Біз мінген көліктер Алматыдан шығып, жаңадан төселген тақтайдай тегіс автобанмен зулап келеді. Аспан ашық, бірақ алыстан жаңбыр шақырған жабайы бұлттар түксиеді. Мақсатымыз – Іленің бойына жетіп жығылу. «National Geographic Қазақстан» журналының Іле өзені мен Балқаш көлін зерттеуге арнаған алғашқы экспедициясы осылай басталды.
Балқаш – үлкендігі жағынан әлемде 14-орында тұрған таңғажайып көл. Ал оның ең басты кереметі – батысы мен шығысындағы судың химиялық құрамы екі басқа. Яғни, оның бір жартысы – тұщы болса, екіншісі ащы келеді. Балқаштың тағы бір кереметі, оның шанағындағы су ешқайда ақпайды, тек булану арқылы табиғи тепе-теңдігін сақтап келеді. Буланған су құрамындағы тұздар мен минералдар аймақтың экожүйесін қажетті элементтермен қамтамасыз етіп отыр. Көл суының 80 пайызы Іле өзенінің үлесінде. Іле – ұзындығы 1439 шақырымдық (оның 624-і Қытай халық республикасы аумағында жатыр), Қазақстандағы ең үлкен өзендердің бірі. Оған көршілес елдің Күнес, Қаш, Қазақстанның Шарын, Қорғас, Шелек, Түрген, Есік, Талғар, Қаскелең, Өсек, Күрті және Қазақстаннан шығып Қытай арқылы қайта ағып келетін Текес секілді арынды тау өзендері құяды.
Іленің бел ортасына «Қапшағай» қонған. Ол – ұзындығы 180, ені 22 шақырымға жақын еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі. Жыл өткен сайын көл жағасындағы туризм қарқынды дамытып келеді. Қоғамдық белсенділер кейінгі кездері Қапшағай қаласына Д.Қонаев есімін беру туралы бастама көтеріп жүр. Бұл ұсыныс әділетті де секілді, себебі аймақтағы күрделеніп кеткен мәселені шешу үшін 1970 жылы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев «Қапшағай» су қоймасын салдырып, кейіннен жанына қала салып, жаңа ГЭС-ті іске қосқан болатын.
Алғашында су толтыру құрғақшылық кезеңіне сәйкес келіп, Балқаш көлінің деңгейі төмендеп кетті. Бірақ 1980 жылдардың аяғында суқойманы жоспарланған 28 емес, 18 шақ.³ деңгейінде қалдыруға шешім қабылданды да, Балқаш қайта қалпына келе бастады. Есесіне қазір «Қапшағай» су қоймасы экожүйені басқару кілтіне айналды. Сол арқылы мамандар Балқаштың су деңгейін қалыпты ұстап тұра алатын мүмкіндікке ие болды. Сондықтан бүгінде «Қапшағайды» болашақты барлаған, көреген жоба болды деп нық сеніммен айтуға болады.
Академик Рафик Чокиннің жобалауымен салынған өндірістік қуаты 364 МВт «Қапшағай» ГЭС-інің негізгі мақсаты – Алматы қаласы мен облыс аудандарының электр тапшылығын жабу. Соңғы жылдары Алматы облысының басшылығы мұнда балық шаруашылығы, әйнек зауыты, жел электр станциясы, т.б. жобаларды жандандырып келеді.
ГЭС құрылысы сол кездің әлеуметтік-саяси өміріне ерекше ықпал етіп, тіпті өнер адамдарына да ерекше шабыт берген секілді. Әйгілі суретші Әбілхан Қастеев 1972 жылы көл жағасында жамбастап жатып өзінің «Қапшағай ГЭС-і» картинасын жазғанын білеміз.
Ерте жарықта жетер жерімізге жетіп алайық деген оймен Қапшағайдан өткесін-ақ атқа қамшыны басқанбыз. Бірақ жолда қайта-қайта тоқтауымызға тура келді. Себеп – сол баяғы фото. Тұра қап сыртылдатып түсіре бастаймыз. Бұлтқа түскен күн, күнге күйген құм, құмда жортқан кесіртке иен даланы одан сайын сұлуландырып тұрған еді. Батқан күнге айдыны шағылысып, Іле өзенінің кең жайылмасы да көріне бастады.
Аралтөбе ауылының маңында Іле өзенінен шығысқа – Жиделі, батысқа – Топар деп аталатын үлкен тармақтар бөлініп шығады да, ары қарай мың-сан майда ағыстарға бөлшектеніп кетеді. Сөйтіп, көлге құлар тұста ол 8 мың шаршы шақырымдық үлкен аумаққа жайылады. Дәл осы жайылманың ғылыми атауы «Іле өзенінің атырауы» деп аталады.
