Жексенбі, 24 Қараша 2024
Құсни хат 9876 0 пікір 5 Сәуір, 2015 сағат 23:14

Софы СМАТАЕВ. ӨЗЕКТЕГІ ӨКСІК

(Оқырмандарыммен сұхбатым)

«Өкініші көп Дүние-ай...» деген мақалам жарық көргелі интернет арқылы да, телефон соғып та, хат жазып та жай-жағдайымды сұрап, хабарласып жатқан қазағымның тілеулестерінің шынайы көңілінің жылуы мен шуағына бөленудемін. Еміренген жүректердің өзіме деген елжіреуік лүпілін сезінуім сондай, тебіренген жаныммен кейде мынау айдай әлемге сыймай кетердей лепіре желпінемін.

Әрине, мұның бәрі – ақкөңіл аңқылдақ Алаш жұртының өзім деген азаматына құрметін білдіріп, құшағын айқара ашып тастайтын таңғажайып табиғатынан екенін бір кісідей сезсем де, алабұртқан жүрегімнің бұлқынысы кірпігіме мөп-мөлдір ырзалық тамшысы болып үйіріле қаларын несіне жасырайын. Анау төрдегілерге неғұрлым жат болған сайын, мынау төңірегімдегі «жердегілерге» соғұрлым жақындай түскенімді көкірек жасымен жібітіп «байқататын» Жаратушы Хаққа құлы болып құлшына түсуім күшейгенін білем-ақ. Көктегі Жалғыз бен жердегі көптің саясы аялаған жанымды алдарыңа жайып салғаным да осы, ағайын. Енді көп созбай, көпшіліктің сұрақ-сауалдарына ашық жауаптарымды шашыратпай жеткізуге тырысайын.

– «Ау, Софы, шығармашылық жолыңды екі рет қиып, үміт еткен үлесіңе созған қолыңды екі мәрте буып, шарасыздықтың шырмауында шырылдатқан жаныңды әніндей емірене тыңдаған Қалтайды қалай ғана кешіре алдың? Кешіре берген сайын сатқындықтың есіре берерін қалай ескермегенсің?» дейтін ағынан жарылған өктем үндердің тасқынына көміліп, әупірімдеп есімді жиғаным енді-енді ғана.                                         

– Иә, сол ағамның басқа ағаларыммен бірігіп жолымды екі рет кескені де рас. Адамға, адалға сенген бүтін көңілімді арамдықтың қысастығымен тескені де хақ. Өзегімді өксікпен буып, өкінішке толтырғанын да, өгейсіреткен өкпемді қабынтқанын да ұмытқым келсе де, ұйқысыз түндерімнің уысында қалжырағанымда ұмыта алмайтыным да ақиқат. Бірақ «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш!» дейтін кеңпейіл қазақ емеспіз бе. Бұ дүниенің кінә-күнәсі о дүниеде тексерілерін еске салып, мен үшін күйінген тілектестерімнің алдынан өткенім бұл. Оқырмандарым жазғырса да, жақтырса да, бет алған бағытымнан біліп адассам да, білмей адассам да, бәрібір адалым дерлік тірлігімнен аттап кете алмасым өзіме ғана аян.                                               

Мемлекеттік сыйлықты өзіңнен қаламгерлік қауқары мен қарымы төмендердің алдыңды орап өтіп, алып кетіп жатқандарына жаның сыздап, жүрегің шаншып, өзегің өртенбей ме? – деп мен үшін өкпесін өшіретін мұңдастарым да біраз.                                                                          

– Әрине, көңілдің қоңылтақситын кездері болатыны рас. Әсіресе шат-шәлекей шатағымен матап алған «ат-атақтарының» арқасында өр мен төрде топырлайтындардың тулатқан топырағының астында, босағада қалып, кебіс күзететін «мүсәпірлігің» жігеріңді жасытатынын қай «құдайыңның» құлағына жеткізерсің... Бүгінде тыңдар құлақ табу үшін әлгі құлақ иесін тынымсыз мақтау мен мадақтаудан аузыңды босатпауың қажет-ау... «Әйтпесе». «Әйтпесеге» баспауымды түптемей-ақ қояйыншы.                         

«Анау әдебиетшілерге бөлінген мемсыйлықтың үш орнының ешбір қаламгерге берілмей, күйіп кетуіне не себеп болғанын» білгісі келетіндер телефон құлағын шулатып-ақ жүр әлі.

