Мемлекеттік тілдің өрісін шектейтін шенеунік - азаматтықтан айырылсын!
ҚР Конституцияның 10-бабындағы конституциялық түзетулерге сәйкес, «террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетіні» деп атап көрсетілген.
Осыған байланысты «елдің өмірлік маңызы бар мүдделері» ұғымын және қылмыстар тізбесін айқындау қажеттігі туындап отыр. Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдинаның айтуына қарағанда, заң жобасының тұжырымдамасы ведомствоаралық комиссияның талқылауына шығарылмаған. Ұсыныстар тек мемлекеттік органдар тарапынан жасалған. «Біз ҚР ҚК-ге ешбір жаңа құрамды, жаңа бапты ұсынып отырғанымыз жоқ. Бұлардың барлығы қолданыстағы құрамдар және осыған тек қосымша яғни азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза ескерілген», –дейді ол. Анығы – конституциялық өзгерістерге сәйкес Қылмыстық Кодекске қосымша жаза түрлері ретінде азаматтықтан айыруға байланысты қосымшалар енгізілетіндігі.
Елдің «өмірлік маңызы бар мүдделеріне зиян келтіру» санатына мемлекеттің аумақтық тұтастығына, конституциялық құрылыстың беріктігіне, қорғаныс қабілеттігіне, қауіпсіздікке және басқа да құндылықтарға қастандық жасау секілді іс-қимылдар жататыны мәлім.
Сондықтан:
а) ақпараттық экпансия арқылы елдің бірлігіне нұқсан келтіретін,
ә) Қазақстан аумағында казачество ұйымдарының әскери формасын киіп тайраңдайтын,
б)Қазақстанның мемлекеттік тілінің дамуына кедергі жасайтын
жекелеген тұлғаларды ұлтының кім екендігіне қарамастан сот арқылы Қазақстан азаматтығынан айыратын қосымшалар қарастырылған жөн деп есептеймін.
Сонда мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге тосқауыл қойып жүрген кез келген шенеунікті сотқа тартатын, әрі оны Қазақстан азаматтығынан айыратын мүмкіндік туар еді.
Марат Тоқашбаев
Facebook-тегі парақшасынан