Р.Айтбай. Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басқа да кезеңдерімен қатар 1916 жылғы көтерілістердің әр түрлі мәселелері де ауызша тарих айту дәстүрі туындыларында кең көрініс тапқан. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына қарсы Қазақстанның түпкір-түпкірінде болған ұлт-азаттық көтерілістер жайындағы әңгімелер, өлеңдер, жырлар халық жадында сақталып, бізге дейін жеткен. Мұның өзі ауызша тарих айту дәстүрі туындыларының халықты дүр сілкіндірген оқиғаларға байланысты қалыптасатындығын тағы да дәлелдейді.
Мәселен, Жетісудағы көтерілісті басқарған Бекболат Әшекеевке арналған «Бекболат» атты жырда патша жарлығынан кейінгі ауылдың ахуалы былай көрсетілген:
...Даланы қара бұлт басты,
Найзағай ойнап, от шашты.
Жым-жырт жатқан сахара,
Басқандай болды албасты.
Зілді кезең кездесіп,
Кәрі, жастан сұр қашты,
Жарлығы шығып патшаның,
Ел сенделді, ер састы.
Ежелгі кек оянып,
Көтеріліп жұрт дуласты [1].
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басқа да кезеңдерімен қатар 1916 жылғы көтерілістердің әр түрлі мәселелері де ауызша тарих айту дәстүрі туындыларында кең көрініс тапқан. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына қарсы Қазақстанның түпкір-түпкірінде болған ұлт-азаттық көтерілістер жайындағы әңгімелер, өлеңдер, жырлар халық жадында сақталып, бізге дейін жеткен. Мұның өзі ауызша тарих айту дәстүрі туындыларының халықты дүр сілкіндірген оқиғаларға байланысты қалыптасатындығын тағы да дәлелдейді.
Мәселен, Жетісудағы көтерілісті басқарған Бекболат Әшекеевке арналған «Бекболат» атты жырда патша жарлығынан кейінгі ауылдың ахуалы былай көрсетілген:
...Даланы қара бұлт басты,
Найзағай ойнап, от шашты.
Жым-жырт жатқан сахара,
Басқандай болды албасты.
Зілді кезең кездесіп,
Кәрі, жастан сұр қашты,
Жарлығы шығып патшаның,
Ел сенделді, ер састы.
Ежелгі кек оянып,
Көтеріліп жұрт дуласты [1].
Патша жарлығы халыққа төбеден жай түскендей әсер етті. Жер-жерде наразылықтар көбейді. Патша жарлығының қатаңдығы және жергілікті жерлерде оны жүзеге асырудың әділетсіз әдістері түңілуге дейін жеткізген, қолына түскенімен қаруланған еңбекшілер патша өкіметінің өкілдеріне: болыс басқарушыларына, ауыл старшындарына, полицейлерге, казактарға, шенеуніктерге бас салып «адам бермейміз!» деп айқайлап, оларды ұрып-соқты [2].
...Біреу олай сөйледі,
Біреу былай сөйледі:
-Баланы қолдан бергенше,
Қасірет, қайғы көргенше,
Патшаға қарсы тұрамыз.
Өлсек, шәйт боламыз, -
деп серттесті [3]. Бірте-бірте қарапайым қарсылық қарулы көтеріліске ұласып, ұлт-азаттық сипат алып, Жетісу, Сырдария, Ақмола, Семей, Торғай обылыстарын және т.б. аудандарды қамтыды. Ғылыми әдебиетте 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістері құжаттар негізінде жан-жақты зерттеліп, өз бағасын алды [4].
Көтерілістің алғашқы ошағы Жетісу облысында пайда болды. Мұнда патша жарлығына қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында бұқаралық сипат алды. Барлық жерлерде найза сүңгілермен, қылыш, шоқпарлармен, жекелеген қарапайым аңшылық мылтықтармен қаруланған сарбаздар жасақтары ұйымдастырылды. Жетісудың Жаркент, Верный, Лепсі уездеріндегі көтеріліс ошақтарына Бекболат Әшекеев, Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов, Жаңабай Құдайбергенов, Серікбай Қанаев, Қазбек Шорманов, Тоқаш Бокин, Әубәкір және Жақыпберді Солтанбекұлдары, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар, т.б.жетекшілік жасады [5].