 – Рас. Сол 2004 жылы әлде Құдай, әлде құдайдан былай емес адам жарылқады ма, әдебиетшілерге деп мемлекеттік сыйлықтың төрт орны арнайы бөліне қалған еді-ау. Алғашқы отырыста-ақ комиссия мүшелері бір сыйлықты Төлен Әбдіковке береді де, қалған үш сыйлықтың иелерін анықтауға онша құлшыныс таныта қоймайды. Естуімше, бұл арада да Сматаевқа деген әлдекімдердің әлдебір шетін көзқарастары көлденеңдеп тұрып алған тәрізді. Сонымен ырың-жырыңы бел алған пікірталастар отырғандарды бір мәмілеге жеткіздірмей, келесі кезекті күткізуге мәжбүр еткен. Комиссияның төрайымы – сол кездегі премьердің орынбасары Бірғаным Әйтімова ханым болатын. Комиссияның әлгіндей қырқылжың қылығына жол бермеуі керек еді деді ме, әлде басқаша бір есеп тосын киліге кетті ме, оны ажыратып айта алмаймын. Биік биліктегілер Әйтімованы аяқ астынан орынбасарлығынан оқу министрлігіне сырғытып жіберіп, комиссия төрайымы міндетінен де босатып, төрағалыққа Әбдікәрімов Оралбайды тағайындамай ма. Ал сонан соң... Біздің қазақтың әсіресе кеудесіне нан пісіріп, көкірегін көріктей керіп жүргендері өздері діттеген есепқор мүдделерінің ойда жоқта өзгеріп шыға келетініне бұрқ етіп дүрілдеп қарсы атылмай, былқ етіп көне қоятынын көре алмайтынымыз ақиқат емес пе. Езуінің қисаюымен-ақ елпілдей түсетін иек қаққыш төңірегі мол комиссияның азуы алты қарыс дейтін асауторысы: «Коней на переправе не меняют!» деп кезекті отырыстың шырқын бұзып, қасарысып шыға келмей ме... Сонымен бірауыздылық таныта алмаған, әдейі танытқысы келмеген комиссия әдебиетшілерге бөлінген үш орынға лайықты үміткерлерді құрбандыққа шалып жіберген еді. Сөйтіп бәйгеге қосқан «Елім-айымның» үш кітабын бірдей «батыраштарым» сұлата салған еді. Өкініші мол дүниенің өтірігімен ауызданған өктемдігі өңешіңді буып, өксігіңді өкпеңнен төгерін несіне жаңғырта берейін.

Менімен бірге нахақ күйіп кеткендердің біреуі – кешегі Герольд Бельгер еді ғой...                           – «Ат-атақ сізге неге берілмейді? Аты-жөнін әйелдерінен басқа ешкім білмейтін кейбіреулер иығынан басып қалған «Ұлттық академияның академигі», «Халық жазушысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Алматы, Астана қалаларының құрметті азаматы», «Президент сыйлығының, президент стипендиясының иегері» тәрізді асқақтатуларды көтере алмай мықшыңдап жүрсе де, өзгелерді менсінбей шаңқылдайтындарын қайтерсің. Ал сізге сол атақтардың біреуі де бұйырмапты әлі. Анау мықтымызға, мықтыларымызға сіз үшін сыздайтын күпті көңлімізді қалай сездірерміз?» деп маған бүйрек бұрушыларымды да жатырқамаймын.

 - «Мықтыңызға» еш өкпем жоқ, қайта оған разылығым мол, ағайын. Осыдан ширек ғасырдай бұрын елуге толған күнімде Назарбаев мырза көмекшісін жұмсап, һәм сол кездегі премьердің орынбасары Жолдасбековке телефон шалғызып, мені шақыртып алған-ды. Юбилейіммен құттықтап, «Без правых и левых» атты кітабын сыйлап тұрып: «Сәке, халықтың сүйіп оқитын «Елім-ай» романының авторы «Халық жазушысы» деген атаққа әбден лайық қой. Аласыз!» деп арқамнан қағып, бермесе де, бергендей шалқытып шығарып салған-ды.

Бес жылдан кейін сол уәдесі ойына түсті ме, елбасының нұсқауымен одақтың басшысы Қ.Найманбаев мені «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ұсынып, құжаттарды президент әкімшілігіне өткізген еді. Ақмолаға көші-қон кезінде басқа құжаттар жоғалмай, «маған ғана байланысты қағаздар жоғалып кетіпті-мыс» дейтінді еміс-еміс естіген болатынмын.

