Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 9308 20 пікір 7 Мамыр, 2017 сағат 13:23

Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған әскери парад өтті

Астанада Отан қорғаушылар күні мен Қазақстанның Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған әскери парад өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Парадтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қарулы Күштеріміз әр уақытта да  Тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді. Сіздер өздеріңіздің қасиетті борыштарыңызды адал атқарып, туған  жеріміздің тыныштығын қорғаңыздар, өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңізді, жауынгерлік дағдыларыңызды арттырып, жауынгерлік бауырластық пен бірлікті нығайтыңыздар. Мерейтойлық шерудің қазақстандық армияның әскери қуатын, жоғары рухын көрсететіндігіне сенімдімін», - деді.

«Ел тәуелсіздігімен бірге биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтіп отырмыз. Мен ширек ғасыр бұрын тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойған болатынмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Сайып қыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін, әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050»  бағдарламаның басты бағыттарының бірі болып саналады. Жауынгеріміз әлемнің әртүрлі түкпірінде бітімгершілік миссияларды өзіне алып, аабыроймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді батыр бабаларымыздың ерлік жолын одан ары жалғастыруға шақырып, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ризашылығын білдірді.

«Болашақ  ұрпақ  үшін Тәуелсіз қуатты Қазақстанды құруға мүмкіншілік жасағандарыңыз үшін барлық ардагерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің еліміздің Қарулы Күштері сіздердің жауынгерлік даңқтарыңызды жалғастырушылар, әкелеріміз бен аталарымыздың ерлік дәстүрін жалғастырушылардың символы. Отанды қорғау және оның қауіпсіздігіне қамқорлық таныту - еліміздің әрбір азаматының борышы әрі міндеті», - деді Мемлекет басшысы.

Әскери парадқа бес мыңнан астам әскер қатысып, 300 әскери техникадан құралған колонна жүріп өтті.

Ұшқыштар Астана көгінде 25 саны мен Бәйтеректің бейнесін салды.  ҚР ҚК-нің өкілдері 2017 жылғы парад ел тарихындағы ең көлемді парад болғанын атап өтті.

Парадты тамашалаушылар "Каз Град", "Смерч", "Прима" сияқты реактивті жүйелерді, БМП-2 әскери машиналарын, ТОС-1 "Солнцепек" от шашатын жүйелерді, "Штурм-С" танкіге қарсы зымырандар кешенін, БТР-80 машиналарын, "МСТА-Б" гаубицасын, "Гиацинт" батареяларын, "Тюльпан" минометтері мен "Точка-У" тактикалық зымырандарын көрді.

Негізгі әскери танкілермен қатар, "Арлан", "Хамер", "Кобра" және "Федерал" сияқты оқ өтпейтін көліктер де көрсетілді.  Көкке 70 әуе техникасы көтерілді.

Абай-ақпарат

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052