Адамзаттық құндылықтардың үш өлшемі
Адамзаттық құндылықтардың үш өлшемі
ЕҚЫҰ-ның үшінші адами яғни гуманитарлық өлшеміне қоғамды демократияландыру, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету, білім беру, адам саудасына қарсы күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен сайлау заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету, гендерлік тепе-теңдікті ілгерілету, тағы басқа да мәселелер жатады. Сонымен қатар, үшінші өлшемде қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген шаралар қарастырылып, соған халықаралық қоғамдастықтың назары аударылады.
АДАМИ ӨЛШЕМ
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы міндетін қабылдаған күннен бастап, Ұйым аясында гуманитарлық "себет" мәселелерін алға жылжытуға ерекше маңыз берді. Сондықтан да еліміздің төрағалығы ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттырып, оның мәртебесін көтеруге қатысты белсенді іс-қимыл танытуымен өтіп келеді. Осыған байланысты, Қазақстан бүгінде Ұйымның Демократиялық институттары және адам құқығы жөніндегі бюросының, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың, БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілдің және Парламенттік Ассамблеяның жұмыстарына қолдау көрсете отырып, олармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Адамзаттық құндылықтардың үш өлшемі
ЕҚЫҰ-ның үшінші адами яғни гуманитарлық өлшеміне қоғамды демократияландыру, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету, білім беру, адам саудасына қарсы күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен сайлау заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету, гендерлік тепе-теңдікті ілгерілету, тағы басқа да мәселелер жатады. Сонымен қатар, үшінші өлшемде қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген шаралар қарастырылып, соған халықаралық қоғамдастықтың назары аударылады.
АДАМИ ӨЛШЕМ
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы міндетін қабылдаған күннен бастап, Ұйым аясында гуманитарлық "себет" мәселелерін алға жылжытуға ерекше маңыз берді. Сондықтан да еліміздің төрағалығы ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттырып, оның мәртебесін көтеруге қатысты белсенді іс-қимыл танытуымен өтіп келеді. Осыған байланысты, Қазақстан бүгінде Ұйымның Демократиялық институттары және адам құқығы жөніндегі бюросының, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың, БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілдің және Парламенттік Ассамблеяның жұмыстарына қолдау көрсете отырып, олармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Төрағалықтың өткен тоғыз айында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемі аясында тарихта қалатын, өзге елдерге үлгі болатын ауқымды жұмыстар атқарды. Оны көптеген мүше елдер мен әріптес мемлекеттер қазірдің өзінде жоғары бағалауда. Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде дер шағында тиімді консультациялар жүргізе отырып, қатысушы елдермен консенсустық уағдаластыққа қол жеткізді. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі 2010 жылы өткізілетін гуманитарлық өлшемнің барлық шаралары бойынша шешім қабылдады. Ол жоспарланған бес міндетті іс-шарадан, яғни үш қосымша кеңестен және адами өлшем жөніндегі семинар мен гуманитарлық саладағы шолу конференциясынан тұрады.
Осы іс-шаралар белгіленген жоспар бойынша өз уақытында өткізіліп келеді. Атап айтқанда, 6-7 мамырда Венада "Гендерлік балансты ілгерілету және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуы" деген тақырыпта Ұйымның жыл сайынғы бірінші қосымша кеңесі өтті. Кеңеске қатысушылар алдағы уақытта гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнамалар мен халықаралық құжаттарды соған жақындатуға ықпал ету, әйелдердің саяси партиялар мен қоғамдық өмірдегі мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жайында пікір алмасты, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Әйелдердің құқығын қорғау, сондай-ақ, гендерлік теңдік саясаты Қазақстан үшін де, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі елдер үшін де аса өзекті мәселелердің әрі басым бағыттардың бірі болып табылады. Сол себепті, Ұйымның Іс басындағы төрағасы бастапқы кезде-ақ өзінің гендерлік мәселелер жөніндегі жеке өкілі лауазымын бекіту туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама қолдау тауып, осы жылдың 13 шілдесінде аталған қызметке Ашық қоғам институтының саяси мәселелер жөніндегі сарапшысы америкалық Уэнди Паттен бекітілді.
Консенсустық негізде қабылданған шешімге сәйкес "Ұлттық азшылыққа жататын тұлғалар білімі: интеграция және тең мүмкіндік" тақырыбындағы екінші қосымша кеңес 2010 жылдың 22-23 шілдесінде Вена қаласында өтті. Бұл жиынның ең басты ерекшелігі, ЕҚЫҰ қызметінің тарихында гуманитарлық өлшем бойынша ұлттық азшылық құқықтарын қорғау проблемаларына арналған тұңғыш іс-шара болды. Осыған және онда қаралған өзекті мәселелерге байланысты ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек Қазақстанға шынайы алғысын білдірді.
Адами өлшемнің маңызды бағыттарының бірі сот әділдігі мен заң үстемдігі болып табылады. Осыған орай, еліміз 17-19 мамырда Варшавада "Тәуелсіз сот жүйесін нығайту және жұртшылықтың әділ сотқа қолжетімділігі" деген тақырыпта семинар өткізуге ұйытқы болды. Онда сот тәуелсіздігі мен сот әділдігіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Қазақстан төрағалығы барысында, сондай-ақ, Ұйым кеңістігінде толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысуды орнықтыруға ерекше мән беріп отыр. Еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда әлем елдерінде үлгі болатын тәжірибесі бар.
