Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9214 0 пікір 9 Ақпан, 2015 сағат 10:59

Дидар АМАНТАЙ. ӨЛЕҢДЕР

Көңілден кетпей қойып кіреуке мұң,

Кеудеме қонып алған біреу менің,

Басқаның бауырынан пана іздеген

Ғұмырым, әлдекімге тіреу ме едің?

 

Өзіме азамат жоқ теңдес бүгін,

Өзгенің тойы болған келмес күнім,

Арқама сүйенетін адам бар деп

Артыма қараймын ба өлмес бұрын?

 

Қалмасам игі еді күйреп, сынып,

Газеттер беттеріне сурет іліп,

Өмірмен қош айтысып баратқанды

Өтем бе жер бетімен сүйреп жүріп?

 

Қарағайлы, 23.08.1990

 

* * *

Қамықпай жет, қалқажан, қасыма бір,

Қызғалдақтай бұрқырап шашың әтір!

Қаз омырау, қаз мойын...

Қаз-қалпында –

Қаздай тізіп жазады шашылған жыр.

 

Үркіп сырдан, елеңдеп тілсіз сана –

Жеті түнде таба ма күнсіз пана.

Шөпілдескен сүйістер шыққан жерде

Шөлдеп екеу отырсақ үнсіз ғана.

 

Қамықпай жет, қалқажан, қасыма бір,

Қызғалдақтай бұрқырап шашың әтір!

Қаз омырау, қаз мойын...

Қаз-қалпында –

Қаздай тізіп жазады шашылған жыр.

 

Өмір өткен. Өзің жоқ кездерде мен

Өзгені өзің сүйгенде өзгермегем.

…Бағымызды айтқысы келетіндей

Бағып бізді аңдиды көздер деген.

 

Қаратал (Тегісшілдік),

16.06.1989 – наурыз, 1990 жыл

 

* * *

 

Қыр гүлдері – мизам шуақ түркілік –  

теңселеді қамырығып, бір күліп,

ессіз өткен қызықтардың кешегі

есігінде енді бүгін тұр құлып.

 

Көл айнала ұшқан құсты сүйреп наз,

қош айтысып бара жатыр үйрек-қаз,

сұрап шықсам деп ойладым көңілін

күзеуінде отырғанда күйреп жаз.

 

Қайда кеткен қасқалдақтар қаңғырып,

сайды қуған сарғалдақтан жан құрып,

жазғытұрым тіршілігін іздейді

жабағының көкірегі жаңғырып.

 

Бір-біріне бола алмаған тіреу де,

бүкіл үйде ұйыған мұң кіреуке,

жайлау тозып, ауыл көшіп барады –

сары жұртта елегізіп біреуге.

 

Қарағайлы, тамыз, 1990 жыл

 

 

* * *

 

Сен де бәрін білесің,

Мен де ерте түсіндім.

Бұл өмірдің күресін

Бір-ақ түнде ұсындым.

 

Қорықпадық Тәңірден,

Қойдық нүкте бір түні.

Жылдар бойы өмірден

Іздеп едік… күлкілі.

 

Махаббатты жоқ дедік,

Мас болдық біз басқаға.

Елден кейін көктедік,

Ерте солдық… масқара!

 

Шыныңды айтар кезіңде

Шыға алмайсың айыпсыз.

Мұндай ұлы сезімге

Мен де, Сен де – лайықсыз!

 

Қаратал (Тегісшілдік), 15.08.1989

 

* * *

 

Түн іші. Ай жарық.

Тіршілік демалған.

Сағымға айналып,

Сезімдер тоналған.

 

Тылсым ән шырқалып,

Тыныштық таппаған.

Қыз ғана ұрланып

Қарайды қақпадан.

 

Жігіт те кешіккен,

Жалған ба айтқаны.

Тот басқан есіктен

Тұнжырап қайтады.

 

Ит келіп аяққа

Сүйкеніп құлайды.

Қарайды аяп та,

Қыз неге жылайды?

 

“Келмеді көктемім,

Кім еді сол маған?

Иелік еткен түн

Ит құрлы болмаған.”

 

Қаратал (Тегісшілдік),

маусым-тамыз, 1989 жыл.

 

* * *

 

Елден кеткен бір өкініш, шалады мұң,

Қандай болды, – деп ойлаймын, – дала бүгін.

Шалғай жатқан ауылда қалды менің

Шалқып-тасқан перзент шақ, балалығым.

 

Қызыл шілік ат шапқан шырақ бұрын –

Кешіп жүрген шалғынды, қияқ, гүлін.

