Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4884 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 17:43

Дүкенбай Досжан. ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТУ ФОРМУЛАСЫ

Ханшатыры рәсiмiндегi Елбасының сәулетшiлiк, ұлтжандылық мiнез қыры

Кiсi тағдыры күнделiк дәптер секiлдi. Ертеңгiсiн ояна салып кешке дейiн тiршiлiк қабына ырзық-несiбеден не толтырдық... осы жүрiсiмiз дұрыс па, бұрыс па... бүгiн нендей шаруа тындырдық... жыл аяғында ұрынып жүрiп iстегенiмiз оң нәтиже бердi ме, жоқ па... жауабы ақ қағаздың бетiне жазыла бередi. Тағдыр күнделiгi қалыңдай түседi. Кәдуiлгi төменгi сыныпта көркем жазу жазғандай ғой.

2010 жылғы 5 шiлде тағдыр күнделiгiнiң бiрер беттiк толғанысы төмендегiше. Түс ауа бар тәуiрiмдi иығыма iлiп, бейне, қайын жұртқа жиналған күйеу жiгiттей сызылып Есiл өзенiнiң сол жағалауына жол алдық. Ханшатыры ғимаратының ашылу рәсiмiне қатыспақпыз. Күн еңкейiп қалған мезгiл. Қаланың батыс бетi жұрт аяғынан ызғысып кетiптi. Алыс-жақыннан қала күнiн тойлауға көп кiсi ат iзiн салған секiлдi. Әсiресе, биыл тойшы халықтың қарасы көп-ақ. Ала таяқты, қызыл жағалы тәртiп сақшыларының дәуренi жүрiптi, аттап бассаң кiдiртедi. Терiстiк батыста тәйкесiнен түскен арқар сақасы секiлдi Қазмұнайгаз ғимаратынан өткен соң-ақ кептелекке килiктiк. Қызылды-жасылды киiнген кiсi аяғы жүргiзбедi. Жеңiл мәшине мимырттап, көлiктен түсiп, көше пұшпағында мидай жазыққа орнаған, қазақы бөрiктей шошайған ғимаратқа жаяу тарттық.

Ханшатыры рәсiмiндегi Елбасының сәулетшiлiк, ұлтжандылық мiнез қыры

Кiсi тағдыры күнделiк дәптер секiлдi. Ертеңгiсiн ояна салып кешке дейiн тiршiлiк қабына ырзық-несiбеден не толтырдық... осы жүрiсiмiз дұрыс па, бұрыс па... бүгiн нендей шаруа тындырдық... жыл аяғында ұрынып жүрiп iстегенiмiз оң нәтиже бердi ме, жоқ па... жауабы ақ қағаздың бетiне жазыла бередi. Тағдыр күнделiгi қалыңдай түседi. Кәдуiлгi төменгi сыныпта көркем жазу жазғандай ғой.

2010 жылғы 5 шiлде тағдыр күнделiгiнiң бiрер беттiк толғанысы төмендегiше. Түс ауа бар тәуiрiмдi иығыма iлiп, бейне, қайын жұртқа жиналған күйеу жiгiттей сызылып Есiл өзенiнiң сол жағалауына жол алдық. Ханшатыры ғимаратының ашылу рәсiмiне қатыспақпыз. Күн еңкейiп қалған мезгiл. Қаланың батыс бетi жұрт аяғынан ызғысып кетiптi. Алыс-жақыннан қала күнiн тойлауға көп кiсi ат iзiн салған секiлдi. Әсiресе, биыл тойшы халықтың қарасы көп-ақ. Ала таяқты, қызыл жағалы тәртiп сақшыларының дәуренi жүрiптi, аттап бассаң кiдiртедi. Терiстiк батыста тәйкесiнен түскен арқар сақасы секiлдi Қазмұнайгаз ғимаратынан өткен соң-ақ кептелекке килiктiк. Қызылды-жасылды киiнген кiсi аяғы жүргiзбедi. Жеңiл мәшине мимырттап, көлiктен түсiп, көше пұшпағында мидай жазыққа орнаған, қазақы бөрiктей шошайған ғимаратқа жаяу тарттық.

Ханшатыры десе, дегендей! Құба дүз, жазира даланың жиегiне орнай қалған баяғы қас батырдың жорық қосыны секiлдi. Атам заманғы Күн Тектi - Күлтегiн, Бiлгiр - Бiлге, Құт иесi - Құтлық, Тұңғиық - Тоныкөк, Шығыс ханы - Шыңғысхан жер еңбегiн тескен дүбiрлi жорықта әрi ыңғайлы, әрi жеңiл қос алып жүргенi, тiзгiн тартқан жерiне дөңгелетiп шатыр тiккенi мәлiм. Бағзы баба рухымен қайыра тiрiлген тәбиядай шатыр самұрық құсша ұшып жетiп, алапат даланың бетiне қазiр ғана орнай қалғандай, сiрә. Құдайдың құдiретi деймiз ғой!

Ең әуелi Астана әкiмдiгi қала күнiне арнап зәулiм кешеннiң қас бетiне, көше iргесiне ашық стадион секiлдi - трибуна, жұрт отыруына ұзына бойғы ағаш орындық орнатқан. Ортасында Президент - Елбасы, мәртебелi меймандар тiзе бүгетiн орынжай, қос қапталына он-оннан жайдақ орындық құрылыпты. Үстiне түктi шикiл пүлiш жапқан. Көлеңкелi бастырманың оң қанаттағы Үiр-А бөлiгiне бұрылып, белгiленген орынға тiзе бүккенiмiз сол.

Мерекелiк салтанат ду ете түстi.

Әуелi ат тұяғының дүбiрi құлақ тестi. Ұзына бойғы алаңға батыр бабаның Ұлы Даланы сiлкiп оятқан мың сан ғаскерi кимелей леглiдi. Көз ұшындағы теңгенi жалғыз жебемен қағып түсiрер садақшы, шауып бара жатқан ат үстiнде найзасын шырқ үйiрген найзагер, шығыршықты торкөз кiреуке киген балуан денелi қолбасы - қолдай бет алдымыздан құйғытып өткенде екпiнiнен жау ыққандай едi. Келесi көрiнiс мамыражай өмiрге ұласты. Бой-басынан ұяты сезiлген, «Қара жорғаны» билеп, буыны жоқ бұратылған арулар. Көз жанары от боп жанып ат жалына жабысқан бозбала. Жiбек жолы керуенiнiң бас бұйдасын тартқан кәрияның көкiрегi жыр мен сыр. Оқалы шапан, оюлы камзол киген күймедегi кербез кейуана ұзатылған қызша сызылады. Өтiп бара жатқан бұл да бiр дәурен!

