Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8441 13 пікір 14 Шілде, 2017 сағат 11:37

Заңды орындап қарық қылмағандар, Заң шығарумен қалай айналысады?

Қазақстаның Жоғарғы палатасы, ақсақалдар кеңесінің сайлауы өткен айда аяқталған. Додаға "допуск" алған депутаттардың дені жаңарды, рас. Арасында өткен шақырылымның өкілдері де болды, экс-әкімдер де болды.

Ұзын-ырғасы 47 сенатордың 15-ін Президент өз қалауы бойынша тағайындайтыны және рас. Міне, сол тағайындаулар басталған көрінеді.


Тәкең енді Заң шығармақ

Мемлекет басшысы бұйрығыме екінші ғарышкер, РФ Халық батыры Талғат Мұсабаев сенатор болып сайланды.

Талғат Амангелдіұлының саяси амбициясы мен іскерлік репутациясы сын көтермейді десек те, қазақтың екінші ғарышкері біраз жыл Қазғарышты басқарды. Дәл, Ресей Протоны қазақ даласына опырыла құлап, 600 тонна гептил уы жауындай жауған кезде.

Ендігі сенатор - Талғат Амангелдіұлы сол кездің өзінде "Ол Ресейдің жалға алып отырған жері. Оған біздің араласуға құқымыз жоқ. Ішкі шаруасы" деп бір көкіді. Одан, журналистке әкіреңдеп, мінезін көрсетті.

Айтпақшы, ҚР Заң шығару органының Жоғарғы палатасының бұл өкілі қазақ тілінде қатырып сөйлей алмайды.

Реформатор министр Жұмағұлов та сенатор атанды

Сонымен, Президенттің ерекше назарына ілінген тағы бір "сенатор" -Бақытжан Жұмағұлов.

Қазақстаның Білім және ғылым министрлігін басқарып, реформа жасаған азамат. Қазақстанның саяси кадрларының ішіндегі реформаторлар классының өкілі.

Бәкең, білім беру жүйесін жаңғырта алмай кеткен еді. Айтпақшы, Бақытжан Жұмағұлов не үшін министр қызметінен кеткен еді?

Тәуелсіз Қазақстанның 12-ші Білім және ғылым министрі болып әккі саясаткер Бақытжан Жұмағұлов тағайындалғанда, көп жұрт мипалау болған министрліктің жұмысы ілгерілейді деп сенді. ҚазҰУ-ды басқарған,  ҚР президент әкімшілігінің  ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі,  «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары болған. Түймебаевтан қалған түйінді Жұмағұлов шеше алды ма?

Иә, Бақытжан Тұрсынұлы көп адам армандайтын лауазымды қызметтерді атқарса да «ғылым саласының адамы» болып қала білген жан. Университет атын жамылған бiлiм беру ошақтарының бiрсыпырасын жапты. Талапты күшейтті.

Бірақ, 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету туралы сөз дәл осы Жұмағұловтың аузынан естілді. Үкімет сағатында солай сөйлеген Бақытжан Тұрсынұлына қазақ интелегенциясы қарсы шықты.

Сөйтіп, түрлі дау-дамайдың ортасында қалған экс-министрдің, яғни ендігі сенатордың ол кезде не себепті жұмыстан кеткені белгісіз болып қалған еді.

Бірақ, ол министр болған соңғы жылы бір топ ғалым Жұмағұловты докторлық диссертация жазу кезінде плагиаттықпен айналысты деп айыптаған болатын. Ал 2013 жылдың мамыр айында Білім министрінің орынбасары Саят Шаяхметов қамауға алынды. Ол бюджет қаржысын миллиардтап қалтаға басты деп айыпталған.  Бақытжан Жұмағұлов Білім жәні ғылым министрлігін 3 жыл басқарды.

Айта кетейік, саяси сахнада ойыншы емес, ойыншық ретінде көрінген жоғарыда екеумен қатар, тағы екі азаматқа Президенттің көңілі ауыпты. Олар - Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева мен Владимир Васильевич Волков.

Бұл төртеуі үшін Сенаттағы орынды босатқандар кімдер?

Ендігі экс-сенаторлар - Нұртай Әбіқаев, Икрам Адырбеков, Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев, Людмила Григорьевна Полторабатько сенаторлықтан босатылды.

Оларды бұл қызметтен босату үшін Президент Назарбаев жарлық шығарды.

Нұртай Әбіқаев -  ұзақ жылдар ҰҚК-ны басқарған «сұр кардинал». Түрлі саяси қызметтерді атқарды. Ең бастысы экономика ғылымының докторы. Тұп-тура 70 жаста. Күні кеше ғана сенаторлықтан босаған Әбіқаевтың ендігі саяси креслосы туралы түрлі болжам айтылуда. Дегенмен зейнеткер саясаткердің бір керекке жарары бар дейді білетіндер.

Ардагер Алтынбаев Мұхбар ақсақал биыл 72 жаста. Әскери адам. Зейнеткер. Мұхтар Алтынбаев еліміздің Қорғаныс минстрі қызметін атқарған.

Ал міне, Поторабатько Людмила ханым туралы ақпар аз. Сенатор ханымның жұмысы да, өзі де жасырын адам. Не істеп жүрді, не бітірді бізге түгілі Ақордаға жақын жақтағы азаматтарға беймәлім. Мәлімі - 64 жастағы Людмилиа ханым ЖаңаСібірдің тумасы. Сот болған, құқық саласының маманы.

Ал Тәшкеннің тумасы Икрам Абдырбеков 67 жасында зейнетке шығып отыр.

Түйін: Жоғарыдағы саяси кадрларға қарай тұра, мынадай ойға қалдық. Ақорда саяси кадрға тапшы ма, әлде өз саласында там-тұмдап тірлік ете алмағандарды сенатқа жинау қағидасы қалыптасып қалған ба?

Сенаттың өткен шақырылымында депутат болған Аңсар Мұсаханов Алматы облысын басқара алмай, Президенттің алдында тілі күрмеліп, ұятқа қалған еді. Артынша, дереу Сенатқа барды. Былтырдан бері басы дауға қалған Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Ерік Сұлтанов биыл сенатор атанды.

Вице-министр болған Алберт Рау қызметінен босай сала - Мәжіліс депутаты атанды. Экс-әкім Серік Үмбетов те, Бақтықожа Ізмұхамбетов те депутат. Экс-министр Владимир Божко да депутат.

Сонда экс дегеннің бәрі депутат бола ма? Заңды орындап қарық қылмағандар, Заң шығарумен қалай айналысады? Парадокс.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048