Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 7258 0 пікір 25 Қаңтар, 2015 сағат 11:40

Дәурен ҚУАТ. «ӨЙ БІР "ҚЫРТ" ЕКЕНСІЗ...»

Атырауда "Алтын Орда" газетін шығарып жүрген кезім. Бір күні түнде Төлен - Талғат Ешенұлы қоңырау шалып: "Саған қазір бір керемет ақын  өлеңін оқиды", - деді де, телефон тұтқасын маған бейтаныс жігітке бере қойды. Әлгі жігіт аман жоқ, сәлем жоқ, дүркіретіп өлеңін оқи жөнелді. Шынымды айтсам, ұнатпай, қабылдай алмай, қитығып әрең тұрдым. Бірақ "...ентіккен ормандардай" деп келетін ұйқас жолын ұстап қалыппын. Ұнағандай болды. Алайда, "нахалдығын" аса жақатпадым. Алматыға сапармен келгенімде кездестім. Кездесіп, танысқан бетте ішім жылып сала берді. Нағыздың өзі екен. "Идиот". Күлдіріп-бүлдіріп сөйлемесе отыра алмайтындығы тіпті қызықтырды. Ақжарқын. Салдыр-салдыр етеді. Сонда да қитығына тиіп қойғанды жөн көрдім (есе қайтаруым керек емес пе? Өйткені ол маған түн жарымында даңғырлап өлең оқып, мазамды алды) де: "Ақберен, білесің бе? Нағыз ақберен ақын Махамбет қой" дедім. "Абай ше?" деді ол сілкініп. "Абай да ақын. Бірақ Махамбет Абай сияқты Жидебайдың басында "жидіп" отыра алмас еді бәрібір". Ақбереннің жүзі алаулап кетті. Кейін жақын білісіп, қатар жүрген күндердің бірінде әлгі әңгіме арамызда қайтадан өрби қалды. 

- Сонда сіз Махамбетті Абайдан жоғары қоясыз ба?
- Жоқ, Ақош, бірін биіктетіп, бірін аласартуға болмайды.
- Сіз сөйттіңіз ғой.
- Сені сөйлету үшін қырта салғаным емес пе?))
- Өй бір "қырт" екенсіз ғой. Хахахаха!
Ол рахаттанып күліп жіберді. Жан сарайы кеңіп, көңілі өсіп қалғандай мерейленді. Сосын "бәсе-бәсе" дей берді.
Сол 2006-2007 жылдардан бері қарай біргеміз. Ол қазір менің туған інімдей болып кетті. Еркелетемін, кейде діңкілдеп ұрысып та аламын. Жақсы көргендіктен, әрине. 
Ілгеріде, таныстығымыз енді басталып келе жатқан жылдары, оны маған жамандайтындар да бар еді: "Тым пысық бала, жүзіктің көзінен өтеді, т.б." деп. Тегінде өз басым біреу туралы біреудің айтқанына қарап ой түюден аулақпын. Ақош турасындағы "ту-талақай" сөздерге де қыңбағаным сондықтан. Керісінше, оған жантартып жақындай түстім. Ақош екеуміздің жақындасып кеткеніміз соншалықты, әдебиет, қоғам туралы ойлардан ойысып, өзіміз басып өткен өмір өткелектерін де емен-жарқын әңгімелерімізге өзек ететін болдық. Мен сонда Ақберен кешкен тағдырдың тұяққапты тұстарын көбірек біліп қалдым. "Болмаған балалық шақтағы" дәрменсіз үрпекбас баланы көрдім. Сол баланың жасымай, сынбай ер жеткеніне тасындым. Бұл күнде Ақберен деген жұрт таныған ақын, дыңдай азамат. Айналасындағы құрбы достары қандай! Пассионарлық рухтағы азаматтар бәрі. Аман болыңдар! Ақош, сенің шығармашылығыңды Таласбек ағаң қалай таныды, қалай бағалады?! Соны ұмытпа. Ұлы адамның ықыласы саған бекерге аумаса керек. "Абай.кз" порталының шаңырағын көтерісіп, уығын шаншығанның бірі өзің едің, қазір "Ұлттың" сөзін ұстап отырсың. Иығыңдағы зіл батпан жүкті жүдемей, арып-ашымай көтере біл. Талантты бауырымсың. Талант деген Тәңірдің сенімі. Ол сенімді ақтай білу керек. Жұлдызың жансын!

Балақай Ақберен. "Болмаған балалық шақтың" кейіпкері кезі.

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543