Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 17338 23 пікір 19 Шілде, 2017 сағат 08:55

Алашорда қазаққа не берді?

ХХ ғасыр басында қазақты біріктірген Алаш идеясы ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақ еліндегі Мәңгілік ел идеясынан бөлек қарастырылмайды. Алаш ­– тарихымыздағы елеулі кезең, болашақ күнде арман мемлекетімізге жету жолындағы тағылымды дүние. Осы орайда Алашты бүгін не үшін тануға тиістіміз деген сауал қоятын болсақ, оның кейбір жауабы мынада деп білеміз.

Біріншіден, қазақ халқы ХХ ғасырдың басына дейін көшпелі өмір салтын ұстанған-ды. Ол қоғам рулық, тайпалық күн көруді қажет етті. Алаш заманында ұлт зиялылары қазақ қауымының рулық санасын ұлттық санаға биіктетті.

Екіншіден, қазақ халқы Алаш дәуіріне дейін мемлекетінен айырылып, туған жерінде жабайы жұрттық болып, Патшалық Ресей құрамында жуасыған қауымға айналып, ендігі заманда басымыз бірікпес, ел бола алмаспыз деп келешек күннен күдер үзе бастаған еді. Осындай күрделі тарихи кезеңде Алаш қозғалысы қазақ баласының санасына елдік идеясын сіңірді. Алаш көсемдері біртұтас ұлт ретінде ұйыса аламыз, жеке еліміз болады деген пікірді қоғамда бекітті. Оқыған қазақ бұл пікірге кәміл сенді. Сол арман күнге, тәуелсіз мемлекетке бүгінгі таңда біз жетіп отырғанымыз белгілі.

Алаш қозғалысының тарихы мен мақсат-мұратын терең зерттеген ғалым М.Қойгелді былай деп жазады: «Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамын жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды» (Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: «Алаш», 2004. – Т.1. – 552 бет.).

Алаштан еш құтыла алмаймыз, барған сайын одан қашпайтынымыз да белгілі. Себебі қазақ елін жаһандану заманында, сырттан әртүрлі қауіп-қатер төнген кезеңде құтқаратын жол – Алаш жолы дер едік. Ал Алашқа бүгін тәуелсіздік алған кезеңде неге сонша құмартуымыз керек деген сауал қоятын болсақ, оның сыры Алаш жолының ұлтты сақтаумен егіз екендігінде деп айтар едік.

ХІХ ғасырда жасаған ұлы ағартушылар Шоқан, Ыбырай, Абайдан кейінгі дәуірде тарих сахнасына шыққан Алаш қайраткерлері Ресей империясының ыдырау кезеңінде өмір сүрді де, туған ұлтының болашағы үшін саяси күресі сол империяның белгілі дәрежеде тарауын тездетті. Алаш қайраткерлері, сонымен қатар, империяның отарлық формасының бір түрінен екінші үлгісіне ауысу кезеңінің куәсі болды. Осы қиын-қыстау, күрделі тарихи-формациялық кезеңде өмір сүрген Алаш қайраткерлері жанкештілікке, құрбандыққа баруға даярланды. Біле білсек, империяның бір аймақтары отарлаудың бір формасы екінші үлгіге ауысқан кезеңде тәуелсіздікке қол жеткізе алды. Балтық теңізі жағалауындағы республикалар, поляктар мен финдер алмағайып кезеңде, Ресей Империясы Кеңес Одағына айналған уақытта тәуелсіздігін жариялауға мүмкіндік алды. Оларға азаттық әперген, ең алдымен, сол аймақта өмір сүрген халықтың санасында елдік идеясының күштілігі, яғни халықтың тәуелсіздікке деген аңсарының биіктігі, оқыған азаматтарының, бостандық үшін күрескен қайраткерлер бірлігінің жоғары тұрғандығы деуге болады.

