Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5295 0 пікір 14 Қазан, 2010 сағат 08:14

Әлия БӨПЕЖАНОВА, әдебиет сыншысы: Өнерді саясаттандыру – өнердің өз табиғатын елемеу деген сөз

Әдеби сын деген дүние - әдебиет әлеміндегі ең бір күрделі жанр. Күрделі болатыны - екінің бірі бел буып бара бермейді. Оның үстіне, сын айту үшін де өре, талғам және жігер керек. Міне, осы тұрғыдан қарасақ, Әлия Бөпежанованың есімі өзге қаламгерлерден оқшаулана, даралана түседі. Журналистика академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты деген атақтарынан гөрі, «сыншы» деген атының өзі бізге әлдеқайда артық көрінетіні содан шығар.

Егер «Дат, тақсыр!» айдарында қонақ болған қаламгерлердің сөзін салмақтасақ, сыншының сөзіне сын көзбен қарап көріңіз - сұхбатымыз мінеки.

 

- Әлия ханым, сіз - әдебиет сыншысысыз. Әңгімені сын тақырыбынан бастасақ. Шы­ныңызды айтыңызшы, сіздіңше, дәл қазіргі уақытта сын садағына іліне қоятын әдебиет бар ма?

- Сізге бірден айтайын, менің жауабым сіздің көңіліңізден шықпауы мүм­кін. Өйткені сауал әдебиеттің, яғни әдеби сынның негізгі міндетінен алыс­тау және тұнып тұрған қарама-қай­шылық.... Әдеби сынның міндеті - әде­биетті сын садағына алу емес, онда өтіп жатқан үдерістерді зерделеу, сараптау, сол арқылы қоғамдық-әлеуметтік үде­ріс­терге шығу. Көркемдігі жоғары жаңа шығармалар туралы мүмкіндігінше пі­кір­­лер білдіріп отыру.

- Солай шығар, алайда жазушы қауым арасында бүгінгі күні әдебиетте сын көтеретін шығармалардың жоқтығы көп айтылады.

Әдеби сын деген дүние - әдебиет әлеміндегі ең бір күрделі жанр. Күрделі болатыны - екінің бірі бел буып бара бермейді. Оның үстіне, сын айту үшін де өре, талғам және жігер керек. Міне, осы тұрғыдан қарасақ, Әлия Бөпежанованың есімі өзге қаламгерлерден оқшаулана, даралана түседі. Журналистика академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты деген атақтарынан гөрі, «сыншы» деген атының өзі бізге әлдеқайда артық көрінетіні содан шығар.

Егер «Дат, тақсыр!» айдарында қонақ болған қаламгерлердің сөзін салмақтасақ, сыншының сөзіне сын көзбен қарап көріңіз - сұхбатымыз мінеки.

 

- Әлия ханым, сіз - әдебиет сыншысысыз. Әңгімені сын тақырыбынан бастасақ. Шы­ныңызды айтыңызшы, сіздіңше, дәл қазіргі уақытта сын садағына іліне қоятын әдебиет бар ма?

- Сізге бірден айтайын, менің жауабым сіздің көңіліңізден шықпауы мүм­кін. Өйткені сауал әдебиеттің, яғни әдеби сынның негізгі міндетінен алыс­тау және тұнып тұрған қарама-қай­шылық.... Әдеби сынның міндеті - әде­биетті сын садағына алу емес, онда өтіп жатқан үдерістерді зерделеу, сараптау, сол арқылы қоғамдық-әлеуметтік үде­ріс­терге шығу. Көркемдігі жоғары жаңа шығармалар туралы мүмкіндігінше пі­кір­­лер білдіріп отыру.

- Солай шығар, алайда жазушы қауым арасында бүгінгі күні әдебиетте сын көтеретін шығармалардың жоқтығы көп айтылады.

- Әдебиет болған, бола да береді. Қазіргі таңда да жақсы әдебиет бар. Ал сын садағына ілуге болатын дүниелер де жеткілікті. Бірақ, меніңше, нашар дү­ниелерді сынап уақыт кетіргенше, сын жақсы үлгілерді сөз етуі керек. Әде­биет өз-өзінен, яғни вакуумда күн кеше алмайды, сондықтан да әдебиет, жалпы, өнер туралы салиқалы әңгіме БАҚ пен ЭБАҚ-та (электронды БАҚ) кеңінен айтылып, оның идеялары қалың көпші­лікке жетуі, қажет десеңіз, насихатталуы қажет.

