Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6862 12 пікір 4 Маусым, 2017 сағат 22:57

Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашқан... Тұңғыш!

Қазақстан Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала Ұлағаттарын» оқығаннан кейінгі ой толғанысы

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Елбасының «Ұлы Дала Ұлағаттары» толғауын қазақтың Тәуелсіздігін алып берген, сол Тәуелсіздіктің ұлы жүгі ел мұратын тарихтың аса бір күрделі кезеңінің қайнап жатқан тұрлаусыз саясатының салқынына ұрындырып алмай, дауылы мен дауына түтетпей,  оғына алдырмай, қасын дос етіп, жауын жанынан тапқызып, ұлтын ұлықтап, еңсесін көтеріп, есікте қалған басын төрге сүйреп, өлгенін тірілтіп, өшкенін жағып, сөнген сананы жаңғыртып, түлетіп Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашып берген және де өз халқының бағына біткен Нұрсұлтан Назарбаев сынды Адамзаттың асып  туған бір перзентінің саясаткер ретіндегі ғана емес, адами парасаттылығының Ұлағаты деп таныдық.

 «Уақыттың бетіне ұялмай тура қарай аламыз!»

Бірақ ең үлкен күш қару емес-татулық. Татулықты сұрап та, сатып та ала алмайсың. Оны саяси көрегендікпен ғана қалыптастыруға болады. Тәуелсіздігін енді ғана алып, өшкені жанып, өлгені тіріліп отырған алагеуім шақта ел ішіндегі тыныштықты біз осылай қалыптастырдық. Демек, біз татулық, бірлік атты бірегей жасампаздыққа сүйенген елміз.

                                                                                   Нұрсұлтан Назарбаев,

                                                        «Ұлы дала ұлағаттары» ой толғауынан.

                                                      («Егемен Қазақстан», 2 қараша, 2016 жыл.)

 

Елбасы ел  Тәуелсіздігінің  25 жылында көп этносты мемлекет қалыптастырып, қазақстандықтар бір мақсат, бір мүдде үшін бірлік пен ынтымақты жағдайда өмір сүріп, еңбек етуді үйреніп, әлемге үлгі көрсетіп отырған елміз!

Оқытары мен тоқытары да бар, сонымен бірге өкінтері де бар көне тарихтың ескі қоламтасын қайра үрлеудің енді қажеті де бола қоймас. Өткенге салауат айтып, келер күндеріміздің қайыры мен жақсылығын тілейік те, ұлы істерге ұмтылайық. Қашан болсын өзінің жеке өмірінде де, мемлекеттік саясатта да «өнбес дауды өспес ұрпақ қана қуар» деген қазақы даналықты жанына серік етіп келе жатқан Елбасының «Ұлы Дала Ұлағаттарындағы» жан мен ар тазалығының арқауын жалғап тұрған даналығының бір пара әңгімесін ойға салдық, еледік, екшедік,  сабақ болар көп жайды көңілге де түйдік.

Даралап айтар болсақ, Тұңғыш Президентіміз «саясаттың ең басты ұстанымы-бірлік» бола алатындығын зерделі зейінімен көкейіне тоқи білді де, Қазақстанның ішкі саясатын ынтымаққа ыңғайландырды. «Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады деген сөздің сорабын дөп басып айтқан халқымыз. Бірлік-біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі. Бірлік бар жерде- тірлік бар. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Ата тарихымыздың тұжырымдарын есте ұстап, шежіре болып, айтылар ұлттық ұлағатты, тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақ жүрегіне сонда жол табамыз, сонда ғана болашағына бағдар бере аламыз»,-деген Нұрсұлтан Назарбаевтың  («Ұлы дала ұлағаттары. («Егемен Қазақстан», 2 қараша, 2016 жыл.)  бұл пайымында біздің елдің болашағының тағдыры ұштасып жатыр дер едік.

«Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі мен тыныштығы» деп Тәуелсіз мемлекет құрудың алғашқы күнінен бастап бірлік атты адами ұғымды барлық қазақстандықтардың санасына сіңіре білген Елбасы сол бірліктің алынбас қамал деп таныды. Солайы солай болды. Бізді бүгінгі биігімізге де, бүгінгі абыройымызға да  Елбасының осы бірлік атты ұстанымы жеткізді.

