Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Құсни хат 6089 0 пікір 25 Ақпан, 2015 сағат 14:37

САРЫ МАЙДЫҢ ҚАРЫЗЫ

Біздің ауылға бала кезімізде араға апта салып құрымшы келетін. Ауылдағылар жұмыртқасын, жүн-жұрқасын, ескі-құсқы киімдерін өткізіп, өздеріне керекті заттарды қарыштап алып жататын. Құрымшылар үнемі өзбек пе, татар ма, әйтеуір өзге ұлт өкілі болып келетіні есімде. Менің білетінім: анам да жұмыртқа өткізіп, киіз бояйтын бояу алып тұрады. Балаларға деп сатылатын шар, саз ысқырық, "қораз "кәмпиттерді алып бер деп оған айту - аспандағы айды алып бер деумен пара- пар болатын. Бетімді талай қайтарып тастаған. Менің өз есебім бар. Мен үшін көрші тұратын Қараман атам керекті заттарды алып беріп тұрады. Атам соғысқа қатыспаған. "Бронь" алып Леңгірдегі көмір шахтасында қалған. Баласы кеш үйленіп, біз есейіп кеткен соң ғана немерелі болған. Атамның маған деген күнде бір "қораз"кәмпиті дайын тұрады.  Тау алмасынан пайуандалып өсірілген алма бағында бір түп жеміс ағашы бар болатын. Сол алма түбі  маусым айының соңына жетпей пісетін. Рақатын өзім көремін. Тәп-тәтті, шырын дерсің. Сол жеміс  қашан  таусылғанша сол үйден кетпеймін. Кей кездері атамның үйінде түнеп шығатынмын. Әкем: "Атаңның баласы болып кеткеннен саумысын, үйден көрмейтін болдық "дейтін.

Бұдан елу жыл бұрын төрт-бес жасқа келген кезім болуы керек. Ай сайын атам менің шашымды алуға ерекше дайындалатын. Пышақ ұстарасын былғары қайыс белбеуге жонып ысқылап, онысын бас бармағымен тексеріп көретін. Құмандағы суға басымды сабындап жуып, жібітіп, шашымды тақырлап алып тастайтын. Шаш алып жатқан кездегі азапты айтсаңшы. Басымды ашытып, жаным көзіме көрінетін. Мені алдандыру мақсатымен әңгімеге айналдыратын.

- Құдай бар ма?

- Білмеймін.

- Неге білмейсің?

- Мектепте оқитын ағамның ағай-апайлары құдай жоқ деп айтады екен ғой?

- Оттапты ағай-апайлары.

- Құдай бар дегендерді мұғалімдері қолдарына құмырадағы гүлді ұстатып, бұрышқа тұрғызады екен.

- Сол бұрышқа өздерін тұрғызар ма еді?

- Білмеймін, олар жақсы адамдар ғой. Сабақ үйретеді.

- Жақсы кісілер, бірақ құдайын ұмытқандар. Сенің әкеңді, ағасын, әпкесін кезінде құдай құтқарып қалған. Сен соны білесің бе?

- Қалай ?

...Атам айтады. Құдайға сен дейді. "Фатиха" мен "Ықылас" сүресін үнемі үйретіп отыратын.  Соғыстан кейін ауылға аты жаман ауру келеді. Әр шаңырақта кісі өлімі көбейген кезі. Біздің үйде де шиеттей үш бірдей бала төсек тартып жатады. Үлкен қаладан келген дәрігерлер Жұмаш әжеме де дайындала беруін айтады. Атам сотталып кеткен. Әжем: "Сақтасаң, құдай, осы үш қарашығымды сақтай көр, әкелері жоқта алмай тұра тұр, алсаң менің жанымды ала көр" деп құдайына жалбарынады. Менің әжем ақкөңіл, қайсар мінезді кісі болған екен. Күйеуі ұсталып кетсе де, сыр білдірмей, үйдің де, түздің де жұмысын істеп жүре береді. Құдайына жалбарынған күннің ертеңіне әжем қайтыс болыпты.

Мен әжесі бар балаларға қызығып өстім. Біздің ауылда қандай той-томалақ болсын әйелдер жағы  дастархан жасап, көтеріп баратын. Кемпірі барлардың соңдарында немерелері еріп жүруі міндетті нәрсе. Мен де шешемнің көйлегінің етегіне жабысып ергім келетін. Ондайда анам қолымды қағып жіберіп, маңайына жолатпайтын. Қазір ойлап қарасам, олардың жасы отызға да  келмеген шағы екен. Әсіресе көршіміз Жекеппар әжем құрдасым Бурабайды бір елі қасынан тастамайтын. Тойдан шыққан соң қолындағы кәмпит, күлшелерін көрсетіп, көзді қызықтырып, мақтанатынын қайтерсің.