Осы ретте мен мына мәселенің қат­ты алаңдататынын айтқым келеді. Ол - бүгінгі таңда БАҚ пен ЭБАҚ-тың нағыз әдебиеттің, жалпы өнердің өзі туралы әңгімелерден гөрі жалпылама, «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» мәселе көтеріп, жоқ жерден мәселе тауып, оны тал­қылауға үйірлігі. Бұл - кәсібилік жетіс­­пейтін ортада ғана болатын ахуал. Ал мақсаты оқырман, көрермен тарту болса, бұл - арзан стратегия. Және айтарым: мұндай стратегияның БАҚ пен ЭБАҚ-тың өзіне де, әдебиетке де, демек, оқырманға да берер пайдасынан зияны көп екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Ал әдебиетке, өнерге қатысты көтерілетін мәселелер жеткілікті және оны салиқалы түрде сөз ету - едәуір дайындықты, білімді қажет етеді...

- Әдебиет - қоғам айнасы. Алайда бүгінгі қаламгерлер қоғамды сол айнадан айна-қатесіз көрсете алып жатыр ма?

- Әдебиет - қоғамның көркем айнасы, әдеби шығарма өмір-әлемді фило­софиялық тұрғыдан зерделей алғанда ғана бағалы. Мұндай үлкен зерделеу­лер белгілі бір уақытты қажеттейді.

Қазір біз қанша дегенмен өтпелі кезеңде өмір кешіп отырмыз. Бір саяси жүйеден екіншісіне толық көшу аяқтала қойған жоқ. Сондықтан да әдебиетте де іштей дайындық, бүгінгі өмірімізді пәл­сапалық тұрғыдан зерделеу үдеріс­тері жүріп жатыр деу керек. Мұны мен ірі жанрлардағы ізденістерге байланыс­ты айтып отырмын. Ал шағын жанрларда, әсіресе әңгіме жанрында бүгінгі өмірі­мізді айна-қатесіз көрсететін туындылар жеткілікті.

- Сіздің сол айта-айта қыр ар­қасы көрінген өтпелі қо­ғам­ыңыздан шығады, біздің дәл осы тәуелсіздіктен кейінгі қоғам көрінісін: биліктің белге салар әрекетін, сыбайласқан жемқор­лықты, қазақтың ұлттық мәсе­лесін тәуелсіз әдебиет иін қан­дыра суреттеп жүр ме? Егер ондай әдебиет бар болса, қай жазушының қандай шығарма­сын атай алар едіңіз?

- Бүгінгі әдебиетте қазіргі өміріміздің көркем картинасы, замандастың өмір ұстанымы, жан дүниесі, біртұ­тастығын жоғалтқан қоғам адам­дарының жан күйзелісі, жалғыздығы, ақ пен қараның тартысы, өзіңіз айтып отырған мәселелер - бәрі де қазіргі әдебиетте көрініс тауып отыр. Айталық, аға буыннан прозада Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынәлі Рыскелдиев, проза мен драматургияда Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов туындыларын оқып көріңіз. Бүгінгі күн тынысын беруде, әсіресе орта буын өкілдері Несіпбек Дәутаев, Қуаныш Жиенбай, Серік Асылбеков, Жұмабай Шаш­тайұлы, Қуандық Түменбай, Тұрыс­бек Сәукетай, Рахымжан Отарбаев, тағы да басқа бірталай прозашы өнімді еңбек етіп келеді. Тынымбай Нұрмағам­бетовтің Әуе­­зов театры сахнасында жүріп жатқан «Қожанәсір тірі екен...» комедиясын барып көріңіз. Сіз айтып отырған мәселе­нің бәрі бар. Көркем зердеден өткен бүгінгі қоғамның бей­несі, дәлірегі - бүгінгі қоғамның бір қыры.