Қазақпен туыстас, тағдырлас түркі халықтарының біразы ХХ ғасыр басында Ресей империясында орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістерден кейін әрқилы тағдырды басынан кешті. Қазаққа қарағанда олардың дені бүгінгі таңда тәуелсіз ел бола алмай қалды. Мысалы, соның ішінде татар, башқұрт, чуваш, алтай, хакас, тува, саха секілді халықтарды айтуға болады. Осы орайда Алаштың тарихи ролін көрсететін мынадай пікір келтіруге болады. Егер қазақ топырағында Алаш қозғалысы  пайда болмай, Алаш қайраткерлері елдік үшін күреспегенде, Алтай мен Атырау арасындағы бүгінгі біртұтас Қазақстан да шаңырақ көтермес еді. Қазіргі Қазақстан – Кеңестер Одағынан бөлінген Қазақ ССР негізінде пайда болған мемлекет те, ол – өз кезегінде Алаш автономиясының аумағында құрылған Республика. Яғни, осы күнгі Қазақстан Республикасы – Алаш автономиясының мұрагері. Бұл фактіні жоққа шығара алмайтынымыз қанша шындық болса, оның бірінен-бірі туындайтын мұрагерлік жолын зерттеу керектігі сонша қажет деп санаймыз. Жоғарыда аталған түркі халықтарында Алаш секілді саяси-ұлттық қозғалыстың күшті болмауынан, немесе жоқтығынан, олар әуелі жеке одақтас республика құра алмады, кейін одақ ыдырағанда тәуелсіз мемлекет ретінде шаңырақ көтермеді.

Алаш жолы, Алаш ұстанымы дегенге қысқаша қайыру қиын. Сонда да біздің айтарымыз: Алаш жолы – қазақ ұлтын және тәуелсіз қазақ мемлекетін сақтау жолы. Мысалы бүгінгі таңда ұлттық сипатта мемлекет құрған Жапон мен Оңтүстік Корея елдерінің жолы да – бір қарағанда, Алаш жолы дей аламыз. Егер Жапон мен Оңтүстік Корея өз елдерінде мемлекеттік институттарды құруда, мемлекет ісін жүргізуде туған топырақтан өрбитін ұлттық салт-дәстүрге негізделген құндылықтарға, сол елде тұратын титулдық ұлттың мүддесіне  берік болса, сол секілді біз де осы ділгір мәселеде қатал болуымыз керек. Заманында Алаш арыстары Жапон елінің даму жолын бекер таңдамағаны да белгілі.

Алаш неге танылмай жатыр?

Алаш бүгін елімізде неге кең көлемде дәріптелмей, танылмай жатыр? Алашты қалың жұртшылық неге білмейді деген сауалдың кейбір сыры мынада деп есептейміз.

Біріншіден, Алашты – ұлтшылдық, тек қазақ мәселесі деп түсінуден. Әділіне келгенде бұл – жалған пікір. Мысалы, Алашорда ұлт кеңесіндегі (үкіметіндегі) 25 орынның 10-ын Алаш қайраткерлері қазақ арасында мекен ететін өзге халық өкілдеріне қалдырды. Алаш қалам қайраткерлерінің еңбектерінде ұлттың мүддесі, елдің тағдыры көп көтерілсе де, онда ешуақытта қазақты дара қою, өзге халықтан жоғары санау, жағымсыз мағынадағы ұлтшылдық сипаты кездеспейді.

Екіншіден, бүгінгі билік оның ішінде заң шығарушы, атқарушы, сот саласындағы қызметкерлер Алашты тиянақты оқымағандықтан, білмегендіктен. Оның себебі қазіргі биліктегі қызметкердің көбіне Алаш мұрасын, Алаш құндылығын орта мектепте, жоғарғы оқу орнында, өмір жолында терең тануға мүмкіндік болмады. Алашты олар саналы өмірінде жалпы естіп қана қойды. Соның салдарынан Алаш мектеп бағдарламасынан бастап қалың елге кең насихатталмауда.