...Қараман атам шашымды алып болған соң, менің "жігіт" болып өскенімді тексеру үшін бес саусағымен басымды мыжғылап, қысып көретін. Ондайда екі көзден жас мөлт-мөлт ақса да, шыдап бағатынмын. Әңгімесін одан әрі жалғастыра түсіп:

- Сен, Мырзалы атаңды білесің бе?

- Білемін.

- Қайдан білесің? Көрмегенсің ғой?

- Атын естігенмін.

- Иә, солай десейші. Оның қайтыс болғанына жиырма жылдан асып барады. Сен атаңа емес, нағашы жұртыңа тартып кеткенсің. Ол кісі жақсы азамат болатын.

...Қараман атам айтады. Оның айтуымен Мырзалы атамның нар тұлғасын таныдым. Өз атамды жұрт көп мақтайды. Ашаршылық жылдары колхоз бастығы болды. Қолынан көп нәрсе келген. Бірнеше кәсіпті қатар алып жүріпті. Өз атамнан қалған мұралары үйде әлі сақталған. Көрігі, балға- төсі, тағы бірнеше заттарын әкем бізге тигізбейтін. Базардан ескі-құсқы аяқ киімдерді сатып әкеліп, қайта өңдеп, көрші-қолаңға таратады екен. Қолы бос кезде қыз-келіншектерге деп сақина, білезік-жүзіктер соғатын. Отыз бірінші жылдары көбіне тау асып кетіп, аң-құсты аулап, көрші-қолаңды аштықтан аман алып қалған дейді. Голощекиннің ылаңынан кейін, колхозда бір-екі арба сүйрейтін өгізден басқа, тышқақ лақ та қалмапты. Малды жаппай жинап алып кетуіне қарсы болып, аудандық партия комитетінде мәселе көтереді. Бәрібір ол әрекетінен түк шықпайды. Жазда жинаған бидай өнімін түгін қалдырмай жоғарғы жаққа өткізіп отырған. Отыз үшінші жылы жазда қырманда Сүлеймен деген кісінің жесірі жұмыстан кейін ышқырына екі уыс бидай ұрлап салады. Оны байқап қалған атам тағы екі уыс бидайды қосып салып, үйіне қайтарған. Осы ұрланған бидай басына сор болып, ертеңіне НКВД-ның адамдары ұстап әкетеді. Артынан он беске толмаған қызы Бүбі Сталинге, Берияға кешірім сұрап хат жазады. Олардан жауап болмаған. Ақ теңізде он жылға сотталып, ол жақтан бойын суық алып, елге келіп қайтыс болады.

...Қараман атам шашымды алып болған соң"кәртішкі" деп бас бармағымен нұқып, басымды ойып ала жаздайтын. Ондай кезде екі көзден мөлтілдеп жас келсе де, дымымды шығармай шыдайтынмын.

- Бәтшағар, ауырды ма?

- Ауырды, ата.

- Менің қарызымды қашан төлейсің?

- Қандай қарыз?

- Сен жеген сары майдың бәрін қосқанда он қарын май болатын шығар?

- Өскенде төлеймін.

- Иә, төле, төле.

...Қараман атам айтады. Мен сондай сүйкімді бала болып өсіппін. Еміс-еміс есімде, Қараман атамның үйінде ескі кебеже болатын. Онда құрт-май сақталады. Таңертең күнде ешкімнің сұрауынсыз сол кебежедегі бір тостақ майды жеп кете береді екенмін. Сол орында сары май тұрмаса, үйді басына көтеріп, алдыма май әкелгенше тыныштарын алатынға ұқсаймын. Жиырма жылдан соң сол кебежеден менің ұлым да үйіне сұраусыз барып, майды тамағына тоғытуды әдетке айналдырған. Жақында сол атамның немере келіні: "Қайнаға, мына немереңіз Бақжан  үйдегі қонақтарға деп жинаған сары майдан түк қалдырмады. Бастапқы кезде осы қайтер екен десем, шкафтағы тұратын орнын біліп, мен сиыр сауып келемін дегенше жеп қоятынды шығарды" деп арызын айтып келіп тұр. Мен миығымнан күлдім. Біз жеген сары май ақысының төленбегеніне елу жылға жалғасып кетіпті-ау. Өмір-ай десеңші.

Ғалымжан  МЫРЗАЛЫ.

Төлеби ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Abai. kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5914