1992-ші жылы Тәуелсіздігіміздің бір жылдығына арналып өткізілген Қазақстан халқы форумында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру мәселесін айта келіп, аяғын енді-енді баса бастаған азаттығымыздың тағдыр шешті бір қадамын жасаған да болатын. Міне, сол Ассамблея Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995-ші жылғы 1-ші наурыздағы Жарлығымен Президнт жанындағы кеңес құрылып, ол ақылдасушы бір жүйеге айналды. Бұл қазіргі уақытта көпэтносты  мемлекет құрудың әлемдік тәжірибесіне айналып отыр және де Ассамблея қабылдаған «Қазақстанның ел бірлігі» Доктринасының тарихи мәні өзінің құндылығын еш қашан жоймақ та емес.

Алматы - Елбасының мәңгілік жүрек әні! Алматы-Елбасының әрдәйім жанын жылытып, көңілін тербеп тұрар тал бесігі! Өзіңнің туған елің мен туған жеріңді сүюдің тамаша ғибратындай болып естілер «Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сыя алмай емес, Алматыны қыя алмай  кетіп барамыз» деген Елбасының («Еуразия жүрегінде»,19-шы бет.) осы бір ауыз сөзінде ел Тәуелсіздігін тал бесігіне айналған Алматыны ардақтаумен бірге, сан ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздігіміздің бүгінгі және болашақтағы тағдыры үшін ару Алматыны Сарыарқаның сайын даласындағы Есілдің бойына әкелу керек еді.  Тәуелсіздіктің тағдыры халқымыздың тағдыры! Алайда қирап та күйреп қалған экономикасы бар сол кездегі Қазақстанның жағдайында ел астанасын көшірудің өзі ақылға да сыймағаны анық. Елбасы көңіл түйсігіне салды. Ойланды, толғанды. Ақыры таласты сан алуан пікірлерге де қарамастан батыл қадам жасады. «Бораны ұлыған, аязы қақаған Арқаға барсын, өзі де кейін қайтып келер» деген сәуегейлердің айтқаны келмеді. Назарбаевтың айтқаны айна қатесіз болды да,  бүгінгі Астана орнықты, төрткүл дүние сүйсініп отырған бүгінгі жаңа қала Астана салынды.

«Елорданы Отанымыздың орталық бөлігіне көшірудің аса маңызды стратегиялық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-руханияттық маңызды дау туғызбайтын шындық еді» және де «Ал астананы көшіру--қалыптасқан тарихты заман талабына сай жаңаша жазып, бұрынғы ұстанымға басқаша тың парақтар қосу деген сөз». («Ұлы дала ұлағаттары.  («Егемен Қазақстан», 2 қараша, 2016 жыл.) Елбасының осы бір пайымды пікірлері ойлаған жанға енді айту жеңілірек шығар. Ал, астананы көшіру мен жаңадан салу басталған сонау 1997 мен  1998 жылдар ел тағдыры қыл үстінде тұрды дейтіндей өте бір қиын да ауыр кезең  болғандығы ұмытыла да қоймас.

Ұлт Көшбасшысы  көреген де батыл,  ерік пен жігері мол, қайтпас қайсарлығымен Қазақстанның шынай қол басшысы бола білді. Тарихтың сан аударылып түскен шаңының астына көміліп, ғасырлар бойы үні  шықпай келе жатқан қазақты әлемдік тарих сахнасына алып шықты. Астананы құр салып қана қоймай Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның Астанасын  жиырма бірінші ғасырдың әлемдік тарихын жасаушы Астанға айналдырды! Оған куә-2010-шы жыл!  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) Астана Саммиті әлемнің 56 дамыған дейтін мемлекеттерінің басын қосса, бұл Тәуелсіз Қазақстанның  абыройын аспандатып асқақттаты. Әрине, әлемде Cаммит өткізуге әбден жарап та тұрған небір әйдік астаналар көп те, не бір астаналар да бар! Бірақ әлемде Назарбаев біреу ғана! Ол- қазақтың маңдайына жазған, бағына біткен бізде ғана бар Назарбаев!  Иә, әлемде өзге де президенттер  бар! Алайда, Ұлы даланың бір ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаев адамзаттың жаңа дәуірінің саяси дүниесі мен келбетінің түбірінен өзгеруіне өз үлесін қоса келген және де Нұрсұлтан Назарбаев бір ұлттың, бір мемлекеттің мүдделері аясында ғана шектеліп қалмай, жалпы Адамзаттың мүддесін ойлай келген өзінің адал ниетті даналығымен даралана келген планетарлық Тұлға болатын!

