Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2958 0 пікір 3 Қараша, 2010 сағат 23:00

Альманахтың айтқаны «Жармақ» болды

Сурет  www.azattyq.org cайтынан алынды

«Еркіндік алып, нарыққа бейімделгелі кітап атаулыдан жеріп шыққан халық, хақ патшаға жағынудан, айбарлы әкімдердің қыбын табу, сасыған байлардың көңілін аулаудан басқа тіршілік қамы жоқ әдеби қауым, надандық пен парықсыздық жайлаған ағымдағы баспасөз қалай бағаламақ? Әуелі "еңбекшілердің" ұжымдық наразылығы, оған жалғас "зиялылардың", берісі - салалық министр, арысы - тура республика президентінің атына қаратылған шағым арызы, одан соң күнделікті ақпарат бетіндегі былғаныш науқан...»

(«Жармақ» романынан үзінді)

Сурет  www.azattyq.org cайтынан алынды

«Еркіндік алып, нарыққа бейімделгелі кітап атаулыдан жеріп шыққан халық, хақ патшаға жағынудан, айбарлы әкімдердің қыбын табу, сасыған байлардың көңілін аулаудан басқа тіршілік қамы жоқ әдеби қауым, надандық пен парықсыздық жайлаған ағымдағы баспасөз қалай бағаламақ? Әуелі "еңбекшілердің" ұжымдық наразылығы, оған жалғас "зиялылардың", берісі - салалық министр, арысы - тура республика президентінің атына қаратылған шағым арызы, одан соң күнделікті ақпарат бетіндегі былғаныш науқан...»

(«Жармақ» романынан үзінді)

«Қазақ альманағы»,  № 4 саны қазақтың классик жазушысы, қазір шетелде тұрып жатқан Мұхтар Мағауиннің шығармашылығына арналған. Тоталитарлы заманның қылышынан қан тамып тұрған шақтың өзінде қазақ мүддесін, ұлттың ұпайын түгендеуге атсалысып, «Аласапырандай»  алып шығарманы дүниеге әкелген жазушы соңғы уақытта да қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосып жатқаны белгілі. Оның бір ғана «Қыпшақ аруы» хикаятының өзі талай сырдан хабар береді. Жазушының соңғы шығармасы - «Жармақ». Шетелде жазылған шығарма қазақ топырағында да кеңінен  таралды. «Қазақ альманағы» кезекті санында жазушының соңғы шығармасын тұтастай басыпты. Бір кітапқа жүк боларлық шығарманы тұтастай бір нөмірге жариялаудың өзіндік себебі де бар.Өйткені Мұхтар Мағауин биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл - альманах ұжымының Мағауинге деген құрметінен туындаған ізгі ниет.

 


 

«Жармақ»

(роман)


 

Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды. Марқұммен ежеттес дос болмасақ та, ара-кідік телефондасып тұратынымыз бар еді, азалы топырақ үстінде өкінішке әрі ризашылыққа толы екі-үш ауыз бақұл сөз айттым, жыл уағы өтпей, бейбақ жесірі де дүние салып еді, әке жолынан аулақ балалары мынау алмағайып заманда тіршілік қамында кетіпті, ала қағаз бетіндегі барлық мұрасына жанашырлық танытқан немере інісі менің қолыма әртүрлі сыпаттағы, тура жарым сандық қолжазба тапсырды. Енді сізден басқа ешкімге керегі жоқ деген. Мүмкін, өзіңіз қабір басында айтқандай, құнды шығар, бірақ біліп, бағалап жатқан жұрты қане, әрі осыншама көп жазуды кім ақтарып, кім сараптамақ. Өзінің аманаты да осы. Сізге табыста деген. Жағдайы келсе, бір заманда жарыққа шығарар, қажет көрсе, өз керегіне пайдалана берсін деген. Анығы сол. Тым құрса, жаңа бір жазуыңызға шикізат ретінде кәдеге асар, жатырқамай қабыл алыңыз, одан соңғы сұрауы жоқ деген. Мен, әлбетте, бұл сөзге мән бермедім, бірақ өзім советтік замандағы ұлы жазушы, тәуелсіздік бастауындағы ерен тұлға деп риясыз таныған әріптесімнің барлық қолжазба мұрасы желге ұшып, жоғалмауға тиіс еді. Үлкен шаруалардың арасында ермек, сейіл есепті азғана уақыт бөліп, бар қағазын байыптап шықпақ болдым. Аз-маз ретке келген соң тиесілі архивке өткізбекпін.

