Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Өмірдің өзі 10052 0 пікір 28 Ақпан, 2015 сағат 11:47

ЖАПЫРАҚ-ҒҰМЫР

Қыркүйкек айынының орта шені.Күн қызуы әлі басылмай тұр. Жерге бір тамшы жауын тамбағалы қашан. Ұмытпасам соңғы рет мамырдың соңғы күні нөсерлеп жаңбыр жауған. Келесі айдың өлі арасында жұрт жаңбыр күткен. Жаумады. Тамыз да жұрт күткендей тымырсық ыстық болып тұрды.

Сабақ басталып кеткен. Арман бүгін күні бойы сабаққа зауқы болмай, өзімен-өзі әуре болып отыр. Қазақ тілі сабағы. Жаңа сабақтың тақырыбы: "Дауысты тіл дыбыстары." Апайының тақтаға жазғандарын дәптеріне түсіріп қойды. Әрі қарай ойы басқа әлемнің қойнауын шарлап кетті. Терезе жақтағы сыртқа көз салып еді, ағаш жапырақтары әлі жасыл күйінде, сарғая қоймаған. Тек әріде тұрған ана бір ағаштың жапырақтары болмаса. Сол жақтағы ағаштан бір сарғайған жапырақ үзіліп түсіп,қалықтап барып мектеп алдындағы ескеркіштің жанына түсті. Арман сол жапырақтан көз алмай отыр. "Бейшара" деген сөзді өзі қалай айтып қалғанын білмей қалды. Өзгелер бұған жалт қарады. Бала сасқанынан дәптеріне шұқшиып қарады да қалды. "Ей, бейшара, өзіңе қарашайшы, менде не шаруаң бар? Хәлің менен де нашар ғой?" деп, жапырақ өзіне тіл қатқандай болды. Қараптан-қарап сол жансыз затқа ашуы келді. Назары сол "бейшарада". Қаламын алып жапыраққа арнап өлең жазбақшы болды. "Өмірдің өзі жапырақ" деген өлең жолдары ойына сап ете қалды. Өзіне бұл өлең тармағы ұнап қалды. Шынымен адам өмірі де бар болғаны осы жапырақтай ғана болғаны ма? "Көктеді, сарғайды ,шіріді. Бұл "бейшараның" табиғатқа тигізер пайдасы бар. Топырақты тыңайтады. Пайдасын адамзат көреді. Ал адамдар өлсе, бір төмпешіктің астында ғана жатады". Ойланып қалды. Ескерткіш жанынан өзінің жапырағын тағы іздеді, болмашы ескен самал желдің екпінімен әрірекке жылжыпты. "Неге тұрмын жабырқап". Арман екінші тармақтың ұйқаса кеткеніне қуанып кетті. Дәптеріне екінші тармақты да жазып қойды. Үшінші тармаққа келгенде түрі бұзылып ойға шомды да кетті. Қандай жаман еді ."Қарауытқан дүние-ай". "Қарауытқан" деген сөзді тағы қайталады. Өзінің өміріне ұқсай ма, қалай?

Өмірдің өзі жапырақ,

Неге тұрмын жабырқап.

Қарауытқан дүние-ай,

Мені қайда жасырмақ?.

Еңіреп жылап жіберді. Бұның аяқ асты жылап жібергенін апайы көріп, шошып қасына жетіп келді. Апайының "не болды?" деген сөзіне жауап қатпады. Мына өлең шумақтары қайдан ғана ойыма сап ете қалып еді. Жұрт бір уыс жапырақтай болып деп айтып жатады ғой. Өзін самал желдің ығымен қалықтап ұшып жүргендей сезінді. Басқаларда бар әке, менде неге жоқ? Әкем тірі болса, қандай адам? Келбеті қандай? Мені балам екен деп ойлай ма? Мен сонда оның аялы алақанын сезінбей өтемін бе? Миын саныз жауабы жоқ сұрақтар шырмап алған. Анада түс көрген: "Әкесі екеуі екі арғымақ атқа мініп жүр екен. Неге екені белгісіз бұл мінген арғымақ өзінен-өзі шалынысып қала береді. Әкесі: "Балам,менің еш кінәм жоқ. Тағдыр бізді бөлек жүруді жаратты" дейді. Бұл ол сөздің мағынасына түсінбеді. Өз ойымен әуре болып отырғанда терезе жаққа көзі тағы түсті. Әлгі жапырақты бір торғай аузымен тістеп алып ұшып кетіп, ол жерден ғайып болды."Сабағыңа кіріс, бұл бейшара жапырақта нең бар?" деп торғай да бұны әжуалағандай болды. Анасын ойлады. Ауырып жүргеніне көп болды. Ауруханаға жатып шыққан. Баласын ойлады ма, өзінің жағдайын ойлады ма, көп жатпады. Қазір дәрігерлер нұсқап көрсеткен дәрілерді ғана ішіп жүр. Өткен аптадан бері шошынып, сандырақтап түнімен сөйлеп шығады. Арман терден су болып кеткен төсегін күніге екі-үш мәрте ауыстырып әуре болып жүр. Шешесі ауырғалы бері бойын қорқыныш билеген.

