Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 11369 20 пікір 21 Маусым, 2017 сағат 11:13

Назарбаев әуежайы. Кім ұсынды? Неге ұсынды?

Астана халықаралық әуежайы енді елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. ҚР Үкіметінің  Қаулысы бүгін  БАҚ-та жария болды.

2017 жылғы 20 маусым №381 Астана, Үкімет Үйі

Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі Б.САҒЫНТАЕВ

Астана мен әуежай атын ауыстыруды кімдер ұсынды?

Естеріңізге сала кетейік, Астана халықаралық әуежайына Президент Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы алдымен әуежай ұжымы көтерген болатын.

Айтпақшы, осы жылдың маусымында  сенатор Дархан Калетаев Астана әуежайына Президенттің есімін беруді сұраған еді.

Дархан мырза бұл бастаманы әуелі 2008 жылы көтерген еді. Арада біраз уақыт өткенде әуежайдың атын ауыстыру туралы мәселені ол күн тәртібіне қайтадан қойды.

Ол кезде Мәжіліс депутаты Павел Казанцев дейтін азамат та бұл ұсынысты қолдап, БАҚ-қа сұхбат берді.

Ал Мәжілістің егде депутаттарының бірі Қуаныш Сұлтанов Елбасының есімін Елорданың өзіне беру керек деп сөйледі. Рас, Сұлтанов мырза Астананы "Нұрсұлтан Назарбаев" қаласы деп атауды бірнеше мәрте ұсынған-ды.

Биыл топтан озық шыққандар сапында депутат Бақытгүл Хаменова ханым да бар. Елбасын ерекше сүйетін депутат Сұлтановтың бастамасын қолдап сөйлегені есімізде.

Сонымен  енді Елордада "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" бар.

Назарбаев ескерткіштері

"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан" басқа жерлерде де Президент Назарбаевқа ерекеше құрмет көрсетіліп жатыр. Біз Қазақстанның ішінде және алыс-жақын шетелдерде орнатылған ескерткіштерді санап көрдік. Қараңыз:

 

Түркия, Анкара. Бауырлас елдің астанасында, 2010 жылы, «Түркі жұртына сіңірген еңбегі үшін» Қазақстан Президентінің қоладан құйылған ескерткіші бар.

Қырғызстан, Чолпон-ата. Ыстық көл жағалауындағы «Шыңғыс Айтматов атындағы Рух-Орда» кешенінде, 2005 жылы ашылған сәулет өнерінің туындысы Нұрсұлтан Әбішұлының жүріп келе жатқан бейнесін елестетеді.

Украина, Днепродзержинск. Нұрсұлтан Әбішұлы 1960 жылы аяқтаған Днепродзержинск техникалық училищесінде қойылған мүсін-бюст – аталған оқу орнының жеке мұрағатына тиесілі туынды.

Молдова, Гагаузия. Молдова мемлекетіндегі Гагаузия автономиясында біздің Президенттің құрметіне қойылған ескерткіш 2012 жылы ашылды.

Астана, «Қазақ елі» монументі. Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр.

Алматы, Тұңғыш Президент саябағы. Бұл ескерткіш 2011 жылы Алматының ең көрікті орындарының бірі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында ашылды.

Алматы облысы, Талдықорған қаласы. Көзі тірісінде ел Президентінің құрметіне қойылған, әзірге соңғы ескерткіш Талдықорғанда ашылды.

Президент Назарбаевқа тұрғызылған ресми ескерткіштерден бөлек,  әр қалада оның атында саябақ, облыстық мұражайларда арнайы бұрыш, жоғары оқу орындарында мадақтау тақталары бар.

Назарбаев атындағы мектептер

Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Олардың саны жиырмаға жуықтайды. Президент Назарбаевтың атында 18 мектеп, 1 университет жұмыс жасап жатыр.

  • Астана қаласы. Астана қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі 2009 жылдың ақпанында ашылған болатын. Бұл Қазақстанда салынатын Назарбаев зияткерлік мектептерінің алғашқысы. Қазір Астанада екі түрлі бағытта оқытатын екі мектеп қызмет етеді. Бірі физика-математикалық, ал екіншісі халықаралық бакалавриат бағытында оқытады.
  • Семей қаласы. Семей қаласында 2009 жылы 1 қыркүйекте физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Ол 2-ші атаулы мектеп болып табылады. Мектеп директоры: Кайыржанов Б.Т.[3]
  • Талдықорған қаласы. 2010 жылдың 21 тамызында Талдықорған қаласында физика-математикалық бағыттағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды [4]. Ашылу рәсіміне елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мектеп әлем стандарттарына сай салынған.
  • Шымкент қаласы. 2013 жылдың 16 ақпан күні Шымкент қаласында физика-математика бағытындағы мектептің ашылу салтанаты өтті [5]. Бұл Қазақстан аумағындағы 9-шы атаулы мектеп. Мектеп директоры Абдрахманова Қаракөз Ізбасарқызы
  • Шымкент қаласы. 2013 жылдың 25 ақпан күні Шымкент қаласында химия-биология бағытындағы мектептің ашылу салтанаты өтті. Мектеп директоры Қасымов Балкан Маратұлы.
  • Ақтөбе қаласы. Назарбаев Зияткерлік мектебі Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында салынды. Онда 720 оқу орны бар. Ауылдан келген балалары үшін 120 орынға арналған жатақханасы салынды.[6]
  • Көкшетау қаласы. 2013 жылдың 23 ақпан күні Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-сынып оқушыларын жаратылыстану - математикалық бағытындағы пәндерді оқуға деген қабілеттерін анықтауға арналған Джонс Хопкинс Университетінің «Дарынды жастар» орталығы жасаған психометрикалық тест өткізіледі.
  • Өскемен қаласы. Өскемендегі химия биология бағытындағы мектепте іріктеу конкурсы басталды[7].
  • Орал қаласы. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қыркүйек айының 29-шы жұлдызында ашылды. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар. Мектеп директоры; Кадырова Шолпан Маратовна
  • Қарағанды қаласы. Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 1 ақпанында ашылды. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар.
  • Тараз қаласы. Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 4-ші шілдесінде ашылды. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар.
  • Қызылорда қаласы. Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 30-шы тамызында есігін ашты. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар.
  • Павлодар қаласы.Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 27-ші тамызында ашылды. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар.
  • Атырау қаласы. Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 11-ші қыркүйегінде есігін ашты. Мұнда аудандардан келген оқушыларға арналған 120 орынды жатақхана бар.
  • Алматы қаласы. Шымкент, Қызылорда, Орал сияқты қалалардың мектептеріне ұқсас үлгіде салынған мектеп 2014 жылдың 4-шi шiлдесiнде ашылды. Алматы қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлiк Мектебiнде 762 оқушы бiлiм алуда. Мектеп директоры- Кенченбаева Жамиля. Мектеп "Таулы қырат" ауданында орналасқан.

Қазіргі таңда тағы да еліміздің 3 аймағында 3 Назарбаев Зияткерлік мектебі салынуда. (Олар: Ақтау, Петропавл, Қостанай қалалары)

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер алыс-жақын шет мемлекеттерде де бар.

 Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059