусақтарымен қолапайсыз, икемсіз айналдырады. Одан гөрі жоғарырақ екі қыз отыр. Бірі бойжетіп қалған. Басында үкілі бөрік. Бұрымдары даланың жуан қара жыландарынша аяққа оратылып жатыр. Бірі тоғыз-он жастағы кішірек қыз. Төрде тең-тең болып жинаулы тұрған текеметтер мен оюлы, киіз қапты сандықтар. Олардың үстінде атлас, торғын, жолақ баршын көрпелер.

Қара мұртты шұбатын ішіп болды. Зереңді кішірек қызына ұстатты да, мұртын біраз сүртіп отырды. Содан кейін көзін қысыңқырай Отамалыға қарады:

—   Отамалы намаздыгерде келмейтін...

—   Иә, байеке, Отамалы намаздыгерде келмейтін, — деді Отамалы да. Аз үзілістен кейін: — Бүгін Отамалы намаздыгерде келіп отыр, — деді сөзін бөліп-бөліп.

—   Отамалы намаздыгерде етігін жамайтын я қойын қайыратын. Қойларын түнгі өріске алып шығуға дайындалатын.

— Дұрыс, байеке. Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді. Бірақ бүгін Отамалы етігін жамаған жоқ. Бүгін кешке қарай қарға ұясына кірмей, қиналып біраз ұшты... Отамалыға киім керек. Ертең күн суық болады... Бүгін түн суық болады...

—   Оны Отамалыға кім айтты?

—   Оны Отамалыға батып бара жатқан күн айтты.

—   Күн батып кетті ме?

—   Иә...

—   Ендеше, Отамалы мазасызданбасын. Күн айтты да кетті, ал Отамалы қойын өріске айдап шығуы керек. Күн айтады да кетеді, ол түнде Отамалының қойын өріске айдасып апарып тастамайды.

—   Отамалының үйінде ештеңе жоқ. Отамалыға қалың тон керек.

—   Отамалыға көктем берілді.

—   Отамалыға тамақ керек.

—   Отамалыға жылы түн берілді.

—   Отамалыға байпақты етік керек.

—   Отамалыға бусанған жер берілді.

—   Отамалыға жақсы ат керек.

—   Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді.

Отамалы түнеріп қалды. Қастары көзін жауып отыр. Бірер сәттен кейін ғана ол жай дауыспен:

—   Отамалы түнде қойларды өріске шығармайды. Отамалы қойларды күндіз жаяды, — деді.

—   Отамалыға мың жұлдыз берілді!

—   Жұлдыздарды бұлт бүркейді.

—   Отамалыға төбелер берілді.

—   Төбелерді тұман бүркейді.

—   Отамалыға жыралар, сайлар берілді.

—   Жыра-сайларды қар жабады.

—   Отамалының жағына жылан жұмыртқалап, тамағына тышқан індесін!

—   Күн суық болады! Түн суық болады! Қойлар ығып кетеді. Отамалы қойларды өріске шығармайды!

Байдың көзі шапыраштанып кетті:

—   Қазірден бастап Отамалы қойға кетеді!

Отамалы үндеген жоқ. Бірақ бұ жолы көзін төмен салмай, байға қарап отыр. Түйіліңкірей, сынай қарағандай. Аспанда жүрген бүркіттің төмендегі жәндіктерге байыппен көз жібергеніндей ғана.

—   О, Жапан, мен айтып болдым! — деді.

Осы кезде ұршығын тоқтатып қойып, манадан әңгімеге құлақ түріп отырған әйел шап ете түсті:

—   Ендеше, Жапан да болды! Айтты ғой саған. Немене, тісіңді тіреу, жағыңды сүйеу қылып!

Отамалы әйел жаққа қараған жоқ. Тек Жапан әйеліне бірдеме дер ме екен деп күтіп еді, бірақ ол қоштағандай үндемей қалды. Сосын Отамалы жайлап түрегелді де, далаға шықты. Есіктің алдында иті мұны күтіп тұр екен. Иесін көріп, құйрығын жалқау бұлғаңдатты.

Дала қараңғыланып қалыпты. Темірқазық. Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селк-селк етеді. Ауа салқын. Жер беті сәл тоңазып, кілегейлене қататын түрі бар.

Отамалы үшінші рет басын шайқады.

Ол лашығына келді. Лашығының іші қараңғы екен.

Белбеуіндегі шақпақ тас пен білтені алып, от тұтатты. Кепкен баялыш пытырлап, зу-зу етіп жана бастады. Үш жақты ошақтың жанында басын төмен салбыратып жіберіп Отамалы отыр. Оның үйінде ешкім жоқ-ты. Өзінің бар өмірін осы ескі ошақтың жанында өткізген. Ес біліп, етек жиғалы бай үйі осы ошақты еншіге беріп, жаман лашыққа көшіріпті. Сол лашық қазіргі тесіктерінен жұлдыз санауға болатын тозығы жеткен шұрқ-шұрқ киіздер де, сол ошақ осы алдындағысы.

Отамалы өмір бойы жалғыз келе жатыр. Ол үйленген жоқ. Бір рет, шамасы бұдан отыз жыл бұрын, мұның жігіт кезінде бай, қазіргі Жапанның әкесі, үйлендіремін деп бір айтып еді. Бірақ ол марқұм сөзін ұмытып кеткен болуы керек, артынан ауызға алмай дүние салды. Ал Жапанның мұнымен тіпті ісі болған жоқ. Қаншама ауылдармен қатар отырып, қаншама қасына сүрме жаққан, қолына сыңғыр білезік таққан қыздармен кездескенімен, Отамалы малы жоқ болғандықтан үндемеді. Сөйтіп жүріп елудің үстіне шығып та кетті. Өмірден бар көргені осы ошақ, лашық, иттері, байдың үйі. Отамалының дүние тануы осымен шектеледі. Бірақ ол кең даланың етене баласы еді. Ол қайғырғанда қарлығаштар маңайлап ұшып жұбатқандай болатын. Ол жадырағанда күн де күліп, нұрын шашатын. Төбелері, өзендер, қырқа-сайлар, жусан, қияқ, дала гүлі — мұның әкесі де, шешесі де, сүйген жары да еді.

Ошаққа басын беріп ол ойланып отыр. Қиыншылық кездерінде ылғи осылай отыратын.

Үйде іліп алар ештеңе жоқ. Я киім, я көрпе-төсек, сандық, жиһаздар болсайшы! Тек шөп пен қойдың жүнін араластырып жасаған төсек тәріздес бірдеме... Кенет есік сәл қозғалып көтерілді де, ішке ит кірді. Ол өз орнын жазбай білетін, оң жақ қанатқа жатып алды. Отамалы итіне көңіл аудармай, сақалын төмен салып жіберіп үнсіз отыр. От пышырлап жанып жатыр. Мінеки, манадан бері от тимей тұрған баялыштың бір жуандау бұтағын жалын тілі бір жалап өтті. Бірақ ештеңе болмағандай, баялыш бұрынғы күйінде қала берді. От екінші рет соғып өткенде баялыш сәл күңгірттеніп қалды. Сонда да жанып кетпеді. От тілдері көбейіп келіп, үшінші рет шарпылғанда ғана баялыш денесіне от жабыстырды.

Отамалы сол баялыш бұтағына қарап отыр. Жаңағы қара бұтақ енді кызарып, шоққа айналып келеді. От тілдері енді бұдан ауысып, бөтен бұтақтарға қарай шапшуда. Әлгі бұтақ түбірінен сынып жерге түскенше, қызыл шоқ күлге айналғанша, Отамалы соған үнсіз қарап, сақалын ұстап, отырып алды. Біраздан кейін барып ақырын дауыспен:

— Ошақ, сау бол, — деді. Сосын белін қаттырақ тартып буды да, далаға шықты.

«Ай, Жетіқарақшының теңселуін-ай!»

Баурайдағы қойларға қарай жүріп келеді. Дала едәуір қараңғы. Біраз жүргеннен кейін пырылдап жайылып жатқан қойлардың шетіне ілінді.