Әрине, жарты тең қағаздың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы - Иманның бұрынғы-соңғы үлкенді-кішілі шығармаларының әуелгі қолжазба нұсқалары екен. Әр кезде, әрқилы қағазға, әртүрлі қалам, сиямен түскен, алабажақ, қарақұрым, қым-қуыт таңбалар. Жазуы мұндай сұрықсыз болар ма, менің өзімнің де қолтаңбам оңып тұрған жоқ еді, ал Имандікі тіпті сорақы: құмырсқаның ізінен бетер, және оңды-солды, тура тартқан емес, қиғаш, көлденең салған, бір сөйлемге, кейде сөз, тіркеске әлденеше оралған, әуелгі мәтін, кейінгі түзетулер мен қосымшалар асты үстіне шыға үймелеп жыпырлаған, сызылған, қайтадан қалпына келген, қысқартылған, үстемеленген, әбден шатысқан, мейлінше матасқан шиыртпақ. Оның өзі ортасы басына шыққан, басы аяғына қайырылған, бытысқан жұмбақ. Жазуы соншама жаман болса да, мен сияқты екінші қайтара, тазалай көшіру әдетінде жоқ екен. Мен үшінші мәртеде - мәшіңкеге анықтап басарда кейде өз қолымды өзім танымай, дағдарып отырам, ақыры үлкейткіш линзамен қарап, әрең айырам ғой, ал Иманның жазуы телескоппен қарасаң танылмастай, әйтеуір ұзын-ырғасы бойынша ғана ажырататын сияқты, және өзі емес, әйелі басады екен, әрине, ол да танымайды, сірә, Иманның өзі көмекке келгенімен, баз-базында іркіле қиналып, көбіне-көп жаңадан толғанып, жаңғырта бүтіндеп, жеріне жеткізіп отырған сияқты. Менікі не азап - әуелде қызық үшін долбарлап оқып көрдім, жарияға шыққан нұсқасын білгендіктен ғана; ақыры, қолыма қажетті кітабын алып отырып, қай қолжазбаның қай шығармаға тиесілі екенін шамалап таныған едім. Сол жобамен аруақ алдындағы аманат деп емес, - өз аманатыма, өз шаруама да уақытым тапшы, - ұлттық мәдениеттің алтын қазанының қамы үшін, Имекеңнің, топтай келгенде он төрт томға тартқан толық жинағының негізгі қолжазба нұсқаларын саралай іріктеп, рет-ретімен пәпкілеп бөлдім. Содан соң Орталық Мемлекеттік архивке сөз салып едім. Ондағы білгір ағайындар қатты таңырқаған. Елеусіз, белгісіз жазушының ортақол шығармалары кімге керек. Сізді сыйлаймыз, бірақ қабылдауға негіз жоқ деген. Бәлкім, өз қолжазбаңызды өткізерсіз... "Менен гөрі тәуірірек жазушы тауып алыңыздар," - дедім қитығып. "Ол кім?" деп сұраған. "Ол - сіз менсінбей отырған Иман Қазақбайдың ұлтарағына жарамайтын Мүштар Мақанов!.." - дедім де, әңгімені үздім.

Сөйтіп, Иманның бар қағазы менде қалды. Ешкімге құны жоқ, тек маған ғана керек екен. Яғни, даусыз, толық, заңды мүлкіме айналған. Кейін, қол босаған бір заманда зерттеу, немесе естелік мақала жазсам пайдаға асар деп алдарқатам ғой өзімді. Содан соң... қайтадан ақтардым. Түгел емес, соңғы, толымды, он төртінші бумасын. Мен бұрын оқып-білмеген, бірі - кіші-гірім романға жуық, қалғаны орташа көлемді бес-алты хикаят. Әуелгі шимайымен қоса, кейінгі, рас, үстінен әжептәуір түзетілген, әйткенмен тап-таза дерлік мәшіңке нұсқалары да бар. Басқа томдардан айырмасы - көшірмектен шыққан екінші, үшінші даналарымен қоса, негізгі - бірінші даналары. Әдетте әуелгі дана, ішпегімен қоса, баспаға өткізілетін. Кенет... тас төбемнен Ньютонның тапқыр алмасы құлағандай, санам тарс етіп ашылды. Мен бұрын оқымағам деп тұрған шығармалардың бәрі де бұрын еш жерде жарияланбаған, жаңа дүниелер ғой! Жаңа болғанда, күні кеше, осыдан азғана бұрын өмірден озған Иманның соңғы кезеңде ғана емес, осыдан бес, он, бәлкім жиырма жыл бұрын таңбаға түскен, бірақ жарияға жол таппаған тың туындылары. Тұтас бір жинақ. Қайта тірілді деген осы емес пе!..