Осы бiздiң Елбасыға дүниенi суретпен көретiн, кеңiстiк пен сұлулықты құп үйлестiре бiлетiн, түпқазық идеяны түкпiрлеп сезетiн сәулетшiлiк мiнез қонған. Әуелгi нобай-нұсқасын өзi сызған Бәйтерек, дүниелiк архитектор Норман Фостерге ой салып, шабыт сыйлаған Пирамида, Ханшатыры сөзiмiздiң куәсi.

Қарсы беттегi Ханшатырына қарап отырып, магнит өрiсiне тап болғандай арбаламын. Бiрде жартасты ұрып бұрқыраған теңiз толқынының сарыны, келесiде сағыныш ұйыған көңiл күйiнiң тағдыр күнделiгi. Көркем жазудың құп үйлескен мәтiнiн оқығандай боласыз.

Бiраздан кейiн ұлттық дәстүр көшiнiң легiлген шеруi бiтiп, концерт басталды. Күй төресi Құрманғазының «Сарыарқасы» тартылды. Жүзге жуық аспап бiр нотаның асты-үстi үнiмен, зар заманнан бар заманға құлаш ұрып қалықтай күмбiрлейдi. Сәлден соң рампа сәулесiнiң астына аяғын санап басып италяндық ұлы тенор Андреа Бочелли шықты. Зағип жанның мұң мен шерi бала жастан көкiрегiне тұнған. Әншi дирижердiң сиқырлы таяқшасын ауа лебiнен сезiп, құбылған сазды құйқылжытқанда бар ғой, кiсi жанын шүберекке түйгендей, алты айшылық қашықты қас-қағым мезетте игергендей, ас та төк әсерге бөлеп әлдиледi-ай! Дүние кемпiрқосақ бояуға малынып, көз алдымызда дөңгеленiп тұрды. Жон арқадан жұпар жел жүгiрiп өтедi, сұлу бикештiң сыңғыр күлкiсi жетедi.

Осы кезде Ханшатырының шырқау биiгiнен сақ ханзадасы - Алтын адам аяңдап түсiп келе жатты. Әсерлi көрiнiс көздi суыра тартты. Мерекелiк концерт аяқтала Ханшатыры төрiнен отшашу атылды. От-дәрiнiң қалыңдығынан жер тiтiреп, құлақ бiтелiп, ауа сiлкiндi. Отшашу аяқтала мәртебелi меймандар қозғалды.

Тiркесiп-ұшқасып Ханшатырының сахналы қақпасына беттейсiз. Мәртебелi меймандарға қосылып ғимараттың iшiне енесiз. Жағалай гүлзар бақ, ұлттық киiм өрнектерi, субұрқақ, сауда орыны, мәрмәр жиектеген дөңгелек әуiз... қонақтар легi ғимарат iшiн шыркөбелек айналып батыс беттегi, үлкен төрдегi үш жүз орындық кеңсарайдың төрiне шықты. Отызшақты дөңгелек үстел. Әр үстел он кiсiлiк. Терең төрде мәртебелi меймандарға қойылған мәтiби дастархан, төр иесiнiң айналасындағы құшақ-құшақ гүлдестесi отшашуға ұқсайды.

Әркiмнiң белгiленген орыны бар. Өзiме бұйырғаны 13 нөмiрлi үстел. «Осы он үш саны өзiме бақ-береке әкелетiн түрi бар, Мемлекеттiк сыйлықтың медалi 13 санды едi», - деймiн жанымдағы Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Сейдахметқызы Айтжанова қарындасқа жылы амандасып. Көркем бойжеткен Жанар Сейдахметқызы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебiн үздiк бiтiргенiн, өзiмдi баяғыдан бiлетiнiн айтып сөзге тартады. Дөңгелек үстелдi шыр айнала тiзе бүктiк. Жұрт жайғасып болды-ау деген мезетте - Президент - Елбасы түрегелiп мәтiби дастарқанының уыз мәйектi сөзiн төгiлдiрдi.

«Табиғат тылсымынан сыр аңдаған,

Қыран қанат әз жұртым, Ұрандаған.

Өзiңде туып-өскен қандай бақыт,

Мен де бiр ұлыңмын жыр арнаған,

шаттанбай, тебiренбей тұра алмаған,

Ханшатырың құтты болсын, қыран далам!»

Дуалы ауыздың жан сарайыңды аралаған әуездi лепесiн ду қолшапалақтау iлiп әкеттi.

Жүрiсiнен жер ойылардай, жымиса - қабағынан күн күлiп, түңiлсе - дауыл тұрардай, бас изесiп сәлемдескенi - дәрiдей, демiне нан пiскен ығай мен сығай лауазым иелерi, сенатор, парламент депутаттары ұйып тыңдайды. Дастарқан мәзiрiнен үстел қайысады. Даяшы қыздар зыр жүгiредi. Қалтамнан әлгiде қолыма тиген, тысында Елбасының бақ iшiнде жүрiп келе жатқан жылы қабақ суретi бар әптиектей шағын кiтапты суырам; мерей, мият, мамыражай, қошемет сөздiң арасында дегбiрiм қалмай бетiн ашып көз жүгiртемiн.

Бақ бағалай бiлгеннiң, шүкiршiлiгi бардың басына қонады. Осы бiздiң Елбасы шүкiршiлiгi мол, майлық-сулығы бiрдей, тiлеуi жақсы, жүрген жерiне шөп шығатын, несiбесi егiз жаратылған жан.