Жетсем егер ауылға! Жетсем, шіркін!

Бала болып кететін сияқтымын.

 

Алматы, шілде, 1986 жыл

 

* * *

 

Қайтейін, өкінішті,

Кетпеппін күйіп бірден.

Біреулер сөзі күшті

Бұрымнан сүйіп жүрген.

 

Шашылып сайда қалған

Моншақты іздеп барып,

Жүзіңнен аймалаған

Жүз құшып, жүз ақталып.

 

Күлетін кезім біткен,

Күн түспей маған қарай.

Кіршіксіз сезім күткен

Кішкентай адамдар-ай.

 

Келдің бе, кетпе енді,

Қалдырып мазағыңа.

Басымнан өтпегенді

Басқалар жаза (ды) ма?

 

Алматы, 22.06.1989

 

* * *

 

Биіксің бе, күйіксің бе, білмедім,

Бір керемет жүрегімде тұр менің.

Қос жанарың бара жатқан жұмылып

Үңірейген есігіндей түрменің.

 

Қарағайлы, тамыз, 1990 жыл

 

* * *

 

Ынтықта алтын тапшы,

Ырдуан бір егінді...

Ызғарсыз салқындатшы

Ыстықта – жүрегімді.

 

Қаратал (Тегісшілдік), 1985 жыл

 

 

Қарағайлымен қоштасу. Үшқара

 

Мініп жатып көлігіме тоқтадым...

Қабағыңда – қамырықты жоқ па мұң?

Балқан таулар, бұйырмаңыз айыпқа

Талқандалған өмірімнің соқпағын.

Үшқараның қабағында жоқ па мұң?

 

Кету керек. Кетпегенде не етемін –

Көру үшін жер бетінің етегін.

“Қарағайлы – ғашығым!” деп қашаумен

Кент тауына өлең жазып кетемін.

Үшқараға өлең жазып кетемін!

 

Қарағайлы, қыркүйек, 1990 жыл

 

 

* * *

 

Махаббат жалған ба деп,

Қападар күйге енем мен.

Саған бір барған да – әлек,

Арманда – сүймегендер.

 

Қаратал (Тегісшілдік),

маусым-тамыз, 1989 жыл

 

 

* * *

 

Ойлаймын: өзің ғана

Жанымды емдер едің.

Сабылып кезіп қала,

Сені іздеп сенделемін.

 

Пенделер көшедегі –

Пенжекті, шағын көлік,

Қарасы неше, тегі!

Кетеді сағым болып.

 

Бейне бір аждаһалар –

Жан-жағын қырып-жойған,

Сені сол тасқын жалдар

Секілді жұтып қойған.

 

Алматы, маусым, 1989 жыл

 

* * *

 

Сен мені жек көресің,

Сорым да көп демегей.

Өмірге кектенесің,

Өзіңе өкпелемей.

 

Панарсыз... Шамырықтың.

Парасат шідерленген.

Сол түні қамырықтың

Солқылы жібермеген.

 

Сезімдер өлтірілген.

Қайтейін, сенім кетсе,

Ырза едім… сол түні мен,

Сол түні өлім жетсе.

 

Қаратал (Тегісшілдік), маусым, 1989 жыл

 

* * *

 

Жоқсың ба,

Жүрегің сыр шертпей,

Жабылған тым ерте күршектей,

Белінен мәңгілік құшақтап

Бейітің бәрінен тұр шеткей.

 

Міз бақпай мына жақ, мынаған,

Бірге екен сенімен мың адам.

 

Қарағайлы, тамыз, 1990 жыл

 

* * *

 

Стюардесса, сүрт менің көз жасымды,

Сүйемін деп туған жер қалды бүгін.

Қапсырады ақ ұшақ өз басымды,

Қайдан сыйсын іштегі жаңғырығым.

 

Стюардесса, бір кесе шайың бар ма,

Саған айтам жайында сүйікті жер,

Ару қыздар оралып қайыңдарға,

Ақ құба жүз ақырын сүйіп өтер.

 

Соры қайнап көрмеген бұған дейін,

Саған болар белгілі жайым түгел.

Сағынышым басылып содан кейін,

Содан кейін тағы да шайыңды бер.

 

Қарағайлы, 14.08.1990

 

* * *

 

Жаудырап көзің,

Саудырап сөзім,

Қаудырап төзім,

Абдырап сезім –

Жадырап өзің

Көрінгенде алдымнан,

Бадырақ көзім...

 

Алматы, 2011-2012 жылдар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377