Пәндерді ағылшын тілінде оқыту ата-ананың жазбаша рұқсатымен жүзеге асады
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аймақтағы ұстаздар қауымымен кездесуін жалғастыруда, - деп хабарлайды Абай-ақпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы облысының мектеп директорлары мен мұғалімдері министрлік басшысынан білім мен ғылымның дамуына қатысты жалпы жоспар туралы біліп, өздерін мазалаған сауалдарға жауап алған болатын. Ал жуырда министр Алматы қаласының ұстаздар қауымымен кездесті, жиынға 700-ден астам адам қатысты. Министрдің 10 наурыздағы Алматы мен
Мектепке дейінгі білім
Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мәселесі туралы айтқанда Ерлан Сағадиев мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі әрі қарай да жалғасатынын, өйткені бұл балабақшадағы орын тапшылығын реттеудің тиімді шешімі болып отырғанын айтты. 2016 жылы 825 мектепке дейінгі білім беретін мекеме ашылса, соның 600-і жекеменшік балабақша екен. Осының есебінен 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 85%-ға өскен.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін қолдай отырып, заманауи талаптарға сай жаңа санитарлық нормаларды енгізу жоспарланып отыр. Жаңа санитарлық нормалар 3 ай бойы мамандардың қатысуымен талқыланып, қазіргі кезде қол қою үшін жауапты министрліктерге жіберілген. Сондай-ақ, министр балабақшаның кезегін де тәртіпке келтіру, жемқорлыққа жол бермеу туралы айтты.
Бұл мақсатта бүкіл балабақшалардың кезегі бірыңғай республикалық кезекке біріктіріледі, балабақшаға жолдама беру автоматтандырылады және электронды үкіметтен беріледі. Осылайша, ата-аналар ең үздік мекемені таңдай алады (мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын), мемлекеттік тапсырыс сол таңдалған мекемеге беріледі. 2016 жылы тәрбиешілердің біліктілігін көтерудің бірыңғай бағдарламасы жаңартылған болатын, осының есебінен балабақша бүлдіршіндеріне білім мен тәрбие берудің де сапасы артпақ. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру саласына енді даярлық сыныбы енгізілмек. Мектептер мен балабақшалардың даярлық сыныбында балалар «Әліппені» оқиды. Биыл даярлық сыныбы пилоттық жоба ретінде 1000 мектеп пен балабақшаға енгізілмек.
Орта білім
Орта білім берудегі басты жүйелі өзгеріс ретінде жаңартылған мазмұнға көшуді айтуға болады. Министр Қазақстанның жаңартылған мазмұнды кешігіп енгізіп жатқанына назар аударды. Жаңартылған мазмұнға сай, функционалды сауаттылыққа ерекше мән беріледі, яғни біліп қана қоймай, істей алу керек. ЭЫДҰ-ға кіретін 35 ел бұл жүйеге 15 жыл бұрын көшкен, өйткені 20 жыл бұрын заманның талабын түсінген, нақтырақ айтқанда, әр екі жыл сайын ақпараттың екі еселенетінін, ал 5 жылда кейбір мамандықтардың жойылып кететінін түсінген.
Дегенмен, Ерлан Сағадиев 4 жылда бұл ауысуды тиімді жүзеге асыруға болатынын айтты. 2016 жылдан бастап бірінші сыныптар жаңартылған мазмұнмен оқи бастады, ал биыл 2, 5 және 7-сыныптар жаңа жүйеге көшеді. Жаңа бағдарламаны игеру үшін 2016 жылдың жазында 74 мың мұғалім кәсіби біліктілігін арттырды, ал педагогтармен жұмыс істеу жыл бойына жалғасып келеді. Биыл тағы да 75 мың мұғалім оқытылады.
Мұнымен бір мезгілде 5 күндік оқу жүйесіне көшу және бастауыш сынып оқушылары үшін базалық оқулық енгізу де жүріп жатыр. Министр көпшілікті толғандыратын үштілділік мәселесіне де тоқталды. Ерлан Сағадиев қазақ тіліне басымдық беріліп келгенін, солай жалғаса беретінін айтты. Оның үстіне, қазір қазақ мектептерінде оқитын балалардың жағдайы да қуантарлық, қазақша сөйлейтін балалардың 90%-ы қазақ мектептерінде оқиды. Алайда, орыс мектептерінде оқыған балалар 11 жыл оқығаннан кейін де тілді тиісті деңгейде меңгермейтіні негізгі мәселе болып отыр. Осыған орай министрлік орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың әдістемесін де жаңартып, ғылыми негізделген, коммуникативті әдіске сүйенген деңгейлі бағдарламаға көшірмек. Бұл әдістеме биыл жекелеген мектептерде сынақтан өткізіледі. Жаңа әдіс ауызекі сөйлеуді дамытатын сөздік минимумына негізделген, бұрынғыдай оқып, мәтін аудару деген мұнда жоқ.
