Жәкең бір барғанда-ақ Американы ашып тастапты
Жақында Жарылқап Қалыбайдың әлеуметтік желіден "Каково это – учить английский в 57" деген жазбасын оқыдым.
Неге екенін білмеймін, маған осы пост онша ұнамады. Мүмкін қазаққа қарсы пост жазып жүрген Гульнара Бажкенова деген жазғандықтан ба? Қайта қарадым. Жоқ. Пост Жарылқаптың жеке парақшасында тұр. Яғни, сұхбаттасқан Бажкенова болғанмен де, негізгі ойы өзінікі сияқты. Сонда не ұнамады, оны өзім де түсіне алар емеспін әзірге.
Былай қарағанда бәрі дұрыс сияқты... ауылда өскен. Үлкен әлемдік кеңістікке шығу үшін білім керектігін ерте түсінген. Соған ұмтылған.
КазГУ, бизнес, редакцияда түнеу, жорнал тиражын 100 мыңға жеткізу, қысымшылық, жорналын баспау. Ол қазақ қоғамындағы үмітсіздік, тұйыққа тірелу, шеті жоқ әлеуметтік-экономикалық проблемалармен қабаттасқан. Қазақстандағы саяси тұрақсыздық та өз өз әсерін тигізіп баққан.
Кішкентай ауылда өстім, өмір бойы қазақша сөйлеп, қазақша жаздым, оны шексіз сүйемін дейді, бірақ... бұл багажбен, бұл бэкграундпен (?) әрі қарай жол жоқ екендігін түсіндім дейді.
Біздің де жүріп өткен жолымыз осы жеріне дейін ұқсас, яғни, біз де ауылдан шықтық, бір ауыз орысша білместен оқуға ұмтылдық, үйрендік, қорлық көре жүріп институт бітірдік. Жарылғап күрескен жағдайлармен біз де өмір бойы арпалысып келеміз - тұрақсыздық, шеті жоқ элеуметтік-экономикалық проблемалар, болашаққа сенімсіздік... Айырмамыз - жорнал немесе басқа бизнес түрімен айналысқан жоқпыз, оған уақытымыз жетпей қалды.Екінші жағынан арсыз болу, өтірік айту, алдап кету, жағымпаз болу... қолдан келмеді, мұндай қасиеттерді бойымызға сіңіріп үлгермедік. Жарылғап сияқты адал бизнеспен айналысқандар некен-саяқ, мен жалпы бизнестің заңдылығын айтып отырмын.
Әңгімеміздің бастапқы желісіне қайта оралайық. Жаным өзгерісті қалады, сөйтсем... тағы да тұйыққа тірелдім дейді. Бұл жолғы тұйық - тіл екен. Бүкіл әлем ағылшын тілін оқып жатыр дейді. Еуропалықтар да, қытайлар, түріктер, орыстар, арабтар, әзірбайжандар... бәрі-бәрі ағылшын тілін оқып жатқан көрінеді. Жалпы, әлемде ендігі жерде екі тіл ғана қалатын сияқты - ағылшын және қытай тілі.
Дамыған елдерде тіпті ұлтқа да, нәсілге де бөлінбейді екен дейді. Жәкең бір барғанда-ақ Американы ашып тастапты. Рас шығар, барып көрген жоқпыз ғой, сондықтан сенбеске шарамыз жоқ.
Сонымен... бизнестен тапқан ақшасы бар Жәкең АҚШ-қа жол тартты. Қайда жүрсе де жолы болсын, шын тілегіміз сол! Парамен ақша жинап алған мем. қызметкерлер де кетер, бірі АҚШ-қа, бірі Еуропаға. Бизнесі барлар, сірә, байлап ұстасаң да тұрмас бұл жерде.
Енді...ақшасы жоқ, ауылда қалған қазақтар не істейміз? 8 млн. қазақ. Ұлтымыз да, руымыз да, жүзіміз де, тіліміз де өзімізден басқа ешкімге қажет болмай қалыпты ғой, рас болса? Көштің соңында қалыппыз. Балаларды қалай тәрбиелейміз? Оларға не айтамыз? Шетелге кетіп жатқандар өз жөндерімен кетпей, әрі-сәрі күйге түсіріп кеткендерін көрмейсің бе?..
FB парақшасынан алынды