Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дидар-ғайып 7502 2 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 10:36

Жұлдызы биік Жұмағаң еді...

 

...Жұмағаңды...Жұмабек Кенжалинді... бақиға бір жола сапар шегіп аттанған жандардың қатарына қосып, «марқұм» деуге көңіл сенгенімен, жазуға қол бармай отырғаны. Әдемі қара бұйра шашы толқын атып, маңлайы жарқырап, миығынан күліп қана жүретін осы бір биязы жан жалғыз күнде «жат мінез» танытып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалады деп ойламаппыз. «Өзекті жанға бір өлім» барын білсек те, өнегелі ісімен, өзіне әркез жақын тартып тұратын жарқын мінезімен, жанасып кеткен жалқы сәттің өзінде жаныңды жылы шуаққа толтырып жіберетін жайсаң жандарды, сірә, мына жарық дүниені мәңгі мекендеп қала береді деп ойлайтын болсақ керек. Жұмағаң турасындағы ойымыз да сол «фәни бағын мекендеуші адам» деген байламға бекігендіктен жаманат хабарға әуелде сене алмай дағдардық. Сөйтсек...солай екен...Өмірден Жұмағаң да озыпты.

Ортамызда ойсырап орны қалған аға-бауыр, аға-әріптес әм ұстаз туралы естелік сипатында жазылатын шағын дүниемізді алғашқы таныстықтан бастамақпын. Өйткені мен Жұмекеңмен тек баспасөз аламанында ғана араласып, әредік әңгіме дүкен құрып, пікір бөліскен екенмін. Бірақ соның өзі маған бекзат кісіні бек тануға мүмкіндік тудырыпты. Неге десеңіз, Жұмекең қалтарыс-бұлтарысы жоқ, қақ-соқпен де ісі кем, жүзіңе туралап бір қарап алып айтарын ашық, ірікпей айта беретін ақ еділ жанның өзі еді. Әсіресе, мейірін төгіп, бар ықыласымен құшағын жайып тұратын ыстық бейнесі қашанғы қалпынан аумайтындықтан оны басқаша кейіпте көріп, басқаша кейіпте танудың қисынсыздығын анық ұқтыратын-ды.

Мен ол кісімен 1995 жылдың маусым айында ұшырастым. «Халық Кеңесі» газетінің редакциясында. Иә, бас редактордың кабинетінде. Біздің қоғамның жадысы бос қой, тоқсаныншы жылдары Кенжалин басқарған кең тынысты республикалық тәуелсіз «Халық Кеңесі» атты газеттің жарық көргенін, аталған газеттің ел аумағында нөмірі бірінші газетке айналып кете жаздағанын ұмытып қалған шығар. Ендеше, ептеп еске түсіруге тура келеді. Ал, бұл газет жайында айтылғанда Жұмекеңнің есімі бірге аталатыны заңды. Заңды ғана емес, задында солай.

«Халық Кеңесі» газеті – тоқсаныншы жылдардың буырқанған оқиғаларының дауылпаз үні, Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес пен Әбіш Кекілбаевтың тұсындағы Парламенттің хабаршысы болды. Ол уақытта күнде бір жаңалық, күнде бір өзгеріс. Қазақ қоғамы таңдаулар мен мақсаттардың талқысында тұрған кезең. Бағыт, бағдары беймәлімдеу жаңа мен екпеттеген ескінің арасындағы тартыс-талас та ширыға түскен. Тәуелсіз ел атанғанымен бұрынғы сүрлеуден бұрыс кетсе, ұлы сүргінге ұшырайтындай ұйлығысқан қорқыныш жоғары жақтан да, бұқара халық арасынан да байқалады. Билік жағы қазаққа бостан өмірді бостан босқа бере салғанына ызаланғандай мінез танытып, ызбар байқататын Ресейден ығып әрі ішкі жағдайдан ілік шығып кете ме деп тайсақтаса, көпшілік күннен күнге кетеуі кеткен тіршіліктің соңы кедейшілік былай тұрыпты, аштыққа, тақыр таза жоқшылыққа ұласып кете ме деп үрей кешіп отырды. Осы тұста қазақ газеттері халықтың рухын көтеріп, сілкіндіретін мақалалар мен көсемсөздердің көшін бастап ала жөнелсін. Біздің бүгінгі «Рухани жаңғыру» деп жүрген жаңғыруымыздың алғашқы көші Тәуелсіздігіміз тәй басқан кезде басталған-ды. Халықтың рухын дүр сілкіндіріп оятқан мақалалар мен көсемсөздер көшін сол дәуірде «Халық Кеңесі» газеті бастап тұрды. Ал, «Халық Кеңесінің» екі тізгін, бір шылбыры Жұмабек Кенжалиннің қолында еді.