Арғы-бергiнi ойласаң-ақ қиялың кезiп кетедi. Бойыңды қай-қайдағы сезiм билейдi. Қолтығыңнан кие демейдi. Жетi қат жер астынан, әлде заңғар биiктегi күмбез қабырғасынан күмбiр-күмбiр қоңыр үн құлаққа жетедi. Мына кеңқолтық, ақкөңiл, албырт қара орман қазекем Ұлы Далада молда торғайға ұқсап бұқпалап, шiлдiң қиындай тоз-тозы шығып тозып кетпесiн деп, сүттей ұйып тiршiлiк кешсiн деп, тақымы ат арқасына жабысып өткен кешегi түрк қағандары мен хандарының рухы қайта тiрiлiп келiп арамызда жүргендей. О заманда азан шақырып қойған аттары мүлде басқа болатын. Елге сiңiрген еңбегiне лайық халқының жадында мәңгi сақталсын деген ниетпен:

бiрiн Күлтегiн - Күн тектi деп; бiрiн Ел тiрегi -Елтерiс деп; бiрiн Бiлгiр - Бiлге деп; бiрiн Тұңғиық -Тоныкөк деп; бiрiн Бес буын - Бумын деп; бiрiн Құт иесi - Құтылық деп; бiрiн Ел етушi - Елетмiш деп - бәдiзшi баба есiмдерiн тасқа ойып мәңгiге жазып кеткен едi.

Бiздер бүгiн ортамызды толтырып, ойдағыны түгендеп, төбедегiнi келтiрiп, алаңсыз пейiлiмен Қызыр-Iлиясты қайырылтқан Президенттi - Елбасы деп, түстеп, түгендеп отырмыз! Жан шуағындағы күн тұрғанда тұратын деген жауһар сөз баяғы әз - бабаның емiс-емiс жеткен лепесi, жан сыры, тiрi сөздiң ұйқасы мен ұнасымы болып естiлгенi. Аян бергенi. Сары даланы жаңғыртқан аруақ шақырған үнi ауыздықпен алысқан ат тұяғының дүбiрi, тұма бұлақтың бiтелмес көзiндей бұрқылдаған рух-жiгерi тұла бойыма шымырлап құйылғаны. Сары далада сағым қуып жүрген кiлең елес-сұлбалар аруақ-аруақ десiп, бас құрап келiп Ханшатыры астына пәтуаға жиылғандай.

Осы мезет ұстазым Әуезов жазғандай: екi кiсi болып бөлiнiп, өзiм той дастарқанында отырсам-дағы жан дүнием Елбасының аузынан шыққан сөз пайымына сусындағандай сезiлдi. Төр иесiнiң айтқаны Мағжан ақынның: «Көк түрiк еншi алып тарасқанда, Қарашаңырақ қазақта қалған жоқ па?» -деген лепестi қайталап тұрғандай естiлдi.

«Ұлы той көппен көрген халық үшiн, Ешқашан адастырмас салтың үшiн. Жаратқан! Қазағыма ынтымақ бер, Тұрғанда мына заман тартып iшiн». Күдiк артта қалды, үмiт алға жетелейдi, бiздiң осы елдiгiмiздi, бiрлiгiмiздi көре алмайтын кертартпалар алыс-жақында әлi өрiп жүр. Ел иесiнiң мына заман iшiн тартып деуiнiң мәнiсi соны мегзейдi. Қара орман қазақ арғымақ аттай аршындап алға түспесе екен, тұсаулы текежәумiтше митыңнан аспаса дейдi бәзбiреулер.

Бiреуге қарап пiкiр етемiз, бiреуге қарап шүкiр етемiз. Расын айтсақ: шетел ешкiмдi мақтамайды, тек қана күштiнi мойындайды.

Қазақстан туралы көреалмаушылық бар, түсiнбеушiлiк бар, асыра сiлтеушiлер бар, мақтан тұтушылар бар, жүрегiнiң төрiне ұстаушылар бар... Солардың бәрiне Елбасының әлгiдей тiрi сөзi, ақ-адал еңбегi, қылдан таймас қажыр-қайраты арашашы. Әдiлiн айтушы. Бiреу аспандатып мақтайды, бiреу аспандап жүрiп биiктегi Елбасының көзiне түссем, назарына iлiксем дейдi - бұл өзiнiң мүддесi, көптiң пiкiрi емес. Елбасына қажеттiсi - көптiң пiкiрi.

Төр иесiнiң уәйiмi - ұлы ақынның уәйiмiмен сабақтас. Дүйiм жұрт қазақ десе - ештеме бiлмейдi. Қазақстан десе - батысқа, шығысқа - құбырмен құйылып кетiп жатқан мұнайды, дүниеде уран шикiзатының молдығынан бiрiншi орын алатын қиыр сахараны, ұланғайыр жер көлемiн ғана көзге елестетедi. Самсап тұрған ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан, көзжұмбай жүрек жұтқан халықты елестетедi. Бұл неғылған тәуекелшiл халық деп таңғалады. Әйтсе-дағы қазақты мықты халық ретiнде мойындамайды. Жәй ғана жүрген қара шаруа, тiленшек, сұрамшақ дамушы ел деп шамалайды. Осының бәрi түсiнбеген терiс пиғыл!

Ел иесi, уәйiм иесi қайтсем төрткүл дүниеге қара орман қазақты мойындатам деп қам жейдi.

Қазақ десе - кеңқолтық, төзiмдi, еңбегi зор, терi сор, ат жалында жүрiп Ұлы Даланы сақтаймын деп бес мың жылдай тарих кешкен көзжұмбай тәуекел иесiн бiле түссе дейдi. Қазақтың қадым қасиетiн сезiнсе дейдi.

Мексика бұғазынан айналып Атлант мұхитын бойлай ағып жер дүниенi қақ бөлiп Мұзды мұхитқа жетiп таусылатын жылы ағыс - гольфстрим бар. Жердi орап ағатын әлгi жылы ағыс болмаса батыс Еуропаның бiраз елi қараң қалып, суып кетер едi. Үскiрiк есер едi. Сол жылы ағыс лебiнен қысы-жазы жап-жасыл көгал болып жатады. Түрлi жан-жануар көркейiп жетiледi. Жұрты алты ай көйлекшең жүредi. Әдеби шендестiруге жүгiнсек: Ұлы Даланың ортасын ойып тұрып тiршiлiк кешкен қазақ ұлты жылы ағыс секiлдi жер әлемдi жылытушы, ұйыстырушы күш. Кешегi бауыры суық соғыс жылдары шығыстан кәрiс, батыстан шешен, қарашай, құмық, түрiк, қырым татарларын жерiне әкеп үйiп-төккенде - бауырына алып, алдына дастарқанын жайды. Кейiнгi немiс, ұйғыр, өзбек, полякты бiр атаның баласындай ғып құшағына сыйыстырып, төрiнен орын берiп отырған осы қазақ мұхиттағы әлгi гольфстрим - жылы ағысқа келедi.

