Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7334 0 пікір 26 Маусым, 2017 сағат 10:14

Ән боп өткен ғұмыры

Қазақтың классикалық ән өнерінде өзіндік үні мен сара жолы бар, халықтың осынау бекзат өнеріне ерекше адалдығымен, даралығымен танылған асыл өнерпаз Рымтай аға арамызда жүргенде биыл 60 жасқа толар еді.

Рымтай Бөдесов 1957 жылы 4 наурызда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы  Қасым Аманжолов  (бұрынғы Фрунзе кеңшарына қарасты  Ақтайлақ ауыл советі, 4-ші бөлімше), Аққора бөлімшесінде Мұздыбай мұғалімнің отбасында дүниеге келген.

Қырқыннан шыққан кішкентай шақалақты атасы мен әжесі қолтықтарына қысып, кенже ұлдары Несіпбаймен бірге тұратын «Көк бет» қыстағына алып кетеді. Әже мен атасының алтынға бергісіз тәрбиесін ғана емес, біржолата «атасыныңұлы» деген құжатты өмірінің соңына дейін асқан мақтанышпен алып жүрді.

1964 жылы Аққорадағы Совет сегіз жылдық мектебінің бірінші сыныбына барды. Ал, тоғызыншы сыныптан бастап, Қарқаралыдағы мектеп-интернатта оқыды.

Алғашқы еңбек жолын өзі туып өскен Аққора бөлімшесінде атасына көмекші шопан болып бастаған Рымтай, ән салып тұрған дала дауысымен осында табысты. Көкірегі арман-үмітке толы балаң жігіт бірде «Жонып алды»,  бірде «Қарқаралы...», «Ақ ерке», «Ақ сәуле» секілді әндерді шырқады, осы әндер оны өзге әуендерге ынтықтырды.

1976 жылы кеңес одағының армиясына шақырылып, екі жылғы әскери борышын өтеп келген соң, үш жылдай тағы да ауылда көмекші шопан деген кәсібін жалғастырды. Той-томалақ болсын, ауылдың бір-біріне жалғасып жататын думанды кештерінде Рымтайдың әндерін ұйып тыңдайтын көпшілік үнемі «Сенің үлкен мұратың өнерде, сен әншісің» дейтін. Ал, оның ән дүниесіне енуіне ерекше ықпал еткен бір жан-нағашысы Мұхаметжан Түсіпбаев, ауыл механигі Сәулеш  Мәлікенов еді.  Ал, малшы ауылға жиі сапарлайтын аудандық мәдениет бөлімінің  өнерпаздары, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Жаңыл Қартабаева, Жүсекеңнің тікелей шәкірті, ғажайып әнші-Баймұқаш Қалабаев, баянмен қосыла шырқағанда дүйім жұрт сілтідей тына тыңдайтын еді. Мұхаметжан нағашысы, өзі шығарған әндерінің көбін алғаш Рымтайға үйретіп, жұрт алдында оның орындағанын құптап отыратын. Әсіресе, ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Шіркін-ай, менен махаббат ауып кеткен бе?»,  «Өмір-ай, деймін» секілді біршама әндерін Рымтайдың орындағанын қалайтын.

Ол 1979 жылы Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк студиясына әйгілі әнші Жәнібек Кәрменовтың класына оқуға түсті. Ж.Кәрменов Рымтайды алғаш тыңдағанда - ақ, оның  әдемі қоңыр даусынан, сөйлеу мәнеріне сай келген сырт тұлғасынан, қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихын бір кісідей білетін ғажап талантына қоса, оның бойындағы бекзаттығынан тек  әншілік қабілетінің жоғарылығын ғана емес, талай қасиетті байқайды. Көреген жан көп ойланбастан – ақ, оны өз сыныбына бірден қабылдауды жөн көреді. Таланттың алғашқы қадамынан бастап, аз уақыттың ішінде біршама өзі үйреткен әндерді ғана емес, ізденіп жүріп, халықтың арасында көп айтыла бермейтін шығармаларды өз репертуарына енгізіп, сауатты орындай білеген шәкіртінен көп үміт күтетін. Алайда, сұм ажал Жәнібектей халқымыздың ән өнерінің бір биік тұлғасын арамыздан алып кеткенде, Рымтай алыс шетелде, «Қазақконцерт» бірлестігінің құрамында Түркияда гастролдік сапарда жүрген болатын. Алайда, Рымтай Жәнібек ұстазының үкілі үмітін көзі тірісінде ақтай білген жанның бірі.