Бір ғана қазақ даласына қырық жыл бойы қырғын салған бүкіл Адамзатты үрей мен қауіптің уысында ұстап келген Семей ядролық атом полигонын жабуы және де Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы батыл әрі адами бастамасы қазір «Әлем. XXI Ғасыр» Манифесіне ұласып, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің бас құжаты ретінде басшылыққа алынса, Елбасының  «Уақыттың бетіне ұялмай тура қарай аламыз!» деуі әбден орынды!

Еліміздің де оның бүгінгі де келер ұрпақтарының да әлем алдындағы жүзі  ашық та жарқын болғанға не жетсін?! Елбасы әлемге де болашаққа да барар жолымызды сабырлы саясатымен салып берді. Біздің әрқайсымыз  сол уақыттың бетіне ұялмай тура қарай алатындығымызбен   бақыттымыз!

«Алла – адал ниетте, жүрегіңді таза ұста!»

Алла да, иман да-жүректе. Ең алдымен, жастар жүрегін таза ұстауы қажет... Жастарымызға айтарымыз: өз дініңді қадір тұт, өгей дінге бас ұрма. Әрине жас кезде еліктеу басым болады. Бірақ жат діни ағымға еліктеу, елігу қауіпті екенін ұмытпаған жөн!

                                                                  Нұрсұлтан Назарбаев, 

                                              «Ұлы дала ұлағаттары.» ( « Егемен Қазақстан»,

                                                                                              5 қараша, 2016 жыл.)

 Елбасы ел  Тәуелсіздігінің  25 жылында Астана қаласында 2003-ші жылдан бастап  бес рет адам баласының өзі де, оның діні де жаралғалы  сол Әлем діндері лидерлерінің форумын өткізіп, өркениеттер тоғысы кезінде  жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған тұста түрлі діндердің ізгілігі мен жасампаздығын, ғасырлар бойғы Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді де ықпалды құралы ретінде пайдалануға жасаған сауапты ісі Адамзат тарихының ұлы оқиғаларының бірі еді.

Аласапыранды заманның өкпек желі бізді де бетімізден қақпай қалып тұрған жоқ. Әлемнің әр түпкірін үрейде ұстап отырған түрлі радикальды діни жат ағымдарының ықпалы бізге де келіп жеткендей болып тұр. Тіпті лаңкестік  әрекеттер жасауға барып та қалғандар кездесті. Мұны діннен емес сол дінді білместіктен көру керек. Елбасы бізге осыны айтумен, осыны ұғындырумен келеді.

Діни наным мен сенім бостандығы бізге Тәуелсіздікпен келді. Бұл орайдағы әркімнің ерікті құқы Контституциямызда көрініс тапты. Кешегі коммунистік жүйе Құдайға сыйынуға тыйым салып тастаған болатын. Алайда, соған қарамастан өзіміз көрген жарықтық аталарымыз бен әжелеріміз жасырынып жүріп намаздарын оқыды, оразаларын ұстады, имандылықты жүректерінде сақтады.

- Кеңестік кезеңдегі қызыл террордың халықтарды қуғын-сүргінге ұшыратудағы зорлық-зомбылығын өз өміріндегі тұрмыстық тауқыметтермен бірге бөліскен қазақ халқының сол кездегі жан дүниесіндегі үнсіз қарсылығы болатын. Қазақтардың босып келген халықтарды паналатуы мен адамгершілік қолын созуы сол нәубетке іштей қарсылық болған шығар? Қара күшке қарсы қарапайым ақыл-парасатты қолдану ұлы күрес, имани майдан. Демек, біздің халқымыз--зайырлы жиһадтың үздік үлгісін көрсеткен жұрт. Бұл біздің бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік мақтан, өмірлік өнеге болса керек-, деген Елбасының бұл айтқандарында  («Ұлы дала ұлағаттары.»  « Егемен Қазақстан», 5 қараша, 2016 жыл.)   адам баласына жақсылық жасау жиһадтың имандысы деген ұғымды алға тартады.

