Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 46409 51 пікір 4 Шілде, 2017 сағат 10:05

Бекежан батыр Төлеген батырды өлтірмеген

Найман елінің қаракерей тайпасының ішіндегі Ақнайман тармағындағы  Байсары атаның Қонақбайынан тараған Омар болыс жөнінде мен "Бөрі найман" атты кітабімде айтқан едім. Осы Омар болыстың қолында кезінде үш жүздің шежіресі болған. Бұл шежіре: "Қазақтың тұңғыш ханы Алаш" деп басталады. Өзімнің нағашы жұртым, шежіре деректерінде осы Омар болыстың бабасы Қонақбаймен бірге туысқан Айтолыдан болады. Бала кезімізде нағашыдағы үлкендер: «Біздің руымыз қыздан тарайды, айтуға болмайды» деуші еді. Шежіре аңыздарында Айтолы анамызды Кіші жүздегі жағалбайлы елінен келген Сүгір батырдың алғаны, үйленгеннен кейін еліне барып келмекші болып жоғалып кеткені айтылады. Осыдан кейін Қонақбайлар оның балаларын Айтолы анамыздың тегіне жазып, осы Сүгір батырдың ұрпақтары ақнайманда "айтолылар" аталып кеткен еді.

Зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан "Қыз Жібек" жырының шынайы болған оқиғадан туғанын айтады. Мұқтар Әуезов те, 1948-ші жылы жариялаған зерттеулерінде: "Жібек әңгімесі шын оқиғадан туған, бірақ қай кезде туып жазылғанын кесіп айту қиын. Мөлшермен айтқанда, "Қыз Жібек" әңгімесі 17-ші ғасырда туғанға ұқсайды" - деген жорамал айтқан еді.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Әлкей Марғұлан Өр Алтайда экспедицияда жүргенінде найман қаратайлық Мұса биден қалды деген шежірені алып кетіп, Ленинградтың аспирантурасында жүргенінде осы шежіре жөнінде еңбек жазған еді. Ғұлама ғалымның бұл шежіредегі деректерден прототиптері арқылы айтылған Қыз Жібек әңгімесін байқамауы мүмкін емес. Кейін, ғұлама ғалым бұл жөнінде Мұхтар Әуезовпен бір пәтерде тұрған кездерінде айтқан болса керек.

"Қыз Жібек" жыры ең алғаш Қазан қаласында 1894-ші жылы баспадан шыққан. Бұны баспаға өткізген ноғай Фалиолла Тухватуллин, жырдың нұсқасын Зайсан өңіріндегі наймандардың аузынан жазып алған. Шәкәрім Құдайбердіұлының осы Кіші Жүздегі жағалбайлының түбінің найман екенін тұспалдап айтқаны болған. Жағалбайлының наймандарға қатысы осы Айтолы анамыз бен Сүгір батыр туралы шежіре аңызынан да көрініп тұр. Осымен қатар, қазіргі өзбектің арасындағы он жеті тармақ наймандарда Жағалбайлы тармағының бар екені шежіретанушылардың бәріне аян. Бұл найман-жағалбайлылардың бір бөлігі өзбек жерінен небір жағдайлармен кетіп, Әз-Тәуке ханның заманында Кіші жүзде осы хан қалыптастырған Жетіру тармағына енгендей.

Жағалбайлы руы Мырза және Лез деген екі тармақтан құралған. Шежіренің бір нұсқасында Көк Тәіңірінен Манатау, одан Қарабұқа, одан Жағалбай екені айтылады. Найман хандарының тегінің Бұқа аталғандығы тарихтан белгілі. Мысалы найманның ұлы ханы Білгі бұқа, Тайбұқа, Байбұқа, Семіз бұқа, Кетбұқа. Енді міне Қарабұқа. Осымен қатар, орыс зерттеушілері: «Есть еще одна тамьга Жагалбайлы в виде летящей птицы» деп айтқан. Ол таңба V, - найманның бас таңбасы. Бұл таңба Жағалбайлыдағы Мырзалардың таңбасы да, балта таңбасы Лездердікі болса керек. Таңбасына қарай Жағалбайлының Лездері найманның Балталысынан болулары мүмкін. Балталы өте күшті тайпа. Осы жөнінде найман Ақтайлақ бидің шежіресінде: «Бес үй Балталы, елу үй Бағаналыны қорқытады» деп айтылған еді. Шоқан өзінің жазған «Исторические предания о батырах 18 века» атты мақаласында Балталы Оразымбет батыр мен Бағаналы Баянбай батырлардың екеуінің ғана, қалмақтардың сегіз ұй жұртын шапқандарын айтады. Баянбай батыр екі үйдің қалмақтарын қырып жатқанда, Балталы Оразымбет батыр алты үйдің қалмақтарын қырып тастап үлгерген екен. Балталылардың бір шағын бөлігі, Мырзалардың өздеріне тартып алған жандайшаптары, жанкешті батырлары  болса керек. Лез дегеніміз шапшаң дегенді білдіреді. Енді бір шежіре нұсқасында Балталы, Ақтана, Ақтоғыс деген үш ағайынды айтылады. Үлкені Балталы Сыр бойында қалып, Ақтана мен Ақтоғыс терістаңбалыны құраған дейді. Ақтанадан жоңғар шапқыншылығы кезінде көптеген хас батырлар шыққан. Ал енді, Жағалбайлының Найманның, Төлегетайдың қызынан тарағанын айтқан нұсқалар да, бар. Осымен қатар, Шерушінің Мұсасының шежіресінде: «Жағалбайлы - Шеруші Бақат батырдың наймандардан сатып алған баласы» деп айтылады. Дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсіліне сай, бұл аңыздар Жағалбайлының түбінің Найман екенін білдіріп тұр. Ал енді, мендегі деректерде Шерушінің түбі қыйдан, Найман Күшлік ханның қайын жұрты.