Кішкене байырқатып тұрғаннан кейін қойларды жайымен орнынан қозғалтып, күндегі әдетінше Темірқазыққа бағыттап өргізді. Қойлар асықпай қаптап жайылып келеді. Ауа бұрынғыдан да шыңылтыр. Жер дегдіп, қата бастаған. Жұлдыздардың бәрі самсап тұр. Бірақ Отамалыға тұрыстары ұнамайды. Шеттерінен қалшылдап, дірілдеп, бір аяғымен секеңдеп тұрған сияқты.

«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, — деп ойлады Отамалы бір мезет... — бірақ олар көп қой».

Отамалы қойдың соңынан ере берді. Үстінде шекпені, аяғында байпағы жоқ, тозған етігі бар. Баста жеңіл тымақ, Белінде шақпақ тасты, білтелі, бір кішкене пышақты ескі қайыс белбеу. Артында иті еріп келеді. Ол әлі бір дыбыс шығарған жоқ. Жайшылықта дыбыс шығармай, қожайынының соңынан жалқау еріп отыратын әдеті бар-ды оның.

...Жетіқарақшы Темірқазықты айналып, түнді жұта берді.

Түн ортасында төбелердің бауырынан әрең көтеріліп, ептеп жел есе бастады. Бұл ешкілерге жақсы болды, олар мұрындарын көтеріп, мүйіздерін артқа тастап, жүрісін өндіртті. Қойлар олардың соңдарынан ентелей өріп, тұяқтың тысыры түннің біркелкі тыныштығын бұзып тұр. Әр жерден-ақ тұяққа тиген тас, сынған бұта, секірген малдың топ еткені сияқты дыбыстар естіледі. Төбелердің тас баурайымен жүргенде, бір-біріне тиген тұяқтар ма, тастар ма, шақпақша жалтылдап, төбенің әр жері бір жалт-жұлт етеді. Жусандардың біркелкі жұлынған пытыры, қойлардың пысқырынуы, олардың иісі, артында қалған жылы булары Отамалыға әлі түннің суықтығын сездірмей келе жатыр.

Отамалы қолына таяқ ұстағаны болмаса, оған сүйенбейтін.

Түн ортасынан ауып барады. Қойлар жүрісін шапшаңдата бастады. Түннің бірте-бірте суытып бара жатқаны белгілі болды.

«Күн айтып еді ғой!»

Отамалы ауылдан ұзап кетті, ондаған таныс төбелер мүлгіп, қара жаулық жамылып, артта қалды. Таныс жыралар мен сайларды да тастады. Бірақ құныққан қойлар жаңа өріс іздеп, бұрынғы межеден өтіп барады. Отамалы оларды кейін қайырған жоқ. Қайтатын уақыт әлі болмаған-ды. Отамалының иті қойлардың алды-артына шығып, әр жақтан дыбыс беріп қояды.

Таңға жақын, қайдан келгені белгісіз, бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға лап берді. Жел шекпеннің етегін көтеріп, бөз көйлекті дүрілдетіп, Отамалының бүйірінен өтіп кетті.

Ол бірдеме деп күбір ете қалды. Әлгі жел жалғыз келген жоқ екен, аспанның сол жақ шетіндегі жұлдыздар жайын жұтқан шабақтардай жоғала берді.

Отамалы енді қойдың алдына шықты. Итін дауыстап шақырып, оны ық жаққа жөнелтті. Бірақ қойлар шашыраңқырап кеткен екен, тез қайырылып болмады. Аспандағы жұлдыздар сөнгіштеп жатыр. Бұлттар жабылған түндіктей аспанды бүркей берді. Міне, Жетіқарақшы да жұтылды.

Отамалы жүгіргіштеп қайырып жүр. Аяғының астындағы қыстан шыққан көкпек сытырлап сынады, жусан езіледі. Жел соғып берді. Қойлар ұйлығып қалды. Түнге тағы бір түн қосылғандай, түнеріп кетті.

Маңайдағы бозғын төбелер де көрінбей барады. Ит анда-санда шәуілдеп үріп, кейде арс ете қалып, қойларға бағыт бергіштеуде. Желдің күшті ызылы қойлардың пысқырығы мен маңырауын әрең естіртеді. Отамалы ауылға қарай айдап келеді. Қатты жүрістен жүрегі жиі-жиі соғып, дүрс-дүрс етеді. Қарманып жүріп беліндегі шақпақ тасы мен пышағына қол жүгіртіп еді, олар орнында тұр екен. Әлден-ақ аяғының ұшы мұздап, тізесі қата бастады. Бірақ мұндай суықтың талайын көргендіктен, оны елең еткен жоқ, ойына қорқыныш та алған жоқ, тек есіл-дерті қойларды қайырып, аман жеткізу,

Қойлар алғашқыда жақсы жүрді. Бәрі де жұлуды қойып, ентелеп алға ұмтыла берді. Ит ық жақта. Қойлардың еріксіз ыққа ысырылатынын ит те, Отамалы да жақсы біледі. Жел күшейген үстіне күшейе түсті. Далада қалған бойшаң итсигектер мен бұталардың зарлағанын Отамалының тәжірибелі құлағы түн дыбысынан ажыратып келеді. Бағдар беретін жұлдыз жоқ болғанымен, Отамалы жер танығыш еді, қойлардың сәл бұрыла бастағанын жазбай білетін. Ол қойларды қақпайлап, жүгіре басып қайыра берді. Ешкілердің бәрі ентелеп алға шығып кеткен болуы керек, Отамалыдан екі-үш адым жерде қойлардың құйрықтары ғана қомақталады, сирақтардың бір-біріне тиген сартылы, топтың дүрілі желге қосылып, Отамалының алды қалың шуға толып келеді. Ит анда-санда қыңсылап қояды. Шамасы, ол да мұндай аласапыран жүрісті көптен көрмеген болуы керек.

Отамалының тізесі тоңа бастады. Денесіне де суық жеткендей, бөз көйлектің іші салқындай берді. Жел оның үлкен сақалына оратылып, төмен қарай, көйлектің ішіне лап етеді.

Қойлар да қауіпті сезгендей жүрісін күшейтті. Иттің даусы енді топтың я ана шетінен, я мына шетінен бір шығады.

Отамалы не де болса таңға аман жетсем, жарыққа бір ілінсем деп келеді. Қанша айтқанмен, жарықта жол табуға болады. Бұл қатты болғанымен, жел ғой...

Жоқ, тек қана жел емес, Отамалының шекпеніне бірдемелер тысырлап тие бастады. Сипап қарап еді, жалаңаш қолына түскен түйіршіктер еріп барады.

«Қар!»

Қар жауып берді. Бірақ суық қар емес, тигені тиген жерінде еріп, тез дымқылға айналып жатыр. Көп ұзамай-ақ Отамалының шекпенінің сыртынан еріп қатқан мұздың бір қабаты пайда болып, сырт киімі ауырлап кетті. Қойлардың да жүніне сабалақ қар қонып, мұз тонға оранып барады. Осы кезде ит ырсалақтап жүгіріп Отамалының қасына келіп еді, оның қимылынан ешқандай өзгерісті байқамаған соң, қойдың ық жағына қайта шапты. Еріген қар Отамалының сақалына қата бастады. Мұртын да сондай мұз қабыршақ бүркеп, аузына жетіп қалды.

Жел күшейіп, қар түсімін көбейтті. Бір мезет Отамалыға қой тобыры бағыттан тайған секілденіп кетті. Жер үсті бұл кезде алай-түлей болып бара жатыр еді. Осы шамада бағыттан таймау, әрине, өте қиын.

Жел күшін жинағандай ыңырана бастады. Енді едәуіршік боран болып қалып еді. Ептеп жарық болды. Енді алдағы кетіп бара жатқан қойлардың дөңгелекше денелері де айқындалғандай.

«Таң...» деп ойлады Отамалы.