Үшіншіден, Алаш – Ресей империясына қарсы күрескен саяси күш болғандықтан. Төл тарихымызды зерттеу ісінде империяның бүгінгі таңдағы мұрагері – Ресей елінен әлі күнге дейін жалтақтау сезімі барынан. Біздіңше, бұл да – қате түсінік. Осы орайда үшінші мәселеге кеңірек тоқталсақ дейміз.

Қазақ елі шекарасының үштен бір бөлігі яғни жеті мыңнан астам шақырым жер Ресей мемлекетімен шектесетінін ескерсек, ұлттық мәселеде соның ішінде Алаш тақырыбын қозғағанда әр пікірімізге, пайымдауларымызға абай болғанымыз абзал. Ресеймен көрші тұрғанымыз – тағдырымыз. Бүгінгі Ресей Федерациясы патшалық Ресейдің елтаңбасы мен туын, Кеңес Одағының әнұраны мен саяси тәртібін ресми сақтаса, белгілі дәрежеде ол – өзіне дейін салтанат құрған сол мемлекеттердің мұрагері. Біз болсақ, сол мемлекеттердің қазақ халқына жасаған зұлматын ұмытпаймыз. Патшалық Ресейдің қазаққа қарсы қанды саясатынан бастап, Кеңес Одағының аштығы мен қуғын-сүргініне дейін – ұлт санасындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жазылмас жара деп есептейміз.

Сонда да бүгін біз Алаш қайраткерлерінің мәдениетті орыс оқығандарымен бір болғандығын мейлінше дәріптегеніміз абзал. Орыс халқының көрнекті ақын-жазушыларының, озық ойлы оқымыстыларының еңбегін Алаш қалам қайраткерлері қазақ тіліне аударғандығын, сол арқылы екі ел арасында көршіге тән сыйластықтың, достық сезімінің артуына қызмет істегенін насихаттауымыз керек. Мысалы, Алаш қозғалысының көсемі Ә.Бөкейхан орыс халқының озық ойлы зиялы қауымымен тығыз араласты. Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, В.Г.Короленко, Д.М.Мамин-Сибиряк сынды қаламгерлерін қазақша сөйлетті.

Алаш қайраткерлерінің Ресей империясына қарсы бағытталған саяси күресін тарихи қажеттілік, заман сұранысы, табиғи дүние екендігін өзіміз мойындап, өзгеге дәлелдеп, оның эволюциясынан бастап себеп-салдарына дейін тыңғылықты зерттеуіміз керек. Алаш қайраткерлері орыс елін тануға қатысқанын, оның мәдени, саяси, ғылыми дамуына үлес қосқанын жүйелі көрсете алуымыз қажет. Алаш қайраткерінің көбі Ресейдегі ғылыми экспедицияларға қатысты, халық санағын жүргізуге тартылды, әскерінде қызмет етті, оқу-ағарту жұмысында болды, дәрігерлік көмекке жұмылдырылды. Алаш көсемдерінің барлығы дерлік Ресей қалаларында білім алды, сол орталықтарда газет-журналдары мен кітаптарын жарыққа шығарды. Яғни, сол кезеңдегі оқыған қазақ пен мәдениетті орыс халқы, қазақ даласы мен империя арасындағы байланыс, қарым-қатынас екі жақты болғандығын ескереміз. Империя мен қазақ оқығандары арасындағы саяси тартыста бірінің екіншіні құртқанын айта беру дәл бүгін бізге Алашты елдік және халықаралық деңгейде танытуға кедергі келтіреді.

Алдағы міндет қандай?

Алаштың жолын, ұстанымын, қағидатын насихаттау, дәріптеу, әр салада сіңіру мақсатында Алашқа қатысты ұлттық бағдарлама қабылдануы керек. Оған сай Алаш идеясы, Алаш ұстанымы оқу-ағартуда, ғылымда, мәдениетте, спортта, журналистикада, экономикада, саясатта, діни саясатта, халықаралық қарым-қатынаста т.б. салада жүйелі сіңірілу керек. Сол заманда: «Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар»,- деп 1918 жылы «Жас азамат» газеті көрсеткендей, Алашқа қатысты қоғам пікірі өзгеріп, ойымызда, сөзімізде, ісімізде оның ұстанымына берік боламыз.

