Сәрсенбі, 17 Шілде 2019
Қайнайды қаның... 3768 19 пікір 12 Маусым, 2017 сағат 03:38

Ақырып теңдік сұрар күн туды...

Патшалық Ресейдің, одан кейін Кеңес Одағының басып-жаншу әдістері алуан түрлі  болғанмен, көздеген мақсаты біреу еді. Бұрын жинақы отырған, бір тілде сөйлеген қазақтарды қырық бөліп, өз соғыстарына әскер алып, пайдаланып, үш рет әліппесін өзгертіп, ашаршылықты қолдан ұйымдастырды. Алаш Орданы құрған ұлтшылдарды қынадай қырды. Одан қала берді Бірінші, артынша Екінші дүниежүзілік соғыстан есеңгіреп қалған қазақтың шығысында «Семей-Невада» батысында «Капустин-Яр» деген желеумен 40-жыл бомбалады.

Тың игеру кезінде орыстың мұжықтары мен түрмеде отырған баскесерлерін қазақ жеріне  топырлатып төкті. Олармен қазақтар ию-қию араласып, байырғы қалыптасқан этностық біртұтастығынан түбегейлі айырылды, қазаққа ғана тән асыл  қасиеттермен бірге салт-дәстүрі келмеске кетті. Осылай бірін-біріне жатсындырып, жатбауыр етіп, өзара жауықтырып жіберді.

Бұл аз болғандай, психологиялық  факторларға сүйеніп, қазақтардың мінез-құлқы да, тұрмыс-салты да, жұмыс істегендері  де  дәйім сыналып, үзбей әжуаланып, ақыр  соңында  өздерінен  өздері  ұялатындай жағдайға  жеткізілді. Ұдайы  кемсітілді, мазаққа  ұшырады. Кезінде ағылшындар жаулап алған Америка мен Африка  елдеріне осы  әдіс-тәсілді тиімді  пайдаланған. «Отырса—опақ, тұрса—сопақ» саясаты жүргізілді. Отарлаушылық идеология мен психологияның әсер  еткені  соншалықты, екі  қазақтың бірі  екіншісінің бойынан  мін  іздеп, бірін-бірі  кемсітіп отыруды  әдетке  айналдырған. Мұндайға  шыдай  алмай, қырылғандары  қырылды. Қырылмағандары  ашық  ассимилияцияға  көнуге  мәжбүр болды. Осылай орыстандыру  саясаты құйтырқылығының кесірінен өз үйінде отырып, орысша  сөйлейтін қазақтар  көбейді.

Армысың,  Атамекен!

Мен тарихи Отаным Қазақстанға алғаш  рет 2005 жылы Дүниежүзілік қазақтардың ІІІ құрылтайында қонақ ретінде табан тіредім. Қазақтың  ұлан-байтақ жерін  ақ найзаның  ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған ата-бабаларыма шексіз  алғыс  жаудырдым. Әдемі ғимараттарды тамашаладық, дүниежүзінен келген  қандас бауырлармен таныстым, керемет концерттердің куәсі болдым.

Ескендір Хасанғалиевтың «Қайда  жүрсем атамекен, көкейімде жатады екен, күннің нұры ұясына, қимай оны батады екен» деген өлеңін тыңдап көзіме жас  келді, мерейім  үстем  болды, әсем Астананы көріп  қазақ болып  туғаныма  қуандым, бақыттан басым  айналды. «Өзбек жерінде не істеп жүрмін?» деген сұрақ көкейіме маза бермеді, түнімен дөңбекшіп дұрыс ұйықтай алмадым, түнде ұйқыдан күндіз күлкіден айырылдым. Тәшкентке қайтып келген соң, «Қалайда тарихи Отаныма оралу керекпін» деген ой ызыңдап маза  бермеді.

Шекарашы офицер болғандықтан арыз жазып қызметтен босадым. Олимжон Әбдусаламов деген қызметтес өзбек ағайын «Мурод ака сизни козоклар ишка омайдилар» деген сөзін тыңдамай, қолын қатты қысып қоштастым, басқа түскенді көз көрер деп Астанадан бір-ақ шықтым. Көші-қон басқармасына құжат тапсыру, толтырудың машақатын дұшпаныма тілемес едім.

Түсінбегенімді сұрамақшы болып көрші кеңсеге кірсем, жеті-сегіз әйел үш-төрт ер адам әңгімелесіп тұр екен, бәрі дерлік өзіміздің қаракөздер бірақ, бір-бірімен орысша сөйлесіп отыр. «Кешіресіздер» деп түсінбегенімді сұрамақша едім, «Кто тебя сюда пригласил иди отсюда» деді шетте отырған сап-сары қазақ қызы. «Қазақстанға орысша сөйлеу үшін келгенім жоқ» деп едім. «Еще они по-русский не владеют» деп киіді. Кеше үстіне басып кірген орыс, одан қала берді жер аударылған әрмян мен грек, күрд пен кәріске дейін хош көрген, «Қайдан келдің? Неге келдің?» деп сұрамаған, әйтіп-бүйтіп жағу, көңілін табуды ғана ойлаған ортақшыл қазақ енді  бүгін, екі өкпесін  қолына алып, жүрегі лүпілдеп  ата жұртқа жеткен қандасына  осылай қыр көрсететіні жаныма батты. «Адамның көңілі  бір атым насыбайдан қалады» дейді атам қазақ, лапылдап  келген жүрек  осылай  су  сепкендей  басылды.

