АХМАДИНЕЖАД ТҮРІКТЕР ТУРАЛЫ АЙТТЫ
Екі мәрте, тұтастай 8 жыл бойы президенттік қызмет атқарған, бұл қызметтен соң БАҚ саласында мүлде бой көрсетпеген Иранның экс-президенті Түркияның бас ақпараттық агенттігі «ТРТ-ге» сұхбат берді. Ол сұхбат берер алдында «саясат туралы айтпау» шартын қойған.
Махмұд Ахмадинежад өзінің қызмет еткен тұсында халықаралық санкциялар және Израиль мен АҚШ тарапынан еліне төнген барша мүмкін делінген қауіп-қатерлерді "Израильдің ядролық қару иесі болуына рұқсат еткен Батыс, біздің ядролық-энергетика саласын меңгеруімізге қарсы келуде" деп бағалап, Иранның ядролық іс-әрекеттерін алқап, Батыспен ымыраға келуден бас тартқан болатын.
Түркия мен Иранның ынтымақта болуы ауадай қажет екенін баса көрсеткен Ахмадинежад, Ислам мемлекеттері арасына іріткі салатын іс-әрекеттер жасатылып жатқанын, бұл тұзаққа түспеу керек екенін атап өткен.
Түрік тілін бір кісідей білетін, алайда камералар алдында түрікше сөйлемеген экс-президент ТРТ-нің журналистік қосынын жылы қарсы алған. Сөз басында «Түрік ұлтына деген құрметім үлкен, отырып сөйлемеймін» деп, аяқта тұрып сұхбат берген Ахмадинежад «саясат туралы ауыз ашпаймын» десе де, күйіп тұрған кейбір мәселелерге маңызды ойларын жеткізіпті.
Ахмадинежад:
«Түріктер ұлы халық. Түріктер ғасырлар бойы Исламның мәдениетін көркейтті. Мен аймақтың екі үлкен күші болған Түркия мен Иранның бір-біріне қолдау көрсететініне сенемін. Түркия аса бір жақсы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет» - деді.
Ол сондай-ақ Иранның ядролық мәселесі туралы «Бұл Иран үшін ұлттық мәселе, саясаттың күрделі тұсы. Иран ядролық қару өндірмеуге қол қойған, мақсаты тек ядролық отынды энергетикалық қажетіне пайдалану. Қару емес, ядролық энергия әрбір мемлекетте болғаны сияқты Иранда да болуға тиісті», - деді.
Ал, Палестина мәселесі турасында Түркияның Палестина жағындағы тік позициясына оң қарайтынын жеткізген Ахмадинежад сөздерін төмендегідей қортындылаған: «Құддыс (Иерусалим) - бәріміздің де, барша мұсылманның да киелі жері, Ақса мешітіне жасалып жатқан бассыздықтар бәрімізге де ауыр тиді, бұны мүлде кешіре алмаймыз. Қасиетті жерде қан төгіліп жатыр, Түркия Палестина мәселесіне соңына дейін көмек беретініне сенеміз әрі оны мақтаныш етеміз».
Келесі жылы 60 жасқа толатын Ахмадинежадтың саяси қызметтен кеткен соң қарапайым ғана оқытушы болып, қалың жұртпен қатар автобуспен жұмысқа қатынап жүрген суреті интернет бетінде жарияланып, талайды сүйсіндірген еді. Заманында үлгілі ислам қоғамын және алдыңғы қатарлы мұсылман мемлекетін құру туралы идеяларымен танылған ол Буш әкімшілігінің батыл сынауымен жұрттың есінде қалған болатын. Бұл сұхбаты көптен бері оның саяси ойларын алғаш рет БАҚ-бетінде жариялануына жол беруі. Мүмкін Махмұд Ахмадинежад тәжірибелі саясаткер ретінде саясатқа қайтып оралар.
Нұрғали НҰРТАЙ.
Abai.kz