Әдебиетімізге тәуелсіздік кезеңінде келген жастардың шығармашылығы да толымды әңгіме көтеруді талап етеді. Олардың нысаны - тұнып тұрған бүгінгі күн, бүгінгі заман. Әдебиетімізде, жалпы өнерде жүріп жатқан көркемдік-эстетикалық ізденістер туралы әдемі әңгімелер айтуға болар еді. Бұл тұста прозашылар Асылбек Ықсан, Дидар Амантай, Асқар Алтай, Мақсат Мәлік, Мадина Омаровалар, әдеби сын, өнертануда Әмірхан Балқыбек, Аман­гелді Кеңшілік, Ардақ Нұрғазы, Ерлан Жүніс сынды есімдерді атау керек. Жалпы, бүгінгі әдебиетімізде, тағы да айтайын, көптеген қызғылықты үдерістер жүріп жатыр, жақсы шығармалар көп. Осының бәрін Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың өлеңіндегідей, «біздерде мынадай бар, мынадай бар...» деп, са­лиқалы да мазмұнды әңгіме қозғау қажет-ақ. Тәуелсіздік кезеңіндегі әде­биет­ті жан-жақты талдап, зерделей­тін үлкен бір конференция жасау қажет­тілігі туындайды. Мұны не Әдебиет пен өнер институты немесе Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыруға тиіс шығар.

- Қоғамда «Ақын-жазушылар­дың еңбегін журналистер ат­­қарып жүр» деген пікір айтылады. Сіз - әдебиеттің сыншысы ғана емес, журна­листикаға да еңбегі сіңген қаламгерсіз. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Келісе алмаймын. Өйткені әдеби-ет - өнердің бір түрі болса, журналистика өз алдына жеке-дара әлеуметтік инс­титут. Әңгіме бүгінгі таңда қоғам үшін журналистиканың аса маңызды болып отырғаны туралы болса - сөз басқа. Журналистиканың аудиториясы кең, қоғамға әсері үлкен. Осы ретте журналистика әдебиетке, өнерге үлкен жанашыр, көмекші бола алар еді. Мысалы, қазіргі телеарналарда әдебиет пен өнер туралы, кітап туралы бірде-бір арнайы бағдарлама жоқ. Мұның өзі көп нәр­седен хабар береді... Сондай-ақ өсер елдің тірлігі емес. Орайы келгенде айта өтейін, жуырда ғана қазақтың ұлы актрисасы Фарида Шәріпова дүниеден өтті. Телеарналар дүние салғанын, содан кейін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі туралы ақпарат берді. Ал «7-арна» жексенбі күнгі сараптамалық «Ны­сана» бағдарламасында Фарида Шә­ріповаға арнайы сюжет арнады. Жұртшылық аса ырза болды. Өзге арналар тым-тырыс. Таңғаласыз - қаз­ақта Фарида апамыз екеу емес қой... Журналистиканың әде­биет пен өнер­дің міндетін атқаруы шарт емес, өз міндетін абыройлы орындаса, жетіп жатыр. Өзіне де, қоғамға да үлкен пайда.

- Ал жазушылар арасында бұдан бұрын қаламақы, кітап тиражы, баспаның жоспарына ілінбей қалған кітаптар сияқты мәселелер көп көтерілетін. Бұл тізімге сіз нені қоса аласыз?

- Бұл мәселелер бүгінгі таңда да өзекті. Ең өзектісі - қаламақы мәселесі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басылымдар мен радио-телеарналардың жағдайы қиын болғанда, жазушы қауы­мы «Қаламақы төлемесеңдер - төле­меңдер, тек газет-журнал, теле-радио­арналар жабылып қалмасын», - деп, жанашырлық көрсеткен. Қиын кезеңдер артта қалды. Бірақ қаламақы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде жазушылар кітап шығар­ғаны үшін ғана емес, радио-тедеар­на­дағы сұхбаттары, газеттегі материалдары үшін де жақсы қаламақы алатын. Ал шетелдерде ша­ғын сұхбат бергеніңіз үшін де қалам­ақы аласыз... Бұл дегеніңіз үлкен мәде­ниет, мемлекет мәдениетінің көрсеткіші. Біздегі бүгінгі жағдайды бүгінгі телеарналар мен басылым­дар­дың және кітап шығаратын баспа­лар­дың заң бұзу­шылығы деу керек... Бұлай жалғаса бермейтін шығар, мәсе­ле шешімін тауып қалар...