Аяқтың астындағы жартылай мұз, жартылай қарға оранған жусандар мен көкпектер көріне бастады. Отамалы енді қойлардың орта шеніне дейін көз жеткізді. Қар әлі жауып, борап тұр. Жел ішін тартатын емес. Міне, қаптаған қойдың бүкіл өресі қарауытты. Алды маңдайдағы төбенің бауырына өрмелеп барады екен. Бәрінің де арқасында батырлардың сауыттарындай жалтырауық мұз бен аппақ қар.

Таң атты. Бірақ маңай буалдыр. Дұрыс ештеңе көрінбейді. Бәрі де түс көріп жатқандағыдай. Анық көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ. Қойлар буалдыр перденің ар жағында бара жатыр. Жердегі шөп, бұта да сол түс сияқты, белгісіз, буалдыр бояумен боялған. Қардың әлі еріп болмаған бөлігін жел көтере ұшырып, қойлардың үстін, төбелердің баурайын мұнарға бөктіріп барады.

Енді, шамасы, күн шыққан болу керек, жарық бір қалыпта қалды. Соның өзінде де бір төбеден әрі ештеңе көрінбейді. «Енді кішкене жүрсем, ауылға ілініп қалуым мүмкін. Қойларды ауыл сыртындағы кең жыраға қамап, лашыққа кіріп, демалуға, кептірінуге болады»,— деп ойлап келеді Отамалы.

Қойлар ерімтік күрпік қардың үстімен, жіңішке аяқтарымен ою сыза, қаптап барады. Артта қалған оюларды жел аяусыз өшіргіштеп, қармен тегістеуде. Қойлар басын төмен салып алған, Отамалыға тек олардың мыңдаған дөңгелек құйрықтары көрінеді. Олары бір төмен, бір жоғары шығып, ретсіз қимылдасады. Артта кейбір жерлерде қарайып қалып жатқан құмалақтарды жел әуелі бытыратып алады да, кейін қармен көмеді.

Жарық болғалы да біраз болды. Қар басқандықтан ба, төбелердің де түрі өзгеріп кеткен. Таныс төбелер бетін бүркеп, ақ шымылдықтың астында жасырынулы. Әлі қар қалың емес, бірақ таныс жыралар кездеспейді. Бәрі де ептеп өзгерген я жаңа ғана қозғалып, қайта қойылғандай.

Отамалының көңіліне күдік оралды. Осы шамада жерден бір уыс тас аралас топырақ алып байқап көріп еді, одан күдікті ештеңе таба алмады. Және шөптер де тап онша өзгеріп бара жатқан жоқ. Күнде кездесетін, осы маңайдың шөптері. Жусан, көкпек, ептеп баялыш, итсигектер, ескі қына...

Ол ішін жел кеулей бергесін, қаттырақ буынып алды. Шақпақ тасын, пышағын тағы бір ұстап көрді. Білте салған қалтаны қымтаңқырап жапты. Су болып қалса, от жаға алмайды ғой.

Жел баяғыдай зуылдап тұр. Қаттылығы соншалық, көздің тұсынан өткен қар қиыршығы көрінім жерге жеткенше құламайды, сол бағытпен ұша береді. Жел Отамалының шекпенінің етегін көтеріп, тізесін аймалайды. Жүн шалбардың тесіктерінен шапшып кіріп, денеге инедей қадалады. Бірақ Отамалы оны ойлап келе жатқан жоқ. Күдігі — ауыл бағдары. Шамасы, ауылдан тайыңқырап кеткен болуы керек, әйтпесе, жететін уақыты болған-ды.

Отамалы көп сескенбейтін. Егер таныс төбеге кездесе қалса, жөн табатыны анық. Тек қойларды желге қарай айдау қиын болатын шығар. Я бір жырада иіріп қойып, жел тынған соң айдап апаруға болады ғой. Көкек айында қар ұзақ жатпайды. Бір шай ішімнен кейін-ақ еріп сала бергенін көресің.

Ит те жарық болғасын тынышталыпты. Мұз қатқан құйрығын сүйретіп ық жақта келеді. Күн суыта бастағандай болды. Енді қар еріп жауғанын қойып, өзінің құрғақ қиыршық күйінде Отамалының шекпеніне тиіп, тық-тық қайта ыршып түседі.

«Күн суытып кетпесе жарар еді».

Ол басындағы тымағын басыңқырап киді. Қолындағы таяғын оңтайлап ұстап, алға ентелей түсті.

Қойлар төбелердің баурайымен қалқып келеді. Маңай түтей бастады. Бұрын қар еріп, боран онша мықты болмай тұр еді, енді қар ұлпадай ұшуға айналды. Итсигектер мен жусандар көмілуге жақын, олардың да ысырылған қарды енді ұстай алатындай қауқары жоқ, тек қылтиып жіңішке ұштары қалыпты.

Қойлар бұрынғыдан да гөрі бір-біріне жабыса тығылып, бірінің-бірі бүйірлерін үйкелей, алға ұмтылады. Жақындағы қойлардың маңырағаны айқын естіледі. Күн түс болып қалған шығар. Енді Отамалы адасқанын анық білді. Бірақ ол мұны барлық дала адамдарындай салқынқандылықпен қарсы алды: үн қатпастан қойлардың соңынан ере берді. Қайырғанмен, қойлар бір ықтасынға жетіп алмай, сірә, тоқтамайды. Сондықтан алдына шығып та керегі жоқ. Мұз-қарға тиіп қайыс етіктің басы мүжіліп, ағарып барады.

Түстен кейін қар бұрынғыдан да гөрі түтіліп, маңай әлем-тапырық болып кетті. Осы шақта алдағы ешкілердің мүйіздері көміліп, қой тобының тең жартысы көрінбей қалды. Төбелер бірте-бірте терең судың түбіне батып бара жатқандай, бірінің соңынан бірі жоғала берді.

Отамалының шекпенінен жел әлдеқашан өтіп кететін еді, үстіне қатқан мұзы абырой болды. Бірақ етек пен мойыннан улеп, пәле боп тұр. Және башпайлары да удай ашығанын сездіре бастады.

Қойлар жүрісті үдетті. Отамалы бұрынғыдан да гөрі ентелеп желіп келеді. Енді айнала бірте-бірте қараңғылана бастаған сияқты. Қар көбейе берді.

«Лашығым көміліп қалды-ау».

Отамалы байдың ақ үйін көз алдына бір елестетіп өтті. Шұбат ішіп отырған бай, оның зеренге малынған қара мұрты көз алдына келіп тұрып алды.

Осы кезде қойлар жапатармағай маңырап кетті. Олар бір топ бұтаның арасына кірген екен. Отамалының көз алдындағы мұрт жоғалып кетті. Жыра я ықтасын кездесті ме деп үміттеніп қалды. Бірақ бұталардың арасында қар қалың екен және ықтасын боларлық биік те емес — жел айдаған қойлар, Отамалы, ит — бәрі малтығып, панасы жоқ бұталардың жанынан жүзіп өте шықты.

Қараңғы тартып барады. Отамалының көзінің алды қара мұнарланып, түнеріңкірей бастады. Жердегі қардың да, ұшып бара жатқан ақ мұнардың да жүздеріне сынық енген. Түнге дейін тоқталмаса, тағы қиын. Әсіресе, түнде қайда бара жатқаныңды білмейсің. Бірақ бәрі бір емес пе? Күндіз болғанымен, қазір не көрініп, не айырылып жатыр ...

Отамалы кеше кештен бері тамақ ішпегенін есіне алды. Әрине, қызулықтан, жүрістен, қауіптен әлі ол аштық туралы ойлаған жоқ, қарнының да ашқанын сезген жоқ, бірақ бір күн тамақ ішпегендігін есіне алды да қойды. Белбеуін тағы да тартыңқырап буып, қымтанып алды да, тізеден қар кешіп, алға жылжи берді. Қойлар күндізгі үрдіс жүрісін қойған, жел қанша қатты болса да, жай жүріп келеді. Өйткені, қар қойлардың жүрісіне қиындық келтіре бастап еді. Және даланың биік шөптері де қарды тұта берген. Отамалының көзінің алдында мыңдаған дөңгелектер ойнап, маңай қарауытып, өзгере берді. Боранның басылатын түрі жоқ. Жер бетін жалап, ызылдап, ысқырып тұр.