Іле өзені атырауының адамзатқа қаншалықты маңызды екендігін оның «Сулы-батпақты алқаптарды қорғау конвенциясы» (Рамсар, Иран 1999 ж.) тізімінде тұрғандығынан-ақ байқауға болады. Өзінің осынау табиғи қасиетінің арқасында Іле атырауы ылғал мол жылдары суды бойына сіңіріп, құрғақшылықта қойнауындағы қорын қайта жарату арқылы Балқаш көлінің деңгейін ғасырлар бойы бірқалыпта ұстап келеді. Мұнда әлі адам аяғы тимеген жерлер бар екен. Сондықтан да Қазақстанда сирек құстар мен жануарлардың ең қолайлы табиғи ортасы саналады. Іле атырауында флораның 427, фаунаның 345 түрі кездеседі: қарақұйрық, сусар, ақбас үйрек, қызылжемсаулы қарашақаз, сазан, көксерке, пілмай, көкбас, ақмарқа секілді сирек жануарлар мен көшпелі жыл құстарының жұмақ мекені.
Қас қарая Қоскүмбез ауылына жеттік. Онда бізді Ахан Мырзахметов бастаған ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының қызметкерлері күтіп алды.
«Автокөліктеріңізді осы араға – өзен жағасына қалдырыңыздар, – деді Ахан. – Арқарға тура жол жоқ, ары қарай қайықпен кетеміз». Моторлы қайықты күнде мініп жүрмеген соң, алғашында аздап абдырап қалдық. Оның үстіне бұл кезде даланы көзге түртсе, көрінгісіз қараңғылық басып алған. Хош, ұрыста тұрыс жоқ. Жапа-тармағай су сәйгүліктерінің жалына жармастық.
Өзеннің кей жерлері таяз екен. Моторлы қайық қалақшасы суасты балдырларына шырмалып, одан қалса, қайырға шалынысып қала берген соң, әр жерге бір тоқтап, қақалған қалақшаларды тазалап аламыз да қайтадан тартып отырамыз. Тарам-тарам салаларда жол білген кісі болмаса, қалың қамыстың ішінде адасып кету оп-оңай. Анда-санда қайық төсі су бетін солқ еткізіп ұрып қалғанда, бейқам отырған кісінің жүрегін аузынан шығарып жіберердей болады. Айнала қап-қараңғы. Екі бүйірде иін тірескен қамыстан басқа ештеңе көрінбейді. Маңдайшамды жағып едім, онымды қайықшылар жақтырмаған соң, қайтадан сөндіре қойдым. Жеті қараңғы түнде қалай көріп келе жатқанына таң қаласың… Кейін байқасам, олар мотор даусынан-ақ бағдар алады екен. Картадан қарасаңыз, қол созым жер сияқты, бірақ Жиделіні құлдай жүзіп отырып, табаны күректей бір сағат дегенде Арқарға әрең жеттік. Онда бізді География институты «Арқар» стационарының қызметкері Бауыржан Жұмабеков аға қарсы алды. Үй иелерінің мол дастарханы мен дархан пейілі шаршағанымызды заматта ұмыттырғандай, су соққан сүлдемізді дереу жинап алдық.
Таңғы шайдан кейін институт мамандарымен бірге Иір-Майтан көлдер жүйесінің су деңгейін өлшеуге шықтық. Сала-саланы қуалап жүзіп жүрміз. Түнде байқамаппын, айнала сондай ғажап екен! Қамыс сыбдыры мен су сылдыры кіл талантты музыканттарды жинаған оркестр секілді жаныңды ләззатқа бөлейді.
Арқар ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен күнелтеді. Нағыз рахат өмір осы кісілердікі ме дейсің. Жылқы-сиырын қалың қамыстың арасына айдап жіберсе, кешке қарай өздері-ақ торсиып тойып шыға келеді. Хайуан шіркін, қайыққа мінуді білмейді ғой, сондықтан да ешқайда қашып кете алмайды. Жан-жақтың бәрі – су.