«Бекболат» жырында қазақтардың жарлықты орындамауға бел байлаған шешімдері жайында патша ұлықтарының Жетісу облысының әскери губернаторы М.Фольбаумға баяндағаны былай көрсетілген:
«Сұры жаман қазақты»,
Көздерімен көргенін,
Патшаға жігіт бергенше,
Жақсы көрер қырылып,
Өз жерінде өлгенін,
Жолықты бізге көп қазақ,
Жайнаған оттай шоқ қазақ.
Ауыл сайын біз бардық,
Ықыласы жоқ қазақ.
Палбаум,тақсыр,жанарал!
Қазақ әскер бермейді,
Бұл сөзіме құлақ сал.
Қанға былғар қолдарын,
Беруге қимай ұлдарын,
Көзім көрді көп қазақ
Баталасып тұрғанын [6]...
Одан әрі жырда қазақтардың патша жазалаушыларына қарсы тұру үшін қолына түскен қарулармен қарулана бастағандығы айтылған...Шілде айының бас кезінде толқулар Верный уезінің Батыс және оңтүстік бөліктерін де қамтыды, оларда көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Ақкөз Қосанұлы және басқалар басшылық етті.
1916 жылы жасы 70-тен асып кеткен Бекболат Әшекеев Жайылмыш болысы көтерілісшілерінің үлкен жасағын басқарды[7]. «Бекболат» жырында бұл жағдай былай сипатталады:
Жұрт жиылды айқайлап,
Ырым қылып өзінше,
Бір ағашқа ту байлап,
Көп халайық көтерді,
Бекболатты бас сайлап... [8]
Өз адамдарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады [9].
Сол уақытта ұрыстың,
Басталар кезі дәл болды.
Біреудің біреу малына,
Ие болар күн болды.
Патша әскері қазаққа,
Күйік болар күн болды.
Айдағаны әскердің
Түйе болар күн болды.
Үсті-басы қазақтың,
Шие болар күн болды [10].
Қарулары сақадай жазалаушылардан көтерілісшілер жеңіліп, Бекболат және басқа да көтеріліс басшылары қолға түседі. Бекболат бар күнәні өз мойнына алады. «Көтерілістің басшылары, бірінші кезекте Б.Әшекеев қиын міндетті шешуге тиіс болды: не Қытайға кету керек еді, онда патша жендеттері олардың туыстарын жазалай бастайтын еді, не туыстары мен ауылдастарын құтқару үшін патша жендеттерінің қолына өз еркімен беріліп, бүкіл кінәні өз мойнына алуы қажет еді. Бекболат соңғысын таңдады» [11].
...Қазақтан талай кісі шығын болды,
Жүз елу жылқы жауға тығын болды.
...Әуелі Бекболатты әкетті айдап,
Ат үстінде аяқ қолын байлап,
Артынан қалғандарын қоса айдап,
Бейшара түсті қолға соры қайнап, -
деп, Бекболаттан жауап алуы, оның жолдастарын ұстап бермей, бар ауыртпалықты өзі көтеруі соңында патша жендеттерінің Бекболатты дарға асуы баяндалған [12].
...Атты казак орыстар,
Қамап алып келеді.
...Көк мылтықты көпіртіп,
Көкке қарап келеді.
Ер Бекболат сияқты,
Бекке қарап келеді.
Бекболат ер ашулы,
Шетке қарап келеді.
Елден адам бар болса,
Сәлем айтсам жұртыма,
Деп те қарап келеді.
Дар түбіне барады,
Жан-жағына қарады.
Ауылдасы Мұстафа,
Дереу келе қалады,
Көзіне жас алады.
Абдоллаға сәлем де,
Танырсыз менің баламды.
Басқа сөзге уақыт жоқ,
Мойныма арқан салады... -
деп [13] көрсетілген жырда. Халық Бекболаттың ерлігіне сүйсініп, ел басына түскен қиын жағдайға күйініп, ІІ Николай патшаны даттайды. Жырдың «Жайылмыштың кемпірлерінің жылағаны» деп аталған бөлігінде:
Біз де адамнан туып едік,
Адамбыз деп жүріп едік.
Сарала шенді шошқаға
Қандай күнә қылып едік?