Дінді білместіктен адасып жатқандаймыз. Бұл үшін кешегі құдайсыз қоғамнан шыққандарды жазғыра беруге де болмас. Тәуелсіздік  алғаннан кейін мешіттер ашылып, жаңадан салына да бастады. Жастарымыз да, тіпті мектеп оқушыларына дейін мешіттерге келе бастады,намазға жығылды. Құран сүрелерін жаттай бастады. Қуандық! «Ана көшенің бұрыш-бұрышында қаптап тұрған сыраханаларға бармаса болды»-, деп маскүнемдіктен ығыр бола бастағандықтан «балаларымыз мешітке барып жүрсе, әйтеуір арақ ішпес» деп ойладық. Діннің де жат пиғылдысы болатынын білмедік. Оның үстіне шет елдерден ислам дінін уағыздаушылар келіп, шариғатқа сусап қалған  халқымыз олардың айтқандарына имандай сенді, ұйыды, иланды. Олар ғасырлар бойғы халықтық кейбір салтымыз бен қалпымыздан  шариғатқа  қарсы жайларды тауып, соларды  айта бастады. Тіпті домбыра тартып, ән айтуға да болмайды екен! Дүниеден өткен ата-бабаларымыздың аруағына арнап құран да оқуға болмайды екен! Сөйтіп ең әуелі дінбұзарлар көбейіп кетті де, мұның соңы басбұзарлыққа әкеле бастады.

Елбасының «Ұлы Дала Ұлағаттары»  ой-толғауының  «Дін мен Дәстүр» деп аталатын  бір парасындағы айтылатын пікрлер мен өситтерді біздің Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өз уағыздарына енгізулері керек болар. Мемлекет басшысының дін мен дәстүр сабақтастығы қатысты ойлары әсіресе жастар арасында кеңінен насихатталуы қажет. Өйткені Президентіміз айтып отырған біздің қоғамның «діни сауаттың аздығы, діни орындардың таза дінді жалған діннен ажыратау бағытындағы дәрменсіз жұмыстарына» жетекші әрі көмекші құрал бола алары даусыз мәселе.

- Аруақты құрметтеу, бейіт басына барып дұға бағыштаудың, Наурызды қуана қарсы алып, жаңа туған аймен амандасудың дін алдында ешқандай да айыбы жоқ-, деп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір аталы сөзіне тоқтағанымыз жөн ғой деп ойлаймыз. Елбасының осы аталық пікірін ата-бабамыздың сан ғасырлық салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын мансұқ етіп жүргендерге  сабырмен жеткізіп, санасына сіңіру міндет болса керек.

Ислам дінінің қасиеті мен ізгілігін қорғауға келгенде Назарбаевтай белсене кірісіп, Назарбаевтай кесімді ойы мен пікірін айтып жүрген әлем мемлекетерінің де, тіпті Араб елдері басшыларының арасынан да ешкім  шыға   қойған жоқ. 2011-ші жылдың 11-ші  қыркүйегіндегі Америкадағы сауда үйі мен Пентагонға жасалған шабуылдан кейінгі ислам фундаматализмі дүниеге  қатер төндіре бастады деп  даурығулар  басталған кезде Нұрсұлтан Назарбаев  «Ислам әлемге емес, әлем ислам әлеміне қауіп төндіріп тұр»-, деуі және де Елбасының 2006-шы жылдың  қыркүйек айының  12-13-тері аралығында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II-ші сьезінде: «Құдайды іздеу» пердесін жамылып барша ұлы ұстаздар айыптайтын шын мәніндегі үрейлі әрекеттер жасалуда. Екінші жағынан, белгілі бір дінді агрессияшыл деп айыптаудың біржақты әдеті айқын әлпетке көшті»-, дей келіп осы заманғы саяси және экономикалық мүдделер діни қағидаттардан жоғары қойылып отырғандығына алаңдаушылық білдіргені де есімізде.

Міне, Елбасының ислам және өзге де дәстүрлі барлық ұлы Діндердің «рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі» деп тұжырым жасауы және де  қасиетті қазақ топырағында, Астана қаласында  2003-ші жылдан бастап, әр үш жыл сайын, 2006,2009,2012,2015-ші жылдары, бес рет өткізілген шараны «діндер арасындағы дипломатияның тілі ізгілік пен имандылық екенін түсіндіруге барынша әрекет жасадық»,-деп байламды ой айтуы адам баласының ниетін түзеу мен жүрегін ізгілендіруге жасалған сауапты бір қадам болатын.