Отамалының көзіне бай үйі қайта елестеді. Байдың келіншегі, оның үстіндегі самарқан, қытай жібектері, қыздарының басындағы желкілдек үкілер, жібек желбаулар, ағыл-тегіл дүние...

Отамалының тізесіне шекпенінің етегі сарт етті де, оны мына дүниеге қайта алып келді. Аяқты қайыс-сірі жеп тастапты. Аяз кеш жақындаған сайын күшейіп келеді. Бірақ Отамалы аяздың белін түн сындырады ғой деген үмітте.

Түн келді. Тобыр қараңғылыққа бірден жұтылды. Отамалыға таяқ тастам жер әрең көрінеді. Қойлардың жалынышты маңырағаны ертіп келе жатыр оны. Манадан жауып тұрған қар қиыршықтары да толастаған сияқты.

Отамалы қорықпайтын. Бірақ мына қатерлі түн оның көңіліне үлкен күдік енгізді: қойға қасқыр шабуы мүмкін. Мұндайда қасқырлар, қайдан жиналғаны белгісіз, самсап қоршап алады. Боранда олардың отты көздері де көрінбейді, аяқтың астынан шыға келіп, дүрілдетіп ала жөнеледі. Отамалы әлсін-әлі боран ызылының арасынан осы дүрілді іздеп, құлағын тосады. Бірақ әзір тыныштық.

Бұларды жел қазір ырқынша айдап келе жатыр. Мыңдаған қойлар қар бетімен ұшқан бір жапырақ сияқты. Я қонатын сай, я тығылар пана бермей, бір төбенің баурайынан ысырып шығып, екінші төбенің баурайына қарай қалқытады. Одан тағы тайғанақтап, су бетіндегі қоғадай толқынмен алысып жылжи береді, жылжи береді.

Отамалы енді мықтап тоңа бастады. Жаңа кешке қарай басталған боран жылы бола ма деп еді, бірақ уақыт өткен сайын аяз біз тұмсығын тізеге батыра түсті.

Қойлар түнімен ықты. Бұларға бағыт беріп те, айдап та, адастырып та келе жатырған — сол жел. Ақ боранмен бірге ойнақтасқан жел таңға жақын төсін жазғандай. Ақырында ашулы ызамен төбелердің бауырынан түнді де дүркірете ысырып, ық жаққа ұшырып алып кетті. Таң Отамалыны мыңдаған қылыштардың суылымен қарсы алды. Бейне оның маңайында мың сан қол көрінбейтін қылыштарын жалаңдатып, бірін-бірі аяусыз турап жүргендей.

Жер беті ақ түтінмен жанып жатыр. Аяз оттан жаман. Тиген жерін қарып, күйдіріп барады. Суық от бетті шымшып, көмейге толады. Демді буады.

Отамалы алғаш рет өзінен әл кете бастағанын сезді. Белі сырқырап ауырып барады. Сүйектерінің ауырлығы өмірінде бүгін білінді. Оларды баяғыдан бері қалай арқалап жүрген?!

Ол бетін уқалап, белбеуін тартыңқырап буды. Іші қабысып қалыпты. Мына шекпеніне қатқан мұздың бір кесегі түсіп кеткендей ішкі сарайы да сап-салқын.

Жел енді қара тілдерін жалақтатып, Отамалының тізесін, бетін, шекпенін, етігінің қонышын жалап келеді. Қазір өзі би, өзі құдай. Сонысына масаттанғандай кейде сықылықтап күледі. Сосын ашу шақырып, барпылдап ала жөнеледі. Енді бірде қаһарлана қорқытқысы келгендей әртүрлі үнге салады. Сол кезде маңай біресе бұралқы иттің ұлығанындай, біресе тағы мысықтың мауыққанындай, біресе су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді. Бәрін жасап, бәрін игеріп, бағындырып тұр. Тек күші келмейтін бір заты — қараңғылық. Сондықтан оны көтеріп тастай алмай, әзірше осы қара бояудың ара-арасымен зулап, денесіне соның күйесін жаға ызғиды. Бұл түн Отамалының бағына тағы да қасқырсыз өтті.

Таң алабұртып атты. Әрине, ешқандай сәуле де, ашық жарық та, көкжиек те жоқ. Тек буалдыр, бұлдыр, су қосқан сүттің түсіндей бірдеңе. Сол сүт ағара береді, ағара береді. Таң да, таңертеңгілік те осы.

Аяз күн өткен сайын басылмақ түгіл, қылышын қайрап, найзасын үшкірлей түскен сияқты. Бүгін таңертең Отамалының тымағы, сақал-мұрты, қастары ақ қырауға малынды да қалды. Қырауға бөккен қойларды да жел ұшыртып айдап келеді. Иттің қара көздері қыраудың арасынан моншақтай жылт-жылт етеді. Аяз қарлардың біразын қатырып тастаған екен, қойлардың жүрісі сәл жеңілденейін деді.

Боран сәл серпілгендей. Отамалы түсім емес пе екен деп, көзіне сенбей, қайта қарап еді, шынында да бір өзгеріс бар сияқты. Үш-төрт төбе де көрінді маңайдан. Отамалының іші жылып, денесін әлсіздік билеп қоя берді.

«Енді райы қайтса екен, тәңірім-ай!»

Қойларына тағы бір көз тастап, екі күн бораннан аман қалғанына іштей қуанып келеді. Тіпті, осы жерге құлап түсіп, ұйықтап қалғысы да келеді.

Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Түске жақын қар қайта жауып, жел оны ірітіп ала жөнелді. Ақ дүлей шабысына қайта басты. Енді әрі аяз, әрі боран қатар жұлынды. Қар бетінде қылтиған бір бұта тыныш қалған жоқ, бәрі де иіліп, бүгіліп, зарлап жатыр. Жер үсті — ызыл мен сарын. Жердің өкпесіне садақтың оғы тигендей ыңыранып жатыр. Кешке қарай топтан екі қой бөлініп қалып қойды. Олардың бауырлары қарға малынып-малынып тұр, шамасы, жүрерге әлі қалмаған болу керек. Ызғырық желдің өтінде екеуі шоңқиып-шоңқиып қала берді.

«Алда, жануарларым-ай!»

Отамалының көзінен жас ыршып кетті. Артына ұзақ қарады. Ішін белгісіз бір у тырнап өткендей, қатты күйзеліп кетті. Бірақ тоқтауға мүмкіншілік жоқ, топ алға кетіп барады. Отамалы да желмен жылжи берді. Олардың қиын өліммен, азапты өліммен өтетінін біліп кетті. Біраздан соң оларды боран ажал көрпесіне орап алып, жоқ қылып жіберді.

Түнде бұлар бір топ қамысқа тап болды. Аяқтарында әрең тұрған қойлар қамыстың ішіне кірісімен қарға бауырларын төсеп жата-жата кетісті. Қамыстың арасы желден де ықтасын.

Отамалы қуанып кетті. Қамыстың о шеті мен бұ шетіне бір шығып еді, қомақты-ақ. Қойлардың бәрі түгелдей соған сыйған. Жануарлар қамыстың ызылын жамылып жым-жырт жатыр. Тек қамыс бастары ғана бір-біріне тие сартылдасып, ызы-қиқы үн шығарады.

Отамалы ық жақтан келіп, біраз қамыс сындырды. Белі еңкейгенде сырқырап, әрең иліктірді. Жүріспен байқамапты, қолдары, тізесі де үсіген сияқты. Сындырып алған қамыстарын әрірек апарып үйді де, бір шетінен жел ұшырып кетпесін деп, аяғымен басып тұрып, шақпақ тасын сартылдата бастады. Қолы илікпейді, екі тасты бір-біріне әрең тигізеді. Ұшқын көпке дейін білтеге тимеді. Бірер уақыттан кейін ғана қу қамыс лап берді. Әуелі от Отамалыға шапшыды, бірақ Отамалы бұрылып үлгірді, сосын ол желдің ыңғайына құлап, дүрілдей ала жөнелді.