«Елім» деп жеткен оралман мұндағы қазаққа неге жат?

Иә, орыс-орман неге жат  емес? Біздің қалыптасқан түсінік, санаға біржола орныққан ұғым бойынша қазақ емес жұрттың бәрі бізге  қожайын. Қазақтың бәрі—құл. Құл қашанда қожайынға тәуелді.  Құл—әрдайым өзі тектес құлды қорлағысы келіп тұрады. Көзі көрмесе де, қасында тұрмаса да, дәстүрлі қожайын алдындағы құлдық парызын, құлдық міндетін өтеу үшін. Біз өзімізді өзіміз дарға тартуға, итке талатуға, зорлық-қорлық өлімге кесе береміз. Мұның бәрі—қазіргі жер әлемде жоқ  құлдық  сананың классикалық көрінісі. Шәкәрім Құдайберді бабамыз «Құлды  құл десең, өлгісі келеді, биді құл десең күлкісі келеді» дегені іспеттес.

Ежелден осылай ма  едік?

Әрине жоқ. Қазақ бауырмал  адам атаулыға  жанашырлығы  мол еді. Жолаушылап келе жатқан жолаушының аты-жөнін танымаса да, құдайы қонақ деп  ас тартып, көрші-қолаңды шақырып, танысып, өлең айтып, үйіне қондырып, атын суғарып, азығын жегізіп, дем алуына жағдай жасап, ертесінен  жолына ас-суын беріп шығарып салу—бұл дүниеде тек қазаққа  тән  қонақжайлылық. 1961 жылы Қазақстанға Қытайдан бір миллионға жуық қазақ қоныс  аударды. Бүгінгі күні Семей, Өскемен, Талдықорған, Алматы сынды қазақсырап отырған бірнеше облысты ұлттық апаттан аман алып қалған солар болатын. Қазіргі солардың ұрпағына қарап, кім, қашан, қайдан келгенін ажырата алмайсыз. Қалың қазақтың  ортайған дариясын түгел толтырмаса да, біршама оңдап тастағаны күмәнсіз еді.

Өткенге  салауат айта отырып, биыл тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл толуымен қазақ халқы  қайта  түлеп  алды-артына қараса дейміз. Қысқасы  мылқауға—тіл, момынға—тіс бітті. Бұрынғыдай астарлап емес, айқайлап теңдік  сұрайтын ашық  таластар заманы  туды. Үкімет—өзіміздікі. Қандай жарлық шығарса да  ешкім қолынан қақпайды. Халқымыз—орнына. Патшамыз—тағында. Бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрса, дария болып ағып жатқан мұнайдың, мыс пен алтынның ақшасы қайда? Қаражатыңды  қимасаң, өз бетімен келіп жатқан ағайынға тым  құрығанда  азаматтық  алуға кедергі  келтірме. Оралманға санап бөлінген квота да  сиырқұйымшақтанып  барып, тоқтап  қалғаны  қай заман. Бәрін айт та бірін  айт  дегендей,  ең қиыны—шын ықылас пен пейіл ниеті  жетіспей жатыр.

Әлемде үш мемлекет Израил – еврейлерді, Германия – немістерді, Қазақстан – қазақтарды ата мекеніне көшіруге мүмкіндік тудырып отыр. Бірақ, Израил мен Германияда көшіп келушіден ұсыныс түскенде, ол адамның келетін  жерін, істейтін қызметін және баласының оқитын мектебін дайындай да, кейін оны шақырады. Бізде ондай жүйе мүлдем  қалыптаспаған. Біздің  қазақтарға  алдын  азын-аулақ квота  беруші  еді, қазір  квота  жоқ, азаматтық алу  құдайдың  қияметі. Кезінде Асан қайға бабамыз «Құйрығы жоқ, жалы жоқ жылан қайтіп күн  көрер» десе, қазір «Жұмыс пенен үйі жоқ, азаматтық пен күйі жоқ, оралман қайтіп  күн көрер» дегім келеді.

Сондықтан әл-ауқаты барлар көшіп алды, көше алмайтындар не істерін білмей көзі бақырайып «Бізді Назарбаев көшіріп алсын» деп қалып қойды. Сол ауылда қалған ағайын бауырлардың тағдыры не болмақ? Соны ойлағанда жүрегім  шымырлайды. Сыртта жүріп өзбектеніп, қытайланып, моңғолданып жатқан қандастарымыз күнделікті күйбің тірлікпен өмірлерін өткізіп жатқаны бесенеден белгілі. Бірақ олар тарих  көші мен  уақыт қойнауында күннен күнге  қазақтан алыстап  бара жатқандарын сезбейді  де. Сезгендерін  шақырып  жатқан  ешкім  тағы  жоқ. «Іздеушісі болмаса, қариялар болар  тез  ғаріп» демекші, біздің  билік оларды шақырып  жатпаса, араласпаса көш  орнынан  жылжымайды.

Шетелде жүрген 6 миллион қазақты  тез арада  көшіріп  алмасақ, күн өткен  сайын  олардан не үміт, не  қайыр  болмайды.

Жұмамұрат  Шәмші 

Abai.kz

19 пікір