- Қазақстан өзінің Ата Заңында ашық жазылғанындай, зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз. Бірақ қандай дін болмасын,, ол сол аймақтағы мемлекеттің дамуына өзінің теріс әсерін тигізетін болса, біз бұған жол бере алмаймыз. Біз үшін мемлекеттің тұрақтылығы,тыныштығы, береке-бірлігі ең басты құндылық»-,  деп Елбасы осы «Ұлы Дала құндылықтарында»

Мемлекеттік мүддені, Тәуелсіздігіміздің тағдырын бәрінен жоғары қойып отыр. Ел тағдыры мен Тәуелсіздік тағдыры жолында бірлік пен ынтымақ бәрінен де жоғары, бәрінен де қасиетті болуы керек деген Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы  әр қазақстандықтардың басты ұстанымы  болса етті  деп ойдаймыз. Және де ақыл мен парасатқа жүгінейік. Тіршілігіміздегі сауапты ісіміз көп болсын, сол тіршілікке қиянат жасап, обалға қалып жүрмейік.  Елбасының бізге айтар ғибраты да осы! Жүрегіңді таза ұста!...

«Өз Отанына өз баласы ренжи ме екен?!.»

Ел тірлігі, көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жырақтағы жұртың туған жерге жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!

                                                                                   Нұрсұлтан Назарбаев,

                                                        «Ұлы дала ұлағаттары» ой толғауынан.

                                                      («Егемен Қазақстан», 8 қараша, 2016 жыл.)

 

Елбасы ел  Тәуелсіздігінің 25 жылында тағдырдың қилы-қилы кезеңдерінде көздерінен қанды жастарын сыға   отырып, өз туған жерлерінен ауа көшіп, қиыр жайлап, тарыдай шашылып, кеткен өз бауырларымызды өз ата жұртымызға қоныстандырып, қазақтың қайырлы ұлы көшін бастады!

Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құдайы бір сауапты ісі болатын! Олай деуіміздің негізгі бір себебі, ұлы көштің алғашқы легімен келген ақ сақалды ағаларымыздың әуежайдан түсе салып, көздеріне парлаған жастарын тыя алмай, қазақ жерінің топырағына маңдайларын тигізіп, сол қасиетті топырақты сүйгендерін де,  табандарының өз ата жұртына тигендіктері үшін бір Аллаға шүкіршілік айтып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жан жүректерінен шыққан ақ алғыстарын айтып, ақ баталарын берген адам жанын толғанысқа салар жайды да көзіміз көрген болатын.

«Елге ел қосылса құт» деп білген халқымыздың  қасиетті қағидасын және  қазақтың қасиетті топырағын басқызбай қойған зұлым саясаттың құрбаны болып, ішқұса болып жүрген қазақтардың шері мен мұңын ұға білген Елбасы тіпті Тәуелсіздігіміздің елең-алаң сәтінің өзінде,яғни 1991-ші жылдың  31-ші желтоқсан күні қазақ радиосы арқылы шет елдердегі қандастарымызға үн қатып, сөз сөйледі. «Ол сөз жан жүрегімнен қайнап шыққан еді» деген Елбасының  туған халқына деген таза да мейірімді жүрегінің айнасы болатын. Сонан соң іле 1992-ші жылы  Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өткізіліп, сол Ұлы жиында Нұрсұлтан Назарбаев тағы да тебіреністі сөз сөйлеп:

- Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден гөрі қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тірлік орнар. Бұйыртса, бүгінгі Құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың өсіп-өркендегеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенемін!,- дегенді айтып еді.

Елбасының дуалы ауызынан шыққан осы бір ауы сөздің тарихи ақиқатқа айналғандығын енді көз көріп, көңіл илана білді. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанға 1 миллионнан жуық бауырларымыз оралды. Көш көлікті де болды, жерікті де болды. Ел ішінде «өзіміз жарымай отырғанда бауырсынып, соларды шақырып неміз бар еді?» деген қаңқу сөз де айтылмай қалмады. Алайда, Елбасы қандастарымызды өз ата жұрттарына орналастыруды Мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріп, шынайы қамқорлық пен жанашырлық жасады әлі де жасап келеді. «Әрине, жаңадан жерсіну, бейтаныс ортаға бірден бейімделу оңай болмас. Кейде қиырдан келген қандастарымызды жайлы орналастыруда жекелеген жауапты адамдардың тарапынан болып жататын бойкүйездік пен тоғышарлық, жаны ашымастық пен жағдайды бағалай алмаушылық кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Мұндағы түйткілдер--мемлекеттің қатесі емес, кейбір шенеуніктердің төрешілдігіне байланысты жағдайлар. Біз бұлардың бәріне сын көзбен қарап, түзетіп, көңілге түскен қаяуды жоюға күш салатын боламыз»,- деген Елбасының («Ұлы дала ұлағаттары», «Егемен Қазақстан», 8 қараша  2016 жыл.) осы айтқандарын зерделі көңілмен саралай білейік.