- Қалам ұстаған әйел қауымы ер азаматтар тарапынан еңбекте­рінің еленбей жатқанын айтады... Әрине, кейбіреулері...

- Әдебиет пен өнерде ер мен әйел деп бөліп жатудың жөні жоқ. Жалпы, әдебиет дегеніңіз - адамның жан са­ғынышы, мөлдірлік, тазалық екенін ойлағанда, әйел қаламгерлердің өмір­дің небір құбылыс, қалтарыстарын нәзік сезінетінін, сол арқылы үлкен мәселе­лерге шығатынын көреміз. Қазіргі әдеби үдеріске көз салсаңыз, өнімді жазып жүрген қаламдастарымыз баршылық. Әсіресе, әдебиетке жастар­дың ұмты­лысы мол. Бұл тұста мен прозашылар Мағира Қожахметова, Шәрбану Құ­марова, Нарбинь Кенже­ғұлова, Роза Мұқанова, Лилия Калаус, Заря Жұма­нова, Ділдар Мамырбаева, Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбек, кейінгі жас­тардан Мадина Омарова, Майра Фазыл, тағы да басқа көптеген есімдерді атар едім. Бұлардың еңбек­тері ер азамат­тар тарапынан елегеннен гөрі, оқырмандарға жетуі жағынан шешімін табуы қажет. Яғни ортақ проблема - кітаптың шығуы және оқырманға жетуі проблемасы. Ал бүгінгі жастар көптеген шығармаларды интернеттен оқитын­дықтан, әдеби сайттарды көбейтіп, оның толыққанды жұмыс жасауына да көңіл бөлу мәселесі туады.

- Әдебиет сыншысы болған соң, кез келген дүниеге сыни көзбен қарай аласыз ғой. Мәселен, қоғамдық, әлеуметтік, саяси мәселелер дегендей... Жалпы, әдебиет мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына тәуелді деген пікірмен келісесіз бе?

- Тәуелді деуге болмас. Өйткені жазушының нысаны - әлем-ғалам, қия­лы жүйрік. Бірақ ол көркемдік құрал, көркем бейнелеу арқылы өзі өмір кешіп отырған қоғам бейнесін жасай алады. Мысалы, Ф.Кафканың атақты «Қорған» романы сол кездегі Австрияның, бері­рек келсек, О.Памуктың Нобель сый­лығы берілген «Қызыл қар» романы - ғасыр басындағы Түркияның қоғамдық-саяси ахуалының көркем бейнесі. Мұндай романдар бізде туатынына сенемін. Оған уақыт керек.

- Олай болса, реті келген мына бір сұрақтың жөнін айта ке­тіңізші, биліктегі «халық қа­лаулылары» - шенеуніктердің 80 пайыздан көбі қазақтардан болса да, ұлттық мәселеге келгенде үнемі жалтақ, бойкүйез. Неге?

- Халық қалаулыларының негізгі міндеті - халықтың өмірін жайландыратын, бүгініміз бен болашағымызды жарқын ететін заңдар қабылдау. Яғни, мысалы, мәдениет, руханиятқа байланысты ондағы адамдардың құқын қор­ғайтын заңдар қабылдануына үлес қосу. Мысалы, біз әңгіме еткен қалам­ақы мәселесі немесе мәдениет қызмет­кер­лерінің, мұғалімдердің еңбекақысын кө­теру мәселесі. Ұлттық деген ұлы ұғым - арзан популизмнің, жоқ жерден жау іздеудің құралына айналмауға тиіс. Кез келген мәселені жан-жақты көтеру үшін әйтеуір ұлтшыл болу аз, оған үлкен дайындық, жан-жақты білім қажет шығар. Менің жеке пікірім - әркім өз ісі­мен айналысуы қажет, жазушы кітабын жазуы, режиссер киносын түсіруі, әнші әнін айтуы қажет. Ал парламентте мықты саясаткерлер, заңгерлер отыруы шарт. Күндердің күнінде бұған да келерміз.

- Сол парламенттегі азаматтарыңыз халық сенімінен шығып қалған жоқ па. Оған дәлел көп. Соңғысы, жуырда парлементтің бір отырысында өтті. Онда Петропавл қаласының атын Қызылжарға өзгерту туралы ұсынысқа сенатор Симамбаев қарсылық білдірді. Сіздіңше, оның қарсылығы өз жүрегі қалауымен істеліп отыр ма, жоқ әлде басқа себеп бар ма?