Министр орта мектептердегі ағылшын тіліне қатысты да сөз қозғады, биылғы жылдан бастап пәндерден ағылшын тілінде сабақ беретін 5 мың мұғалімді 9 айға дейін мектептен тыс тереңдетілген тілдік курста оқыту жоспарланып отыр. Биылғы күзден бастап бүгінгі күнге дейін ағылшын тілінде оқытып жүрген 120-дан астам мектептегі 2700 мұғалімнің қатары көбейіп, жүздеген сынып ағылшын тілінде оқуға көшетін болады. Пәндерді ағылшын тілінде оқу ерікті түрде жүреді, ол үшін ата-ананың жазбаша рұқсаты керек. Ерлан Сағадиев биылғы жылы көп сұрақтың жауабы табылатынын, атап айтқанда, дайындық уақыты, оқыту сапасы, мұғалімдер мен балалардың дайындығы сынды мәселелер шешілетінін айтты. Өйткені, осы жұмыстың қорытындысына сай, жоғарғы сыныпта 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту кестесіне көшу 2018 жылдың аяғында қабылданады.
Бұл өзгерістерден бөлек, министр еліміздегі мектеп оқушыларына берілетін үй тапсырмасының көлеміне де тоқталды. Балалардың үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақыты жөнінен Қазақстан 65 елдің ішінде 4-орында. Ал халықаралық зерттеу нәтижелері үй жұмысының көлемі мен білім саласындағы табыстың арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетеді. Бұл мәселені талқылау үшін ұстаздар мен білім беру саласы мамандарының қатысуымен 2 рет ауқымды жиын өтіп, оның қорытындысы бойынша үй жұмысын оңтайландырудың екі нұсқасы ұсынылды. Бірінші нұсқа бойынша үй жұмысы барлық пәннен қысқартылса, екінші нұсқа жекелеген пәндер бойынша үй жұмысын қысқартуды ұсынады. Екі нұсқа бойынша да үй тапсырмасын орындау уақыты орта есеппен күніне бір сағатқа қысқарады.
Министрліктің мектеп мұғалімдерін оқу процессінен тыс жұмыс пен жүктемеден босату үшін тиісті шаралар қабылдау туралы қадамын кездесуге жиналған ұстаздар қауымы қуана қолдады. Ерлан Сағадиев басқа мемлекеттік орган басшыларымен кездескенін, алдағы уақытта әкімдік және аймақтық білім беру басқармаларының өкілдерімен жиналыс жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Мектептегі ақша жинау мәселесі де министрдің назарынан тыс қалған жоқ. Ерлан Сағадиев демеушілік жасаудың өркениетті жолы бар екенін, бүкіл әлемде сол концепция қолданылатынын айтты. Гарвард сияқты жетекші оқу орнының өзі сол демеушілердің қаражатымен дамып келе жатқанына тоқталды. Мектептегі ақша жинау мәселесін шешу үшін әр мектепте қамқоршылық кеңесі құрылмақ, оған оқушылардың ата-анасы, «Атамекен» палатасы мен мәслихаттың өкілдері кірмек. Сондай-ақ, министр мектеп оқушыларына шкафтар қою ісін Үкімет қолдағанын жеткізді.
Ерлан Сағадиевтен кейін сөз кезегін алған мұғалімдер мен мектеп директорлары көптеген сұрақтарды қойып, білім беру саласын дамытуға қатысты идеяларын ұсынды. Мұғалімдер қауымын мазалаған негізгі мәселелердің бірі жаңартылған мазмұнға қатысты болды, ұстаздар оқушыға баға қою жүйесін қайта қарауды ұсынды. Министр мамандардың сауалдарына жауап беріп, педагогтар мен мектеп басшыларының қатысуымен талқылау ұйымдастыруға уәде берді.
Abai.kz