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр ішінде Алаш мұрасын жинау, насихаттау, зерттеу бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. Алаш тақырыбында ғылыми жиындар ұйымдастырылып, Алаш қалам қайраткерлерінің мұрасы жарияланды. «Алаш» баспасынан «Алаш мұрасы» сериясымен құнды кітаптар шықты. Отандық және шетелдік ғалымдардың монографиялары мен зерттеулері баспа бетін көрді. Мысалы «Алаш қозғалысы» атты анықтамалықта (авт. Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы) осы күнге дейін Алаш тақырыбына қатысты жарық көрген еңбектер, қозғалысқа қатысқан адамдар, Алаш атауымен байланысты ұғымдар біршама жүйеленді. Алайда атқарылып жатқан жұмыстың барлығы көбінесе жеке ғалымдардың ізденісі негізінде жүзеге асуда. Олардың еңбегі мемлекеттік деңгейде жинақталмауда, жоспарлы түрде бір бағытқа жұмылдырылмауда, бүгінгі күн талабына сай, тәуелсіздік мұраты тұрғысынан сараланбауда. Әр ғалым, ізденуші өзінің мүмкіндігіне қарай Алашқа қатысты зерттеуін жарыққа шығаруда, насихаттауын жасауда.

Ендігі кезекте Алаш мұрасы ел тәуелсіздігіне қызмет ететін, оны нығайтатын, сақтайтын құнды қазына екендігін ескеріп, Алашты тыңғылықты зерттейтін, нәтижесін бүгінгі күнмен байланыстыратын республикалық деңгейде ғылыми орталық жұмыс істеу тиісті деген ойдамыз. Ол мекеме мемлекеттен қолдау көріп, жұмыс нәтижесі алдымен білім саласында, одан кейін аталғандай, қоғамның әр саласында тиянақты сіңірілу керек. Ал алаштануда бүгін не істеу керек деген сауал қоятын болсақ, ол жұмыстың ауқымы көлемді, бағыты сан-салалы. Алдымен мәтінді оқитын мамандарды даярлап, Алашқа қатысты мұраны электрондық, қағаздық нұсқада түгел жариялау қажет. Архивте сақталған, әсіресе шетелдік қорларда жинақталған құжаттар мен деректерді басып шығару шарт. Мысалы Ресей қалаларынан, Тәшкенттен, алыс шетелден Алашқа қатысты архивтік материал әлі толық жинақталмады. Мысалы Алаш арыстарымен байланыста болған неміс профессоры Макс Кучинскийдің архиві бүгін Латын Америкасында сақталған. Онда Алашқа қатысты материал, суреттер табылуы мүмкін деп ойлаймыз. Осы уақытқа дейін Алаш мұрасы бойынша жарық көрген әдеби, тілдік, тарихи-деректік тағы да басқа материалға жүйелі сараптамалық зерттеу жүргізілуі тиіс. Ол бағытта да ең әуелі білікті мамандарды даярлау ісін дұрыс қолға алу керек.

Ұлттық мемлекет құру жолында Алаш жолын, Алаш тағылымын қашанда қаперде ұстаймыз. Саясат ісінде, экономикада, халықаралық қарым-қатынаста, оқу-ағарту, білім, ғылым, мәдениет, өнер салаларында, яғни балабақшадағы бала тәрбиесінен бастап, ел басқаруға дейін Алаш идеясына, Алаш ұстанымына берік боламыз. Онсыз дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосыла алмаймыз, тіпті тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыздың өзі қиынға соғады. Ел ретінде, ұлт ретінде сақталуды көздегенде, қаласақ та, қаламасақ та, Алаш жолына, Алаш ұстанымына берік болғанымыз ләзім. Бұл ­­– дәлелдеуді қажет етпейтін дүние, күн мен түннің ауысатынындай ақиқат шындық.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475