1981 жылы студияны бітіріп шыққан түлектермен қоса, Рымтай да Солтүстік Қазақстан облысына  жолдамамен аттанды. Өрімдей 11 қыз-жігіт облыстық филармонияның қасынан  «Қос алқа» эстрадалық-жастар ансамблін құрып, Рымтай соның белсенді мүшелерінің бірі болды. Роза Ахметова, Кәмила Әлібаева, Теміржан Қадыров, Қызай Бейсеновтер осы жастар ансамблінің алғашқы солистері ретінде екі жылдан аса Қызылжарда қызмет етті.

Ансамбльде жүрген  жылдары Рымтай шығармашылық өсу жолында көп ізденісте болады. Даладағы еңбек етіп жүрген диқандарға, жалпы қарапайым жұмысшыларға арнап  ән  айтуды талап ететін кеңес дәуірінің сол кезеңдерінде «Ақ бидай», «Бізде дәрігер бір қыз бар», «Сауыншы жеңгей» секілді елге көп тараған әндерді сол жылдары өз репертуарына енгізген. Осындай әндерімен ол алыс-жақын жерлерді аралап, тіпті Омбы қаласына дейін барып, концерт қойып келеді. Рымтайдың салған әніне орыс болсын, қазақ болсын, қысқасы, барлық ұлттың өкілі оның алысқа шырқай көрерілген биік те таза қоңыр үнін сүйіп тыңдайтын болған. Рымтайдың сол салған әндерінің ішінде А.В. Луначарский: «Қазақ даласының бұлбұлы...», -деп атап кеткен Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париж қаласында салған «Ағаш аяқ» әні де болған. Бұл әнді де Рымтай өзінің жан дүниесінен шыққан әндей, сүйсініп, асқақтата шырқаған.

1983 жылдың 5 қаңтарында, өзі үлкен өнер сахнасын армандап келген Алматыдағы  «Қазақконцертке» әнші-вокалист болып оралды.

90-шы жылдардағы ел экономикасындағы дағдарыс, өнер иелерін де айналып өтпеді. Соның бірі, әсіресе, киелі сахнада ғана өз жолын таңдаған дәстүрлі ән – күй орындаушыларға соққы болып тиді. Халықтың жүрегінен орын алған айтулы өнер иелері Әзидолла Есқалиев, Қажыбек Бекбосынов, Рахым Тәжібаевтармен бірге Рымтай да 1996 жылдың 11 қаңтарында Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрге ауыстырылды. Аты мен атағы жер жарарлық үлкен ұжымның да бұл кездегі мүшкіл жағдайы, елдің еркесі мен өнер серкелерінің жігерін жасытып, «балапан-басымен, тұрымтай-тұсымен» жағдайға тіреді. Бұл-жүрегі жұмсақ, бала мінезді сахна үшін жаралған жандардың жанарын жасытты, жанын жегідей жеді. Айықпас дерт боп жабысып, өмірінің өтерін білді ме, Рекең  «Арқадан Астанаға өнер іздеп келдім, тек сахна үшін жаралғам, ондағы өмір біткенде Аққорама, Қасым туған топырақ, Жұмашым мен Мірәсім, Тауқаным бұзау айдап апаратын Бұқатышқанның қойнына апарарсың» деп, асыл жарына жиі айта береді екен.

