Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 17842 59 пікір 15 Мамыр, 2017 сағат 08:37

ҚР СІМ назарына! Ресей жастары Мәншүктің ескерткішін мазақ етті

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың Ресейдегі ескерткішін мазақ еткен бір топ жастың бейне жазбасы әлеуметтік желіде жария болды.

Бұл жағдай Ресейдің Псков облысына қарасты Невел қаласында болған. Біз құзырлы органдардан (ҚР СІМ, ҚР-ның Ресейдегі Елшілігі мен РФ-ның Қазақстандағы Елшілігінен) қазақтың батыр қызының "басына шыққан" жетесіздердің тағылық (вандализм) әрекетіне бейжай қарамауды талап етеміз.

Өйткені Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова сұрапыл соғыс жылдары дәл осы Псковтағы Невел қаласын қорғағаны белгілі. Қазақтың қаршадай ғана қызы ауыр жараланғанына қарамастан пулеметтен оқ бүркіп, асқан ерлік көрсетті.

Ал 1978 жылы Псковтағы Невел қаласында батыр қызға ескерткіш орнатылған-ды. Тіпті, қазір қалада Мәншүк Мәметова атындағы көше да бар. Батыр қыздың бейіті де Невел топырағында жатыр.

Ал орыс (Ресей азаматтары) жастарының батыр "қыздың басына шығуы" - ұлтаралық даудың білтесін тұтатар түрі бар. Бұл - бүкіл Кеңес одағына ерлігімен ортақ Мәншүк Мәметованың аруағын, қазақ халқының тарихи тұлғасын ашықтан-ашық қорлау.

Екінші дүниежүзілік соғыс естеліктері оңды-солды бұрмаланып жатқан қазіргідей кезде Қазақстанның әм РФ-ның құзырлы билігі бетімен кеткен бір топ жасқа шара қолдануы керек.

Айта кетейік, жақында Ресей Президенті Владимир Путин бұрынғы КСРО құрамында болған кейбір мемлекеттің Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігін жоққа шығарды. Дәлірек айтсақ, бүгінде саяси ұстанымдары бөлек Балтық елдері мен Гүржістанды соғыс жеңімпаздары сапынан сызып тастады. Ал Кремльдің саржағал саясаткерлері "біз екінші дүниежүзілік соғыста Украинасыз да жеңетін едік" деп бөсті.

Буыны бос бұндай сөздер бүгінгі саяси ахуалдың буымен айтылғанымен, тарихи шындықты Путин жазып шықпасы анық. Десек те, Ресейдің Украина, Грузия және Балтық елдерімен басы араз екені тағы да рас.

Орыс (Ресей азаматтары) жастарының тағылық, неоимпериалистік (басқыншы) әм шовинистік әрекеттері Кремль саясатының жемісі екені даусыз. Мәншүк Мәметованың ескерткішіне шығып, ойына келгенді жасау - батыр қыздың аруағын қорлау ғана емес, оның ерлігін де мойындамау емес пе?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

59 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052