«Көңілге түскен қаяуды»,-дейді Елбасы!  Мұны кім айта алар?! Мұны кім және де не үшін айтып отыр?! Атасы мен діні басқаларды бауырымзға басып жылыта білсек те, өзіміздің қандастарымызға келгенде тарылып, тасбүйрек бола қалғанымыз да кездеспей қалған жоқ. Кездесті, болды. Сонда да алыстан арып-ашып, ата жұртым деп келгендердің көңіліне  қаяу түсірдік-ау дегенді ойладық па?! Елбасы сол біз түсірген қаяуды біліп,  соған жаны ауырып отыр. «Көңілге түскен қаяуды жоюға күш салатын боламыз»,- дейді тағы да! Осындай  өз еліңнен,  осыны айтқан өз Елбасыңнан айналсаң болмай ма?!  «Адалдық-жан тазалығы! Біздің Президентіміздің туған халқы мен қазақ жерін мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстарға деген жан тазалығы, адал сөйлейтін пейілі мен адал көңілі-елдің бағы»,- деген бұдан біраз жыл айтқан бір пікіріміздің қайрадан бір ойға оралғаны болды.

Жасыратыны жоқ ішкі және сыртқы кейбір әсерлерден кқштің біразырақ тоқтап қала жаздаған сәті де болды. Мұны да жасырмаймыз. Ата жұртқар оралғандарға Қазақстан азаматтығын берудің де мерзімін созып алдық. Әйтеуір бөгесіннің бола бергені де анық. Кейін Елбасының айтуымен Парламент депутаттары бұл мәселені заңды түрде реттеді.Өазір азаматтық алуда еш бөгесін болып отырған жоқ. Бір түскен қаяу түзетілді, тігісі жатқызылды.

Сондай бір кезеңдерде, нақтылап айтар болсақ 2014-ші жылы Көкшетауда Баят Жанатұлы деген аса қадырлы жазушы ақсақалымыз қайтыс болып, марқұмды жерлеуге Монғолиядағы ағайындары мен жекжаттары келді. Қарсы алдық, күттік. Алыстағы қандастарымыздың жағдайларын сұрастырып, әңгіме-дүкен құрдық.

- Шеттегі ағайындар Қазақстан көшті тоқтатып тастады деп ренжіп жатқан жоқсыздар ма?,-деді сол арада әлдекім.

- Жоқ шырағым! Ол не дегенің?  Өз Отанына өз баласы ренжи ме екен?!- деген салиқалы ақсақалдың мына аталы сөзіне риза болдым. Кеңінен танысып, ныспысын сұрап, қойын дәптеріме аты мен жөнін де, «өз Отанына өз баласы ренжи ме екен?»,- деген сөзін де жазып қойған едім. Осы бір аталы сөзді айтқан адам—Монғолия азаматы Құлай Оңғарашұлы!

«Ағайынға арнап көп нәрсені айтқым-ақ келеді. Алайда, іштегінің бәрі сыртқа шыға бермейді ғой», -деген Елбасының осы бір жүрек түпкіріндегі жан сырын өзіміз саралайтын, өзіміз зерделейтін, өзіміз түсіне алатын жасқа жеттік. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында  жақсыны да, жаманды да таныдық, көзіміз ашылды,  көңілге көп жайды түйдік. Ол ең әуелі ел бірлігін сақтау! Жердің тұтастығын сақтау! Алауыздықты қойып, бір ауызды болып Мәңгілік ел болуды ойлау! Ұлымыз намыссыз, қызымыз қылықсыз қалмасынды ойлау! Тіліміз бен дінімізді таза ұстау! Ерінбей еңбек етіп, білім мен ғылымды меңгеру және де Қазақстанды әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына тұрғызу! Бұл дүниенің төрт бұрышында жүрген әр қазақ перзентінің ойлайтыны болуы керек.

Әлемдегі бар қазақ-бір қазақ! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала Ұлағаттарында»  айтқан осы бір ауыз сөзі ұлттың ұраны, Мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған халқымыздың бүгінгі де келер ұрпақтарының да саналарында сайрап, жүректерінде жазылып тұруға тиісті болмақ керек!

«Әлемдегі бар қазақ-бір қазақ!..»  Елбасының бұл ұлағаты дөңгеленген дүниенің  жұмыр жерін басып жүрген әр қазақ баласының  санасында сайрап тұрар  сөзі болуы керек.

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты

Abai.kz        

 

 

 

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057