Соңғы жылдары тау мұздықтарының жылдам еруі етектегі елдің мазасын ала бастады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, егер мұздықтар осы қарқынмен ери берсе, Іле өзенінің құрғап қалу қаупі бар. Себебі, жазық өзендері – қардың, тау өзендері – мұздықтардың еруіне тікелей тәуелді. Бірақ география ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбай Достайдың пікірінше: «Алатау мұздықтарының еруі су тасқынының жиілеуіне әсер етпейді. Мұздықтар жер беті мен жер асты бөліктерінен тұратындықтан тек жер беті мұздығының еруі белгілі бір уақыттарға дейін Іле суын көбейтуі мүмкін. Ал жер асты мұздықтары ерігенге дейін климат қайта суытып, мұздықтар қалпына келеді. Осылайша цикл қайталанады». Айтқан жерден аулақ дейміз, бірақ егер Іле атырауы жойылып кетсе, Балқаштың екінші Аралға айналуы әбден мүмкін…
Арқарда екі күн болып, ары қарай атырау бойлап жүзіп кеттік. Қалың қамысты жағалап келеміз. Бағытымыз – Иір-Майтан көлдер жүйесі. Екі бірдей моторлы қайықты керек-жарағымызға белі қайысқанша толтырып алғанбыз. Жарықтық көнерген мотор дауысы тып-тыныш әлемді азан-қазан ғып басына көтеріп зымырап барады. Бірқазандар мен су бүркіттері, үйректер мен топтасып ұшқан торғайлар «тыныштығымызды бұзған бұ кім» дегендей бізге наразы кейіпте пырылдап ұшып жатты. Не деген көркем көрініс! Айтып тіл жеткізе алмайды. Іле атырауының осыншалық сұлулығын мен бұрын көрмеген едім. Кеудемді әлдебір ыстық қан шымырлатып өтті. Туған жерді сүю деген қастерлі ұғым бәлкім осы болар?!. Қойнымызға сала шыққан Қазақстан туын төбемізге бір-ақ көтердік…
Бір кезде қалың қамыстың арасында жол таппай адастық та кеттік. Қайықтарымыздың бауыры тағы да қайырға тіреліп, жүзе алмай қалды. Демек «су қашып» барады деген сөз. Ал енді өткел тауып көр.
– Бұл қай жер? – дедім, ең болмаса, адасқан жеріміздің атын біліп алайын деген оймен.
– Асаубай көлі. Таяуда ғана осы жермен өткем, өткел бар болатын, – деп жауап берді қайық айдаушы жергілікті жігіттердің бірі. Болған жайдан өзінің қатты қысылып тұрғаны байқалады.
– Тұра бергеніміз болмас, қайықты сүйреп алайық. Тереңдеу жерге келгенде қайта мінерміз, – дедім білгішсініп. Ішімнен «адаса берсек екен» деп тұрған секілдімін. Себебі, мынандай сұлулықты көздің қиып тастап кету мүмкін емес еді.
Не керек, қамыс арасын шиырлап жүріп, үш-төрт сағат дегенде жолды әрең таптық. Белуардан су кешіп, қайықтарымызды біріміз жетектеп, біріміз итеріп келеміз. «Әттеген-ай» деген ешкім жоқ. Шетелдік әріптестеріміз тіпті мәз.
Түс ауа, әйтеуір, Иір-майтан көлдер жүйесінің дәл ортасында орналасқан Шұбарқұнан ауылына да келіп жеттік. Мұнда бізді «Әмірбек» шаруа қожалығының басшысы Зейнетулла Кәрібаев деген азамат күтіп алды. Өзі ақжарқын, әңгімешіл әрі әзілқой жан екен. Ел-жұрт оны еркелетіп «Зика» деп атайтын көрінеді. Баянда құйқылжыта ойнағанын көрсеңіз! Ол бізге өлке тарихы жайлы біршама қызықты мағлұматтар берді. Іленің саласы ирелеңдеп аққандықтан Иір аталып кеткен, екінші жағында Майтан деген шоқы бар. Осы екі аралықтағы бір-бірімен жалғасып жатқан көлдерді «Иір-майтан көлдер жүйесі» деп атайды. Майтан шоқысына бір кездері қазақтың ең соңғы ханы әйгілі Кенесары Қасымұлы келіп тоқтаған деседі. Осы маңда әлдебір шайқасқа қатысты ма, жоқ басқа ма, ол жағы белгісіз. Төбенің күншығыс жағында Хан Кененің інісі Наурызбай батырдың атымен аталатын да жер бар.
Бұл даладан адам тілімен айтып жеткізе алмайтын ерекше бір энергетика сезіледі. Қанша дегенмен қазаққа, жарықтық, Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтай ұлы перзентті берген өңір ғой!..
Авторы: Мақсат ЯСЫБАЙҰЛЫ, Фото: Ерболат ШАДРАХОВ
Abai.kz