Іле-шала президент тарапынан дүмпу жетіп, ендігі мен туралы ұсынысты Н.Оразалин жолдаған еді. Ақыры қағаздар Нұрекеңнің алдына жетсе керек, 1998 жылдың 26 ақпанында әкімшіліктен: «Бүгін Қабдеш Жұмаділов екеуіңізге «Халық жазушысы» атағын беру туралы жарлыққа Елбасы қол қойды!» деп телефон шалған тілектестерім бір қуантқан. Сол күннің кешінде Сәкен Сейфуллинге мейрамханада берілген аста кездесіп қалған Н.Оразалин мені «Халық жазушысы» аталғаныммен құттықтап, сүйінші сұраған да еді-ау...

Сол жарлықтың Конституция күні жарияланатынын біліп, алты ай бойы асыға күтпеймін бе...

29-тамызда сәскеде телефоным (вертушкам) шырылдап қоя берді. Трубкадан Қырымбектің мені құттықтаған дауысын естіп, қуанғаннан есім шығып кеткені ғой. Қ.Көшербаев – Білім және оқу министрі болатын. Кеңсесі Алматыда қалған. «Сәке, енді сіз «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткері» болдыңыз. Сүйіншімді дайындай беріңіз» – демесі бар ма інімнің. Әлгіндегі қуанышым су сепкендей басылып, кеудемді қынжылыс дірілі буып ала жөнелді.

- Әй, Қырымбек! Мені «Халық жазушысы» атағына ұсынған. Саудагерге де, шошқашыға да, шенеунікке де беретін атақтың маған керегі жоқ. Жазушылығымды айғақтамайтын төрдің бұл шешімімен келіспеймін. Сен – үкімет мүшесісің! Ресми адамсың! Құдай айдап, қолыма түсіп қалдың. Жоғарыдағыларға жеткіз. «Халық жазушысы» бұйырмаса, мен бұл атақтан бас тартам. Тізімнен алғызып тастат. Ал ертең жарияланар болса, биресми газеттерге бас тартатынымды жазғызып, прецедент жасаймын!» деп дүрсе қоя бермеймін бе.

«Аға, кездесейікші!» деген соң түстен кейін Қырымбектің кабинетіне кірсем, қасында Н.Оразалин отыр екен. Екеуі екі жақтап мені көндіруге тырысып-ақ бақты. Неге көнейін. Өз биігім өзімде екенін танытып шығып кеттім. 

Сол күні де, ертеңінде де мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев Қырымбекке қайта-қайта «Көндір!» деп телефон шалыпты. Бала-шаға емеспін ғой, кілт ете қалып, айтқанынан айнып шыға келетін.

Шарасы таусылған Қырымбек бауыр Ақмолаға барып, жай-жапсарды түсіндірмек болып астанаға ұшып кеткен.

Екі күннен кейін қайтып келіп Қ.Көшербаев мырзаның маған айтқаны: «Елбасыда болдым. Сіздің ренішіңізді жеткіздім. Нұрекең Әбіш Кекілбаевты шақыртып алып, мән-жайды сұрады. Әбекең «машинисткалар фамилияны байқаусыз ауыстырып алыпты» дегенді айтып жатты. Елбасы сізге «сол атақтың бес-алты айда берілерін арнайы жеткіз!» деген. Ренжімеуіңізді де өтінген, – деп көңілімді көншіткен-ді.

1999 жылы, ұмытпасам қаңтардың 15-і күні президент біраз зиялы қауымды «Анкара» қонақ үйінде қабылдаған болатын. Менің өзіне онша жақындамай сырғақсып жүргенімді байқап қалып, шақырып алған еді.

– Өкпе бар ма, Сәке? – деген.

– Неге болмасын, Нұреке. Бар ғой.

– Білем. Аласыз. Әрине, әр нәрсенің уақытында берілгені дұрыс қой. «Өкпені бауырға айналдырдық!» дейтін, Сәке, сіздің Мәди аталарыңыз емес пе, – деп арқамнан қаққаны да есімде.

Бірақ... Арада екі-үш ай өтті. «Халық жазушысы», «Халық әртісі» атақтары жойылсын» деген елбасының жарлығы жарық көріп, үмітімді біржола қиып тастаған еді.

–  «Елім-айдың» бірінші кітабы неге жеті жыл жатып, әрең жарық көрген? Соның себебін айтсаңызшы.

