Қарасай ауданында күніне 500 литр шырын өндіреді
Қарасай ауданына қарасты Үшқоңыр ауылындағы «Керуен» агрофирмасының іргетасы сонау 2009 жылы қаланыпты.
Аталмыш ауылшаруашылығы құрылымы жеміс-жидек өндірісін қалпына келтіруді әу баста мақсат етіп қойған. Осылайша олар алдымен бақшаға арналған жер алып, алма мен алмұрт өсіруді қолға алады. Бүгінде агрофирмаға тиесілі 100 гектар алқапта «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред» және үш гектар алапта «Талғар аруы» алмұрт бағы күтімге алынып отыр.
Алма мен алмұрт өсіруді жолға қойғаннан кейін өнімді сақтау мен өңдеу мәселелері туындайтыны белгілі. Бұл мәселеге де жауапкершілікпен келген мамандар аумағы бір гектар болатын жерде Германияның «PLATTENHARD & WIRTH GMBH» фирмасы технологиясы негізінде бір мезгілде 2200 тонна өнім сақтауға қабілетті қойма құрылысын жүргізген болатын. Мұнда орнатылған 11 тоңазытқыш камерасы салқындатып қана қоймай, арнайы газбен толтырылған ауаны ұстап тұра алады. Мұның ішінде төрт камера ерекше температуралық режимді қамтамасыз етуге негізделген. Ал, голландиялық «Greefa» компаниясының құрылғылары сағатына 2 тонна өнімді салмағына, көлеміне, түсіне қарай автоматты түрде сұрыптап, қораптарға салып отырады. Сол сияқты, жемісті қабылдап алу, түсіру мен тиеу жұмыстары да толық автоматтандырылған.
Алғашында алма мен алмұртты өсіріп, тұтынушыларға жеткізуді жолға қойған агрофирма 2016 жылдан бастап австриялық «Kreuzmayr Maschinenbau GmbH» компаниясының технологиясы бойынша тікелей сығымдау арқылы жеміс шырынын шығару өндірісін іске қосқан. Қазір аталмыш цехта алма, алма-сәбіз және алма-қызылша қосындысының шырындары мен алма повидлосы өндіріледі. Күніне 500 литр шырын өндіретін цех бір жылда 500 тонна жемісті өңдеуге қабілетті.
– Қазір біздің бақтың 54 гектары тамшылап суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Таяу уақытта тағы да 31 гектар бақшалық осы әдіспен суарылатын болады, – дейді агрофирманың директоры Сәбит Нұртазин. – Сонымен қатар томат өсіруді де қолға алып, жылыжай құрылысын жүргізу үшін әкімшіліктен қосымша төрт гектар жер сұрап отырмыз. Осылайша, отандастарымызды ешқандай консервантсыз, қант қоспасынсыз, экологиялық жағынан таза алма және қызанақ шырындарымен қамтуды мақсат етіп қойдық.
Агрофирмада 30-ға жуық жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Аталған жобалар жүзеге асатын болса, жалақысы 100 мың теңгеден асатын жұмыс орындары көбейе түспек. Жұмысшыларды тасымалдау, тамақтандыру мәселесі де оңды шешімін тапқан. Тоңазытқыштар орнатылған ғимаратқа жуынып, арнайы киіммен ғана кіретін қызметкерлер тазалық мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайды. Мұнда адамдардың әлеуметтік жағынан толық қорғалғанын да айта кету керек.
Қуат Қайранбаев
Abai.kz