Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 22946 87 пікір 3 Мамыр, 2017 сағат 07:09

Көріпкел ақын. "Төбет болып қаншықтар, Еліне қарай үреді"

Біздің бұрынғы замандағы ата – бабаларымыздың ішінен небір болашақты болжаушылар, көріпкелдер, емшілер т.б. ғұлама ғалымдар көп шыққан. Олардың қатарына асқан әулие, көреген, алдын бірнеше ғасырлар бұрын болжай білген Алшын батырдың арғы атасы Мөңке би бабамызды, 18 ғасырда өмір сүрген  Абылай ханның бас батыры Қабанбай батырды, Райымбек батырды, Әулие Бекет - Пір Атамызды т.б. көптеп келтіруге болады. Бұл жерде ерекше атап өтетін жағдай әйгілі Нострадамустан, сан ғасырлар бұрын өмір сүрген Мөңке би бабамыздың болжамының бірде – бір сөзінен де, өлең тізбегінен де қателік таба алмаймыз.

Сол әйгілі көріпкелдердің қатарынан Адайдың бес жүйрігінің бірі Кенже Ақтан Керейұлын да (1850-1912 жж) көре аламыз:

«Бісімілә рахман рахим –

Әуелі бастар сөз еді.

Асыл сөзді түсінер

Қазағым дархан ел еді.

Таусылмайтын көңілі

Ағайынға мол еді.

Сарқылмайтын байлығы

Жарқыраған көл еді.

Ағалары ініге

Үлгілі ұлы жол еді.

Ер азамат сөз бастап

Қызыққа елім толы еді.

Үлкенге кіші бағынып

Заңы елдің жөн еді.

Аталардың ақ жолы

Барлығына сән еді.

Аталардың ақ сөзі

Елімізге дәрі еді.

Жақсылар елді басқарып

Жаманшылық әрі еді

Бүгінгі елден ерлерім

Тірі еді және ірі еді.

Жаманшылық болса да

Алдағыны болжасам –

Қара бұлт төніп келеді

Тыныш тұрған еліме

Ақырдың бұлты төнеді.

Төнген күні, ағайын,

Жақсыны жаман жеңеді

Ақсақалдар биік шың

Асқар тауға тең еді.

Елестетер келер күн

Аласа жаман төбені

Асылдың сөзі жүрмейді

Билігін елге жүргізер

Адамның жаман-төмені.

Асылдардан күн кетер,

Қолында болмай дерегі.

Жаманға жақсы бағынып,

Қамауда жапа шегеді.

Басшылары елімнің

Басына елдің тебеді.

Ел басқарған жақсылар

Еліне бұрмас жүрегі.

Саудамен сартқа айналар

Елдің біраз бөлегі.

Ақшасына сүйеніп

Қыран болып қара құс

Ағайынды бүреді.

Жылан болып кесіртке

Ысылдап шағып жүреді.

Төбет болып қаншықтар,

Еліне қарай үреді.

Арыстан болып түлкілер,

Көкжалға қарай келеді.

Жабылар шауып бәйгіде,

Арғымаққа арба жегеді.

Ақылды асыл азамат

Жамандарға иіліп

Маңдай терін төгеді,

Насырын жерге бүгеді

Өнегелі ақсақал –

Азаяр елдің тірегі.

Ағайын-туыс, дос-жаран

Бірін-бірі өлтіріп

Татулық шамы сөнеді.

Шайтаны бар шараптар

Елдің болар қорегі

Ағалардың ел басы

Нәжісі болар әлегі.

Жазылмас дерттер көбейіп,

Шомылып ұрық себеді.

Ақ жолдағы молдалар

Елін талап сөгеді.

Бақсы-балгер көбейіп

Еліне салар бәлені.

Бір-біріне азаяр

Адамдардың көмегі

Ел алдына шықпайды

Болса да жігіт өнері

Жомарттық кетіп байлардан,

Жетімге болмас берері.

Құл-құтандар би болып,

Арасын елдің бөледі.

Болжай алмай алысты

Аяқ астын көреді.

Ішерге елім тарылып

Қиын өмір сүреді.

Төрелік айтар билердің

Ақша болар керегі.

Өсірген қыз бен келінің,

Ойламас ата-енені.

Батасыз жастар қосылып,

Оттары жанбай сөнеді.

Тірі жетім көбейіп,

Мейірсіз өсіп-өнеді.

Керексіз болып туылар

Дүнияның тәтті бөбегі.

Ұят кетіп қызыңнан,

Жалаңаштар денені.

Жез тырнақты, жалбыр шаш

Кейпіне жынның енеді.

Ата-анасы ұл-қыздың

Айтқанына көнеді.

Той-мереке бастайтын

Ер адамның жолына

Әйелдер қағар шегені.

Келіндер өзі жүргізер

Топ бастайтын кемені.

Намыстан ерлер айырылып,

Бір келін топ бастаса –

Бірі қалмай ереді.

Әйел болып еркектер

Өсекті жиып-тереді.

Батыры елдің жауға емес,

Еліне атар жебені.

Осыларды болжаған

Кенжедегі Ақтанмын –

Әруақты аталар –

Барлығынан өтетін

Қазақты асыл деп еді.

Сондықтан да ұрпағым

Түзелер деп қыйсайып –

Сендерге бабаң сенеді!..

Жаратушы Алланың

Берері бізге көп еді.

Сыйынсаңыз Аллаға

Сарқылмас әсте берері».

Қазақ баласы Ұлы Жаратушы – Аллаға иман келтіріп, Алланың Хақ жолымен жүрсе бұл зұлматтан да аман өтеді дейді.

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

 

87 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052