– «Өткенге салауат» дегізер де, дегізбес те, бір мазасыздық кеудемде түнейтінін өзім де білем. Ол мазасыздық «Елім-айымның» сонау алғашқы кітабын шығармауға барын салған кедергілердің көбейген кезінде басталған. Сол кездегі жалғыз «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаев жеті жыл бойы: «Романыңды Орталық Комитет жоспардан сызып тастап келеді», – деп тақылдаудан бір жаңылмап еді. Баспасөз министрі Ш.Елеукенов жолдас: «Әй, шырақ! Жап-жас қалпыңмен дау-дамайы көп кірпіш роман жазғанша, Баймұқаншылап әңгімеден бастамайсың ба», – деп ақылгөйсініп шығарып салатын. Ал Орталық Комитет хатшысы Саттар Имашевке бір рет кіргенімде: "Тер сасыған тымақ киген қазақты әспеттегенше, төбесіне шляпа төңкерген зиялыны дәріптесеңші!" – деп арызымды аяқсыз қалдырған.

Ақыры шыдамның да шегі бар ғой. Қоймай жүріп Орталық Комитеттің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Плотниковке кірдім. Кірдім де, қалтамнан партбилетімді суырып алып, алдындағы столына сарт еткізіп тастай салдым.

– Что за безобразие! – деп әлгімнің көзі шақырая қалды.

– Менің романым Орталық Комитетке жақпайтын болса, онда менің өзімнің де партия қатарында болуымның реті де, сенімі де жоқ. Шығарыңыздар! – деп романым жарық көрген «Жұлдыздың» екі нөмірін, Ш.Айтматовтың романыма жазып берген алғысөзін, оқырмандарымның «Елім-ай» жөнінде өзіме жазылған екі жүздің үстіндегі хаттарды балеткамды төңкеріп, алдына үйе салдым.                                   

 Плотников бетіме үңіле қарады.

– Фамилияңыз кім? Сматаев?!. Алғаш естіп тұрмын. Біз... мен сызыппын ба?.. Сіздің романыңыз жеті жылдан бері ешбір тематикалық жоспарға еніп, алдымызға келген жоқ, – деді де, дереу трубканы көтерді.

– Жұмабаев! Сіз Сматаевтың «Елім-ай» романын білесіз бе?.. Білсеңіз, неге оны жеті жыл бойы темпланға кіргізбегенсіздер? Осы биылғы жоспарға енсін!.. Кімді алып тастасаңыз, оны алып тастаңыз! Соның орнына мына кітапты шығарыңыз. Бітті! – деп трубканы қоя салды да, маған: – Естідіңіз ғой. Кітабыңыз шығады. Мә! Мына билетті лақтыра бермеңіз. Кеудеңіздің тұсында мықтап сақтаңыз! – деп ұстата қойды.

«Елім-айым» сол азап аясынан босап, Плотников азаматтың арқасында жарық көріп еді.

– «Осынау қиянаттарды шеңгелдеп бүрген жүндес қолдың иесі... егелері бар ғой. Солардың атын атап, түсін түстеп беруден неге қашқақтай бересің? Кексіздіктен тексіздіктің ағайын-жұрты өріп-қаулап кете ме дейтін күдікке сен бойламасаң да, біз малтығып бара жатқандаймыз» дейтін де өрекпіген өкпелі сауалдар аз емес.

– Кейбір кісіге кіржие қалар іштей айықпас кикілжіңім барын сеземін. Бірақ адамға деген ақкөңіл аңқылдақ пейілден ауытқып кетпесіме кәміл сенемін. Ал кекірттігін көлденеңдетіп, сенің бар-жоғыңды мүлде елемейтіндей тәкаппарлықты маңдайына талақтай етіп жабыстырып алған өр көкірек кейбіреуді анадайдан айналып өтуден жалыққан емеспін. Әлгілердің әлдебір құдырет иесі болғанын да, алдарына сүмірейіп барып, сұрана қарасаң, тілегіңнің баз-базда орындала қаларына көзім жетіп тұрса да, сондайлардың маңайына маңайлатпас бір тежегішім қашқақтата берумен келеді. Жолымның бола бермеуі мүмкін осынау мінезімнің талғампаздығынан шығар... Мүмкін менің әлгілерге илігуім мен қапталдаса килігуімнің мүлде жоқтығынан да шығар. Әйтеуір аңсағанымды алқынбай ала қояйын деп арсыздық танытпағаныма Тәңірім куә.