Қазақ болмаса әлгi ұлт пен ұлыс ұйытқысы жоқ айрандай iшiнен iрiп кетер едi. Қазақ - сүттей ұйытушы, бауырына тартушы. Мұхиттың жылы ағысы қандай болса, ұлт пен ұлыстың қан тамыры, үлкен үйi, қарашаңырақ иесi осы қара орман қазекем де сондай!

Төр иесi қазекемнiң ауызбiрлiктi, сүттей ұйытушы, қарашаңырақ күшiн қозғап тебiренедi.

Әлгiде Ханшатырының алып сахнасында тыңдаушыны ұйытып қалықтата ән шырқаған Андреа Бочелли мырзаның ариясынан италиян рухы желдей еседi. Сопрано-тенор даусы кешкi тұнық ауаны дiрiлдеттi. Қыздар квартетi сүйемелдеп, қоңыр сазды құлпыртқаны құлақта қалды, көңiлге балшекер сезiм жұққызды.

Гюстав Эйфель, Ле Корбюзье десе - французды елестетемiз, Фрэнк Ллойд Райт, Ээро Саринен десе - Американы, Кендзо Танге, Кишо Курокава десе - Жапонияны, Баженов, Казаков, Фомин, Посохин десе - Ресейдi, Норман Фостер десе - ағылшынды, Гропиус, Людвиг Мис Ван Дер Роэ десе Алманияны елестетемiз. Астана десе, тiл ұшына Назарбаев есiмi оралады. Сөзi, сәулеттi сезiнетiн дарынын танимыз. Көрiп-бiлiп жүрмiз: шетелдiк қонақ сүйсiнедi, серпiледi, риза болады, әйтсе-дағы бiздi өздерiнен ешқашан биiк қоймайды. Өздерiнен асырып мақтамайды.

Әртарапқа алақтап адасатын бiз емеспiз! Өзгелердi көбiрек сөйлетiп, жақсысын жылдам үйренiп, мезгiл емтиханынан сүрiнбей өтiп, үзбей жетiлуге күш саламыз. Кеше ғана жас математиктерiмiз дүниелiк ақыл-ой бәйгесiнде бесiншi орынды иелендi. Есiк-терезенi қымтап жауып, өз-өзiмiздi қызықтап, ауыл арасының әжiк-күжiгiне малдану - күпiрлiк. Қазiргi уақыт - аттың жалында, түйенiң қомында жүргендей. Кiсiнiң ақыл-ойы кемелденген сайын уәйiмi молая түседi. Өз буына өзi пiсiп теңселген мiнездiң күнi өттi. Есеп берер емтиханы ауыр өткел аузына тақадық. Еуропа қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төраға болдық, шүкiршiлiк дедiк! Дүние өзгердi, сәлем түзелдi. Әлi-ақ Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық төр күтедi. Тоқмейiлсу тығырыққа тiрейдi. Әлеуметтiк текетiрес мүйiзi қағылғанша сүзiседi. Дүние дөңбекшiген мұхитқа айналып барады. Ақылдасатын, мақұлдасатын мезгiл жеттi.

Мәңгi мұздардың түгесiлiп, азон қабаты жұқарып, жол апаты, су тасқыны үдеп, ауа қызып, адамзат ақырзаман табалдырығына тақалып келедi. Үмiт - ең соңынан өледi. Сенiм - үзiлiссiз емтиханға айналды. Бүгiн берген уәде - ертең сәске түске жетпей ұмытылады. Осындай кезендiнiң кезiнде қазақты таныту формуласын түзген төр иесiн тереңiрек пайымдайық, күндердiң күнiнде шарқ ұрып iздеп, өкiнiп жүрмейiк дегiң келедi. Төр иесiнiң сәулеткерлiк, ақындық, шешендiк дарынын тани түселiк! Айтып салар, төгiп жазар ақындығы, шешендiгi бiр төбе, қарындашын қатты ұстап сызып берер сәулетшiлiгi өз алдына жеке әңгiменiң тақырыбы!

Елбасының бұл күнде жел сөзге семiрiп, масаттануға мұршасы жоқ. Таразы басында - ақ, адал еңбегi. Елiм деп соғар жүрегi.

Сәуленiң бос кеңiстiктегi жылдамдығы секундына үш жүз мың шақырым. Кiсiнiң назары, маңайындағы өмiрдi байқап, аңғаруы осыған жетеқабыл. Әсiресе өнерге қатысы бар төр иесiнiң байқампаздығы, алғырлығы ерекше. Бәзбiр сөзi - кiсiнiң назары iспеттi.

Төр иесiнiң ақындық, сәулетшiлiк мiнез қыры екi жәйiттi бел тұтады. Бiрi: қара орман қазағым қуанса. Екiншiсi: жат жұртқа, шет жұртқа қазақ таныла түссе. Төрт құбыласы түгенделсе. Тәуелсiз болудың жалғыз жолы - құрығанда өзгелер бiр нәрсеңе тәуелдi болсын. Бола алмай жүргендер болыса алмайды. Өз тағдырының ұстасы - өзге тағдырдың жай-күйiн жылдам сезiнедi.

Ханшатырының сәулетшiсi Норман Фостер төр иесiнiң айтуымен Ұлы Даланың арғы-бергiсiне жiтi көз жiберiптi.

Бiлгендiгi: көкте тәңiр, жерде бiз, жалғастырушы - түрiк қағанатынан тараған ұрпақ. Жүрерiн намыс, қонарын бақ бiледi. Сайын сахараны еркiн жайлаған жампоз. Кеңiстiк пен кейiпкер, кейiпкер мен уақыт - осы үшеуiн бiр мезгiлге тоқайластыра бiлгенi бәрекелде - е - е дегiзердей! Шалқайып қарағанда басың айналатын ұшар биiкке орнатқан күмiс сақинасы кешкiлiк күнге шағылысады. Өмiр бойы жау мен даудың ортасында, аттың жалы, түйенiң қомында тағдыр күнделiгiн толтырған әз-бабаның рухы бетке жел боп тиедi.

Рафаэль суретшiден: - сұлулық деген не? - деп сұрапты.