Шежіре деректерін көп жинаған әкеміз марқұм өзінің қайын жұрты туралы көп зерттеулер жүргізген еді. Кейін, мен де, Ресейдегі Жайықтың жағасындағы жағалбайлылардың арасында жүрген кездерімде Базарбайдың ұлы Төлеген батырға қатысты ел аузындағы талай-талай әңгімелерді естіп, өзімнің нағашы бабам Сүгір батырдың шыққан тегін іздеген едім. Сол жақта жүрген кездерімде жағалбайлының Мырза тармағындағы Бозбеттерден Айман-Шолпан атты егіз қыздардың Шолпанына көзім түсіп үйленіп, одан туған айдай сұлу қызымның атын Айтолыға ұйқастырып, Айкерім деп қойған да, едім. Тағдырым осындай бір әдемі оқиғаларға жетелеп әкеліп, Ақ Жайықтың жағасындағы жағалбайлыда Сүгір бабам сияқты бірер жыл қайындап қалған күндерімде Қыз Жібек пен Төлегеннің тарихын жете зерттегенімнен, мен жазған кітәбімде Қыз Жібек пен Төлегеннің тарихының осы Айтолы анамыз бен Сүгір бабамыздың тарихынан алынғанын айтқан болатынмын. Қыз Жібек эпосының бір нұсқасында жесір қалған Жібекті Төлегеннің інісі Сансызбай алады. Жағалбайлыда Қыз Жібек пен Сансызбайдың ұрпақтары жоқ. Бұл анық. Ал енді, Сүгір батырдың Қосшығұл деген інісі болған. Жесір қалған Айтолы анамызды осы Қосшығұл алған. Айтолының Сүгірден қалған  Байжан мен Тілес деген егіз ұлдарын Айтолының әкесі деген Байсары асырап алып бауырына басқан. Қаратайлық Бошай Кітәпбевтың жариялаған шежіресінде де, осылай айтылған. Біздің әкемізден қалған деректерде Тілестің - батыр, Байжанның - мырза болғаны айтылған да, бұл екеуінің Сүгірден қалғандары баяндалады. Төлеген болса, Жібектің ауылында күзге дейін қайындап қалған, жар төсегіне жатқан. Яғни, ол кеткенде Қыз Жібектің батырдан көтеріп қалғанына күмән жоқ. Бұл жерде шежірешілер Байжанды мырза деп, оның жағалбайлыдағы Мырзалар тегіне қатысты айтса керек. Менің нағашы атам Қожагелді Рақымбайұлы осы Байжан мырзаның ұрқынан еді. Ал енді, Қосшұғұлдың Айтолыдан өз балалары көп болған. Анығын айтқанда, Айтолы-Жібек одан бес бала тапқан.