Ұзақ жылдар бойы оның мені жатындай көріп жаратпас, ал мені оған жадыратып қаратпас бір адамым болды. Ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Содан ба, тура отыз бес жыл бір-бірімізге деген іштегі әлдебір қыжылды сұп-суық көзқарастарымызбен атып жеткізуден шаршамап та едік. Бірақ... Өмірдің өзгертпейтін өзегі, тірліктің түземейтін қисығы болмайтынын ежіктесек, әлгі суық қарастардың жылынған жүздердің шуағында еріп кеткенін байқамай қалыппыз.

Соңғы он бес жылдың мөлшерінде Әбең екеуміз кесел меңдеген ағзамыздың «арқасында» аурухананы екінші үйімізге айналдырып алғандай халге тап болғанбыз. Алғашқы төрт-бес жылда бөлімшеміздің дәлізінде, асханада кездесіп қалғанымызда, бас изесіп амандасу түгілі, бірімізден біріміз құбыжық табатындай тезірек теріс айналып кетуге тырысатынбыз. Әйтсе де, келісіп алғандай үш айда бір жатып шығатын палаталарымыздың көршілігі ақыры екеумізді жұғыстырып та, табыстырып та жіберген еді. Әлде ол Әбенің ініге деген ағалық мейірімінің алдымен ақтарылуынан көз ашты ма, әлде ағаның жадыраған жүзінің жылуына мерейленген інінің ілтипатымен сабақтасты ма – екеуара түсінісу әлдебір ішкі түйсіктермен үнсіз қалыптасқан-ды. Сөйтіп, ол аға болып, мені іні болып табыстық.

Енді Әбекеңнің ойда жоқта ашылған сырын күнделігімнің беттерінен оқылық.

«Бүгін жұбайым Шамшия үйден бір табақ ет пісіріп әкеліп, осы 2-терапия бөлімшесінің тоғызыншы палатасында Әбені қабылдадық. Аға ауруханаға алғаш түскендегісінен әлдеқайда тың. Әнеукүндері палатасынан көп шыға қоймайтын. Бүгін көңілді отырды. «Арқаның жылқысының еті сондай дәмді болады!» деп тәрелкесіндегі жамбастан кертіп жеп қояды. Әбе ырза болса, әрине, келіні де ырза. Соны байқаған сезімтал қаламгер бір кезде жұбайыма күлімсіреген жүзін бұрды.

– Келінжан, ниетіңе Алдаразы болсын. Ағалық парызым ба, әлде әлденеге босаған көңілім бе – бүгін сендерге бір ашылғым келіп отыр, – деп сәл бөгелді де, кеседегі шұбаттан бір ұрттады. – Мына Софы мырзаға біраз қырсығып, жолын қиып, кесірім тигенін айтайын саған.                       