- Өзiңе ұнайтын келбетке сәл ғана көркем сызық қоссаң, сол - сұлулық деп жауап берiптi.

Норман Фостерден: - Ханшатырын нендей мазмұнға иек артып сыздыңыз, - деп сұраған едiк.

Сiздердiң Абай ақындарыңыз: жақсылық - ұзақ тұрмайды, жамандық - әр кез тозбайды дептi. Ұлы Далада күн тұрғанда тұратын мәңгi Ел болсын, алмағайып заманда Ханшатырының жұмыр бүйiрiнен әркез жамандық жел боп айналып өтсiн... Мегзегенiм осы деген болатын.

Америка әдебиетiнiң классигi, бокс бiлгiрi, ағылшын сәулетшiсiнiң аттасы Норман Мейлер өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары шаршы алаңның монстры аталған Форманды жер қаптырып, қабырға күйреткiш, он бес раундқа ентiкпеген Фрезердi есеңгiреткен Мұхаммед Алидi Президенттен кейiнгi екiншi адам деп жазған едi. 1996 жылғы Атланта олимпиадасының от алауын жағар кезде ұлы боксердiң жанарынан жүлгелеп аққан жасты көрдiк. Дәуренi қайтып бара жатқан адамның артына бұрылып қарағаны аянышты-ақ. Сол жолы олимпиаданың ел мен елдi жақындатар, ұйқылы-ояу жүргендi сiлкiп оятар - қүдiрет-күшiн сезiне түстiк. Шүкiршiлiк еттiк!

Өмiр - көшкен керуен. Уақытқа әркiм әрқалай олжа салады. Қайтсе-дағы соңғы жеңiс уақытта қалады. Төр иесi ой салып, сәулетшi нобай-нұсқасын сызған Ханшатыры, Пирамида мәңгiлiкпен сайысқа түскен! «Не iздейсiң, көңiлiм, не iздейсiң! Шарқ ұрып тыныштық бермейсiң, Сырласалық, бермен қайт» деп ақын айтқандай, әлгiде ғана қолыма тиген Жан шуағы боямасыз ақ көңiлдiң,

елi үшiн басын тiккен; антқа адал, арға берiк;

Ел иесiнiң жүрекжарды сыры мен мұңы Елбасыны Қазақстандағы бiрiншi адам, төр иесi етiптi. Дүние өзгердi, сәлем түзелдi. Текетiрес азайып, тiлеуқор көбейдi. Бұл күнде қазекемнiң басы аман, бауыры бүтiн. Кеше ғана дүниелiк ядролық қауiпсiздiк саммитiнiң төрiне шығып бiр басының бақытын елiнiң бақытымен байланыстырған Елбасының сөзiн дүйiм жүрт есiтiп, тебiрендi. Арғы-бергi философтар бақыт дегендi - тiршiлiк рахатын сезiну, жүректегi қанағат пен шүкiршiлiк деп түсiндiредi. Бiз айтамыз: тақтағы патшаның, тақырдағы қарашаның тiлегi - қамсыз, мұңсыз өмiр, барақатты тiршiлiк.

Сөз салса - сөзiн, жөн салса - жөнiн бiлгенге не жетсiн. Елбасының жөн сiлтеуi - халық ырысы.

Сары сахарада сағым қуып, батыс пен шығыс алпауытының кешегi көзтүрткiсiне айналған ұлтымыздың өз қолын өз аузына жеткiзген, бақуатты еткен, басын төрге шығарған қазекемнiң ұзына бойғы тарихын тiрi сөз, сәулеткерлiк шабытпен сөйлеткенi қуантты.

Ханшатырында жайылған дастарқан мәзiрiнде Президент - Елбасыға тақай түсiп сәлемдестiк. Көңiлi сәуiрдiң таңындай. Ол кiсi қабағын ашып: «Халiң қалай?» - деп бұрылып сауал қойды. «Жазып жүрмiн» дедiм. Биiктегi кiсiнiң беткейдегiнi көре бiлгенi ғанибет ендi. Берiк мiнез, темiр төзiм, мемлекетшiлдiк мүдденiң лепесi мен лебiзi шоқ қызуындай бет шарпиды. Адам - өткiншi, кезеңдi оқиғалар - бүгiн елеулi, ертең көмескi. Мәңгiлiк - табиғат алақаны мен қас өнер ғана. Өркениет қарыштап, технократтық заман дәуiрлеген сайын табиғаттың тазалығы азайып, кеңдiк қушиып, сұлулыққа сепкiл түстi. Бәрiне кiнәлi ашкөздiк, тойымсыздық. Бүгiн алып қалайын, ләззат табайын, ертең кiм келсе-дағы жұрттағы қоламтадан күл суырсын деген көзапара көзқамандық түбiмiзге жетiп болды. Қаталдық - қасқағым сәтте, бәле -бассаң аяқ астында. Өнердi күндiз қолымызға шам алып құтқарар жол iздеп шаршаймыз.

Осы күнi құлақты жарған даңғырықты саз-әуен, музыка, кенептегi шимай-шатпақты шедевр деп қабылдайтын үргөппелер көбейдi. Дүниенi бетiнен қалқып дағдыланған кiсi жан қинамай жан бақсам дейдi. Қас өнердi танып алар пайым азайды. Жүрдiм-бардым уәдемен, ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен жүрiп мәртебелi билiкке жетсек дейдi.

Тағдырымыздағы көркем жазу - бүгiнгi Астана.

Баяғыда, жас кезiмiзде ертеңгiсiн ұйқыдан тұра салып, терезенi ашып жiберiп, қала иығына асылып тұрған асқаралы Алатауға бас иiп сәлемдескендей болушы едiк. Таңғы жұпары жан сарайымызды ашып кететiн. Ұшар биiктегi әппақ қар тазалықтың символындай сезiлушi едi. Жүрегiмiзде тәкаппарлық оянатын. Дәп сондағыдай: жаңа қоныс - Астананың таңғы ауасы көкiрегiңе сiңiп, жүрегiңе жетедi. Қол созсаң бұралып кеп құшағыңа кiретiн бойжеткендей әдемi бiр балғындық баурайды. Алыс көкжиектен төңкерiлген бұлт үзiлмейдi. Тұнық судың сылдырын сезесiң. Әсем ғимараттың қадiрiн түсiнесiң. Әр түс, әр жерден табиғаттың қайталанбас суретiн танисың, жаныңмен баийсың.