Шежіреші Әбілғазы бәһәдүр сұлтан, өзінің әкесі Араб-Мұхамед ханның екінші әйелінің найманның қызы болғанын айтады. Ханның найман әйелінен туған Әбіш пен Елбарыс шешелерінің наймандарына сүйеніп әкелеріне қарсы шығып, тұтқынға алып көзін шығарып өлтіргенде бірінші әйелінің  балалары, соның ішінде Әбілғазының өзі де бар, бұлармен соғысып жеңіп, әкелерінің кегіне бүкіл найманды қырып тастамақшы болады. Сол кезде Хорезмнің наймандары жылы орындарын тастап, үш жаққа, Сырдарияға, Бұхараға, Жайық ноғайларына  қашады. Осымен қатар, найман атасы Сопы мырзаның  осы Араб-Мұхамедті өлтірмекші болғанын Әбілғазы да, Шәкәрім қажы да, Шоқан да айтқан еді. Сопы мырзаның інісі Бабаның атағы да мырза болған. Және де, біздегі Байжан мырза жағалбайлы.  Осымен қатар, "Қыз Жібек" жырында батыр болған Төлегенді: "Төлеген мырза, шырағым. Айналайын күйеужан," - деп мырза атағымен атайды. Бұқар хандығының шығыс бөлігінде қоныстанып қалған наймандардың ішінде де, осы Мырзалардың бар екені орыстардың деректерінде айтылған. Ол заманда бұл бұхарлық наймандардың құрамында Мырзалармен бірге аты алты алашқа мәлім Көкжал Барақ батырдың руы Өтейлер де жүрген еді. (Лагофет Д.Н. "Бухарское ханство под русским протекторатом". Т.1).

Мырза деген сөз қазақтарға араб-парсы тілінен келген. Этимологиясы - әміршінің ұлы, асыл, текті, ақсүйек дегенді білдіреді. Бұл жерде, әміршінің ұлы дегенде, Сопы мырзаны найман хандарының ұлы деп ұққанымыз тура болады. Сопы мырзаның заманында мырза деген сөздің синонимдері өзбекше Өкір (еш), қазақша Бұқа болып, найман хандығы кезіндегі жоғарғы лауазымды білдірген. Меніңше бұлар, найманның ақырғы ханы Күшліктен қалған ұрпақ, не болмаса, найман хандарының әулеті.  Бұлар Шыңғыс хан әулетінің тұсында өздерін "хан" атай алмай Мырза атанған болулары керек. Мысалы, бұларды қойып Ақсақ Темірдің өзі, өзін хан атай алмай, әмір деген лауазымды алған. Алай да, ол заманда - хан, әмір, мырза, өкір, бұқа деген атаулар синонимдер болған.  Осы жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Найман хандары және Шыңғыс хан» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.  Осымен қатар, тарихи деректерде Ақсақ Темірдің ұрпақтары да, Мырза атанған. Осыдан біз, сол заманда тектілердің, әміршінің ұлдарының Мырза деген атағы болғанына сенімдіміз. Демек, аталмыш Байжан мырза, Төлеген мырза, Сопы мырза, Баба мырзалар шежіре деректерінде осындай атаққа мырзалығы, яғни, жомартығы үшін емес, шыққан тектеріне қатысты аталған. Кеңес дәуіріндегі зерттеушілер Төлегеннің мырза атанғанын оның жомарттығымен түсіндірген. Екі жүз жорғаны айдап шығып, әр көрген қыздың көрімдігіне бір жорға тастап отырғанын айтып, жомарт атаған. Анығында, бұл дұрыс пікір емес. Наймандағы Сарыжомарттың да небір жомарттығын айтатындар бар. Алай да, шежіреде бұл Сарының да Мырза деген атағы бар. Ал енді, «Тарихи Абулхаир хани» атты тарихи деректе  Сарыжомарт –Сары усман украч найман деп аталған. Бұл жердегі украч, яғни өкіреш дегені мырза дегеннің синонимі болады.  Осы тарихи деректегі Өкіреш найман дегеннің шежіредегі төре-найман екені анық.