«Арқаға сал-серілік дәстүрді қайта жаңғыртам» деп, қолына қара домбырасын алып, жүйрік ат ұстап, қыран құс пен құмай тазыны түгендей бастаған 2000-шы жылдың наурыз айында Астанаға біржола қоныс аударуды, жұмыс бабын да шешіп қойып еді.

«Е, Жаңа ғасырға да аман жеттім-ау» деп,  төбесі көкке жеткендей қуанды! Тағдыр оған жеткізбеді. Рымтай тура 43 жасында, 2000 жылдың 29-шы ақпанында  Алматыдағы 7-ші қалалық ауруханада аяқ астынан бауырға жасалған отадан оянбай кетті.

Өзі тірісінде аманаттаған Аққорасына, сүйікті атасы мен әжесінің, өмірден ерте кеткен әкесінің қасына, мәңгілік мекеніне орын тепті.

14  жаста артында қалған ұлы – Дидар бүгінде 32 жаста, жоғары білімді, туризм мамандығының иесі, кино саласында жеке кәсібі бар. Оның Бұлбұл атты қызы-4-те, Батыр атты ер баласы 1 жастан асты. Жұбайы-Наргиз де Қарқаралының тумасы, дәрігер.

Асыл арманын арқалап, алыстағы ауылдан аңсап жеткен Астана, асыл жар, алтын асықтай ұрпағы,  ұлтының бабадан-балаға жалғасқан  ұлы музыкасы жетімсіреп қалды. Қара домбырасымен ұлы даланың үзілмес үнін жеткізген өнерпаз ұлы-Рымтайды «Сарыарқа» күйінің сап тиылған бір сәттік тыныштығындай, қыстың ақ қар, көк мұз, қақаған суығы саябырсып,  Алматы  жылы қабақпен қимай шығарып салса,  Сарыарқа да жабырқауды білмейтін жайсаң мінезді перзентін тоңдырмай, жылы құшағына алды... Сол күні бір үйде, бір подьезде тұратын көршісі, жоғарғы оқу орынының оқытушысы-Қыдырбай Сапарбаев деген кісі мынадай жыр шумақтарын арнапты:

«Айналайын, асыл інім-Рымтай,

Кім сұрайды, Сен секілді, еркелеп кеп бұйымтай.

Неге асықтың, ертелетіп ол жаққа,

Көп еді ғой, асқар таудай, асыл арман – бұл жақта.

Жалтылдаған жанарыңнан, жаз көруші ек, әр уақытта,

Табиғатты жан –тәніңмен, сүюші едің, шуақтай.

Құсбегімен, атбегімен, сырлас болып жүруші ең,

Әуеніңмен, жан тебірентер, жайдары,

Барша жұртты бір өзіңе, табындыра білуші ең,

Тарихтың да тармақтарын талдасаң,

Академик ағалардан артығырақ сүруші ең,

Қос қолыңды жан-жағыңа сермелеп,

Әр таңыңды Алатаумен қарсы алып бір жүруші ең.

Залалың жоқ, ешбір пенде, еш жанға,

Жай отындай, жарқылдап Сен күлуші ең.

Талай тойды тамашамен тәмамдап,

Өзіңе-өзің риза болып жүруші ең.

Қош бол, енді, орның толмас Бауырым,

Көтерерміз, бұл өмірдің,

Сен көрмеген, жүктің жеңіл, ауырын.

Жан жарың мен асыл ұлды қалдырып,

Тіршіліктің тастап кеттің  ауылын.

Көздің жасын көлдетіп, бір сөзіңе зар қылып.

Кетіп қалдың неге ерте?

Тағдыр жібі  байланды ма сәл келте!

Жатқан жерің жарық болсын, Рымтай,

Сен сүйетін Алматыңның топырағы бір уыс,

Қалды-ау, інім,  қалай саған бұйырмай!?

Ол жиі айтатын: «Жәнібек ұстазымның адуынды асқақ диапозоны  мен Қайрат ағаның кең тынысты, қоңыр үні, мені үнемі рухани ләззат сезіміне бөлейді» деп.