1969 жылы күзде менің «Қан мен терімнің» үшінші кітабы Жазушылар одағында талқыланды. Одақтың сол кездегі кішкентай залының төрінде проза кеңесінің төрағасы Сәбит Мұқанов пен бір бала жігіт жайғасыпты. Талқылау өте қызу өтті. «Күйреу» атты романымды күйретуге тырысқандардың тұс-тұстан жаудырған сынау-мінеулерінің астында қалдым. Маған сонда әлгі сайрағыштарды қайрап, айдап салып отырған анау төрдегі екеуі боп көрінгені ғой. Сәбеңе тісім онша өте қоймайтынын білем. Ал анаған... протокол жазып отырған көзілдірікті сары жігітке деген қыжылым өңешімді өртеп бара жатқанын ұмытпастай болғам. Сматаев деген фамилиясын қасымдағылардан сұрап алып, көкірегіме өшпестей етіп жазғанмын. Содан сенің атың шыға бастады. «Жұлдызға» редактор болып барған Тахауи алдында жатқан сенің романыңның қолжазбасын ал кеп мақтасын. Ал мен ал кеп ызаланайын. Тахауиға «журналда жариялама!» деп құлағының құрыш етін жедім. Тахауи тоғыз-ақ айға шыдады. Ақыры екі нөмірінде шығарды. Жұрт сенің «Елім-айыңды» жер-көкке сиғызбай дүрілдетіп мақтай жөнелді. Менің қыжылым одан сайын үдеді. Өйткені, сенің Сәбит, Ғабит, Әди, Ілияс, Әнуар, Олжас сияқты біраз ағаларыңның қиянатын көп көргем-ді. Тақымына уысым толар бір інісін жұмарлап езіп, сол ағаларыңнан кек қайтарсам дейтінмін. Сен сол болдың. «Елім-айыңды» кітап қып шығартпауға қатты ден қойып, Әбілмәжін, Шериаздан, Саттарға тапсырғам. Бірақ маған белгісіз бір жолды тауып кетіп, романыңды шығарып алдың. Ілесе екінші кітабы да жарық көрді. Қос кітабың «жылдың үздік кітаптары» болып, мемсыйлыққа ұсынылды. Сенің бес рет бәйгеге түскеніңді білем. Ал мен саған бес рет қарсылық жасағаным, төңірегімдегілерге қарсылық жасатқаным да рас. «Коней на переправе не меняют!» дегенім де есімде. «Халық жазушысы» атағына ұсынылғаныңды естігенде, фамилияңды ауыстыртуға әлдекімдерді араластырдым. Президенттің «Анкарадағы» қабылдауында болғанымызда, оның саған берген уәдесін қасында тұрып естігем. Көп кешікпей Астанаға ұшып барып, Әбішке кіргем. Ойымды Әбішке жеткізіп, енді екеуіміз Нұрекеңнің алдына бардық. «Нұреке, осы «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың күшін жойғызсаңыз қайтеді? Өйткені, сол атақтарға тым көбейген құмартушылар Сізге арыз-өтінішін қардай жауғызып, Өзіңізге өкпе тағып, араз-құраздықты күшейтеді» деген уәждерді үйіп-төге салдық. Президент те оп-оңай келісе кетті...                                                                                   

Сөйтіп сен, Софыжан, тағы да сол атақтан біржолата қағылдың, – деп бетіме еш қамсыз-мұңсыз қалыппен сығалай қарады. Ізінше: – Кей-кейде әртістерге обал жасадым-ау деп күрсінетінім бар, – деп, күрсінген болды. – Ал, келінжан, бұл ашылуым мынау бір асым етіңе көрсеткен ниетім емес. Мынау Софының азаматтығын, талант-дарынын анық танып, өзімнің ағаттығымды сезінген сырым мен шыным. Ал, Софы, сен мені бұдан былай да «Аға!» деп інілігіңді жалғастыра бересің бе, інілігіңнен баз кешесің бе, еркің білсін».

Не дейін. Жұбайым да, мен де тырс етіп ләм дей алмай үнсіз отырып қалып едік. Шамшияның кірпігінде дірілдеген қос тамшы жас пен жер сілкінтпесе де, жан-дүниемді дүрк сілкінткен өксікке бергісіз күрсініс кеудемнен атылып шығып еді-ау». 26 қаңтар 2011 жыл».

«Ағаттығымды сездім» деген ағаны, алды азая тіреліп, арты өкініші мол тірлігімен ұзарған Әбеңді өкпемнің өксік сызымен суарғанда не табармын. Ағат кеткенін адалдығы күйреткен өкінішімен шешілгеніне кешірімшіл жанымның кішілік, інілік ізетімен бас июден аса алармын ба?..

Өйткені, қайта ашылмастай етіп түбінде бір көз жұмасың... өксідің не, өкіндің не – бәрібір өшкенді тірілте алмайсың, өткенді келтіре алмайсың. Ой түбіне сүңгігендегі тапқаның – қабаттасқан инфарктың мен инсультің ғана. Ұйқыңды бөліп, ащы теріңді төгіп, жүйе-жүйкеңді сөгіп еңбектендің-ақ. Ал сондағы көрген жеңісің мен терген жемісің қандай? Аға дегеннің аяқтан шалуы ғана. Тұстастарыңның қолың мен көңліңді тұсауы ғана. Ақылдының сені ақымақ санауы ғана. Есіктен де енгізбей, тесіктен де сығалатпай, адалдық іздеген тұлғаңды тұлыптай етіп тоздырып, аулаққа аластап қуып жіберуі ғана.

Жә-жә, Софыян, қоздырма өкпені, қыздырма қыжылды!..

Айтпақшы, Ә.Нұрпейісов ағаның осы ашылуын арқау етіп, «Бетіңді енді, інім, қалай бұрасың?» деп дастан жазып, «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім» жинағына кіргізгем. Өсек тасығыш өзгелерден естіп, өкпесі бекер қабынбасын деп кітаптың «сүйінші» данасын екі жыл бұрын Әбеңе ұстатқам.

