Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 6076 0 пікір 20 Сәуір, 2015 сағат 12:38

ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ҚОС ҰСЫНЫС

2015 жылғы 26 сәуірдегі ел президентін сайлауға қатысатын кандидаттардың назарына қала мен ауылға қатысты  2 ұсынысты жолдай отырып, олардың бұған деген көзқарастарын, реакцияларын білгім келеді. Бұл ұсыныстар – елдің бүгінгі өміріндегі басты мәселелер саналады. Бұларды қолдамаған жағдайда үміткерлерде оған балама боларлықтай қандай шешімдер барын білгім келеді.

1-Ұсыныс. Бүгінде елдегі Алматы, Астана және облыс орталықтары мен орташа қалалардағы тұрғындардың жартысына жуығы пәтер жалдап тұруда. Елдегі панасыздықты елестету тіпті қорқынышты...

Осыған орай, Атазаңның 1-бабына байланысты, әлеуметтік мемлекет орнату ниетімізге сәйкес, осы қалалардағы пәтер жалдау бағасын мемлекеттің тікелей бақылауына алып, жоғарғы баға деңгейінің шегін тағайындауға заңдық, құқықтық, әлеуметтік және саяси негіз бар. Өйткені, елдегі тұрғынүйлік нарық дамымаған, әлеуметтік сипаты бар мәселе және елдегі әлеуметтік әлжуаздықтың көзі де осы мәселеге тікелей қатысты болып отыр.

Шешім. Осылайша, пәтер жалдау саласындағы жалған, көлеңке бизнесті ығыстырып, бұл саладағы шынайы нарықты қалыптастырып, пассивке айналған жұрттың қаржысын шағын және орта бизнеске салуға мәжбүр ету шарасын қолға алу керек. Сіздердің осы ұсынысқа көзқарастарыңызды, дұрысы – қолдауларыңызды күтемін.


2-Ұсыныс. Елдің ішкі миграциясы әлеуметтік босқындық сипат алып отыр.

Ауылдардың бәрі болашағы бұлыңғыр тартып, ауылдық отбасылар қалаларға ағылуда, ал қала біткеннің әлеуметтік-урбандану үдерісі осының кесірінен бетімен кеткен: жағалай баспанасыздық, жұмыссыздық, осыдан қылмыс өрши түсуде. Мемлекетке масылдар осының кесірінен молая түсуде, қалалар өндіріс ошақтарына айналып үлгермеуде, шағын және орта бизнес те дами алмауда – бәрі қымбат.

Халықтың орта жасы 25 жыл болғанмен, оның нағыз қауқары мен әлеуеті ел дамуына қосылмай, осындай кері балансқа ұшырауда, демографиялық зор фактор шашау шығып, пышырауға түсуде.

Шешім: елдегі салынған, салынып жатқан теміржолдар мен тасжолдар бойына жаңа ауылдар тұрғызып, оларды шағын және орта бизнес алаңына айналдырудың мемлекеттік бағдарламасы керек. Бұл аумақтарды кемі 3 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық еркін аймақтарға жатқызу қажет. Тұрғын үй алуға жерді тегін беріп, үй құрылысын әлеуметтік лизинг бойынша материал үлестіру үшін Ұлттық қордан қаржы қарастырған абзал.

Мұндай аумақтарды демографиялық селдір сипат алған елдің шығысы мен солтүстігінен де, шекаралас жерлерден де бөлген дұрыс. Бұл жаңа ауылдардың басты тұрғындары ретінде 25-40 жас аралығындағы жас отбасылар мен жетім жастарды, оралмандарды тарту керек. Сөйтіп, елдің басты бас ауруы болып отырған мәселені оның басты қозғаушы демографиялық факторына айналдыруға мүмкіндік мол. Сіздердің бұған көзқарастарыңыз қандай?

Серік ӘБДІРЕШҰЛЫ,

Қазақстан азаматы.

 Астана.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364