"Жастар сарайына Димаштың атын беру керек"
Көресіні Қанат Айтбаевтан көріп біттім. Димаш туралы газетке бірдеңе бере қояйын десең: «Қоя тұр...», «Ұят болады...» деп діңкелетеді де тұрады.
Димаш Қытайдағы «Мен әншімін» байқауынан оралғанда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат пен Светаны құттықтап, жеделхат жолдады. Соны ести сала, жата кеп жабыстым: «Газетке берейік...». «Жо-жоқ, ол — жеке, отбасымызға келген дүние ғой. Ұят болады». Қанаттан қайыр болмағасын Светаны жағаладық. «Қанат ұрсады...» деп азар да безер болды ол да. Ақыры әрең илікті. Газетіміздің сайтына жарқ еткіздік. Басқа сайттар іліп әкетті. Жақсы жаңалық қой.
Қанат біраз кіржіңдеді. Светаға да сөйлепті. Мейлі, қуырып жесе де, өз әйелі, онда шаруам қанша?! «Есегім судан өтті», бастысы...
Сол қуанышты күндердің бірінде досымыз, Димаштың қытайлықтар түгел жаттап алған «Ұмытылмас күн» атты әнінің сөзін жазған Орал Байсеңгір әдемі ұсыныс айтты. «Ақтөбеде биыл бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылады ғой. Соның ішінде Жастар сарайы бар. Соған Димаштың аты берілсе, қатып кетер еді, иә? Осы ұсынысымды газетке жариялаңдаршы». Жұрт ду ете қалды. Қанаттан басқасы, әрине. Ол баяғы «әніне» басты: «Шығармайтындарың жоқ. Ұят болады». Астанадан, Қытайдан хабарласып, әлгі ұсыныстың газетке шығып кетпеуін қадағалаумен болды. Маған мәтіби, әйтеуір...
Меніңше, Оралдың ұсынысы өте дұрыс. Әрі бізде бұрын мұндай тәжірибе бар. Жаңылыспасам, Қарағандыда, Өскемендегі спорт сарайларына олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Ольга Шишигинаның есімдері берілді. Ал Ақтөбедегі су жаңа Жастар сарайына 23 жасында күллі әлемді мойындатқан Димаштың атын берсе, жүзікке қас қондырғандай боп шыға келмей ме?! Қалай ойлайсыздар?
Бауыржан Бабажанұлы
Facebook-тегі парақшасынан