«Сіздің мамандығыңыз инженер-металлург. Яғни, елбасымен әріптессіз бұл жағынан. «Сіз де, мен де болып ек қой горновой» деген дастаныңызда шойынды Нұрекеңмен бірге қорытқан да сияқтысыз. Алайда президенттің сізді шеттете беретіні қалай?» дейтін өкпе арқалаған сауалдар да жеткілікті.

– Қадірменді алашымның азаматтары! Қандастарым, қардаштарым, арлы-мұңлы замандастарым! Бір нәрсені ашып айтайын. Мені шеттететін президент мырза емес (өз ойым солай қабылдайды-ау), төңірегіндегі төбесінің төрелігі аз, кеудесінің кемелі сыз шенеуніктері ғана. Әйтпесе мерейтойларымда пәпкесін жіберіп құттықтап, кітаптарымды сұратып алып оқып, кездескен сайын елбасы екеуміз баяғыдағымыздай қуана құшақтасып қалудан ажыраған емеспіз. Соңғы рет 2011 жылдың 19 не 20 қаңтарында ауруханада жатқан жерімнен Нұрекең Алматыдағы резиденциясына шақыртып алған. Сонда кетерімде: «Сәке, жазушыларға «Халық қаһарманы» берілмейді ғой. Сіз «Еңбек Ерін» аласыз. Ұзамай Ұлттық академияға толық мүше боласыз!» – деп «көңілдендіріп» шығарып салған-ды. Әрине «қисық» жолымнан «тура» бағытыма бұрылуымды қадағалап ескерткенін сезбес тайызда малтығыш жан еместігім белгілі. Әйтсе де, Жазушылар одағы, Кітап палатасы, әртүрлі қорлар бірінен соң бірі үш жыл қатарынан Мәдениет және спорт министрлігіне мен туралы қайта-қайта ұсыныс түсірсе де, награда комиссиясы қалайы медальсымағын да қимай, Сматаевты өздеріне арқан бойы емес, парсек бойы жолатпаумен келеді. Мүмкін менің құжаттарымды Мәдениет министрлігі оларға түсірмейтін де шығар. Өйткені, осы министрліктің кезінде жылға жетер-жетпес министр кепешін киген Дархан Мыңбай дейтіні «Сматаевты ресми БАҚ-қа жолатпаңдар!» деген бір қаулысын шығарыпты-мысты біраз редактордың аузынан естігем-ді. Ал елбасы көңіл түкпіріндегі емес, тілінің ұшындағы құрғақ уәдесін «жұтып» қойып жүрсе, азаматтығына ғана байлармын.                                                 

– Сіздің «жазушы – өз заманының шежірешісі, өз қоғамының сыншысы, өз уақытының айнасы!» деп жазғаныңызға лайықты суреткер бүгінде неге аз?

– Қаламақысынан айрылып қалған шығармашылық иелерін кейде түсінем, кейде түсінбеймін... Сондықтан да олар анау итке тастар сүйектей «стипендия» дейтін «асатуға» ұмтылар. Содан соң бірін-бірі жұлқылай таласып, билікке жарамсақтана көз сататындар өзінің жан дауысымен ұлтының жан ыңқылын қайдан айта алсын.

Әйтпесе «Адам неге әлсіз, адам неге әлжуаз?» дейтін шын қаламгердің ойында:

«Бәлкім тіршілік деген де ақиқаты ұстатпас аңыз шығар?»

«Бәлки, тіршілік деген ізгілік пен зұлымдықтың айқасы шығар?»

«Бәлки, әлжуаз адам мықты да, мықты адам әлсіз шығар?» дейтін таласы мол Болмыстың сан жұмбағы тірілер.

Бәрібір жазушы құдырет. Адам ақиқатын іздеп, қиялында өз әлемін жасап, өз қоғамын орнататын қаламгер тірлігі Жаратқан Хақтың құдыретіндей көрінбей ме?..

Барымды бағалап, арымды ардақтаған, ақпейіл ағайыным, көңілімді көлдей шалқытқан ниет-тілектеріңе ризалығымды білдіріп, көз ақтық рет жұмылып, қаламым қолымнан сырғып түсіп кеткенше мұңың мен мұқтажыңның жоқтаушысы болудан жалықпаспын.

Баршаңа уассалам.


Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570