Анасынан әкесін сұраған. Бұл: "алыс жаққа, оралмасқа ұшып кеткен" деген жауап айтқан. Кейін тағы бірде сұрағанда, ұрсып бетін қайтарып тастады. Қазір әкесін сұрамайтын болған. Жақында мектепте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек береміз деп акция өткізген. Апайы Арманға "Саған әкімшілік оқу құралдарына деп отыз мың теңге бөліп отыр, базарға барайық" дегенде, ақшасын сұраған. Апайына анасының ауырып жүргенін жеткізген. Қазір шешесінің ішіп жүрген дәрілері сол акцияның ақшасы болатын. Шешесінің құрбысы Ғайша көшенің арғы бетінде тұрады, оның жағдайын сұрап келіп тұрады. Құрбысы Арманның әкесін шақыртуға кеңес берген, шешесі тағы көнбеген. Майра анада Ғайшаның әкесін шақыртайық деген сөзіне қарсы болғанына енді өкініп отыр. Өзінің ауруы меңдеп, кері кетіп бара жатқанын іштей сезеді. Өзі олай-бұлай болып кетсе Арманның жағдайы не болмақ? Кезінде жалған қызғаныштың құрбаны болғанына өзін кінәлайды. Майра, Айша, Ғайша үшеуі Маратпен институтта бірге оқыды. Төртеуінің жұбы жазылмады. Марат өнерлі, әрі көркіне көз тоймайтындардың бірінен саналатын. Ән айтқанда жұрт таңдайын қағатын. Жігіт Айшаны ұнататын. Оған мінез-құлқы, түрі анасына көбірек ұқсайтынын айтатын. Оңашада талай сырласқан. Тек ішкі сезімді жеткізерде өзін тежей берген. Оқу бітірген соң, бір жігітпен тұрмыс құрып, бір шағын қалаға Ғайша ғана бөлініп, көшіп кеткен. Ал қалған үшеуі Алматыда қалған. Жұмыс орындары да бір-біріне жақын. Араласып тұрады. Айша да жігітті ұнатқан. Бірақ жігіт өз сезімін айтпаған соң, әзірге ішкі сезімін жан баласынан жасырып жүр. Майра да жігітті алғаш көргеннен ғашық болып, өзіне қаратудың амалдарын қарастытып көрген. Жігіттің қарар түрі жоқ. Оның Айшада ойы бар екенін іштей сезсе де,үмітін үзбей келеді. Маратты Айшадан өлердей қызғанатынын білдіріп те қойған. Ойластырған амал-әректі сәтсіз аяқталған. Айшаны ауылдағы туысқан ағасына азғырып, алып қашыртқызды. Айша көнбей келіп қалған. Ағасы сотталып кете жаздады. Майра араға уақыт салып дегеніне жетіп, тұрмысқа шықты. Араға жыл салып Арманды босанды. Маратпен тату тұрып кете алған жоқ. Үйде ұрыс-керіс көбейе түскен, ұрысты Майраның өзі бастайтын. Ажырасып тынды. Ешкімге айтпай Ғайша тұратын шағын қалаға көшіп алды.

...Өмірдегі шалыс басқан қадамына өзегі өртеніп, оған қосылған жан жарасы Майраны қажытып бітті. Ойындағы ойын жүзеге асырмаққа бекінді. Бүгіннен кешіксе, үлкен кешірілмес жүкті өзімен бірге ала кетуден қорықты. Айшадан кешірімді қашан сұрамақ, өмірін өксітіп, бұның тағдарын тәлкекке салды емес пе? Өзінің Маратына жар ретінде қандай жақсылық жасады. Үйленгеннен бастап жанын жаралағаннан басқа не істеді? Сандырақтап,талықсып кетті.

Түннің бір уағында қысылғаны басылып, Арманды жанына шақырды. Баласына терден су болып кеткен төсегін ауыстыртқызып, Ғайшаны шақырып келуге жұмсады. Ондағы ойы Арманды аманаттап тапсыру еді.

Баласы шешесінің бұл жұмсауын жақсылыққа жорымаса да, құрбысының үйіне баруға асықпай, кісі шошырлық түрін көріп, жедел жәрдемді шақырды. Содан кейін ғана Ғайшаны шақырып келуге көшеге шықты. Көшеде түн тастай қараңғы. Қараңғылықта зуылдап келіп қалған бір машинаны дәл жанына келгеніп қалғанда ғана байқады, бірақ қашып үлгермеді. Арғы жағы белгісіз, дүние төңкеріліп, астан-кестеңі шықты.

Көзін ауруханада жиырма күнен кейін ашты. Қасында бейтаныс кісі. Оған қасымда неге отырсың дегендей таңданыспен қарады.

- Шешем қайда?

- Майраны Алматыға ауруханаға жатқыздық, - делі бейтаныс кісі жалған сөйлеп.

- Сіз кімсіз?

- Мен сенің әкең боламын. Сені де Алматыға ауыстырамыз. Бүгін кетеміз, - деді жабырқаулы кейіппен. Көзіне келіп қалған көз жасын сүртпестен оған "сені көп күттім ғой" деген көзқараспен қиыла қарады.

- Сені шешем оралмасқа ұшып кетті деп еді ғой? - деді. Әкесі де санасында, тәй-тәй басқан елесі ғана есіне сақталып қалған он бір жасар ұлының ерте есейіп кеткенін көріп, іштен егіліп тұрды.

Бұлар ауруханадан шыққанда өз үйлеріне емес, Ғайшаның үйіне қарай бұрылды. Көше жағасында біреулер сарғайған жапырақтарды өртеп жүр екен. Түтіні қолқаны қабады. Арман бықсып жанып жатқан жапырақтарды көріп, еңіреп жылап жіберді. Жапырақ-ғұмыр...

Ғалымжан МЫРЗАЛЫ,

Төле би ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Abai. kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1518
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5897