Белгілі өнер иесі, композитор Ілия Жақанов сексенінші жылдардың орта шенінде «Лениншіл жас» газетінде  Рымтай туралы  жазған «Өмірдің өзі ән екен» деген мақаласында оның творчестволық жолы туралы жан-жақты баяндай келіп:  «...Әншіге жаратылыс дауыс... үн береді, түйсігі  мол сезім, сыршыл жүрек береді. Бұл қасиеттерге қоса, зерде мен ақыл тағы бар және  ән құдіретін ұғарлық өмірден түйген ұлағатты сырлар болады. ...Дүние есігін әнмен ашып, еңбекпен есейген Рымтай Бөдесовтің өміріндегі бір қызықты, игілікті жылдары  Алматыдағы  эстрада студиясында өтті.

Ол студияда оқыған кезінде әр композитордың өзіндік стиль ерекшелігін, ой толғауын.., әндерінің  ауқымын  және орындалу  мәнерін тануға көңіл қойды. Өзі ұстаз тұтқан екі белгілі әнші- Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтың  шеберлігін бойға дарытуға өте ықыласты болды. Оларды көп тыңдады, олардан көп үйренді. Бірақ, әр әншінің өз беті, өз әні болуға тиіс. Рымтай өз әнін іздеді, тапты. Оның жүрегі шуақты толғанысқа толы. Оның әр әнінде албырт жастықтың, батыл ізденістің лебі бар. Ал, ол оңай еңбек емес!»-, депті.

Екі жыл Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында,  он бес жылға жуық «Қазақконцерт» бірлестігінде, өмірінің соңғы екі жылында  Құрманғазы атындағы Академиялық оркестріндегі қызметтері, өнер жолындағы толассыз тірлігі, соның айқын дәлелі.

Жылдың төрт мезгілінде егіншінің қосында, малшының қасында, одан қала берді одақтас республикалардың өнер сахналарында халыққа өнер көрсетті. Түркия, Қытай елдерінде бірнеше рет гастрольдік сапарлармен түрлі мәдени шараларға қатысып, қазақтың әуезді ән өнерімен шетелдіктерді таныстырып, тамсантып қайтты. Қазақтың бұлбұл дауысты әнші қызы Роза Бағланова өле-өлгенше Рымтайды «қара домалағым» деп, қанатының астына алып, қорғаштап жүрсе, Рәбиға Есімжанова апамыз «қара томпағым» деп еркелетіп, бауырына басып, Біржан салдың «Жалғыз арша», «Қанатталды», «Бір келіншек» секілді біршама халық әндерін өзі үйретіп, шәкірті ретінде тәрбиелеген.

Рымтай тек орындаушы ғана емес, көңіліне ұнаған ақындардың өлеңдеріне ән шығарумен де айналысқан. Он бес шақты әнінің ішінде,  өнер зерттеуші, ғалым, күйші Базаралы Мүптекеев марқұм он әнінің нотасын қағазға түсіріп қойған, жастар үйреніп айтып жүр.

2001 жылы Республикалық «Жаңа ғасырға-жаңа ән» атты байқауда Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Рымтайдың «Сарыарқа» әні жүлдегер атанды.

Қазақ теледидарында «Жаяу Мұсаның» әндерінен жазылған концерті, Қазақ радиосының Алтын қорында өзі орындаған отыздай әні, Рымтай туралы жарты сағаттық хабар бар. Қарағандының облыстық телевидениесі де 45 минуттық хабар дайындап, бірнеше рет қайталап берді.

Осы жылдың наурыз айында Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында әнші-сазгер Рымтай Бөдесұлының 60 жасқа толуына орай «Есіңде ме...» атты еске алу кеші өткен болатын.

Енді туған жері Қарақаралыда маусымның 29 жұлдызында қазақтың классикалық ән өнерінің дүлділ әншілерінің қатысуымен ән кеші өтеді. Халқы қашанда асыл перзенттерін ұмытпақ емес.

Ардақ Беркімбай

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3589