- Сенатор Симамбаевтың неге қар­сы шыққанын білмедім. Дей тұрғанмен жаңа да айттым ғой, жалпы, мен жоқ жерден жау іздеп, кімді болса да қара тақтаға ілу сияқты әдеттерді қолда­маймын. Ал Петропавлдың ерте ме, кеш пе, Қызылжар аталатыны анық.

- Сіз бір сұхбатыңызда қазақ киносы туралы жақсы пікір айтыпсыз. Жуырда «Еуразия кинофестивалі» аяқталды. Алайда бәйгені қырғыздар әкетті. Дегенмен бізде Кеңес үкіметінде іргетасы қаланған, талай көркем картина жасаған «Қазақфильм» киностудиясы бар. Бірақ киномыз жоқ. Мұның себебін біреулер талантты режиссер мен сценаристің жоқтығымен түсіндірсе, енді біреулері Қазақстанда кино боларлық тақырыптың таяздығы деген уәж айтады. Сіздің ойыңызша, мұның жөні не екен?

- Жүке, сіздің ұшқырлығыңыз, қай мәселеде де жан сергектігіңіз ұнайды. Алайда «Қазақфильм» киностудиямыз бар, киномыз жоқ» деген байламыңыз тым орынсыз ғой. Қазақ киносының жарқын тарихы бар. Қаншама мықты фильмдеріміз бар. «Еуразияның» бұл жолғы бас жүлдесін қырғыз режиссері алса, өткен жолы біздің танымал режиссер, атақты «Отырардың күйреуін» түсірген Ардақ Әмірқұлов алған. Бізде талантты режиссерлер де, сценаршылар да бар. Тәуелсіздік жылдарының өзінде қаншама фильм түсірілді. Жаңа есімдер шықты, режиссерлердің тұтас бір буыны тәрбиеленді. Бірақ кино тек шығармашылық емес, өндіріс те, яғни үлкен қаржыны қажет ететін сала.

Ал қазақ киносы туралы да небір пікірдің айтыла салуы - кино туралы, жалпы, өнер туралы кәсіби әңгімелердің аз айтылуына, киношығармалардың аз талдануына да байланысты сияқты.

- Өткен жылдары режиссер Ермек Тұрсынов «Келін» деген «өзгеше» картина жасап еді, өре түрегелдік: қазаққа жат, ұлтты адастырады деп, депутаттар бастап «ит қосып қудық». Шынымен, Тұрсыновтың түсіргені қазақты адастыратын фильм бе, жоқ әлде қазақ «адасып» болып, жаңа киноны қабылдай алмай отыр ма?

- Ермек Тұрсынов - өте талантты және кинодағы кәсіби азаматтардың бірі. Қазақты өзгеден кем сүйеді деп айта алмаймын. «Келін» - көне мифоло­гия­­ның жаңа интерпретациясы. Бұл фильм туралы дау әлеуметтік жазық­тыққа өтті, тіпті саясаттандырылып жібе­рілгені өкінішті. Әрине, фильмді әр­кім өзінің көрермендік тәжірибесіне байланысты қабылдап, пікір білдірді. Режиссердің жеке басына тіл тигізу, тіпті ұлттың жауы етіп көрсетуге ұмтылыс бол­ды. Мұндай кездері БАҚ-та, ЭБАҚ-та кәсіби әңгімелер, талдаулар жасалуға тиіс еді. Ал осындай жағдайларға байланысты айтарым - өнерді саясат­тан­дыруға ұмтылу - өнердің өз табиғатын елемеу деген сөз. Өз табиғатынан ажыратылған өнер - өнер емес.

Сөз соңында айтарым: бүгінгі таңдағы басты бір дерт - нигилизм болып отыр. Кез келген нәрсені жоққа шығарып, төпеп сынай жөнелу осыдан туады, білімсіздіктен, бейкәсі­биліктен өрбиді. Әдебиет туралы алыпқашпа ду-дулардың орнына маз­мұнды да рухани әңгімелерге орын берілсе, қоғам­ның да мәдени қабаты құнарлана түсер еді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ

«Общественная позиция» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435