Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 39959 4 пікір 16 Тамыз, 2017 сағат 10:56

«Кока-коланың» пайдасы мен зияны

«Кока атауы – кокаин өсімдігі атауынан шыққан. Одан «кокаин» атты жергілікті тағам өнімдері, есірткі (наркотик) және кока-кола атты сусын алынады.

«Кока-кола» – Американдық «The Coca-Cola Company» компаниясы өндіретін алкогольсыз газдалған сусын.

«Кока-кола» сусыны 1886 жылы АҚШ-та ойлап табылған, әлемнің 200-ден астам елдерінде сатылады.

Сусынның құрамы толық айтылмайды, коммерциялық құпия делінеді». (Википедия – ашық энциклопедиясынан).

Соңғы жылдардағы әлем елдері ғалымдарының зерттеу қорытындылары бойынша жасаған ортақ тұжырымы:

Қазіргі таңда адам ағзасына, әсіресе жас балаларға аса  қауіпті сусындардың бірі кока-кола. Бұл сусын Американың брендiне айналып әлемге таралғаны соншалық, бұл газдалған сусынның дүние жүзiнде секундына 8 мың стаканы iшiледi екен. Кейiнгi кезде аталған сусынның адам ағзасына келтiретiн зияны туралы мамандар дабыл қаға бастады. Таяуда «Кока-кола» компаниясы өз сусынының жасалу құпиясын ашуға мәжбүр болғаннан кейiн мұндай күдiктер тiптi күшейдi. Компания өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспада екен. Әдетте оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiрқышқылы қосылады деп көрсетiлетiн. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ деп елдi сендiруге тырысуда. Дегенмен «кока-коланың» адам ағзасына келтiрер залалы күннен-күнге дәлелденiп отыр. Егер жүргiзiлген тәжiрибелерге сүйенсек, бiр стакан кока-колаға салынған кесек ет бiраз уақыттан кейiн бүрiсiп, кiшiрейiп кетедi екен. Дәрiгерлердiң пайымдауынша, кока-кола, әсiресе, балалардың бас сүйегiне, ойлау қабiлеттерiне орасан зор зиян келтiредi. Жалпы газдалған сусынды мөлшерден тыс пайдалану адам ағзасындағы кальций, темiр секiлдi ең маңызды элементтердi жойып, есесiне құрамындағы есiрткi зат өмiрiңiздi екi есеге қысқартады. Есесiне «кока-коланы» тот басқан заттарды, айғыздалған әйнектi сүртуге пайдалансаңыз, керегiңiзге жарайды.

Өздеріңіз көріп отырғандай, кока-коланың құрамы тұнып тұрған химикаттар мен зиянды бояғыш заттар және газдар. Таза ештеңе жоқ! Бұл сусынмен американдықтар мәшиненің моторын жуатын көрінеді. Қазақстандық  дәрігер  мамандар стаканға құйылған сусынға бауырды салғанда, бауырдың іріп (шіріп) кететінін, созылмалы асқынып кететін аурудың пайда болуы осы сусындардың кесірінен болатынын алға тартады.

Жақында медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Сыздықова: "Жажда-ничто, имидж - все? Кока-кола: угроза для здоровья нации" деген еңбегiнде "Кока-коланың" зиянды жағы туралы жазып шықты. Бұл материал газет беттерiнде жарияланды.

«Иман» журналының 2009 жылғы ақпан айындағы санында Раушан Кәрішалованың «Coca-Cola- харам» деген мақаласы мен «Президент және халық» (№04 (177) 30-қаңтар, 2009 ж) газетінде «Coca-Cola».. құрттан жасалады» деген мақалалар жарық көрді.

Онда сусын құрамында доңыздың ішек майының пайдаланылатыны туралы ағылшын тілінде мәліметтердің бар екендігі айтылған.  Ал, Мысыр елінің «www. nawafnet.net» сайтында Америка Құрама Штаттарында 6 жыл тұрып осы сусынды зерттеген мысырлық доктор Кәшғаның араб тіліндегі пікірі де жоғарыда ағылшын тілінде келтірілген мәліметпен сәйкес шыққан. Атап өтер тағы бір жәйт, бұл сусынның құрамымен бірдей пепси кола, сонымен қатар құрамында лимон қышқылы бар коллекциялық шарап, сыра, жүзім шырыны, апельсин, т.б. күнделікті тұрмыста да қолданылады. Кейбір «өнертапқыш» пысықай әйелзаты әжетханаға алғашқы екі сусынның бірден екі бөтелкесін газын пысылдата аударып иіс-қоңыс пен құбыр таттарын тазалайды. Осылайша құбыр бойынан кір мен нәжістің тоқтаусыз ағуына еркін жол ашылады. Бұл бірінші қызметі. Ал, уақыт сынынан өткен тағы бір қызметі - сойылған мал қарнының бүрін пышақпен қырып кетірмей-ақ оған аталмыш екі сусынды құйса ілезде жидіп, сыпырылып түсе қалады. Ал, мұны ішушінің асқазанына қаншалық зардабы тиетіні бір Аллаға ғана аян.

2014 жылдың ақпан айының басында Парламент Мәжілісінде депутат В. Нехорошев энергетикалық сусындардың адам ағзасына зияны туралы мәселе көтерді. Заң шығарушылар бұған қатысты ұзақ пікір алысты. Бұқаралық Ақпарат Құралдарыда бұл тақырыпты іліп алып біраз шулатты. Кәсіби мамандардың пікірлерін тоғытты. Бұл сусындардың адам денсаулығына белгілі дәрежеде тигізер зияны бар екендігі  айтылды.

Біздің елімізде энергетикалық сусындардың зардабынан қалай құтылу мәселесі енді ғана көтеріліп жатқанда, ал олардың шыққан отаны Американың сусын өндірушілері өз мектептеріне құрамында қанты бар сусындарды жеткізуді мүлдем тоқтатты. Өнеркәсіп өкілдерінің баяндамасында соңғы 5 жылда мектептерге колориясы жоғары сусындарды жеткізу 95 пайыз азайтылғаны айтылды. Олар жеміс-жидек шырындары, су және колориясы аз сусындармен алмастырылған. Оған мектеп оқушыларының жоғары колориялы жедел дайындалатын тағам мен тәтті сусындардың әсерінен жаппай салмақ қосуы (шектен тыс семіруі) негіз болған.

Құран Кәрімде  алкоголь өнімдері мен доңыз етінің харамға саналатыны айқын көрсетілген. Әйтсе де,  адам денсаулығына зияны бары айтылып та, жазылып та жатқан күмән туғызған энергетикалық сусындарды да өз қалауынша қолданушылар да баршылық. Зайырлы елде нендей тағам мен сусынды адал не харамдығына қарамай пайдалану әркімнің өз еркінде. Дегенмен, мұсылмандарды сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, адал мен харамның беті ашылды, бірақ бұл екеуінің ортасында көпшілік біле бермейтін күмәнді нәрселер бар...» деген хадисі сол күмәнді нәрселерден бойды аулақ ұстауға шақырады. Мұсылман баласына, өзіңе және өзің арқылы ұрпағыңа сынақ (эксперимент) жасаудың еш қажеттігі жоқ.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052