Ал енді, Қыз Жібектің руы Шектіге келетін болсақ, бұл тайпаның шын мәнінде, әр жерден құралған рулар бірлестігі екенін белді-белді тарихшылар, шежірешілер айтып кеткен. Сарсен Аманжолов, Мұқамеджан Тынышбаевтардың зерттеулерінде Шектінің құрамына Найманның, Қаракесектің руларынан да, аталар қосылғаны байқалады.  Шәкәрім қажы да, осылай айтқан. Жоғарыда айтылған Бұқар хандығында шектілер наймандармен бірге жүрген. Осымен қатар, архив деректерінде басылып қалған Шектінің төрт таңбасының екеуі наймандікі, біреуі бағаналының, біреуі найманның жалпы таңбасы. Шектіні құрайтын сегіз атада Рычков пен Левшиннің деректерінде Айт деген ата жазылған. Меніңше, бұлар наймандағы Қожамбеттің Айты. Шежіре деректерінде Айттың әкесі Жанғұлы. Қожамбет екі атаға бөлінеді. Біреуі Жарболды - асырап алған бала болса, екіншісі осы Жанғұлы - жоғалып кетіп қайта табылған бала. Әкеміздің қолжазбаларында осы Жанғұлының жоғалып кетіп қайта табылғаны жөнінде, баяғы сия сауыттың көк сиясымен өз қолымен жазылған екен. Сиясауыттың заманында біздің әкеміз Марқакөлде қызмет жасап жүрген болатын. Демек, әкеміз бұл деректерді әлемдегі ең әсем көлдің маңын жайлаған қожамбеттерден алған. Осы шежіре дерегінен біз, бұл жанғұлы-айттардың қилы-қилы замандарда найманнан бөлініп кетіп, басқа тайпаның құрамында жүріп, кейін, найманға қайта келіп қосылған тармақ екенін түсінеміз. Демек, бұл Жанғұлының Айты Шектіде де қалған, біразы найманға да оралып  келген. Осымен қатар Албандарда да Айт тармағы бар. Ғалымдар болса, албандар мен наймандардың түбінің бір екенін айтады. Албанның таңбасы наймандағы терістаңбалының таңбасы. Біз бұл таңбаны бұқаға (өкірешке) қатысты «ноқта» таңба дейміз. Жаңа тарихымыздағы ең мықты саясаткерлер – Ғалымжан Жақияновтың, Серік Абдрахмановтың, Алтынбек Сәрсенбайдың, Заманбек Нұрқадыловтың осы ноқтатаңбалылардан шыққандары бекер емес. Бұл ноқта таңба кезінде ұйғырлар мен қытайлар жабылып құлатқан Сир қағанатының билеуші әулеті Илитудың таңбасы. Илиту найман шежіресіне терістаңбалының атасы Елата болып енген. Терсітаңбалының «ноқта ағасы» деген атағы арғықазақ мифологиясында қасиетті қара бұқаны жетелеген патша әулеті деген мағына береді. Яғни, ел басқарушы деген мағынада. Қазіргі қазақта ақылы жеткендер «керуендегі алдыңғы түйені жетелеуші» дейді. Яғни, керуен басы, құрбашы.  Сир дегеніміз өгіз, кейін, бұл Сирлер сегіз-өгіз (найман) атанған. Албандағы Райымбек батырдың бабасы Мәмбеттің кірме екені айтылады. (Алжан ананы алған). Наймандағы Қабанбай батырдың да бабасы Мәмбет еді. Осы жөнінде толығырақ «Шыңғыс хан және қыпшақтар», «Байжігіт Шыңғыс ханның ұрпағы ма?»  атты ғаламтордағы мақаламыздан біле жатарсыздар.

Осымен қатар жоғарыда айтқанымдай, Қыз Жібектің тарихын жете зерттегенімнен мен жырдағы енді бір кейіпкер Бекежанның тегінің шежіре бойынша осы Айттың Қабағынан екенін де білген едім. Енді бір нұсқада Қабақтан Айбек, одан Бекежан. Ал енді, осы Бекежанның Қыз Жібекпен жеті атаға жетпеген рулас болғанын зертеушілердің бәрі де біледі. Бұлар Айтта Бөлектен, ал енді, Бөлек дегеннің өзі бұлардың шектіде басқалардан бөлек екендерін айтып тұр.  Меніңше, бұлардың да түбі Мырзалар. Бекежанның да Мырза атағы болғаны белгілі. Жырдың бір нұсқасында:

Құс салып, тазы ерткен аңға құмар,

Көрген жау айбатына емес шыдар.

Кіші жүз Әлімұлы алты Шекті,

Ішінде бес жүз алпыс мырзасы бар.

- деп жырлайды.

Қазіргі таңда Бекежан батырдың Төлеген батырды өлтірмегені жөнінде айтылып жүр. Төлеген еліне кеткенде Бекежан батыр Еділ қалмақтарын шабуға жорыққа кеткен деседі. Және де, Бекежанның Жібекті аламын дегені мүмкін емес, өйткені, олардың туыстығы төрт атадан аспаған болған. Жібекті Бекежанға еріп жүрген қожа, Әндижаннан қашқан ұры Кескентерек Борсық құмдарында Төлегеннің жолын торып тасадан тақ шекеден атып өлтірген деседі. Ал енді, Ресей жеріндегі құйма құлақ қариялар Бекежанның Төлегенді бетпе-бет тұрып «тақ шекеден» атқанын айтады. Бекежанның батыр адамды  арқадан ататын ит болмағанында менің еш күмәнім жоқ.  Меніңше, олар «дуэль» жасаған. Ақнаймандардың «Тұрақан шежіресінде»  Сүгір батырдың ұлы Тілес батырдың Ұлы жүз жеріне барып қазақтарды шапқаны туралы айтылған. Бұл шабудан Тілес батыр атасы Қонақбайға Бейімбет, Желек деген екі жетім баланы әкеліп берген. Тілес батыр ұлы жүздің жеріне неге барды? Ол заманда қожалар осы ұлы жүздің жерінде шоғырланған еді. Кескентеректің осылардың арасында бой тасалап жүруі де мүмкін. Ұлы жүздің жерінде Кескентерек деген жер атауы да қалған. Бәлкім, осы жерде Тілес батыр әкесінің кегіне Кескентеректің басын алған да шығар. Көкжал бабамыз Күршім деген қалмақты Алтайдың аясындағы өзеннің ішінде өлтірген соң, сол өзен Күршім атанып қалды емес пе?