Мына Ханшатыры, ана Пирамида Ұлы Далаға құйындай үйiрiлiп, сақадай шиырып кеп түсе қалған табиғат-құдыреттiң кеңдiгi мен берiктiгi. Мәңгiлiкке қол созған қас өнер өрнегi, кемпiрқосақ өрмегi. Күн сәулесiн алғаш қабылдап, ең соңынан шығарып салар қасиет қонған ескерткiшi. Ұлы Даланың 21 ғасырға қадам басқан қиырдағы қарауыл межесi.

«Бұл ғасыр қазақ үшiн алтын дер ем... Кеудемде жаным барда көтеремiн, аянбан, не күтсе де халқым менен!» Жан шуағындағы жүрек бүлкiлi осылай дейдi.

Мәңгiлiкке басқыш қойған ғажайып бiртуар ғимарат асқақ сезiм сыйлайды. Мәңгiлiкке тапсырыс берсем ғой деген қазақтың мәйектi көркемсөзiнiң ұнасымы мен жарасымы қолымызда. Ендi неге көңiлiмiз орнында емес. Қобалжып, тұрақтамай, сабыр таппай, арнасынан асып таситын дариядай аласұра түсетiнi қалай! Бәтiр-ау, не iздейсiң, көңiлiм не iздейсiң, шарқ ұрып еш тыншымайсың! Қасиет қонған дегеннен шығады. Әйгiлi скрипка ұстасы Страдивари өмiрiнде санаулы ғана аспап жасаған. Екi ғасырға ұласқан ғажайып аспапқа қол тигiзiп, ойнап шығу төрткүл дүниенiң некен-саяқ саңлақ сазгерiне бұйырады. Жаңғақ ағашынан үңгiп ойған, алты ай жаз теңiз толқынына батырып, тұз сiңiрiп, қайыстай етiп, тағы бiр жыл жел өтiне iлiп, көлеңкеде кептiрген ағаш өз-өзiнен пiсiп жетiледi. Бойына күн сәулесiн, теңiз шуылын сiңiредi. Ызың еткен дыбысқа ыңғай бередi. Өрiк ағашының шайырын ысып, өңiн кiргiзедi. Енесiнiң бауырында жетiлiп, арда емген жүйрiк байталдың құйрық қылынан - перне, жел жұлқыған жалынан - iшек өрiледi. Бабына келiп толысқан аспапқа саз бiткеннiң киесi қонады.

Әйгiлi аспап ұлы ұстаның мұражайында, шыны сауыт - қаракөлеңкеде сақталады. Әлгi аспапта ойнау - жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар кiсiге бұйырады.

Сол скрипканы сөйлеткен виртуоз-бiртуарлар iшiнде Владимир Спиваков, Натан Мильштейн; қазақтың саңлақ сазгерi Айман Мұсақожаева бар. Айман айтады: - ұстаның киесi қонған аспап сезiмтал кiсi секiлдi - ауырады, шабыттанады, бойында дiрiл пайда болады, тұйықталады. Тiлiн бiлген кiсi ғана сөйлете алады.

Кемел сазгердiң сөзiнiң жаны бар. Астана ажарына ажар қосқан елеулi екi ескерткiштi бiлемiз: бiрi - өркешiне күн секiлдi шаңырақ артқан сахараның сары бауыр бурасы, екiншiсi - субұрқақ жиегiнде аузын айға бiлеген көк бөрi, көкбөрiнiң күжiрейген көк желкесiнде басында қалпағы, тыржалаңаш түрегелiп тұрған қарадомалақ сәби сұлбасы. Екеуiнде мәңгiлiк ұлттық мазмұн, қадым қазақылық қалыпталған! Екi ескерткiштiң мән-мағынасын келер ұрпаққа ежiктеп түсiндiрер өнертанушы әлi-ақ туады. Әзiрге көмулi қазынадай, көрсек те - көрмегендей, сезсек те - сезбегендей тұсынан өте шығып келемiз. Қас өнердi төбесiне көтере бағалаған, мән-мағынасын түкпiрлей түсiнген төр иесiнiң сөзiне тәнтiсiң. Көкiрегiмен сезгенiне куәсiң. Аһ ұру, жалаң мадақ, жалғандықтан ада-күде, таусылып айтқан әр сұхбатынан Страдивари аспабындай әдемi леп, әуездi саз ойыңызды қозғап, қиялыңызды желеп-жебеп байыта түседi. Саз бен сөздiң тегi бiр екенiн байыптайды. Елбасының ақындық, сәулетшiлiк мiнез қырынан хабар бередi.

Бұл - бұл ма, сiрә! Ұлы ұстаз айтқан: жасқа - жас, ойға - кәрi едiң дегендей, мына өмiрдiң пәлсапалық тереңiне кiм көз жiберiп түбiне жеткен. Қайсымыз бар көкiрекпен зерделеген. Тiршiлiк қарбаласы, өмiр сыры, бейне, күнделiк дәптердегi көркем жазу. Президент - Елбасының тағдыр күнделiгiне түскен пәлсапалық ой-маржаны - тұғыры биiк, мазмұны бай, мағынасы терең, кiсiнi асқаралы асуларға жiпсiз жетелейдi.

Әлгiде келтiрген тәбәрiк сөздер жадыңнан еш жуылмайды. Сөзден маржан түзген ақылды кiсiлер ешқашан өзiн болдым... толдым... жетiлдiм... жеттiм... деп тоқмейiлсiмейдi. Iзденедi, оқиды, тоқиды, өзiн-өзi iштей қамшылап жетiлдiре түседi. Кемелденуден жалықпайды. Осы мiнезiмен табиғатқа бiртабан жақындайды. Өзгенi соңына iлестiредi, жанына шипа, ойыңа медет болады. Көптiң көнтерлiсi аталады. Өмiр осынысымен қызық.

Дүниенi көркейтетiн сөз, асты-үстiне түсiре төңкерiп көрсететiн де сөз. Сөзден құдiреттi ештеме жоқ. Iншалла, Елбасына қаратып қара орман қазағыңа, туған халқыңның қамына жұмсаған бәзбiр сәтiңiз - барша ғұмырыңыздың бағасындай болсыншы деп тiлейiк!