Жоқ, тірілмепті. Ойлап тұрсам, баяғы жабық жол сол қалпында. Бұрын жоспарлы іріктеу, мемлекеттік тексеріс, саяси цензура бар еді. Енді... қалталы қапшық шешеді. Кітап шығару үшін ақша төлеуіңіз керек. Қазір қаламгер жазған шығармасы үшін алмайды, береді, яғни пәленбай уақыт бойы тас қопарып, топырақ қазып, үлкен бе, кіші ме, ғимарат салсаңыз, сол, қоғамдық меншікке өтуге тиіс құрылым, табан ақы, маңдай тердің бодауына тағы қаншама қаражат жұмсауыңыз қажет. Жұмыс жасағаныңыз үшін ақы беру - ешкім таңырқамас әдепкі оқиға, табиғи заңдылыққа айналған. Орта көлемді кітапқа - орташа қызметкердің екі-үш жылдық жалақысы. Өз кітаптарымды әрең саумалап жүргенде, мейлі, данышпан, классик болса да көлденең ағайынға қалай септесерсің. Екіншіден... қақысын артығымен төлеп тұрсаң да, әдепкі халтура, өтірік естелік болса бір сәрі, мұндай орайсыз, оқыс, өлермен шығармаларды кім қабылдамақ. Ат, тонын тастап, көйлек-дамбалсыз тұра қашсын. Жалпақ жұрт алдында абыройдан айрылғаны ештеңе емес, ғұзырлы билікке жаманатта қалмақ. Жарайды, ақшасына қызығып қабылдасын, тәуекел деп шығарсын. Билікке жалғас, қалтасы қалың алпауыт баспагерге шаң жұқпайды екен. Арғы жағы тағы күмән. Еркіндік алып, нарыққа бейімделгелі кітап атаулыдан жеріп шыққан халық, хақ патшаға жағынудан, айбарлы әкімдердің қыбын табу, сасыған байлардың көңілін аулаудан басқа тіршілік қамы жоқ әдеби қауым, надандық пен парықсыздық жайлаған ағымдағы баспасөз қалай бағаламақ? Әуелі "еңбекшілердің" ұжымдық наразылығы, оған жалғас "зиялылардың", берісі - салалық министр, арысы - тура республика президентінің атына қаратылған шағым арызы, одан соң күнделікті ақпарат бетіндегі былғаныш науқан... Нәтижесінде, онсыз да есімі бұлдыр Иман Қазақбай қараңғы көрге біржола көміледі екен. Белгісіз шығармаларды жарыққа жеткізу талабынан бас тартуға тура келген.

Бірақ көңілдегі түйткіл тарқамаған. Озғын, өзгеше нұсқаларды ұмыта алмадым. Содан соң ойладым. Мен дәп осылай жазсам қайтер еді? Мейлі, жабыла арыздансын, алатер боп шапқындасын, - қырық бірдеңе жыл бойғы ойбай мен аттан, пәле мен жалаға үйренген ғазиз бас, нем кетіпті, нем кетеді? Тек жазу керек. Жазайық, жариялайық, одан соңғысын көтеріп аламыз. Иә, айтасың. Жазу... жазу болғанда, сыпыра сілтеген жойдасыз өтірік емес, тоңқаңдай тепеңдеген жайдақ жауыр да емес. Тіпті, көлденең кісінің өзі сүйсінер, суырыла шапқан сүйріктей тұлпар да емес. Ешкім мініп, түспеген, бас-асау тарпаң, желмен жарыса, қиядан өтіп, құзға салған тағы. Яғни, үйреншікті қалыптан тыс, алымды, арда-бұла үлгілер. Күні-түні ойладық, аласұра қиялдадық. Тап... падық. Құрыққа ілінгеннің бәрі шамалы. Анау - қисынсыз, мынау - қияли. Әне біреу - көтерем, міне біреу - құр көбік. Ешкімнің түсіне кіріп, өңінде көрмеген өзгеше сюжет ойлап табу мүмкін еместей. Бұлдыры түгілі елесі жоқ. Сен үшін. Ал Иман тапты ғой... Дәл сол сәтте манағы Ньютонның құрт жеп, сабағынан мезгілсіз үзілген көкшіл алмасы емес, баяғы өзіміздің алқызыл апорт шықыр етіп, бітеу, жалпақ төбеме соқпай, тура ашық аузыма келіп түсті. Эврика - таптық! Неше мың жыл бойғы жұмбақ болса да, қазір мектеп оқушысына дейін белгілі әлемдік тартылыс заңынан да оңай екен. Оп-оңай. Мен үшін Иман ойланып, жасап, қалыптап кетіпті ғой. Бірақ өз атына бекіте алмады, ғылымда ондай жағдайлар болған, кім алдымен қамтыса, атақ сонікі. Сонда мен бәсіре еншіме сұраусыз, талассыз, біржола берілген төрт қадақ қолжазбаны неге сүрлеп отыруым керек? Иә, шамалап тұрсыз, өз атымнан, өзімнің жазғаным ретінде жарияға шығарам. Сіз ойлағандай, Имекеңе обал емес, сауап. Біріншіден, ешқашан жарыққа жетпейтін, яғни жоқ есепті, белгісіз дүниелерге жаңа ғұмыр сыйлаймын. Ал қас қаламгер үшін ең бастысы - атақ, абырой емес, жазғанының жұрт алдына жол табуы. Екіншіден, өз басын арылмас дауға қалдырар пәле-жаладан арашалап әкетем. Үшіншіден мен - алдымен мемлекеттік баспада, содан соң жастар альманағында, қайтадан баспада, ақыры әдеби жуан журналда, жинақтап келгенде, жарты ғұмыр - тура отыз жылға жуық ұзақ уақыт бойы тежеусіз төре болдым, Иманның әуелде ешкім менсінбеген, кейінгі жұрт жаппай үріккен ғажайып шығармаларының басым көпшілігі менің қолымнан өтті, қолдадым, қорғадым, ең бір қиын сәттерінде сүйесін, демесін болдым, біздікі парыз десеңіз де, онікі - қарыз, енді онсыз да далада қалатын, макулатураға өткізбесе де, қоқыста тозатын бір кітабымен бар борышынан құтылады. Бәрін жинақтап қойғанда, жалғыз-ақ дәйек: өтті - бітті, енді оған бәрібір. Яғни, мен не қылсам да айыбы жоқ. Жете ме? Жетпесе, біздің ақтығымызға, адалдығымызға әлденендей күмәніңіз қалса, бәрібір кімнің жазғанын, кімнің көшіргенін айқындай алмайсыз, ендеше, біздің манадан бергі бар лепесімізді әдепкі көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Бұдан бұрын да кітап оқыдыңыз, білесіз, Мен дегеннің бәрі - мен емес, Ол дегеннің бәрі - ол емес. Ол деген - мен, Мен деген - ол. Жазған - өзім, жариялап отырған да - өзім. Ал кезекті ойбай-сүрен, арыз-аттанның дүбірі... бізге жетпейді. Мен қазір алыс шет ел - Орталық Еуропаға қоныс аударғам. Бұл хикаят та сонда жазылып, сонда кітапқа шыққан. Сізге жетіп отырғаны - көлеңке, көшірмесі ғана.