«Аттың сұлуы Сайрамда, қыздың сұлуы Найманда» деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Поэмада Қыз Жібектің сұлулығы «толықсыған толған айдай» деп суреттеледі. «Толған айдай» дегендері Айтолы анамызды еске салып тұр.  Сәкен Сәйфуллин, Ақынжановтар "Қыз Жібек" жырында бұқара халықтың сипатының жоқ екенін айтқан. Расында да, жырдың идеясы мен мазмұны халықтікі емес. Бұл жыр тектілердің, ақсүйек шонжарлардың, мен айтар едім, найман хандарының әулеті ақ Мырзалардың балаларын  ардақтап, мадақтаған жыр.  "Ақ маралға ақ иық кез келіпті..."

Жоғарыда, Айтолыларды Байсарының асырап алғанын айттық. Шежіре деректерінде  "асырап алды" деп,  көбінесе басқа жақтан келіп қосылғандарды белгілейді. Мысалы, шежіреде Кіші жүздегі Жетірудың құрамындағы тайпалар жөнінде: "Байұлынан бір ақсақал жетім қалған жеті ұл баланы асырап алып, өзінің ұлдары сияқты үйлендіріп, енші бөліп беріпті. Үлкенінің аты Табын, Тама, Кердері, Кереит, Рамадан, Төлеу, Жағалбайлы" - деп айтылған.

Яғни, бұл айтылғандар, тарихшылардың осы Жетіруды кезінде Әз-Тәуке ханның Кіші жүзге әкеліп қосқаны туралы жазғандарының негізі болып тұр. Тарихта Жетірудың керейден, найманнан, ноғайдан, көне тайпа кердеріден құралған рулар бірлестігі екені айтылған.

Айтолы анамыз бен Сүгір батыр туралы деректер біздің әкемізден қалған «Тұрақан шежіресінде» де,  Бошай атаның шежіре-кітәбінде де бар. Социалистік еңбек ері  Бошай Кітәпбаевтың Сүгір батыр жөніндегі деректерді басқа нұсқадан алғаны көрініп тұр. Өйткені, ол кісі Айтолы анамызды Айтолқын деп атаған екен. Дұрысы, әрине  Айтолы. Күршім жерінде "Айтолы сайы" деген жер атауы да сақталып қалған.

Әкеміз марқұм бұл шежірені 1989-шы жылы Қытай еліне барып, Айтолы анамыздың ағасы Қонақбайдан тараған әйгілі Омар болыстың туысқандарынан алып келген еді.  Шежірені тану үшін, сол шежіредегі деректердің мағынасын аша білу ең басты мәселе. Сондықтан, осыған ерекше көзқарас, ерекше дайындық керек. Шежіретанушы болу үшін, өз еліңнің шежіре деректерін оқып-білген аз. Ізденістер үшін қазақты құраған екі жүздей ру-тайпалардың шежіресін білу керек. Өйткені, Камал Абдырахман ағамыздың айтқанындай, аласапыран жылдары талай таптар бір тайпадан бөлініп кетіп, екінші бір тайпаның құрамына сіңіп кетіп жүре берген. Шоқан да: «В хаосе кочевнических воин, племена смешались с племенами» деген еді. Қазақ шежіресін зерттеген орыс ғалымы Николай Аристов та, осыны айтқан еді. Шежіре аңыздары - ғашықтар жыры, батырлар жыры, толғаулар сияқты шығарма. Алай да, аңыздардың ертегіден айырмашылығы, аңыздың түбінде міндетті түрде ақиқат жатады. «Арғықазақ мифологиясының авторы Серікбол Қондыбай: «Миф – жасырын мағыналы мәлімет» деген еді. Сондықтан да, шежіре деректерінде аттары аталған аталардың атауларында маңызын ашу керек терең сырлар жатыр. Жағалбайлы атауының мағынасын ешкім де нақты білмейді. Махмуд Кашғари «жігіл» атты түркілік бір тайпаны атаған екен. Бұл тайпаның хандары «бае» деп аталған.  Сондағы жағалбайлы дегеніміз «жігіл баелі» болса керек. Хандары бае болған жігіл деген мағынада. Қазақбайшыланып жағалбайлы атанып кеткендей. Мәселен, ғалымдар байси дегеннің қытайша ақ си, яғни, ақ сир екенін айтады. Бұл жердегі «бай» дегені ақ болғанда жағалбайлы дегенді ақ жағалы деп те ұғуға болады. Сондықтан да болар Төлегенді жырда «ақ иық» деп атағандары. Қазақта ақ иық деп текті адамды ақ иық бүркітке қатысты айтатындары белгілі. Ал енді, анығында бұл ақ иық атанған бүркіттің иығы емес, жағасы ақ екені белгілі. Жағалмай, жағалбай дегенді сұңқар деп жүргендер де бар. «Қырғыздардың анасы» атанған  атақты Құрманжан датқа да осы  Жағалбайлыдан еді.