«Кіріңіз», - деді іштен. Жайтақтап кіріп бардым. Төгілдіріп қара костюм шалбар киген, мөлт қара шашы бұйраланып, кең маңдайына қарай серпілген ақ құба жігіт ағасы орынынан тұрып қолын соза берді. «Отырыңыз». Отырдық. Бірақ, ресми кабинеттегі мынау тым ресмиленген адамның сұсы еңсемді басып жібергендей болды. «Жайымды қысқа ғана баяндап, саулдарына қысқа ғана жауап қайырып, тайып тұрайын» деп ойладым со заматта. Қысылғаннан, тіпті, терлеп те кетсем керек. Төрдегі кісі жымиып күлді. Жымиып күлгенінің сондай шынайы, сондай тартымды болғанын қарамайсыз ба, ішкі әлемім біртүрлі жылып сала берді. Арқадан қағып, «айналайын» дейтін аға сөзіне зәру болып жүрген шағымыз: жанарыма жас үйіріліп қайтқанын да сезіп отырдым. Аға да сезсе керек, енді өзіне тән ресмилікке көшіп, істің жайын қозғап кетті. Сосын қолын тағы да созған: «Құттықтаймын, сіз енді Талдықорған облысы бойынша «Халық Кеңесі» газетінің меншікті тілшісісіз. Жас деп, әлі жоғары оқу орнын бітірмеген деп қармаймын. Сенемін». Бас редактордың бөлмесінен қанаттанып шықтым. Бойымда қаным ойнап, тау қопарардай тасқындап алғам. Болашағым жарқ етіп көрінгендей болды. «Енді жазамын, тек қана жазамын. Жазудан еш қол үзбеймін» деп толқып далада біраз жүрдім. «Тек қана жазамын. Жазудан еш қол үзбеймін» деуімнің себебі бар. Себебі: «газеттің шимай жұмысын қойып, ел қатарлы мен де сауда саттықпен айналыссам қайтеді?» деп іштей әрі-сәрі болып жүрген шағым еді. Оның үстіне айлығы да жұқарып, абройы да аласарып қалған жорналшы қызметіне әркім мұрын шүйіре қарап, оны аз десеңіз, жанашыр бір достарым ауылдан мал әкеліп сатуға шақырып жүрген. Шала құрсақпыз. Өңіміз жүдеу. Иығымызға ілген киім-кешегіміз екібастан жүдеу. Келешек күңгірт. Міне, сондай көңіл күйдегі жасқа Жұмағаңдай жігерлі ағаның жолыға кеткенін қарасаңызшы. Төс қалтамда «Халық Кеңесі» газетінің «меншікті тілшісі» дейтін куәлік, қолтығымда «Мамырлап мал жайылар өріс қайда?» дейтін көлемді мақалам бар, туған қалама құстай ұшып жөнелдім. Барған бетте құлаш-құлаш мақалалар топтамасын жазатындай құлшынып алғанмын.  Бұндай құлшыныс Жұмабек Кенжалиннің ұжымындағы әрбір журналистің бойынан табылып, сол 1995-96 жылдары «Халық Кеңесі» нағыз халықтық газетке, ұлттық басылымға айналды. Редакциядағы Жанболат Ауыпбаев, Самат Ыбырайым (бұл екі ағамыз газетте бас редактордың орынбасары қызметін атқарды), Серік Қаражан, Жаңабек Тойбазаров, Талғат Сүйінбаев, Думан Рамазандардың дүбіріне облыстағы меншікті тілшілер: Құттыбай Садықов (Қызылорда), Мәлік Мұқанов (СҚО), Қуаныш Ахметов (Жезқазған), Болат Үмбетов (Маңғыстау), Мақұлбек Рысдәулетов (Жамбыл), Ертай Бекқұлов (ОҚО), Ғалымбек Жұбатов (Павлодар), Мағжан