Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 5046 0 пікір 10 Ақпан, 2015 сағат 12:40

НЕГЕ?..

Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады...» дегені бар. Кейінгі кезде жауабы жоқ сұрақтардан бас көтере алмайтын болдым. Ән атаулының барлығы - «мен сені сүйемін, сенсіз маған өмір жоқ, сен көктегі қол жетпес жұлдызсың» деген сияқты мәнсіз-мағынасыз болса да, өліп-талған тек махаббат. Ал өмірде сол күйіп-жанып жүрген ғашықтар неге жоқ?!

Қазіргі таңда әнші боламын деген кез келген талантқа әнші болуға мүмкіндік бар, неге дәстүрлі әншілерді дамыта алмай келеміз?! Майын тамызып, төгілтіп орындайтын төкпе термешілер мен жыршылар неге жоқ?! Бұрын Қазақстан бойынша екі қалада ғана журналистік мамандар дайындайтын. Алматы мен Қарағандының журфагында оқитын кез келген студентіне қызыға қарайтынбыз. Олар оқып жүргенде-ақ танымал бола бастап, кейін өзекті, белгілі маманға айналатын. Қазір жоғары оқу орындарының көпшілігі журналистиканы оқытады. Қазақша таза сөйлейтіндерінің бәрі журналист. Неге талғам жоқ?! Елдің аузында жүретін журналистік тақырып, ой-түйін неге жоқ?! Отандық телеарналар жетіп артылады, неге тұрақты, ел іздеп жүріп көретін бағдарламалар жоқ?! Қазақстандағы танымал тұлғалардың барлығы дерлік қоғам қайраткері. Қазаққа, қазақ руханиятына жаны ашитын нағыз қоғам қайраткері неге жоқ?! Көргені мен түйгені мол ақсақалсыз, қартсыз ел болмайды. Шын жаның қысылғанда ақыл сұрайтын, айтқан ақылы жаныңа демеу болатын, кесіп айтатын, шешіп айтатын, әділетті-әділетсіз шешімді айырып отыратын ақсақалдар неге жоқ?! Бата беретін дуалы ауыз ақсақалдарды табу неге қиын?! Қазір, Құдайға шүкір, атақ аламын деушілерге атақ-даңқтың түр-түрі бар. Бас бармақпен мақтанып, марқайып тұрып көрсете алатын атақтар бар. Бірақ, соған лайық елдің аузында жүретін шығармалар, тарихи туындылар неге жоқ?! Алған атағын тізіп тауыса алмайтын ақындардың танымал бір өлеңі неге жоқ?! Ал атақта шатағы жоқ, ел арасында еліне ғана елеулі тума таланттар үйіліп-төгіліп жатқан, ебін тапқан көлденең көк аттылар ие бола салатын атаққа неліктен ие бола алмайды?!

Бас киімімізді аспанға атып, Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма төрт жыл болды. Әрине, талай игілікті істер атқарылып жатыр. Бірақ, Қытайдың сапасыз, денсаулыққа зиян резеңке киімдері мен сасық аяқ киімдерін маңдай терімізбен тапқан ақшамызға неге сатып алып жүрміз?! Қазақстанда аяқ киім шығаруға да, киімдердің түр-түрін шығаратын зауыттар салуға да мүмкіндік бар ғой. Тапқан-таянғанымыздың барлығын өзгеге беріп, өзгелерді асырауды қашан қоямыз?! Қазақстан халқы екі қолға бір жұмыс таба алмай жатқанда өзге елден келген келімсектерді неге жұмыс беріп жарылқап жатырмыз?! Өзің дегенде өзегін жұлып беретін елдігіміз қайда?! Құдайға шүкір, біздің елде қалталы азаматтар баршылық. Тапқан-таянғандарын шет елге тасып, бірінің үстіне бірін қойып, «қатын» алғанша елдің елдігін ойлайтын азаматтар неге шықпайды?! Қазақтың даласы кең-байтақ, шет елдердің кіші-гірім бір қаласында тұратын бір-ақ уыс халқына неге жер жетпейді?! Бұрынғыға қарағанда дәрігерлер де, дәрігерлік бөлімшелер де бірнеше есе көп, неге адамдар сырқаттана қалса жылдап кезек күтеді?! Қазір әр аялдама сайын балабақша бар, неге балаларға кезек жылдарға созылып жете алмайды?! Бастауыш мектептің балаларының өзі ғылыммен айналыса алатын заманда ғалымдардан неге тұшымды зерттеулер көре алмай жүрміз?! Білім саласында осы күнге дейін неге дұрыс оқулықтар қалыптастыра алмай келеді?! Кеше ғана дүниеден озған Гер-ағаның, «Қазақ өзіне берілген жүз пайыз мүмкіндіктің он-жиырма пайызын ғана жүзеге асыра алады» деп айтқаны рас-ау, «сырт көз сыншы» деген. Мақтаншақтық пен бөспелік, жалқаулық, көре алмаушылық, түкке пайдасы жоқ жиналыстар... Данышпан Абайдың күйінетіні сол: баяғы қазақ - сол қазақ.

Бірдемеге киналсақ, бірден үкіметті жазғырып шыға келеміз. Біреуді саусағыңмен «сен» деп көрсету үшін алдымен өзіңді ойлап алуың керек, көрсетіп тұрған саусағыңның астындағы қалған үш саусағың «өзің кімсің?» деп өзіңді көрсетіп тұрады. Өзімізге қажет мүмкіндіктер - жаратушы жағынан да, табиғат жағынан да, үкімет жағынан да жасалған. Өзіміз бірімізді-бірімізді адастырып жүрміз. Неге?!

Ал, осыған жауап іздеңдерші енді...

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ.

Астана қаласы.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379