Ақырғы кезде біраз зерттеуішілер Қыз Жібек оқиғасына Бекежанды Кескентеректің орнына кіргізіп жібергендердің қожалар екенін айтады. Мұхтар Әуезовтың да қатысы бар дейді.  Өздерін пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-нан таратқан оның ата баба шежіресінің орама қағазын тарқатқанда киіз үйді екі орап кететін болған екен. Пайғамбарымыз с.ғ.с.-нан  өздерін таратқандары қожалардың әдеті еді. Анығында Хазірет Әлінің Рум әйелінен тараған қазақ қожаларының өздерін осылайша таратқандары жаңсақтық. Хазірет Әлі мен Фатима анамыздан  Сейіт қожалар ғана еді. Ал енді, Камал Абдрахман ағамыздың айтқанында қасиетті Құран кәрімде: «Мұхаммед ешкімнің де әкесі емес» деп айтылған екен.  Расында да солай емес пе? Мұхтар Әуезовтың бабасы Бақшайыш қожаны төре дейтіндер де бар. Яғни, хан атағын ала алмай, қожаның қыздарын алып қожа атанғандар дейді.  Наймандар да, қожалардың қыздарын алып қожа атанған. Мәселен, тарихи тұлғалар: Төле қожа найман, яғни, Төлегетай, Толун қожа найман, яғни, Толымқожа, Жүсіп қожа өкіреш найман, Тоқтар қожа найман. Осымен қатар керейлерде де қожа атанғандар болған. Тектілердің шежіресінде Төлегетайдың қайын атасы «Қылышты пір» деп аталған. Яғни, Қылышты ата сопылық орданың басшысы болған. (глава суфийского ордена). Бұл Қорасан қожалардағы Қылышты ата болады. Қорасанда билігін бастаған Шәйбек ханның «қорасан Шәйбек» деген атағы болған. Тоқтар қожа да қорасан қожалардың атағын алған соң, надандар: «Атамыз Тоқтарқожа Сайбек ханнан» деп лақаб айтқан. Төлегетай тек қана ханға бағынған, Батысты билеген қолбасшы болған. Төлек атай дегендері шатпырақ. Қайын жұрты қарақытайларда (қыйдандарда) қалған найманның ақырғы ханы Күшліктің ұрпағы болған соң Төле қытай атанып, кейін Төлегетай деп кеткен.

Меніңше, Мұхтар Әуезовтың Қыз Жібек жырының фальсификациялануына қатысы жоқ. Шайхисләм қожаны білмедім. Ал енді, Қарағандылық бір қожа болса, наймандардың тапсырысымен Қаратай деген жалған батыр жөнінде очерк жазып елді ала тайдай бүлдіргені рас. Енді, анау Тайатқан-Шұнақтағы Қаратайдікі деген мазардың иесі табылып масқаралары шығып жатыр. Найманда Каратай деген ел бар, ал енді Қаратай деген батыр болған жоқ. Осы дауға қатысты Найман шежіресіне ғылыми сараптама жасалып, Қаратай батырдың найманда болмағаны жөнінде қорытынды да алынды. Бұл қорытындыны енді қазақтың ғылыми ортасы керек десеңіз «Біріккен Ұлттар Ұйымының» алдында да қорғайтын болады. Міне, өздерін арабтарға жатқызатын қожалардың фальсификацияға әуес екендерін осыдан да білуге болады.