Отамалының денесінде ыстық қан ойнап кетті. Беті балбырап, тізесі ысыды. Қолдарына әл кіргізді. Шекпенін шешіп, былай алып қойды. Ондағы ойы — сыртындағы жел жібермейтін қатқан мұзын ерітіп алмау. Отамалыны ұйқы мен көмескі ойлар шырмап, денесін балбырата берді. Сақалындағы қатқан мұзы еріп, иегінен су болып ақты. Отамалы өзінің ескі ошағын есіне алды. Тап кетер күні кеште ошақтың жанында осылай отырып еді-ау. Көзін гүрлеп жанып жатқан қамыстан айырмай, өткен өмірін ойша бір сүзіп өтті. Адам дегеннің өмірі жыланның бойындай қысқа екен ғой. Бірақ соның өзі тұнып тұрған азап, азап, азап...

Кенет оттың ар жағынан біреудің екі көзі жалт ете қалды. Отамалы түршігіп кетті. Қасқыр екен деп ұшып түрегелді. Бірақ иті екен. Ол да отқа тығылыпты, қайтсін, бишара!

От ұзақ жанбады. Отамалыны шырмаған ойлар да отпен бірге сөнді. Долы жел ұшқындарды ық жаққа құшақ-құшақ ұшырып, әрірек апарып тұншықтырып жатыр. Ақырғы қалған ұшқындар мен күлді де аямады. Кейбір ұшқындар боранға көпке дейін әл бермей, жарқырап барады да, ақырында, кеудесіндегі жылуын жоғалтып, көзден ғайып болады.

Отамалы шекпенін киіп, қамыстың ішіне қайта кірді. Жайлылау бір орын тапты да, арқасын қалың қарға беріп, тыным алды.

Қамыстар дүрілдеп тұр. Отамалы өмірі мұндай дыбысты естімеген еді. Бір жағынан жұмбақ, бір жағынан аянышты. Айдалада адам баспаған жерде жылдар бойы осылай сарнап тұру қамыстарға да оңай деймісің!

Біраздан кейін ол көзінің жұмылып бара жатқанын сезді. Желдің бірқалыпты уілі, қамыстың ызылы, түн түнегі, шаршағандық — бәрі де оны әлдилеп, ұйқы құшағына еріксіз жетелеп барады. Көзіне астында от жанып жатқан ескі ошақ қайта бір елестеді де, ұйықтап кетті.

Отамалы содан қанша уақыт өткенін де білмейді, шамасы, таң алды болу керек, қойлардың әлемет дүрілінен оянды. Бірақ бірден есін жия алмады. Бір жағынан тәтті ұйқыны қия алмай, бір жағынан өзінің қайда жатқанын да сезбей, біраз отырды. Әуелі мына құлақтағы гүрілді көктемдегі өзеннің тасыған шуылы ма деп қалды. Көзіне өзендегі шоршып ойнаған балықтар елестеп, бірауық солардың қызығына батты. Бірақ дыбыс өзен сарылына ұқсамай, өзгере берді. Сосын қамыстың шуылын анық естіді, көзіне ошақ қайта елестеді. Ақырында барып боранды, кешегі күнді, қамыстардың пытырлап жануын, ұйқысын есіне алып, орнынан ұшып тұрды. Маңайдағы желдің де, қамыстың да ызылынан бөтен бір ұлы дүбір алып барады екен. Сол дүбірдің ішінен жап-жақын жерден иттің бірде шәуілдеп үріп, бірде арсылдағаны естіледі.

«Қасқырлар!»

Отамалы ыққа қарай жүгірді. Дүбірге қарағанда, қойлар да солай ысырылған. Тобырдың арты қамыстан жаңа шығып жатқан болу керек, сынған қамыстардың сартылы құлақ тұндырады. Маңай қой маңырауына толып кеткен. Бейне жаздыкүнгі ауыл қасында қозылармен жамыраса көрісіп жатқандары сияқты.

Кенет қойдың бір тобы Отамалының үстінен лап беріп өтті де, оны көміп жіберді. Отамалы құлап түсті. Ол жүндер мен тұяқтардың, қойлардың денелерінің астында тұра алмай қалды. Енді босанып орнынан тұра бергенде, төбетінің тап қасынан арс ете қалғанын естіді.

Отамалы енді ғана байқады, алдында бес қадамдай жерде боранмен аралас екі отты көз жақындап келеді екен. Отамалы қайта бұға қалды да, таяғын оңтайлай берді. Отты көздер боранды жарып, жанынан зулап өте берген мезгілде ол салмақты таяқты бір-ақ сілтеді. Дала шырағы төңкеріліп түсті. Отамалы жалма-жан беліндегі пышағын суырып алып, кеуде тұсынан бір бойлатып жіберді де, оның көзіне қарап еді, оты сөніп үлгірген екен.

Ол қойлардың артынан жүгірді. Екінші қасқырды төбет жайратыпты. Бір мезгілде ол қасқырдың ішек-қарнын аузына тістеп, Отамалыға жетіп келді. Отамалы төбетіне риза, көрдім дегендей бас изеп, қуана ниет білдірді. Төбет қайта зымырады.

Қойлар шығына қашқан. Отамалы екі өкпесін қолына алып жүгіріп келеді. Түнгі ұйқы біраз тыңайтып тастағаны білініп-ақ тұр. Сонда да қой тобырына әрең ілеседі. Сол жақ қанат әлі әбігерде. Бұл шу ұзаққа созылды. Отамалы қанша жүгіргенмен, оған жете алатын емес. Тек бар сенгені — төбет. Маңыраған қой, жынданған жел, төбеттің арсылы Отамалының денесін түршіктіріп барады. Қырып кетпесе неғылсын!

Бие сауымдай уақыт өткен соң, ала төбет арсалаңдап Отамалыға жетіп келді. Денесінің кейбір жерлерін жалаған болады, келе Отамалының бауырына асылды. Отамалының іші жылып кетті. Төбет жеңіп келгенде осылай ететін әдеті еді. Отамалының көзінен жас ыршып кетті. Денесінің әр жерін ұстап көріп еді, айтулы жарақат жоқ сияқты, бірақ жүрегі қатты соғып тұр екен. Ол қой соңынан қайта жүгірді. Бұл кезде сол қанаттағы әбігер басылып қалып еді. Шамасы, енді қасқыр жоқ сияқты. Өздері үш-төрт қасқыр болса, артқы бір-екеуін төбет жайратқан я қуып салған ғой. Бірақ мына сүргінді тоқтату қиын. Үріккен малдың көпке дейін бой бермейтінін кім-кім де біледі. Егер арттан соққан жел болмағанда, Отамалы қалып қоятын да шамаға жетіп еді. Тағы да демігіп, өкпесін қолына алып келеді. Манадан аязды да байқамапты, енді ол да өзінің тіршілігін білдіріп, сона тұмсығын дыз еткізіп бетке тығып алды.

Тобыр жылдам қозғала берді. Отамалы ықтан шығып кеткеніне тіпті риза емес. Бірақ амал қанша.

Осы ұзақ сонар дүрбелеңнің үстінде өліктей бозарып дала таңы тағы атты. Таң ата боран тіпті күшейіп кетті. Маңай лапылдап өртеніп жатқандай. Гүріл. Суыл. Ызғырық.

Қайыс етік Отамалының аяғын қарып барады. Тізе тағы да қарысып қатып қалды. Отамалының жөтелі қайта басталды. Енді бұрынғыдай дымқыл жөтел емес, құрғақ, бірақ өкпені, өңменді тырнап кететін терең жөтел. Қолдарының ұшы таң атарда мықтап ашып еді, қазір олары ұйқыға кеткендей, ештеңе сезілмейді. Қолына ұстап келе жатқан таяғын да сезер-сезбес.

Қойлар желмен бірге дүрілдеп көшіп келеді. Түнде қаншасының шығын болғанын біліп болар емес. Көзбен шолып, қарамына қарап түгендеуге әлі толық жарық болған жоқ, шеті көрінбейді. Тек бөліп әкетпесе, қасқырлар көп шығындай алмаған болу керек...