Өмiр барған сайын күрделiленiп барады. Мемлекет - дүлей дауыл көтерiп дөңбекшiген мұхиттағы тау толқынмен алысқан кемеге келедi. Әсiресе, сол кеменiң штурвалында қас қақпай тұрған капитанға қиын. Қазiргi Елбасы - кеме капитаны. Абай айтқандай: «Бiздiң қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал iздеуi, өнер iздеуi, жұрт тануы ешбiр халыққа ұқсамайды. Бiрiмiздi бiрiмiз аңдып, жаулап, ұрлап кiрпiк қақтырмай отырғанымыз» дегендей, кiрпiк қақтырмай аңдысқан сыртқы дұшпан қаншама. Әдеби шендестiрумен сөйлесек: тау толқынның қақпақылына ұшырамай, Қазақстан кемесiн су асты найзатасқа ұрындырмай, аңдысқанның арасынан қалың жұртын адастырмай алып шығу оңай болмады. Елбасы бiр естелiгiнде «жылына елу мың шақырымнан астам ұшақ үстiнде, мәртебелi кездесу сапарына уақытым жұтылады» дегенi бар. Жүз мың шақырым ұшақпен ұшқан ұшқыш зейнетке шығады. Уақыттың құрдымы ұшақ үстi ме деп ойлайсыз. Әр шаруаның басында күйiп-жану, әр шаруаны ұрынып iстеу кiсiнi қажытады. Шаршаған кезде, бiр пәс демалған мезгiлде - Елбасы жұмсақ диванға көсiле кетiп... жұпар ауасын жұтқан кешегi Үшқоңыр жайлауын... алаңсыз жастығын көз алдына елестетiп қана... балдәурен балалық шағын еске түсiрiп қана... бойына шымыр-шымыр күш құятыны кәмiл. Жақсы естелiк жан ләззаты. Жүрiп өткен жолыңа ауық-ауық бұрылып қарау - ғанибет нәрсе.

Тек жақсыдан жалғасады. Адам бойындағы буыннан буынға үзiлмей жалғасатын тек түзiлiмiн ашып, 34 жасында Нобельдiк сыйлық алған ұлы генетик Джеймс Уотсон: «Адам ағзасындағы негiзгi қасиет ана жатырынан берiледi», - дейдi. Естелiкке жүгiнсек Президентiмiздiң анасы Әлжан реңдi, жиын-тойда жарқылдап шығатын, көпке сөзiн өткiзетiн, жанынан шығарып ән айтатын, ақынжанды кiсi болған. Үш ұлдың ортасындағы жалғыз қызы Әнипаның естелiгiнде «ойындағысын бүкпей айтып салатын, өткiр кiсi едi», -деген сөзiнiң жаны бар. Өткiр кiсiлер ғана ұрпағын түзу жолға сала алады. Тiршiлiк толқынында малтығып қалмайды, тәуекелшiл болады. Төр иесiнiң тәуекелшiл ұлтжанды мiнез қыры анасынан, бәлкiм.

Президент - Елбасының суырып салма айтқыштығы, шешендiгi былайғы өмiрде жұмысбасты жүргенiмен - қиын тұста арқасы ұстап, ажарланып шыға келетiнi, шаппай бер жампоздығы - тегiнен. Интелект - өмiрге өзiнше қарау, өзiндiк бет. Өзiндiк бетi бар кiсi ғана жанартауға ұқсап жарып шығады. Джеймс Уотсонның: «Тектiң кiлтi - кiсiнiң алдына нендей мақсат қоя бiлуiнде» деген сөзiнде үлкен мән жатыр. Ақынжанды адамдардың жүрегiн қозғайтын қанатты қиял, уәйiм, жастықтың жасыл көгалын аңсау, туған жердiң жұпарын сағыну сезiмi - Елбасының-дағы ерекше көңiл-күйiнiң пернесiн дөп басады. Халық жүрегiне бөленiп биiктеген сайын, табаны тисе күш алып кететiн Антей секiлдi - тебiренгiш, тiлеуқор, тәлiмгер, тәнтi бола түседi.

Ағылшын сәулетшiсi Норман Фостер бiздiң Президентiмiз - Елбасының ағасындай, бес жас үлкен. Салыстыра сөйлесек: Елбасының табиғаты, өз ортасынан иығы биiктеп, жанартауша жарқырап жүретiнi ұлы архитекторға ұқсайды. Бiзде заманына сай адамы дейдi. Норман Фостер сәулетiне сай технократтық шешiмi дейдi. Қай нәрсенiң түйiнiн құрылғалы жатқан нысанның тегiршiгiнен iздейдi. Бейжiң әуежайы ма - жерден табаны ажырай бастаған алып ұшақ, Норвичтегi Сайнсбери-сентр жер-ананың құшағынан сытылып, көкке ұмтылған ғарышкер сұлбасы, Суиндондағы Рено-сентр жер-ананың құшағына ене түскен перзент сұлбасын елестетер. Фостердiң әр жылғы құрған нобай-нұсқасы әйтеуiр бiр қырымен рекордтар кiтабы Гиннеске енетiнi кәмiл. Бұл күнде дүниеде сәулетшiнiң алдына шығатын архитектор жоқ. Жаңашылдығы, жер әлемге тосын көзбен қарап, тың ұсыныс жасау жағынан Қазақстан лидерiнiң алдына шығатын саясаткер кем де-кем.

Бұл сөздi сәуiрдегi ядролық қарусыздану саммитiнде АҚШ президентi Барак Обама айтты.

Дүниеге жаңаша қараудың виртуозы, жаңа өмiр құрушы Елбасының тағдыр күнделiгiне үңiле түссек, қызық жәйтке көз жеткiземiз. Рим папасының: «Сiздi бағалай бiлу аз, сiздiң айрықша қалыбыңызға тәнтiмiн», орысша айтсақ - «за Вашу исключительную цельность!» деген лепесi емiс-емiс құлағымызда қалған. Ақындық, сәулеткерлiк мiнездiң және бiр қыры - ойда жоқ мәселенi көтерiп, ойда жоқ ұйқасты ойнатуымен қымбат. «Өнер атаулы хас табиғаттан жаралған», «Бұл ғасыр қазақ үшiн алтын дер ем», «Бағасын ол күндердiң бiлмек кiмдер», «Пенде үшiн жұмбақ тiршiлiк», «Сәттер бар - бар ғасырдың бағасындай», «Айналдым көк бөрiдей тектi елiмнен», «Тұрғандай мына заман iшiн тартып»... тiркестерi Елбасы мiнезiнiң қалыбын, табиғатын таныта түседi. Жоталы ойға жетелейдi.