Шежіреде арабтар еврейлермен бірге Евра атадан тарайды.  Екеуі бір халық.  Қазақ қожаларының өздерін қыздан тартақандары бекер емес. Арабтар жөнінде белгілі исламтанушы Амет Дидатт: «Бұл ел пайғамбарымызды Алла жібергенше бір ортаға бағынбаған, дай-дүй, ішкендері шарап, жасағандары ылық, мейірімнен жұрдай, бірін-бірі тыңдамаған, өз қыздарын өздері тірідей жерге көмген, қан-құмар, адам бейнесіндегі асқандар еді. Ол елге жуып кетсең жамандық жұғатын еді» деген екен.

Дәл айтқан екен. Ал енді, бесінші атасы Қосай болған пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның түбін Әнес Сарай ағамыз өзінің зерттеулерінде адайға тартқан екен. Бұл айтқанының тарихи негізі бар. Ислам дінінің дүниеге келуінің алдында қыпшақтар мен адайлар Юечжи-Кушан (адай-қыпшақ)  патшалығының құрамында Аравия мен Индияға дейін барған. Қосайдың шын аты Зеид, өзінің қайын жұрты Қосайдың атын алған дейді. Қосай дегеніміздің ежелгі қыпшақтардың ұраны болғанын «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты ғаламтордағы мақаламыздан біле жатарсыздар. Қосай дегеніміз Жағалбайлының атасы деген Қарабұқаның қос мүйізі болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.: «Әр нәрсенің бір шоқтығы бар, Құранның шоқтығы Баққара сүресі» деген еді. Баққара дегеніміз ірі қара, яғни, қыпшақтар қасиет санаған Қара бұқа. Маңдайында Шапыраштының (Доспанбеттің), Танакөктің, Өзбек жерінде қалған Өкіреш шалдың таңбаларына ұқсаған тең қабырғалы үшбұрышты ақтаңлағы болған. Бұл таңбаны біз «өкіреш таңба» дейміз. Қасиетті сиыр ананың ұлы деген мағына береді. Өкіреш дегеніміз де осы Қара бұқа. Қыпшақтардың мифологиялық бабасы Мүйізді де осы Қара бұқа. Мифология Қара бұқаны Ай Тәңірі мен сиыр анадан тудырады. Қазақ жеріндегі Тамғалыда Ай Тәңірі мен сиыр ананың жыныстық қатынас жасап жатқандары қола дәуірінен қалған таста суреттелген екен. Тамғалыдағы тастардың көбінде осылардың баласы Өкіреш,  Қара бұқа бейнеленген. Өкіреш дегеніміз парсы тіліндегі «ukar» - ірі қара дегеннен болған.  Камал Абдрахман ағамыз айтқан кіші бұқа, яғни, Қара бұқаның ұрпағы деген сөз.  Найман қаракерейдегі Қарақұрсақ тармағын Ақтайынша (ақсүйек) деп те атайды. Меніңше, осы Қарақұрсақ пен  Жағалбайлының түбі бір. Шежіреде Қарақұрсақ Қабанбайдың елі Мәмбеттердің асырап алған баласы ретінде айтылады. Анығында, Байжігіттердің бәрінен үлкені. Ал енді Байжігіттердің ешқандай да, сарт, араб, ұйғыр, төре  емес, таза наймандар екендерін Қазақстандағы ДНК-жобасының жетекшісі,  шежіретанушы ғалым Жақсылық Сәбитов дәлелдеп отыр. Байжігіттер аласапыран замандарда өздерінің қандастары Байси, яғни, ақ сирлерге келіп қосылғандар болады. Шежіредегі Байыс дегеніміз дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілге  сай айтылған, ақ қыпшақтарды білдіретін символдық тұлға болады. Бұл жердегі «ақ» дегені төре, ақсүйек, ақиық деген мағынада айтылған. Төре деген сөз –Тур, яғни бұқа дегеннен болса керек.