Бұл хикаят деп жекешелеп отырғаным - Иманның тұйық кезде жазған, бізде дайын тұрған оспадар шығармаларының әуелгісі ғана. Ең бейкүнә, жеңілі. Өткен, біздің жұрт күні бүгінге дейін өкіре жылап, өкси жоқтап жүрген советтік тәртіп жүйесіне қайшы дерлік анау-мынау пәлекеттен ада. Бүгінгі егемен тажал, жетесіз жебірлерге де тікелей қатыссыз. Біз сөз басында бопсалағандай, шытырманы, шатағы және жоқ. Оңай жазылған, оңай оқылады. Қажып оқысаңыз, жазығы сізде емес, қалай жыласаңыз да қайтып келмес советтік оқу жүйесіндегі жалпақ жұртын ескі ертегімен жаңа заманға бұйдалап әкелген жазушылар қауымында. Бірақ біз, жоғары білімі болар, болмас, қарапайым қазақтың зердесіне сенеміз. Мына бізді абырой, атаққа жеткізген - анау, танымы төмен әдебиетші, әріптес қауым емес, бұзылмаған талғам, өзіндік пайым, парасаты бар осы Сіз болатынсыз. Біз, сенерсіз, сенбессіз, айттық және қайтпаймыз - дайын тұрған беймәлім бір топ соны туындылар ішіндегі ең жеңілін, зілсізін таңдап алдық та, он бес-жиырма күн қызықтап отырып, сол қалпында көшіріп шықтық. Ендігі кезектегі бар сөз Иманға тиесілі.

Айтпақшы, хикаятымыздың әуелгі, тума атауы - "Қилы тағдырлар" екен. Одан соң "Көлеңке", "Сыңар", "Астар"... Ақыры "Сүлде". Біз ешқайсысын мақұл таппадық. Бәрі де жөн, бірақ тақырыпты толық қамтымайды. Сондықтан өз тарабымыздан басқаша атауды жөн көрдік. "Жармақ." Яғни, бүтіннің бөлшегі. Екінші жарымы. Сөйтіп, ежелгі тіліміздегі тағы бір заттық атау қайта тірілді. Ең бастысы - жаңа шығармаға өз үлесімізді қостық. Бар өзгеріс те сол ғана. Қалғаны, тағы да айтайын, алғашқы жазылған қалпында. Тек шығарма атауы мен осы бастапқы, түсіндірме тарау ғана бізге тиесілі. Уақыт тауып, төзіміңіз жетіп, ақырына дейін оқып шықсаңыз, түгелімен бізге тиесілі болады. Және Сізге.

 

Ал, кеттік...

 

 

"Жармақ" романынан үзінді

 

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584