Алым бермей қойдық па?
Малын бермей қойдық ба?
Сендердің де біздей болып,
Бала-шағаң шуласын,
Үстіңдегі патшаң
Апиын жеп уласын, -
деп [14], халықтың ашу-кегі сипатталған.
1916 ж. Жетісуда болған ұлт-азаттық көтерілістің ауызша тарих айту дәстүрінде көрініс табуын академик К.Нұрпейіс былай деп баяндайды: «Қыркүйек пен қазан айының басында Жетісу көтерілісшілері жеңіліс тапты, олардың айтарлықтай бөлігі күші басым жазалаушылармен табан тіресе шайқаса отырып, батыс Қытайдың Шыңжаң өлкесіне өтуге мәжбүр болды. Қытай ауып кеткендердің көпшілігі шекаралық өңірді мекендеген Ұлы жүздің Албан, Суан, Орта жүздің Найман, Керей тайпаларының, қырғыздардың албандармен жапсарлас қоныстанған Бұғы тайпасының 300 мыңнан астам өкілдері еді. Қанды оқиғалардың куәгерлері болған Албан тайпасынан шыққан Көдек Маралбайұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Әбен Атамқұлұлы сынды ақындардың халықтың жадында жатталып, кейінгі ұрпақтарға жеткен өлең-жырларында сол кездің тарихи шындығы тайға таңба басқандай суреттелген [15]. Бөлтіріктің «Ел жарыла көшкенде» деген жырында:
Сойылы бар батырдың
Талайын атқан оқпенен,
Жапалақтай жығылған,
Сай-салада тығылған.
Қызыл жоса,қырман боп,
Қырылдық жаман шыбыннан.
Албанның қасқа қайсары
Серікбай, Ұзақ, Жәмеңке -
Бәрі он екі кісі еді,
Қарақолға бет алып,
Қара жолмен шұбырған [16].
Айтылмыш ақындар патша жендеттерінің соққысына шыдамай халықтың үдере көшуін «үркін», «үрке қашу» деп анықтаған. Осы ұлттық қасіретті суреттеген өлең-жырлардың біразын ХХ ғасырдың 20-жылдарында көтеріліс болған Жетісу аймақтарын әдейі аралаған Ілияс Жансүгіров хатқа түсіріп кеткен екен. Содан бері көптеген жылдар мұрағат қорларында жатқан Ілекеңнің қолжазбасы кейінгі жылдары оның шығармашылық мұрасын зерттеушілерге белгілі болды...
Жоғарыда есімдері аталған ақындар 1916 ж. көтерілістің куәгерлері ғана емес, оған тікелей араласқан, сол үшін патшалық билік жүйесі тарапынан кезінде қуғын-сүргін көрген жандар еді...Олардың бізге жеткен өлең-жырлары Жетісудағы көтерілістің негізінен Қарқара ошағының (тарихта Албан көтерілісі, кейбір мұрағат құжаттарында «Албан-Бұғы көтерілісі» аталған) тарихынан сыр шертеді. Оның басталуы мен барысы, жеңіліс табуы, көтеріліске жетекшілік еткен айтулы тұлғалар, тірі қалған көтерілісшілердің Қытай ауып кетуі жөнінде аса құнды мәліметтер сақталған» [17] .
Бөлтірік Атыханұлы қысым көрген жұрттың Қытайға үдере көшуін былай суреттейді:
Ел күңіріне үріккенде
Кеулей қашып жөнелдік.
Атадан қалған қой, жылқы
Тимей қашып жөнелдік.
Тіккен үйді тенкейтіп
Кірмей қашып жөнелдік.
Екі жеңін шапанның
Кимей қашып жөнелдік.
О қашқаннан бардық та
Қытайға барып тығылдық
Аяғын құшып қалмақтың
Жалынып, жарбап жығылдық, -
деп сол кезеңнің жағдайы анық суреттелген [18].
Осылайша халық жадында 1916 жылғы Жетісу қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі оқиғалары сақталып, ауызша тарих айту дәстүрі туындылары арқылы бізге жеткен. Бұл деректердің маңыздылығы болған оқиғаларға халықтың берген бағасымен танысуға мүмкіндік аламыз.
«Қазақ тарихы» журналынан