Негізінде мен шежіретанушы ретінде шежірені тек қана қолда бар деректердің негізінде айтамын. Балтиканы Балталы деген сияқты, өз ойымнан ештеңе қоспаймын. Мәселен, шежіреде «Тобықты орыс, шын аты Моябоз болған» деген де деректер бар. Бұны айтушы Айтқали керей көре алмағанынан айтқан. Кезінде Айтқали керей сотқа беріліп, халықтан кешірім сұраған. Тобықтының түбі – қият-қыпшақ. Құнанбай қажы Қияттың Домбауыл мерген мен Аққу қыздан туғанын бекер айтпаған. Аққудың баласы дегеніміз – Куман, қыпшақтардың европалық атауы. Сондықтан, маған ақыл айтып, түзеп, «Найман шал жар төсегінде өкіріп Өкіреш атанған» деген сияқты тексіздердің айтқан лақабын айтып өздеріңізді мазақ етіп комменттерді жазбай-ақ қойыңыздар. Ғаламтор пікір талас үшін керек таптырмас құрал екенін ұмытпаңыздар. Ауыздарыңыздан ақ көбік шашып, өздеріңіздің рушылдықтарыңызды көрсетпеңіздер. Қазақтың атасы қаңлы, түбі қият-қыпшақ, анадан Адай.  Қазақ атауының басты нұсқасы «қосақ», яғни, адай-қыпшақ. Сондықтан да, Қазақ ата шежіреде Сыбайдан тарап тұр. Сыбайдың қосақ екені түсінікті. Сыбай қону, яғни, «көршілес қону» деген мағынада айтылған. «С» әріпінің орнына «з» дыбысы арабтардың тілінен келген болса керек. Өйткені, олар қазақ дегенді «хузаа (ғ), қосай дегенді «хозай», хузай» деген. Арқықазақ мифологиясында: «Мыналар тізілген қаз-ақ екен деп атымызды арабтар қойды» деген бекер айтылмаған. «Қазақ болмағанда Қаңлы болған» деген осы. Қаңлы дегеніміз ежелгі деректердегі «урбели кипчак», яғни, арбалы қыпшақ. Әлемде ең алғаш атқа мінген де қазақ, арбаны жасаған да қазақ. Сондықтан да, қазіргі ең өркениетті елдің өкілі  Генри Киссинджер елімізге келгенде: «Казахстан – колыбель мировой цивилизаций» деген еді.

Қазіргі таңда көптеген қисынсыз шежіре-кітаптар жазылып жатыр. Солардың қатарында Илья Муромецті – Ұлы Мұрын деген «Қазақтардың құпия тарихы» атты кітәп. Өкірештаңбалы шапыраштыны Шибөріш, яғни, қорқау қасқыр, орысша айтқанда «шакал» дейді. Сайып келгенде, Шапыраштының үш таңбасы да наймандікі болады. Басты таңбасы бағаналының Ү – мүйіз таңбасы. Бір таңбасы парсы тіліндегі «чапраз» атты түймеге ұқсас болған соң «чапразлы» атанған. Шежірені дұрыс түсіну үшін бастап жүргендерге «Тіл ұшындағы тарих», «Арғықазақ мифологиясы», «Қазақ өркениетінің негізі» сияқты кітәптарды оқыған жөн болады. Өйткені, бұл кітаптарды қазақтың көзі ашық ғалымдары жазған. Менің шежіреге деген көзқарасым осындай еңбектердің әсерінен қалыптасқан еді. Бұрындарда шежірені тек қана айтушы едім. Қазіргі күндері Еділ қағанның (Аттила) ғұн болмағаны жөнінде зерттеулер жүргізу үстіндеміз. Әрине, Еділді найман дегендері надандықтан болған. Ол заманда найман атауы болмаған. Алай да, Сир (қыпшақ) болуы әбден мүмкін.  Біздер қытай жақтан келгендерді қытай, маңғол жақтан келгендерді маңғол дейміз. Осы сияқты, Еділді ғұндар жақтан келген соң, Ғұн атаған болса керек. Еділ дегеніміз Итиль - Ит елі, яғни, Сақ болады. (парсыша сағы – ит). Ал енді, қазақтардың арғы аталары арий-сақтардың ғұндарға үш қайнаса сорпалары қосылмаған. Ғұн дегеніміздің шежірелік атасының  қашқын қытай Шун Вей екені белгілі. Осы Шунның атының алдына қытайлардың дәстүрі бойынша құрмет белгісі ретінде «а» әрпі қосылып -  Ашун, Ашын, Ашина аталған болса керек. Қазіргі заманымызда қазақтың тексіз қыздары қытайға байға тиіп, солардың санын көбейтіп жатыр. Ертең осылардың ұрпақтарын да бір сатқын ғалымдар қазақтың атасына жатқызар. Қазақтың атасын ғұн-түрік деп жүргендер қытайдың сойылын соққандар болады.  Анау наймандағы қаратайлық бастаған бір топ, енді елбасымызды ғұн-түріктен, яғни, Бумын қағаннан таратып қойыпты, астғапыраллаһ!  Елбасымыздың ұлы бабасы Бәйдібектің түбінің кім екенін «Кай әулеті және Шыңғыс хан» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373