Жақсы адам ортасының гүлi десе; сәулетшiлер жақсы құрылыс ортаны байытады дейдi. Пирамида, Ханшатырын сызған Норман Фостер жаңа ғасырда арманның сәулетшiсi деген қосымша атақ иелендi. Елбасымыз жаңашыл лидер деген абыройға ие. Үлкен кiсi - өресi биiк, қолтығы тер шыға жазылатын, ұлы дүбiр шабыста бәйгеден келген бауырында желi бар жүйрiк секiлдi. Төр иесiнен басқалардан ерекше үш қасиетi көзге ұрады. Бiрiншi: болмысты өз көзiмен ғана емес, сырт көзбен көре алады. Салыстырмалы ұғыммен айтсақ: өзiн-өзi басқа бiреудiң көз аппаратымен суретке басады. Екiншi: ту сыртымен, арқасымен көру қасиетi бар. Бет ажары сiзге бұрылып, өзiңiзге қарап тұрған секiлдi. Тереңiрек үңiлiп қарасаңыз - арқасы бар адамдар дүниенi арғы аңғарымен танып, әр тұстағы жәйттi iшкi жан-түйсiгiмен сезiп... бiлiп... қапысыз тауып... аңғарып қойғандай сезiледi. Мұны ғылымда телекинездiк қасиет дейдi. Кей тұста аурасымен қабылдау деп жазады. Президенттiң дәл осы рентген секiлдi сезгiрлiгiн тап басып таныған суретшi бар. Үшiншi: өзге жұрт бүгiнгiнi, бергi жақты ойлап жүргенде - төр иесi алты қырдың астындағы жәйттi болжап, бiлiп отырады. Қалт жiбермей қиырдағыны шолады.

Құдырет пе - құдырет!.. Қас шеберлiк пе - қас шеберлiк!..

Кемеңгерлiкке апаратын кәмiл жетiлу. Iзденiстiң жалғыз жолы - өзiн-өзi үзбей қамшылау, өзiн-өзi аяусыз қайрау әрдайым көлденеңдеп алдыңыздан шығады. Дүниеге ақын көзiмен қарайсыз.

Бiр басына тереңдiк, шексiздiк, шүбәсiздiк, кеңдiк бұйырған жан. Қиыр көкжиектегi кiсi аяғы баспаған арал, әлде өкiре тулаған түпсiз қаракөк мұхит деп қаласыз. Адам мен табиғаттың үндес шығуы осындай-ақ болар. Көз жанары бәрiн көрiп, бәрiн бiлiп тұрғандай. Түпсiз тереңдi түсiне алмай адасам ба деп алаңдайсыз. Өмiр - ұлы мектеп. Өмiрге елiктеу, тұщыну бар-дағы, сол өмiрде iз қалдыру бар. Тiршiлiк мәнi - кiсiге жақсылық жасау, халқына демеу болу. Елбасы уақыт өте, жүре-бара, кемелiне келе бойдағы қажыр-қайратын, ойдағы қиял-қанатын жұмсап, жұртының еңсесiн биiктетер медетi болды.

Өз басының қуанышын елiнiң қуанышымен тиянақтай бiлген кiсiлiкке жетедi. Жүрегi жауһар сөзге толады, жан шуағы шалқиды. Дүниедегi ең баянды бақыт осы болар, сiрә!

Мұның керiсiнше - алаң көңiлдiң қолы тiрлiкке батпайды. Шаруасында береке болмайды. Жетпейдi дей берсек - бар болмаймыз. Құдыққа көп қараған кiсi құлап өлгiсi келедi. Жаманшылықты көп ойлаған адам дүниеден безедi. Өзiн күйретедi. Мiне, осы алаң көңiл, алапес мiнезден маңайын ада-күде арылтып, iлгергi тiлеуге, барды бағалай бiлуге шақыратын Төр иесiнiң ұлтжандылық мiнезi үлкен әңгiменiң бастау бұлағы ғана. «Сарыарқам, саған таңда сәлем берем, Атымды мәшһүр еттiм әлемге кең, Байтақ ел кеңдiгiңе қайран қалам, Бабалар даналығын дәлелдеген»... Шынайы жақсы тiлек, басқаға болсын деген - текке кетпейдi. Өзiн-өзi сыйлаған өзгенi де сыйлай бiледi. Елбасы өзiн сыйлай отырып, өзгенi де сыйлаудың бабадан қалған қадым үлгiсiн қарастырады.

Бiр жағынан Елбасыны халық сүйiп, адал ниетiн бiлдiрiп жатса, екiншi жағынан сол кiрсiз сүюдiң, сол қалтқысыз адалдықтың асқаралы таудай қарымтасы тағы бар. Байтақ өмiрдi iздеп, кемелдену көгiне Абайша: «Ұш, көңiлiм, көкке, кергi ендi» деп қанат қақса; туған жерi, өскен елiнiң қадiрiн жүрегiмен сезiне түсiп сол Абайша: «Сарыарқаның самалы-ай, Самалдап өскен дүние-ай» деп, сол Сарыарқаның төрiне орнатып жатқан ақордалы қаласын мақтаныш тұтқан кепке енедi. Шыққан биiгiне, жеткен табысына мiсе тұтпай, әрдайым зор талап артады, iзгi ниетiн көлденең тартады. Келешекке сенiм көпiрiн тастайды.

Мазмұны мұхиттай, жүрек айнасы ашық аспандай өмiр күнделiгiңiз өрнектеле берсiн! Өрелi ойлар ғұмырыңызға жетсiн! Өмiрiңiз таусылмасын, өнерiңiз өлмесiн деймiз!

Осы мезет, екiншi рет екi жүз метрлiк ұшар биiктен сақ ханзадасы - Алтын адамның елес-сұлбасы ентелей аяңдап төменге түсiп келе жатқандай елестедi. Кеудемiзге нұр шуақ құйылғаны. Елбасының Ханшатырын ашу мезетiндегi ақындық, сәулетшiлiк мiнез қырына аздаған барлау - осымен тәмам.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295