Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6837 0 пікір 27 Сәуір, 2015 сағат 08:43

РФ МЕН ҚХР ЕЛШІЛІГІ ЕЛІМІЗДІ СЫЙЛАМАЙДЫ

Еліміздегі Қытай мен Ресей дипломаттары біздің елді сыйламайды. Өйткені, «елді сыйлау дегеніміз – тілді сыйлаудан» басталады. Мысалы, Алматы қаласындағы Қытай консулдығы қазақ тілін менсінбей, ресми атауын тек қана орыс пен қытай тілдеріндегі жазулармен белгілеген. Қытайдағы біздің дипломаттарымыз да өз ресми атауларын ылғи қытай тілінде де жазады.

Тіл саласындағы ресейліктердің теріс пиғылының дәлелі ретінде РФ-ның Қазақстандағы елшілігінің сайтын (www.rfembassy.kz) келтіруге тура келеді. Қазақ тілінде бір ауыз сөз жоқ. Ал, Мәскеудегі қазақ елшілігі болса, орыс тілінде тұрақты ақпарат беруде (kazembassy.ru/ru).

Қазақстандағы Ресей елшісі Михаил Бочарников - күрделі амхар (эфиоп) тілін меңгерген маман. Алайда, республикамызда тоғыз жыл бойы қызмет етсе де, қазақ тілінде бір ауыз сөйлеген емес. Осы арада айта кетейік, М.Бочарников 2008 жылы РФ мен Гүржі соғысының алдында 2003-2006 жылдардың аралығында грузин-абхаз қақтығысын реттеумен шұғылданатын Ресей Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырыстары бойынша елшілік қызмет атқарды. Бұл адамның сондағы миссиясы немен аяқталғаны бәрімізге мәлім.

2014 жылдың 14 желтоқсанда Кәсіпкерлердің қазақ-қытай кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында, Қытай үкіметінің басшысы Қазақстан премьер-министріне ағалық алғысын білдірді: "После выступления Масимова на китайском языке, Ли Кэцян сказал: "Я восхищаюсь свободным китайским языком премьера Масимова. Он намекнул мне и сидящим здесь китайским предпринимателям о необходимости учить русский язык, таким образом, нам будет легче общаться, и мы будем ближе друг к другу" (bit.ly/1HInPm0), - деді. Яғни, Ли Кэцян қазақ үкіметінің басшысы Мәсімовтің қытайшасына аса риза болғанын білдіре келе, қытай кәсіпкерлеріне қарап орыс тілін үйрену қажет, орыс тілін білсек, біз бір-бірімізбен жақын түсінісе түсеміз дейді.

Көрдіңіз бе, Қазақстанға қатысты Ресей мен Қытайдың тіл саясаты керемет үндестік табуда!

Алматыда Азиядағы ынтымақтастық пен сенімділік шараларына байланысты кеңестің (СВМДА) хатшылығы жұмыс істейді. Осы хатшылықтың ресми тілі - ағылшын, ал жұмыс тілі - орыс. Жарайды, бүгінгі таңда ағылшын тілі халықаралық қатынастардың негізгі құралы болып табылады делік. Бірақ, орыс тілінің жаһандық маңыздылығы жоқ. Сондықтан, осы хатшылыққа баспана берген мемлекетті сыйлап, аталған кеңес оның жұмыс тілі ретінде қазақ тілін тағайындау керек. Айтпақшы, осы ұйым жетекшісінің орынбасары – белгілі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған інісі, ҚР-ның Пәкстандағы елшісі – Бақытбек Шабарбаевтың қызы Әнел (РЕДАКЦИЯ үшін: мен осы деректі анық білемін, өйткені, Қасекеңнің туған інісі Бақытбектің отбасымен көрші тұрдым. Жазушы Кемел Тоқаев ұлдары болмаған құдалары Шабарбаевтар шаңырағына туған ұлы Бақытбекті беріп кеткен).

Әрине, кейбір шетел дипломаттары қазақ тілін құрметтейді. Мысалы, АҚШ елшілігі өз сайтын қазақ тіліне аударды (kazakh.kazakhstan.usembassy.gov). Үнді елшілігі қазақ тіліндегі «Ғажайып Үндістан» журналын басып шығаруда.

Сонымен, ана тілімізді пысқырмайтын шетел өкілдеріне қалай тойтарыс беруге болады? Әрине, дипломатиялық иммунитеті бар елшілерге үкіметіміз бұйрық бере алмас. "Асауға тұсау" демекші, Ресейдегі елшілігіміздің сайтынан орыс нұсқасын алып тастау қажет. Үрімжідегі өкілділігіміздің ғимаратынан қытай тілінде жазылған маңдайшаны жою керек. Бөтен қызметкерлерімен қатар, жергілікті басшылар да оңып тұрған жоқ. ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов урду мен ағылшынша сайрап тұр. Ерекеннің қазақша сөйлегенің өз басым естіген жоқпын.

Жырақта жүрген өкілдеріміздің көбі ынжық. Жақында, Германиядағы қазақ дипломаты темекі контрабандасы үшін жазасын тартты. Ал, 2004 жылы қазақ қызы Тұрахан Оқасованы жол апатында өлтірген мас неміс консулы Штеффан Лаас ешбір жазасын тартпай, Қырғызстандағы ұқсас лауазымына ауысты. «Елдестірмек - елшіден» деген. Елшілердің ел аралық мәдениет пен сыйластықты ысырып қойып, белден басуына үнсіз қарап отыра беретін ел жер бетінде біз ғана шығармыз.

Данияр НАУРЫЗ


Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566