ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ - БАСТЫ НАЗАРДА
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Болат Бұламбаев 2010 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Болат Бұламбаев 2010 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді.
Павлодар облысы Қазақстандағы аса ірі орманды алқаптардың бірі саналады. Әсіресе, өңіріміздің Шарбақты, Лебяжі және Баянауыл аудандарында орман шаруашылығы жақсы дамыған. Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Б.Бұламбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Павлодар облысында 2010 жылдың соңғы бес айының қорытындысы бойынша 1647 гектар жерге ағаш отырғызылды. Соның ішінде Баянауыл табиғи паркінің 80 гектар жеріне және «Ертіс орманы» резерватында 554 гектар жерге ағаш егілді»,- деді. Сонымен қатар инспекция бастығы бақшаларға 14500-дей жас бүршіктер егілгенін айтты. Бүршіктердің басым бөлігі «Ертіс орманы» резерватына егілген. Баянауыл табиғи паркіне егілген бүршіктердің аумағы - 14 гектар жер. Өңірімізді жасыл желекпен көмкеру мақсатымен үш уақытша бақша отырғызылған. «Әзірше тұқым сапасы төмен. Мамандардың барлығы осы салада қарқынды жұмыс жасап жатыр. Жыл соңына таман жақсы нәтиже аламыз деген сенімдеміз» , - деді Б.Бұламбаев.
Орман шаруашылығын екпінді дамуын тежейтін негізгі фактор өрт болып саналады. Баспасөз мәслихаты барысында инспекция бастығы орман шаруашылығында жиі болып тұратын тілсіз жаудың да салдарына тоқталды. «Өрттің басым бөлігі адамдар көп қоныстанған жерден шығады. Соңғы бес айда облыс бойынша өртке байланысты 67 факті тіркелді. Соның ішінде «Ертіс орманы» резерватында 17 жағдай есепке алынды. Көбінесе өрт сөндірушілер өртті шала-шарпы сөндіре салады. Артынша сәл жел тұрса өрт лаулап қоя береді. Бұл жұмысшылардың жұмысқа деген селқостығының салдарынан орын алады» ,- деді Б.Бұламбаев. Инспекция бастығы баспасөз маслихатында сөйлеген сөзінде алдағы уақытта облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Шарбақты ауданында орман шаруашылығына байланысты ауқымды жиналыс өткізетінін айтты. «Отырыста орман шаруашылығындағы маңызды мәселелер қаралады»,- деді инспекция бастығы.
Болат Бұламбаев аңшылық кәсіп жайлы да баяндады. Оның айтуына қарағанда өңіріміздегі орман шаруашылығында еліктер мен қояндарға және борсықтарға жиі аңшылық жасалады. Киелі жануар саналатын еліктерді атуға байланысты соңғы бес айда 8 ескерту тіркелген. «Аңшылықпен заңсыз айналысқандардың барлығы заң алдында жауап береді»,- деді инспекция бастығы. Болат Бұламбаев І жартыжылдық бойынша Баянауыл ауданында 358 арқар есепке алынғанын айтты.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