Садыханов (Ақмола), Дәулетбек Мақашев (Қарағанды), Қайырбек Тореғожин (Көкшетау) сынды жүйріктер дүбір қосты. Редакциядағы сайыпқырандар өз алдына Жүмекеңнің сұрмергендері – меншікті тілшілері еді. Есімде: Мәлік аға Мұқанов (жаны жәннат болсын) Солтүстік Қазақстан облысындағы ұлттық мәселелерді сол бір әрі-сәрі кездің өзінде кемеріне келтіріп, келістіре жазатын. Журналистиканың қыр-сырын терең меңгерген Мәкеңнің жазуынан ұшынған пәле іздеп жанығатын залымдардың өзі уәж таппай діңкелеуші еді. Ал, мұқалмас жігерден жаралған Мұқанов нысанаға алған тақырыбын жеріне жеткізіп жазып қана қоймай, сынға құлақ аспайтын құрдымдармен заң алдында жүздесіп, сотта жеңіп кетіп те жүрді. Ол ол ма, «Халық Кеңесі» Совет өкіметі айдай әлемнен жасырып баққан сұмдық оқиғалар мен тарихи тағдырлы деректерді індете қазды. Өкініштісі сол – ұлттың таным-түсінігіне, рухының оянып, рухани кемелденуіне, өткеннің шындығын танып, болашақты тануына, салыстыру мен сараптауды үйренуіне өлшеусіз қызмет еткен қазақ газеттері оқырман тарапынан да, мемлекет тарапынан да осы уақытқа дейін тиісті бағасын ала қойған жоқ. Оқырман аталатын қауым кешегіні ұмытты, билік қазақ баспасөзінің бағылан басын босағада ұстауды ғана біледі. Біз өкінішпен еске ала айтып отырған қазақ баспасөзінің бір кезеңін үндемей жүріп-ақ биік белесте қортындылаған тұлғалардың бірі – Жұмабек Кенжалин еді. Жүмекең ескінің соңы, жаңаның басы ғана емес, ескінің ескірмейтін дәстүрін (қазақ баспасөзінде қалыптасқан мектептердің тәжірибесін) жаңамен жалғастыра алған алғыр да алымды басшы, дарынды бас редактор хәм азулы көсемсөзші болды. Әйтсе де, биліктегі қулар табиғаты жұмсақ Жүмекеңді иіп әкеліп жүйенің жұмысына салды. «Халық Кеңесі» жабылып тынды. Алқа қотан бір отырысымызда Жүкең «Халық Кеңесінің» қалай жабылғанын, газеттің жабылуына кімдердің ықпал еткенін жақсы білемін. Түбі соны ашып жазамын» деп қалып еді. Жазды ма екен? Ай, жаза алған жоқ-ау... Мен кейде ақындарға қызығам, айтарын жел үзген күзгі жапырақтың жайына аударып айтса да, айтады, әйтеуір. Ал, журналист ше? Журналистке айтарын ақтарып айту, жазарын жасырынбақ ойнамай жазу - оңайға түспейді. Журналист, журналист болғанда көсемсөзші деңгейіне көтерілген журналист, біздің қоғамда ішіне түскен қоламтаны кейде амалсыз сөндіріп, кейде қайта қоздатып, екіұдай хал кешіп жүріп өмірден озатын сияқты сезіледі маған. Жүмекең де сол кеппен тірлік кешсе керек, кейінгі жылдары  томаға-тұйықтау болып алды. Алайда оның жұлдызы әркез биік көрінуші еді. Жұлдызы биікте жарқыраған жан бір-ақ күнде жұлдыздар әлеміне көшті де кетті. Қайыр, хош...

Дәурен Қуат

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036