Дінтану сараптамасын жалпыға міндеттеу қажет пе?
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде азаматтарының ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз етуді басты қағида ретінде ұстанады.
Бұл ұстанымның құқықтық негізі Конституциямыздың 1-бабында анық айтылған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ал 22-бабында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген.
Елімізде діни ұйымдар қызметін реттеу үшін 2011 жылғы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаны белгілі. Енді осы заңның 3-тарауы 9-бабы 3-1 тармақшасында: «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі» делінген. Ал Дінтану сараптамасының обьектілеріне «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №162 бұйрығында»: «діни бірлестіктердің құрылтай құжаттары, діни мазмұндағы құжаттарға діни білім беру бағдарламалары, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар, діни әдебиет және діни мақсаттағы заттар жатады» деп көрсетілген.
Дамыған елдердің заңнамасында кездеспейтін «Дінтану сараптамасы» туралы бұл бап, діни материалдардың мазмұнында экстремистік немесе радикалдық идеялардың болмауын қамтамасыз ету, яғни қоғамдық қауіпсіздік пен діни тұрақтылықты сақтау үшін енгізілген болар. Алайда бүкіл діни мазмұндағы әдебиетті дінтану сараптамасынан өткізуді міндеттеу сөз және діни сенім бостандығын шектеу ретінде де қабылданатынын да ескергеніміз жөн.
Шын мәнінде, дінтану сараптамасының радикалды идеяларды насихаттайтын, діни өшпенділікті тудыратын, қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін материалдарға қатысты жүргізілуі орынды. Алайда тек дін тақырыбында жазылғаны үшін ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында жазылған ғылыми әдебиеттерді мемлекеттік уәкілетті органның сараптамасынан өткізуге міндеттеу артық секілді. Өйткені онсызда мұндай монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары бірнеше ғалымның резенциясын алып, ғылыми кеңестен өтеді. Сондықтан бірнеше сүзгіден өткен дін тақырыбындағы әрбір зерттеу немесе оқу материалын дінтану сараптамасынан өткізіп қажет емес, ал міндеттеу ғылыми еркіндікке қайшы.
Сонымен қатар заңды тіркелген діни бірлестіктерге өз ішкі сараптамалық құрылымдары арқылы діни материалдарды бағалау құқығын беру керек. Бұл орынды шешім болар еді. Дінтану сараптамасы конституциялық құқыққа қайшы келмей, тек қауіп төндіретін жағдайларда ғана қолданылуы қажет. Діни сенім бостандығын шектеудің кез келген түрі қоғамда сенім мен толеранттыққа нұқсан келтіреді.
Дінтану сараптамасы діни тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі болуы да мүмкін. Алайда оны жалпыға бірдей міндеттеу діни сенім еркіндігі мен ғылыми ізденіске белгілі бір деңгейде шектеу қояды. Сондықтан егер дін саласын реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болса, осы жағдайларды ескерген жөн. Қажет деген жағдайда дінтану сараптамасы жекелеген тұлғалардың діни мазмұндағы материалдарына қатысты қолданылғаны дұрыс. Ал заңды тіркелген діни бірлестіктердің, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының ішкі сараптамасынан өткен материалдарға мемлекеттік дінтану сараптамасын міндеттеу керек емес. Бұл сөз және діни сенім бостандығын қорғау мен демократияландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болар еді.
Тұңғыш Талғатұлы,
Философия докторы (PhD)
Abai.kz