Суық жел мыңдаған жыландарға айналып барады. Жіңішке кәрі жыландар су-су етіп, Отамалының бетін, тізесін тіледі. Улы тістерін мойынға, аяқ-қолдардың ұштарына сұғып, оларды да жан төзгісіз ашытып жіберді...

Күн шыққан шығар. Бірақ одан не пайда? Жел осы маңайда жүз жыртылып, мың айрылды. Кейде бос түндіктей сарт ете қалады да, кейде шыбыртқыдай шыпытып өтеді.

Төртінші күн. Тағы жел. Тағы боран. Ащы аяз.

Отамалы күрк-күрк жөтеледі. Арсыз боран да мазақтап, күрк-күрк дейді. Артынан өңешін жырта қарқылдай ала жөнеледі.

Жарық болды. Қойлардың қорамы қарауытып көзге шалынды. Топ онша өзгермеген сияқты. Отамалы қуанып, ішінен бірдемелерді күбірлегендей болды.

Жердегі қардың бірі қатып, бірі қатпаған. Отамалының қайыс етігі кей жерде қарға батпай, жеңіл аттаса, кей жерде тереңге күмп береді. Кейде жығылып қала жаздайды. Енді таяғы үлкен жәрдем болды, соған сүйеніп жүріп келеді. Тек оның бір жаман жері — ұшы қарға кіріп-кіріп, кейде қайта суыру біраз күшке түседі.

Ішінен Отамалы, егер күн өзгермесе, қойлар ертеңнен аса алмас деп ойлайды. Бір көмескі сезіммен өзінің де халінің нашарлығын сезгендей. Қазір ғана жүрегінің бір шетіне қорқыныш ұялғандай. Бірақ ол қандай қорқыныш? Белгісіз. Ол таяғын жан-жағына сермеп, әлгі қорқынышты қуғандай қимыл жасады. Шынында да бұдан кейін қорқыныш сейілгендей болды. Кенет, бұл, шамасы, түс кезі болу керек, Отамалының үсік шалған өкпесіне біреу найза сұғып алғандай болды. Онша қысылмайтын, көп саспайтын адамның терлегеннен беті түтігіп кетті.

Ол ішінен күбірлеп, бірдемелерді санай бастады.

«Қараша... желтоқсан... қаңтар... ақпан... наурыз... көкек... жұлдыздың... Қыркүйек-көкек... Кешеден бері... бүгін... бүгін... тағы... Күйек алған уақыт — былтырғы қараша...»

Отамалы бүкіл денесімен селкілдеп, дірілдеп кетті. Ерні кемсең-кемсең етіп, түсі бұзылып қоя берді. Қойлардың жаппай қоздайтын уақыты жеткен ғой! Кешеден бастап! Боранда! Мына әлемет ақ боранда! Аязда!!!

Кешегі артта қалған екі қой көз алдына қайта жетіп келді. Бишаралар! Тууға қалған екен ғой. Қазір дүниеге келген жас қозылармен бірге қатып жатыр!

Отамалының басында есуас ой самғап өтті. Таяғын көтеріп алып кейін, кешегі қалған қойларға қарай жүгіруге ыңғайланды. Бірақ сол бойда мұның пайдасыз екенін білгендей, жаралы қасқырдай ыңыранып, кейін бұрылды,

Мына алдында гүрілдесіп келе жатқан қойлардың жартысынан көбінің ішінде бүгін-ертең туатын қозылар. Бишаралар сыртта дүлей боранның соғып тұрғанын білмей, жарық дүниеге шығуды аңсап келе жатыр екен ғой.

«О, тәңірі! Сақтай көр!»

Осы сөздің аузынан қалай шығып, боранмен араласа, топ қойдың үстіне шашылып кеткенін де байқамай қалды. Ол үсігенін, жөтелін, бөтен қатерлердің бәрін ұмытып кетті.

Түстен кейін топтан жеті қой бөлініп қалды. Отамалы алғашқысының қасына ентіге жетіп келіп, ішін байқап еді, қозы тыпыршып-ақ тұр екен.

«Алда, бишарам-ай! Сорлым-ай! Жарықтығым-ау, енді не істейін?!» — Отамалының көз жасы үсіген бетінің үстіне мұз болып қатып қалды. Ащы у өкпесін тырнап, кеңірдегін жыртып, жөтел болып шықты. Қалған алтауы да әр жерде бір шоңқиып, ақ боранның ішіне жұтыла берді.

«О, Жапан бай! Айтпап па едім саған! Ашқарақ! Қарғыс атқыр!» — Амалы құрыған Отамалы тобырдың соңынан жүгірді.

Боран кешке дейін тоқтамады. Қойлар ыға берді, ыға берді. Күндізгі аяз мынаның қасында ойыншық екен. Түннің ауасы мұз болып қалып, шартылдап сынып-сынып жатқандай. Отамалы сол мұз кесектермен әрең дем алып, жаны кеткен аяқтарын қозғай берді. Қойлар түнде маңырауды қойды. Маңырауға да күш керек екенін Отамалы жақсы білетін. Өзінің белі сынып қалғандай. Әрең көтертеді. Аяғы саз балшықтан жасалғандай, ауырлап кетті. Арқасынан жел өтіп, жүздеген істік тұмсықтарын тыға айдап келеді. Тіпті жел үлкен төбелерді де аударып тастауға ниет еткендей, өкпесіндегі барлық демін үрлеп, түтігіп тұр.

Бұл түнді Отамалы ұмытпайды, Бұл Отамалы туғалы болған ең ұзақ түн.

Бұл түн ерте басталып, кеш бітті. Бірақ бәрін бітіріп барып бітті. Түннің тең жартысын Отамалы ессіздікте өткізді. Өзінің қалай жылжып келе жатқанын я құлаған-құламағанын, үсіген-үсімегенін — бірін білген жоқ. Тек мұның бірнеше айға созылған қара, сондай қара, қап-қара түн екенін білді. Сірә, түн жер бетіне біржолата орнап қалған екен деп ойлады. Өзі туғалы өткен барлық түндерді қосқанда да мына түннің ұзақтығына жете алмас.

Алғашқы қараңғы түскен кезде-ақ Отамалының қолынан жан кетіп еді, бірақ ұстаған таяғы таңертеңге дейін түсіп қалмапты. Таң атқан соң бір шай ішімнен кейін ғана қолына қараған; ол таяғының жоқ екенін көрді. Енді ит қойдың алдына шығуды да қойды, қожасының алдында таяқ тастам жерде келе жатыр.

Қойлар жүрісті азайтты. Бірақ боран да, жел де, аяз да күшін кемітпеді. Көкек айы қаңтарға айналып кетті. Күн сайын бір көрпе төсегендей жер беті қалыңдай берді. Қойлар қарға төстерімен жүзе жылжиды. Отамалы әрең жүріп келеді. Бір жағынан ажалдай ұйқы қысады. Ендігі ұйқы ажал екенін далада туғандардың бәрі біледі. Айнала жарық болған кезде ғана-ол өзіне-өзі келгендей. Жарық бұған аздап жан беріп, тірілткендей. Жарық та үлкен сүйеу екен ғой. Енді жел қанша үріп шәуілдегенімен, тобыр тұралап қалыпты.

«Түннен қойлардың қаншасы қалды екен?» — деп ойлады Отамалы біраздан кейін. Қойларға көз жіберіп еді, топ кішірейген тәрізді. Бірақ ол көзіне сенгісі келмеді. Жаман ойды басынан қуып, басқа нәрсеге алаңдауға күш салып бақты.

Аспан іріп кеткен. Сірә, аспан орнында жоқ шығар. Отамалы туғалы елу бес жыл мыңқ етпей тұрған аспан, тіпті мұның ата-бабаларының тұсында да берік тұрған аспан, құлаған шығар? «Аспанның аржағы толған боран деуші еді, сірә, солар жер бетін көміп салған шығар? Дүние өзгерген шығар? Ақырзаман болады дейтін еді, сол емес пе екен?! Ендеше, тырысып не керек? Олай болса, құстар ұшуын, кесіртке жорғалауын, өзен ағуын қояды. Осы астымдағы жер қар жамылған болып, сылтаумен кетіп қалған жоқ па екен?!»