Толеранттылық тақырыбы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында да, келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық ету кезінде де күн тәртібінен түспеуге тиіс. Соның бір дәлелі үстіміздегі жылдың 29-30 маусымында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітушілік жөніндегі конференциясы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жиында сөйлеген сөзінде өтіп бара жатқан онжылдықта толеранттылық саясатында айтарлықтай алға басушылық болғанын, оған енді бірлесіп талдау жасау қажеттігін, жаңа онжылдыққа "ЕҚЫҰ: жаңа онжылдыққа толеранттылықпен" атты шартты белгідегі құжатпен шығу керектігін қадап айтқан болатын.
Осы өлшем аясындағы тағы бір жиын Қазақстанның бастамашы болуымен 10-11 маусымда Данияда өтті. Бұл конференция ЕҚЫҰ-ның адами өлшемінің негізін қалаған Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналды. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, жиын аса табысты болды. Онда Ұйымға мүше мемлекеттердің өткен кезеңде Копенгаген құжатында көрсетілген міндеттемелерді орындаудың қорытындысы шығарылып, құжатта мазмұндалған мәселелерді әрі қарай жүзеге асырудың жолдары қарастырылды.
Ұйымның төрағасы ретінде Қазақстан сайлау өтетін елдерге байқаушыларды жіберу, парламентаралық байланыстарды тереңдету жайына да баса мән беруде. Биыл ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы миссиясының құрамында қазақстандық байқаушылар Украинадағы президенттік, Тәжікстандағы парламенттік, Грузиядағы муниципальдық сайлаулар мен Қырғызстандағы референдумға қатысты. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламентінің ұйымдастыруымен 2010 жылдың 14-16 мамырында Алматыда өткен "ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемдері" тақырыбындағы трансазиялық парламенттік форумның Қазақстанның Ұйымға төрағалық еткеннен бергі уақыт ішінде өткізген ең ірі және аса ауқымды шараларының бірі болып табылады. Оның жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің парламентарийлері ғана емес, Жерорта теңізі мен Азиядағы әріптес елдердің және Пәкістан мен Катардың парламентшілері, сондай-ақ, дипломатиялық корпустың, ЕҚЫҰ институттарының, өзге де парламенттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Алқалы жиында Ауғанстандағы жағдай, лаңкестікпен, есірткі трафигімен күрес, қарусыздану, экономикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көші-қонын реттеу, экологиялық проблемалар, діни толеранттылық, адам саудасына қарсы күрес, гендерлік теңдік секілді аса өзекті мәселелер талқыланды. Қырғызстандағы жағдай да жиынға қатысушыларды толғантты.
Қазақстанның төрағалығымен жүргізілген транспаренттік сайлау үдерісі мен белгіленген мерзімде қатысушы елдердің ЕҚҰЫ-ның БАҚ бостандығы мәселесі бойынша жаңа өкілі болып Босния мен Герцеговина азаматы Д.Миятовичті сайлау жөніндегі келісімге келуі ерекше назар аудартады. Атап өту керек, рейтингілік дауыс беру кезінде Венадан «батысқа қарай» және «шығысқа қарай» елдер арасындағы қарсы тұру байқалды. Алайда Қазақстан сындарлы кеңес жүргізу арқылы мықты және бейтарап кандидатураны таңдап алуға қол жеткізді.
Төрағалықтың тоғыз айы ішінде Ұйымның гуманитарлық өлшеуі бойынша атқарылған жұмысы ауқымды. Қазіргі күннің өзінде Қазақстан төрағалығын көптеген қатысушы мемлекеттер мен Ұйымға әріптес елдер табысты деп бағалауда.
Қазақстан жыл соңына дейін тағы да бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, 4-5 қарашада Вена қаласында «Дін және ар-ождан бостандығы» тақырыбына үшінші қосымша кеңес өтеді. Қазіргі уақытта Ұйымға қатысушы елдермен Астанада 26-28 қарашада өтетін гуманитарлық өлшем саласындағы шолу конференциясына дайындық жүргізілуде. Осы конференция аясында демократиялық сайлауға; азаматтық және саяси құқықтарға; еркін ойға, ар-ожданға, дінге, сенімге; жиналыстар, ассоциациялар еркіндігі; қозғалыс еркіндігі; сот билігінің тәуелсіздігі және басқа үшінші себеттің көкейкесті құрамдастарына қатысты мәселелер қаралатын болады. Сондай-ақ, Астанадағы үш күндік отырыста БАҚ еркіндігі; мигранттарға қатысты төзбеушілік; сондай-ақ, адамдар саудасына, әсіресе балалар саудасына қарсы күрес тақырыптары да енгізіледі.
Ал осылардың ішінде ең бастысы әрі аса ауқымдысы - Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммиті. 11 жылдан бері шақырылмай, биыл желтоқсан айының 1-2 күндері Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ саммиті Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл ТМД елдері мен Ұйымға мүше барлық 56 мемлекет үшін де маңызы зор оқиға болмақ.
Аман ЖАНҒОЖИН.