Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 4923 0 пікір 6 Ақпан, 2015 сағат 10:26

СОФЬЯ ТАРИХТА ҚАЛЫП, НҰРҒИСА ҰМЫТЫЛДЫ

Менің айтпағым айта-айта жауыр болған тақырып болғанымен, елдің болашағы үшін, ұлт тәрбиесі үшін өте маңызды. Шара қолданбасақ, қоғамдық пікірге құлақ аспасақ, “одан ел дамуы кейіндеп қалмайды” деген немқұрайлылықтан арылмасақ, еліміздің алдағы уақыттағы рухани дамуы кенжелей бермек. “Алдымен экономика, сонан соң саясат” деген қағидамен келіссек те, ұлттық рухымыз, санамыз, намысымыз кейінге шегерілмеуі тиіс. Күнделікті көріп, естіп, куә болып жүрген жағдайлар осындай ойға итермелейді.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ барымызды түгендеп, жоғалтқанымызды іздей бастадық. Істелінген жұмыстар да ауқымды. Ұмыт болған тұлғаларымыз тарих сахнасына қайта шықты, лайықты бағаларын алды, қуандық, мақтандық, ұлт тәрбиесіне пайдасы тиетіндей шаралар жасалынды. Бірақ, қанша жыл өтсе де бұрынғы атаулар селт етер емес. Бұрынғыдай аталады, сіресіп қалған тоңдай жібитін түрі көрінбейді. Бұрынғыдай атаймыз, ал өзіміздің тұлғаларымыз туралы бас қатырмаймыз.

Алматыда бұрын Софья Ковалевская атын иеленген көше болатын. Сол көше қазір атақты күйші-сазгеріміз, қазақ өнерінің дара тұлғасы Нұрғиса Тілендиев атында. Мен сол көшеден жұмыс күндері қоғамдық көлікке отырып күніне екі рет өтемін. Бірақ бірде-бір рет (өткен жылдың жазынан бері) аялдаманың дұрыс аталғанын көрген де, естіген де жоқпын. Автобус жүргізушілер мен оның кондукторлары осы көшеге жақындағаннан-ақ “Софьяны” хабарлай бастайды. Бірнеше рет жасаған ескертуіме бетіме бажырая қарап (шаруаң болмасын дегендей), елең етпейді. Олардың айтатын уәжі - көпшілік жаңа атауларды білмейді. Яғни, көпшіліктің өзгерістерден хабарсыз, сауатсыз болғаны ғой. Мен оларға алдымен жаңа атауды, сонан соң бұрынғы атауды (мысалы, «бұрынғы “Софья Ковалевская" деп) 1-2 ай бойы атасаңдар көпшілік одан хабардар болады, одан кейін тек жаңа атауды ғана хабарлаңдар деген ұсынысымды да білдірдім. Бірақ, олар мұндай ұсынысты керек қылатын емес. Оларға оңайы - бұрынғы атаумен жүре беруі ғой.

Осындай жағдайдан тіпті күлкілі оқиғаға да тап болдық. Бірде автобуста отырған қартаңдау қазақ әйелі “мен Сәпиядан түсемін, жақындағанда хабарла” деп кондукторға айтты. Кассир: “Апа, ондай “остановка” (аялдама) жоқ” деп бірнеше рет айтқаннан кейін сәл ойланған әлгі әйел “Е, әлгі бір композитер ше, әлгі бір әнші бар еді ғой” деп есіне түсіргендей болды. Біз күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Бұдан біздің ұққанымыз  “Софья” тарихта (көпшіліктің санасында) қалып, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев ұмыт болыпты. Ащы болса да бұл шындық. Бұл үрдіс жалғаса берсе енді бірер жылдан кейін бүкіл елге танымал, артына орасан зор музыкалық мұра қалдырған, Халық Қаһарманы атағын иеленген дара тұлғамызды “Әлгі бір әнші болған еді ғой, кім еді, әлгі ше?” дейтінді де еститін боламыз.

Бұл жағдай бір көшеге ғана қатысты емес. Мен өзім куә болған Бауман, Дзержинский, Карл Маркс, Мира, Правда, Мате Залка, Белинский және тағы басқаларды тізбектей беруге болады.

Бұл жағдайды билік орындары да, тиісті мекемелер де жақсы біледі. Бірақ шара қолданар  емес. Енді осылай қол қусырып отыра бермекпіз бе? Ұлттық қадірімізге көлеңке түсіруді қашан доғарамыз? Мүмкін тиісті орындар өз міндеттерін дұрыс атқара алмай немесе оны қалай істерін білмей отырған болар. Көпшілік солай түсінеді, солай түсінуге мәжбүр етеді. Бұған жауаптылар оны ұсақ-түйек нәрсе, еліміз өркендеп дамуда, ел тыныш, бас жарылып, қол сынып жатқан жоқ деп ойлайтын шығар. Олай етсе олар мықтап қателеседі. Олардың қолында шара қолдана алатын мүмкіндіктері де, өкілеттіктері де бар емес пе? Мемлекеттің, биліктің қызметі солай құрылған ғой. Ойланса, тетігін тапса, оны болдырмайтын қаншама шараларды қолдануға болады. Мысалы, жиі рейдке шығып, ондайларға ескерту, айыпұл (автопарк иелеріне) салса болмай ма? Рейдке шығуға еріктілерді, зейнет жасындағыларды тартуға болады. Ұлтымызға, тарихымызға жаны ашитындар да жетерлік. Олардың бұл шараны қолдап, көмектесетіндеріне сенемін.

Ұлттық қадірімізді құрметтейікші, ағайын. Ұлттық қадір - адамның өз  ұлтын қадірлеуі, сыйлауы, өзгелердің алдында оның беделін түсірмеуі, мемлекеттің жері мен қазба байлықтарымен ғана емес, ұлы адамдарымен, олардың жетістіктерімен де мақтануы. Ұлттық қадірімізді кетірмеуді әркім өзінен бастасын, басқаларға да ескертсін, насихаттасын. Біз тарихымыз бен ұлы тұлғаларымыз арқылы да күшті, мықты екенімізді, намысымызды таптатпайтындығымызды білдіре аламыз.

Тарихты білу, ұлы тұлғаларымызды құрметтеу - ұлтжандылық сезімді жанитын, ұлт намысын қайрайтын ең басты факторлардың бірі, күшті тәрбие құралы. Оларды білмесек, құрметтемесек, ұлттық мақтаныштар да бола қоймайды. Ал, ұлттық мақтаныш сезімі болмаса ұлттық тәрбиеміз де олқы тартады. Олай болса “қоғамдық пікірдің - қалтқысыз пікір” екендігін де ұмытпайық.

 

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ,

Алматы көлік колледжінің оқытушысы.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377