Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5597 3 пікір 19 Шілде, 2017 сағат 09:25

Қарыз

Бүгін жақын досым мен үшін үлкен бір соманы айтып қарыз сұрап келді. Тауып бере алмадым. Ыңғайсызданып қалдым. Есіме екі оқиға түсіп отыр. Асқар Сүлейменов ағамыздың басынан өткен мынадай оқиға бар. Марқұм Марат Қабанбай ағамыздың естелігін қаз-қалпында ұсынайын.

«...Бір күні, дұрысы, Алматының сия қара түні Мұратбаев көшесіндегі Асекеңнің пәтерінде шылым сораптап, шертпе күй тыңдап, ұзағырақ отырып қалдық. Алматының Асекеңе теріс айналып тұрған кезі. Әлден уақытта қара дауыл төпеп, терезе қақпақтары сартылдап, тоғай шуылдап, торғай шырылдап, таланттардың тағдырындай бір әлемтапырақ басталып кетті. Нөсер қиғаштап ұрып тұр. Үстел үстіндегі қағаздар еден үстіне сусып түсіп, бөлме ішін жаңбыр исі кеулеп, әптер-тәптер болдық та қалдық. Ас-ағаң сәл шамырқанып:

– Мұқағали ғой мына дауыл! – деді өзге дүниеден үн қатқандай әдеттегі құмығыңқы мұрын үнмен. Бір нүктеге тесіле қарап отырды да, телефонның тұтқасына қол салды.

– Такси керек, – деді арғы жағындағы ұйқылы-ояу қызға.

– Такси болмай тұр.

– Сүлейменов қой.

– Сөйдемейсіз бе, – деп құлағын бұраған патефондай саңқылдап сала берді әлгі періште.

– Сіз үшін табамыз. Қай жерге?

– Кеңсайға.

– Қай жерге, қай жер, қайталып айтыңызшы? – деп апалақтады үнді бикеш.

– Өлгендердің өлкесі.

Аз үнсіз қалған телефон:

– Күтіңіз, - деді тұтығыңқырап.

«Кеңсайда кімді ұмыт қалдырып ек?». Көзі үшкірленіп, ішкі қуатпен маздап жанып тұрған Асекеңе өйдей алмадық. Деген күннің өзінде жауап болмайтынын білетінбіз.

Қара жауынды жарып өтіп, таксидің таңқиған танауын Кеңсай зиратының қақпасына апарып тіредік. Қақпа жабық, күзетші көрінбейді. Амал жоқ, бойра-бойра «жылап тұрған» қақпадан асып түсіп, қорылдап тұрып ұйқыны соғып жатқан мас күзетшіні жағасынан алып тұрғызып алдық.

Леп белгісі секілді Ас-ағаңды алдыға салып, Өлілер мен Ұлылардың тас алашығын аралап келеміз. Тайқы маңдай жотаның құлама беткейін қиялап келіп тоқтадық. Қара құстың қанатындай түн, қалың жаңбыр, толарсақтан батпақ, туфлиіміз шылқ-шылқ етеді. Асекең көрден шыққандай күңгірт үнмен:
– Шам жақ! – деді.

Жарық шіркін қара жаңбырды қабырғалап барып, сүйір саусақтарымен жалтыраған аппақ мәрмәр маңдайды сипалады. Жерден көтерілген жылы бумен жаңбыр тозаңның арасында былауға салғандай ел-сел терлеп, баз рахатқа батып тұр екен жаңағы дәу мәрмәр бас...

– Армысың, Мұқа! – деді Асағаң ап-анық қып. Сонда барып аңғардық: Мұқағали Мақатаевтың құлпытасының тура түбінде тұр екенбіз. Ағамыз алға озып, құлыптас-ескерткішті қоршаған темір шарбақтың түбіне тізе бүкті. Біз де тұрған жерімізге шөкелеп отыра кеттік.

– Мұқа! – деді өшіңкі үн әр дыбысын нықтап. – Мұқа – сен көрдесің, мен – жердемін. Сен Ұлысың, мен құлыңмын. Көзің тіріңде қадіріңді білмедік, өлген соң атыңды өреге ілдік. Көп көрісіп, жүздеспеген ек. Соңғы жолыққанымда қиянат жасаппын. Кешір, Мұқа! Қазақтың қара шапанындай кең едің, кеш! – деп бетін сипады. Орнынан тұрып, етегін қақпастан таксиге беттеді. Біз болсақ есіміз ауып қалған, шатқалақтай басып, соңынан сүмеңдеп келеміз.
Кейінгі бір әредікте:

– Ас-аға, сол қиянатыңыз не? – дегенімзде, көзінің аласымен бір қарады.

– Өмірден өтерінен бір ай бұрын бас жазуға үш сом сұрап еді. Бере алмадым. Жоқ-тын, – деп қысқа қайырды.

Екі мықтыны бір қызылдың құны – үш сомға қаратып қойған сұм заман, ит қоғамымыз осы.»

Екінші оқиға да адам айтса сенгісіз. «Еларнаның» директоры болып отырған кезім. 2002 жылдың көктемі болуы керек. Кабинетіме жұпыны киінген, бірақ сөз мәнерінен зиялылықтың лебі есіп тұрған орта жастағы бір кісі келді. Өзінің Ресей қазағы екендігін, атамекенге жақында оралғандығын, жұмыс таба алмай жүргендігін айтып біраз отырды. Мамандығы экономист. Жоғары оқу орнында сабақ берген. Кетерінде қинала-қинала қарыз ақша сұрады. Жолына, тамағына. Бердім. Арада бес жыл өткен. Астананың әуежайынан Алматыға аттанайын деп тұрғанда қалта телефоным шыр ете қалды.

– Арман Скабылович, есіңізде ме, мен баяғы Ресей қазағымын ғой, мен сізді міндетті түрде көруім керек дегені... Дауысы таныс секілді. Дегенмен кім екенін есіме түсіре алмадым. Екеуміз Алматыда кездесетін болдық. Кездесуге кешігіп бардым. Анадайда жымиып тұрған кісіні көргенде ғана есіме түсті. Баяғы таныс. Тек киім киісі өзгерген. Еңсесі биік секілді. Амандасқан соң отыра қалып қалтасынан қойын дәптерін шығарып, күбірлеп бір нәрсені есептеген болды да маған ақша ұсынды. «Бұл не?» деген сауалыма: «Арман Скабылович, мен сізден кезінде қарыз алғанмын. Екі-үш айдан соң іздеп барсам, қызметіңіз ауысып кетіпті. Телефон нөміріңіз де... Содан бес жыл бойы сізді іздедім. Кеше ғана ойда жоқта «соткаңыздың» нөмірін біреуден алдым. Сенесіз бе, бес жыл бойы осы қарызды ойлап ұйықтай да алмадым» дегені... Сондағы қарызы бес мың теңге. Алдымда жердің емес, басқа планетаның, басқа өркениеттің өкілі тұрғандай тілім байланып мен қалдым. Қойын дәптеріндегі тізімнен соңғы фамилияны сызып тастап, үстінен ауыр жүк түскендей болып ол кетті. Біреуден қарыз сұрарда, біреу қарыз сұраса да осы бір екі оқиға есіме түседі...

Арман Сқабыл

Facebook-тегі парақшасынан

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475