Ойына сенгені соншалық, ол жерге жата қалып, қолдарымен қарды қолапайсыз арши бастады. Мұз қолын тіліп кетті, бірақ оған да қараған жоқ, арши берді. Көзіне ақырында қатқан топырақ шалынды.

Отамалы түрегеліп, ойының ессіздігіне таңырқады. Қойлардың соңынан тәлтіректеп тағы жүріп кетті. Енді ол аяқ емес, екі келсап сүйретіп келе жатқандай. Саусақтарда жан жоқ. Денедегі қан да жүрісін жайлатыпты. Олар иық пен тізеден әрі бармай оралатын сияқты.

Бірақ қойлардың халі бұдан да жаман еді. Еркек қойлардың іші қабысып, саулықтардың іші салбырап кеткен. Көбі аязға қарамастан, ауыздарын ашып алыпты.

Бесінші күн еді бұл. Отамалы оны еміс-еміс біліп келеді. Бірақ сандардың арасында айырма болмай қалды. Сандардың арасындағы айырмашылық боранда емес, жайшылықта екен ғой. Қазіргі бес күн мен кейбір бес жылдың арасында айырмашылық болмай қалды.

Қазақтың даласына қыс қайта келді. Келгенде де, қаңтардың, ақпанның барлық демін қосып ала келді. Қазақтың көп төбелерінің бауырындағы қойшыға қыс шекпен киген күні келді. Қойлар қоздайтын уақытта келді.

Алғашқы қозыны көргенде, Отамалы өзін ұмытып кетті. Бишара саулық қозысының денесін жалағыштап жатыр екен. Бірақ оның да әлі жоқ. Ең аяғы, тілін әрең жүргізеді. Отамалы оған жетіп келіп, қозыны көтеріп алды да, икемсіз қолдарымен шекпенінің ішіне кіргізді. Қозының денесі қата бастаған. Әдемі жүндері сықырлап, арасына мұз тұрып қалыпты. Енді Отамалыға ит пен әлсіз саулық еріп келе жатыр.

Қойлар үлкен бір баурайға жеткенде, Отамалы аяғында әрең тұр еді. Осы жерге дейін бұлғақтап әрең келген. Бірақ мына белден асатын күш қойларда да жоқ сияқты. Бәрі де тырмысып, қарға кептеліп жатыр.

Міне, осы кезде Отамалы көптен күткен үлкен сұмдық басталды: қойлар жаппай қоздай бастады.

Отамалы қалшылдап кетті. Арқасынан мың сан құмырсқа инелерін батыра жүгіріп өткендей, денесін діріл, селкіл билеп жөнелді.

«О, Аспан! О, Көк Тәңірі!»

Желдің өтінде бір қолын қанатша жайып, теңселіп тұрып қалды. Құлағының түбінен саулықтардың ащы зары өтіп барады. Қойнындағы қозының шаранасы бүркіттің тырнағындай қадалады. Бірақ оны елеуге мұрша жоқ. Ол қайталап:

«О, Тәңірі!» — деді.

Қойлар жаппай тоқтап, қарға ұйлығыса құлап жатыр. Ана жерден де, мына жерден де жел жыртқан ащы дауыстар.

Желдің зулауын!

Отамалының есі тағы ауып кеткендей. Ерні кемсеңдеп, ақ қарға көз жастары үзіліп түсті. Кенет құшақтап тұрған қозысы сусып қарға құлады. Қардың ұлпалылығы мен тереңдігі сондай, қозы қарға күрп етті де, көрінбей қалды. Отамалы да оның соңынан жерге ұшып түсті. Тез арада-ақ қозыны қардан суырып алғысы келді. Бірақ үсіген қолдары қозыны дұрыстап ұстай алмады. Тек қарды ысырмалап, адасумен болды. Беті, көзі, сақал-мұртына қар жабысып қалды. Саулық маңырап жаны шығып барады. Қозы бір-екі рет тұншыға маңырады да, үні өшіп қалды.

Аяздың шытынауын!

Аспандағы ауа қатып қалған. Жел ышқынып кеткен. Қазақ даласының барлық бүркіттері де осы жерге келіп, қанат-құйрықтары суылдасып құйылып, құлап жатқандай.

Отамалының демі тарылып, көмейіне суық толып кетті. Шапанын сыпырған болып, қозы жатқан жерді жапқыштап жүр. Саулық алдыңғы екі аяғын бүгіп жата қалып, басын қарға тығып өліп барады. Мұны көріп ол жылағысы келіп кетті. Бірақ көзінен жас шықпады.

Ол тіреніп әрең түрегелді. Боран осы сәтте, көрсін дегендей, қас-қағым уақытқа барлық ақ перделерін сыпырып алып, баурайда жайрап қалған қойларды тегіс көрсетіп өтті. Сосын ақ перде тағы жабылып, түк көрінбей қалды.

Отамалы ыңыранып кетті:

—  О, Жапан! Обалы жібермесін!

Боран ызалы иттей ырылдап тұр. Ит демекші, ит топтың алдында жүрген болу керек, бұл маңайда әзір көрінбейді.

Отамалы бешпетшең. Арқасынан жел өтіп барады. Қолдары икемге келмейді, аяқтары да денесін әрең ұстап тұр. Желмен бірге жас шіліктей теңселеді. Қымызға мас болған адам сияқты.

Ол артына бұрылды. Қатып жатқан қозылар. Маңырап, жаны шыға есірген әлсіз саулықтар. Көбі шоқиып-шоқиып отыр. Қаншасы туа алмай қиналып жатқанын санап тауысу мүмкін емес. Боранның улы тілі бәрінің де маңайын жалап-жұқтап, зырғып жүр. Ол аяқтарын сүйретіп бір саулыққа келді. Саулықтың көзіне жас қатып қалыпты. Өлген мұз қозысын жалап, қақсап тұр. Отамалының жүрегі қарс айрылды. Жүгірген болып, ана саулыққа бір, мына саулыққа бір барды. Бәрі де қинала туып жатыр. Қозылар дүниеге келе сала қатады. Боран мен аяз жап-жас өмірлерді үзіп, топ үстінде ойнақтап секіріп жүр.

Кенет оның аяқтарынан әлі кетіп, қардың үстіне отыра кетті. Сазарған көздерімен маңайға таңырқай қарап қалыпты. Оған боранның ызылы да, аяздың улы тілі де әсерін жойған сияқты. Тек көзін мына ақ кеңістікке тігіп алып, үнсіз отыр. Есі ауып кеткендей.

Бір мезгілде ол кеңкілдеп жылап жіберді. Екі жансыз қолын әрең көтеріп, алдына созды. Бірдемені қысып ұстағысы келгендей, саусақтарын бүгуге талпынды. Біреуді қарғап жатқан сияқты. Бірдемені іздегендей. Анда-санда «қайдасың» дегендей болады.

«Қайдасың, тас жүрек! Сұм боран! Буындырайын! Мойның қайда?» — Бірақ саусақтары қысылмай, ақ дүлейдің ішінде кепкен сексеуілдің бұтағындай арбиып-арбиып қала берді.

Ол орнынан тұрмақ болып талпынды. Бірақ қайта құлады. Сосын ол алға қарай құлауға тырысты. Алға құлағаннан кейін ғана аяқ-қолдарымен қарманып, әрең түрегелді. Тымағының екі құлағы желкілдеп, тәлтіректеп желге қарсы жүрген болды.

— О, Тәңірі! Не істегенің? Не қылғаның? Көкек айы, сенің айдарың жұлынсын! Қарғыс атсын сені, Жапан бай!

Ол тәлтіректеп жүріп келеді.

— Уа, қаныпезер жел! Уа, тас жүрек боран! Басылыңдар! Қараңдар мына жануарларға! Қасықтай қандары жібермесін!

