Жұма, 22 Қараша 2024
Дат 7510 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 14:40

БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯ ҚҰРУ КЕРЕК!

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам», − демекші, мен шекем қызғаннан ел президенттігіне экс-үміткер болған жоқпын. Қазақ хандығын құлатып алғаннан кейінгі бодандық кезеңде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың бойындағы құлдық психологиясының сеңін бұзып, Алланың берген Тәуелсіздігінен айырылып қалмау үшін Қазақстан Республикасының шаңырағын шайқалтпай, керегесін кеңейтіп, уығын бекіте түсу мақсатын көздедім. Қазақ елі бір адамның жеке меншігі емес, осы елдегі әрбір азаматтың «Бұл – менің де елім!» деп ойлайтын ортақ үйі екенін дәлелдемек болып, мемлекетшілдік сананың қалыптасуына үлес қоссам, биліктің демократиялық жолмен ауысуына аз да болса жол ашсам дедім.

Нұрсұлтан Назарбаев ағамыз ширек ғасыр бойы жас мемлекеттің іргесінің қалануына, оның бейбіт өмір кешуіне көп үлес қосты. Бірақ ол қоғамдағы тұрақтылық пен биліктің мызғымастығын қамтамасыз ету жолында мемлекеттің негізін қалап отырған қазақ ұлтының мүддесін бодандық дәуірдегідей өзге елдің мүддесінің көлеңкесінде қалдырды. Ұлттық құндылықтар еңсесін көтермеді, қазақ тілі қағажу көруден көз ашпады, «Қазақсыз Қазақстан» құру идеясы Кеңестік кезеңдегідей басымдыққа ие болуын тоқтатпады. Өз елінде тұрып, қазақтың қолы − теңдікке, тілі − бәсекелестік жағдайға жетпеді.

Кез келген биліктің қызметінің ең басты өлшемі – демография. Елімізде 25 жыл бұрын 17 миллион халық бар болса, қазір де сол деңгейден аспадық. Бір-екі миллион неміс, грек, орыс тарихи отанына қоныс аударса, олардың орнын – шет елден келген қандастарымыз толтырды. Табиғи өсім болған жоқ. Ал осы мерзімде көрші өзбек елінің саны жеті-сегіз миллионға өсті.

Еліміздің халқы бай мен кедейге, орыстілді және қазақтілді әлемге бөлінді. Бес Францияға татитын кең байтақ аумақты мекендеп отырып, қала маңынан жеті сотық жер учаскесін алуға зар болдық. 20-30 жыл пәтер кезегін сарыла күткендер саны қаншама?! Мұнай мен газ және түсті металға бай жерде тұрып, Қытайдың бір қаласындағыдай 17 миллион халықтың аузын аққа, киімін көкке жеткізу – қол жетпес арманға айналды дегенге кім сенеді? 24 жылда шикізаттан басқа бірде-бір өнім өндірген жоқпыз. Ақысыз жұмыс істейтін аурухана мен мектеп жоқтың қасы, ал бар болса пара беруге мәжбүрсің. Баланы балабақшаға беру де, оқуға, қызметке орналастыру да, соттасу да – ақы төлеусіз немесе парасыз шешімін таппайтын проблема. ЖЕМҚОРЛЫҚ пен ЖАҒЫМПАЗДЫҚТЫ жойып, адал өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Мұның бәріне наразылық білдіріп, көшеге шығып, шеру жасауға рұқсат жоқ. Сөз бостандығы мен ой еркіндігі шектелген.

Зиялы қауым азаматтық белсенділік танытуға, еліміздің саяси-экономикалық, ұлттық-рухани мүддесін қорғауға ресейшіл, авторитарлық билік алдында шарасыз болғандықтан, ДӘРМЕНСІЗДІК депрессиясына ұшырады. Соның бір белгісі ретінде жастар арасында өзіне-өзі қол салушылықтан әлем бойынша алдыңғы қатарға шықтық. Үлкендер жағы ештеңеге жаны ауырмайтын салғырттық, НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ дертіне шалдықты. Ұлттық құндылықтар аяқ асты қалып, жастарымыз дәстүрсіздік пен адасушылық жолына бет бұрды. Қазақ болудан арланатын, бірін-бірі менсінбейтін, тіпті, жек көретін адамдардың қатары көбейді.

Елде ширек ғасырдан бері ЖАСАНДЫЛЫҚ пен КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ кеңінен етек жайды. Өтірік ұрандар мен көзбояушылық реформалар көбейді. Жасанды сайлаулар елдің жасампаз қоғам құруға деген, әділеттілік орнатуға деген сенімін шайып жіберді. Ал адам баласының ең басты рухани қорғаны – СЕНІМ емес пе?! Барлық саладағы реформалар жартыкеш жүргізілді. Барлық азамат заң алдында тең болатын, толыққанды демократиялық ашық қоғам құра алмадық. Мемлекетіміздің саяси-экономикалық, ақпараттық тәуелсіздігі қайтадан Кремльдің қанжығасына байланып бара жатқан жоқ па деген үрей туды. Ел мүддесі мен ұлт мүддесін емес, қара басының қамын жейтін жемқор, жағымпаз жандар жоғары бағаланып, ал ел қорғауға тырысқан мемлекетшіл, еркін ойлы, адал адамдар – «экстремист», «ұлтшыл» ретінде жазықсыз қудалауға ұшырады.

Кеңестік заман саясаты қайта орнағандай халге жеттік. Компартия орнын «Нұр Отан» алмастырды. Саны бар, сапасы жоқ жалған партиялар көбейді. 90-жылдардың басындағы «Азат» партиясы мен 2000-жылдардың басындағы шынайы «Ақ жол» («Нағыз Ақ жол») партиясы авторитарлық биліктің қысымынан өз жұмысын тоқтатты. Қазіргі «Ақ жол» мен ЖСДП-ның «оппозициялық ойынына» көпшілік қауым сенбейді.

Қысқасы, қорыта айтсақ, қазіргі таңда Қазақ елінің көгінде бұдан жүз жыл бұрынғы «Алаш» партиясы секілді шынайы ұлттық-демократиялық партия құру «елесі» кезіп жүр. Биліктің тоқпағына төтеп бере алмай, жік-жікке бөлініп кеткен саяси топтарды бір тудың астына біріктіретін уақыт пісіп жетті. Олай етпесек, Ресей билігі Қазақ елінің тәуелсіздігін қайтадан көкпарға салатын түрі бар. Алайда осы қауіп-қатерді түсінетін Әлихан мен Ахметтей адал азаматтардың басы біріктірілмей тұр. Мұндай партияның керектігін жетінші мәрте қайта сайланайын деп отырған Нұрсұлтан Назарбаев ағамыз да, көпұлтты отандастарымыз да түсінетін шығар. «Менен кейін күл болмасаң, бүл бол!» («после меня хоть – потоп!») дей қоймас.

Егер билік мүмкіндік берсе, мұндай жаңа тұрпатты партияның ұйымдастыру жұмысын қолға алуға қуана-қуана кірісетін азаматтар баршылық. Мен де өзімді солардың қатарынан көргім келетінін жасырмаймын.

 

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, 

ҚР Президенттігінен экс-үміткер.

 

P.S. Осы елдің адал азаматы ретінде айтқан «Датымды» көпті көрген Елбасымыз дұрыс қабылдар деп ойлаймын. Президент сайлауының науқаны кезінде ашық пікір білдіруге болатын шығар енді...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282