Жел Отамалының кеудесінен итеріп, құлата жаздайды. Оның құлағының түбі әлемет зуылдайды. Жүздеген темір қанатты құстар ауаны тілгілеп ұшып жатқандай. Ауа өзгеріп кеткен. Бетті отша қариды. Ауаның шетіне біреу от тигізіп жіберіп, енді қалған бөлігі адам айтқысыз жылдамдықпен пышырлап жанып жатқан сияқты.

Отамалы ессіз айқайлайды. Бірақ тоқтар жел жоқ. Қайта оның даусына ерегісіп өршеленгендей.

—  Уа, Тәңірі! Бармысың, жоқпысың! Тоқтат мына қарғыс атқандарды!

Ол кеудесін жыртып жылап, топ ортасына келді: жан-жағының бәрі — жас өлім. Дәл осы мезетте жел ышқына түсті де, Отамалының көзіне қар кесектерін боратып, қайтадан өршеленіп қоя берді.

Өзін-өзі төбелеп, осы мезетте:

— Уа, Тәңірі. Сен жоқсың! — деп ызаға булыға еңіреп жіберді.

Жел одан сайын құтырынып кетті. Аязын аралас алып соқты-ай келіп!

Ендігі сәтте денесінің бірте-бірте қызғындап бара жатқанын еміскі сезіп қалды. Қандары да жүрісін күшейткендей, тамырларын кере тасып ағатын сияқты. Отамалыға маңай жылынып кеткендей болды. Ол икемсіз қолдарымен бешпетін әрең шешті де, ақ дүлейге бере салды. Қуана қағып ала жөнелген жел ілезде-ақ бешпетін көзден ғайып қылды. Отамалы тырбаңдап алға қарай жүгіріп келеді. Шаршағаны да ұмыт болған. Жел басындағы тымағын ұшырып түсірді. Қысқа шаштардың арасына қар тығылып, әп сәтте-ақ толтырып тастады. Бірақ оны да елейтін емес. Айқайлап, алға, желге қарсы қанатын жайып жүгіріп келеді.

— Тоқтаңдар, иттер! Тоқтаңдар!

Ол ұшып түсті. Оң аяғымен бірдемеге сүрінген сияқты. Жандәрменде құлап жатып бұрылып қараса, бір ақ тас тұр екен. Боран арасынан бір жақ бетіндегі шимайы көрінеді. Қардың үстімен Отамалы соған қарай жорғалады.  Келіп қараса, құлыптас екен. Қабірдің өзін қар басып қалған болу керек, құлпытастың соқайған бас жағынан бөтен ештеңе көрінбейді. Отамалы екі қолын таянып отырып қалды. Ештеңе ойлауға мұршасы жоқ. Құлпытас бетінде ирек-ирек құрттар сияқты жазу көрінеді. Бірақ Отамалы оқи білмейді ғой. Оның бетіндегі жазу мына боранның тіліндей түсініксіз. Неге екені белгісіз, осы құлпытастың жанында отырып Отамалының ұйқысы келді. Сосын қозғалғыштай бастады. Етігін сыпырам деп біраз әуреленді. Себебі, бұл кезде маңай әлемет ысып кетіп еді. Ақырында, екі етігін де шешіп, лақтырып тастады. Сосын бір қолын қарға бойлата, бір қолымен құлпытасқа сүйеніп түрегелді. Бетін желге қайта бағыттап, жүгірген болды. Аяғындағы бос шұлғауы екі-үш адым аттағаннан кейін сыпырылып, ыққа қарай домалап кетті. Жалаңаш тәнді жел аяусыз ұрып, аяз сорып барады.

Ол жалаң аяқ қар кешіп келеді. Бірақ өзінше ыссы құммен жүріп келе жатырмын деп ойлайды. Қолда жан да, әл де жоқ. Тіпті қолдың өзі жоқ сияқты. Бар ма екен деп, ақырғы рет екі жанына кезекпен көз жүгіртіп еді, екі қолы да салбырап келе жатыр екен. Осы кезде, бірақ, есі кірген болу керек, қолының түрін көріп зәресі ұшып кетті. Олары қап-қара және жап-жалаңаш екен. Жел зуылдап құлағының түбінде ойнап жүр. Ақ түтек алдап ештеңе көрсетпейді. Кенет оның көзіне осы аппақ түтектің ішінен бірдеме елес бергендей болды. Дұрыстап қараса, жер бетінен сәл көтеріңкі ғана деңгейде өзінің ошағы мен қазаны ұшып келе жатыр екен. Отамалы қуанып кетті. Ошақ пен қазан, бірақ мұның қасына тоқтамай, жанынан ұшып өтіп кетті. Тіпті астында жанып бара жатқан оты да ап-айқын.

Отамалы: «Тоқтамасаң, тоқтама», — деп күбір етті.

...Міне, ол байдың үйінің есігін көтеріп ашты да, кіріп келді. Үйде бай шұбат ішіп отыр екен. Мұны көргенде, байдың түсі өзгеріп қоя берді. Отамалы үндеген жоқ. Құлағына байдың кетерде айтқан: «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» — деген сөздері келеді. Бай дірілдеп барады. Кенет есік ашылып, ішке ақ түтек шапшыды. Соның бір шеті байдың мұртына тиіп еді, ол лапылдап жана бастады. «Мұрт деген жақсы жанады екен ғой», — деп ойлап тұр ол. Ақырында, байдың орнында бір уыс күл қалды. Отамалы аң-таң болып босағада тұр.

... Отамалы жалаң аяғымен күрпілдетіп қар кешіп келеді. Аяқтары тілініп-тілініп қалған. Бірақ қан жоқ. Қатып қалған бір кесек мұз сияқты. Түсі сұп-сұр. Бет-аузында адам көрер жер жоқ. Келе жатқан сұр құбыжық я аруақ сияқты. Көйлегінің омырауы ашылып кеткен, оның да ішіне қар толып барады. Көкірегіне бір қар, бір мұз қатып жатыр. Айқайлағандай болады:

— Иттер ...

Дауыс бірте-бірте естілмей барады. Денесі иіліп, екі бүктетілген. Жұдырығын түйіп, айналаға кезенген сияқты болады, бірақ онысы да келіспейді.

Ақырында оның құлағы тынып қалды. Жел де, шу да, боран да тоқтаған сияқты. Көзінің алдын әуелі дөңгелек мұнарлар, сосын ауыр қараңғылық жауып кетті.

Ақырғы рет:

Тоқтаңдар, иттер... — дегендей болды да, жалаңаш денесімен қарға құлап түсті.

Басы желге қарсы қалды...

 *  *  *

Міне, аңыз осы жерден бітеді. Халық мұны былай жалғастырады:

— Сол Отамалы «Тоқтаңдар, иттер!» деп айқайлап құлап түскенде, кәрлі боранның омыртқасы күрт сынғандай, жерге құлап түсіпті де, тұншығып өліпті. Жел бойындағы бар күшінен айрылып, сай-салаға сіңіп кетіпті. Аспандағы бұлттар төбелердің баурайына соғылып қирап, етекке су болып сусып түсіпті. Күн қайта шығып, қарларды әп-сәтте ерітіп жіберген. Ал түнде Жетіқарақшы мен Темірқазық қайтадан орындарына келіп, бұрынғыдай селкілдемей, берік тұрып алыпты. Қойлар баурайда өскен қызғалдақтарға қозыларын жайып, кең даланың төсінде мәңгі бақи қалып қойыпты. Оларды қасқырдан ит қорғапты.

Ал бес күн соққан боранды халық «Отамалы» немесе «Бесқонақ» деп атап кеткен. Бұл қазақтың даласында сонан бері жылда сол уақытта бір соғып тұрады екен.

Қазақтың көне даласы осы аңызды жыл сайын қар еріп, жер аяғы кеңігеннен кейін ызғырақ қайта соққанда бір естиді. Сонда осы анызды кәрі жусандар зарлап айтқанда, байғұс қияқтар мұңға тұншығады екен. Сонда төбелер егіліп, ашуға булыққан өзен кемерінен асады екен, — деседі қариялар.

Әңгіме http://alashainasy.kz сайтынан көшіріліп алынды.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1937