«Көкеге» қатысты көкелерімнің қателері
Төреғали Тәшенов
«Көке» деп аталатын естеліктер мен зерттеу еңбектер кітабын құрастыруда барынша шатасқан Болат Шарахымбайдың "кейіпкері" Тоқаш Бердияровты толық танып-білмейтін Төреғали Тәшенов оқырман қауымға қате деректер ұсыныпты. Біз соның қайысібір тұсына өз түзетуімізді енгізіп, ескерту жасағанды жөн көрдім. Қысқасы, «Көкеге» қатысты көкелерімнің қателерін айтуға тура келіп тұр.
Әдетте қаламгер қауым ғұлама ғалым Зейнолла Қабдолов қадап айтқандай, әдебиетті – ардың ісіне балайды. Өз кезегінде ойлы оқырмандар да ақын-жазушылардың шығармаларынан шынайылықты көргісі келеді. Демек, қолына қасиетті қалам ұстаған жандар жайлы жазылған дүниелер де осындай биік талап деңгейімен өлшенсе керек. Қателікке, әбестікке ұрынуға әсте болмайды. Ендеше, әдебиеттанудағы жаңсақтық абиыр әпермейтінін екінің бірі терең сезінгені ләзім. Өкінішке орай, бүгінде мұның бәрі де біз ойлағандай емес.
Ақиық ақын Тоқаш Бердияров туралы «Көке» деп аталатын естеліктер мен зерттеу еңбектер кітабы қолымызға тиісімен онымен тезірек оқып-танысуға асықтық. Кітап былтыр Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспасынан 500 данамен жарық көріпті. Бұл естеліктер кітабын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Шарахымбай құрастырыпты.
Екі бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы бөліміне мақалалар, екіншісіне арнау өлеңдер топтастырылыған екен. Алайда, кітап құрастырушы көптеген жаңсақтықтарға ұрынған. Айналдырған қырық шақты адамның жазған-сызғандарын тиісті талапқа сай төгілдіріп бере алмаған. Мәселен, осы кітапта (13-17 беттер) жарияланған «Поэзия шындығы» атты еңбектің авторы Мұхтар Әуезов емес, Рахманқұл Бердібай болатын. Бұл зерттеу мақала «Сын және библиография» деген айдармен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1955 жылғы 4 желтоқсан күнгі № 286 (9 868) санында жарияланған. Бұған Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарып көрсеңіздер, көздеріңіз анық жетеді. Егер тірі болғанда мұны көрген қос қаламгер де Болат Шарахымбайға әбден өкпелеп, қатты ренжіген болар еді.
Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Рахманқұл Бердібай – әйгілі әдебиет сыншысы, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қарап отырсаңыздар, екеуінің де атақ-даңқы деңгейлес. Олардың бірі – төрткүл әлемге танымал классик жазушы болса, екіншісі – сарабдал сыншы. Демек, өзі жазбаған зерттеу мақалаға автор етіп көрсету арқылы Мұхтар Әуезовті мұқатып, әдейілеп әлсіретпестен, Рахманқұл Бердібайды расымен биіктетуге болатын еді ғой. Мақала соңына «1955 жыл. El.kz сайты. 12 қараша 2013 жыл» деп көрсеткен Болат Шарахымбайдың неліктен оның авторын алмастырып алғаны түсініксіз.
Естеліктер кітабын құрастырушы тағы бірде былайша қателеседі. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Тентек Тоқаш» эссесінің «Кітап жуу» деген бөлімін «Кітап жазу» (132) деп шатасады.
Бұған қоса-қабат кітаптағы авторлар белгілі бір жүйеге келтіріліп, алфавиттік ретпен берілмеген. Мәселен, Бақыт Сарбалаевты – Бақыт Сарбалаұлы (89), біресе Б.Сарыбалаұлы (334) деп көрсетеді. Асқар Егеубаевты – Асқар Егеубай (113; 334), Қадыр Мырза Әлиді – Қадыр Мырзалиев, Қадыр Мырза Әлі, (74; 90; 107; 335) деп келтіреді. Күлпара Жұмағалиды – К. Жұмағалиева (334) деп қысқартып жазады. Ақжарқын Әбиқызы Смайылованың бір мақаласы 246 бетте, екіншісі 281 бетте жүр. Төреғали Тәшеновті 255 беттен көрсеңіздер, енді бірде 312 беттен кезіктіресіздер. Ешкімнің атқаратын қызметі мен ғылыми атағын жазбай келеді де Бейсенбай (дұрысы – Бейсембай) Кенжебаевты (28) – профессор, Гүлжаһан Орданы (228) – филология ғылым(дар)ының докторы, профессор, Тойлыбай Томарбековті (272), дұрысы – Тойлыбай Томарбаевты – Абай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бұхарбай Пармановты (281) – Сарыағаш (қазіргі Төлеби) ауданының әкімі, Төреғали Тәшеновті (312) – ақын деп көрсетеді. Журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер Әбдісаттар Әліп пен Әбдісаттар Тәшімбетов (Тәшімбет) түптеп келгенде бір адам екенін білмейді немесе білгісі келмейді. Әйтпесе Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі деп шатаспас еді ғой (234-245) .
Тым құрығанда өзінің әріптестері болып табылатын қаламгер қауым – ақын-жазушылар мен әдебиет зерттеушілерінің атын-жөнін дұрыстап жаза алмағанына жол болсын. Кітап құрастырушының мұнда да өзінше «жаңалық» ашып, әбестікке ұрынғаны ұят-ақ! Мысал дейсіз бе, жетіп-артылады. Мәселен, Мұзафар Әлімбаевті – Мұзафар Әлімжанов (115), Аманхан Әлімұлын – Аманхан Әлімов (72; 80), біресе Аманхан Әлім (310; 311), Қалижан Бекхожинді – Қалижан Бекқожин (248), Рахманқұл Бердібайды – Рахманқұл Бердібаев (289), Мәлік Ғабдуллинді – Мәлік Ғабдулин (174), Әнуарбек Дүйсенбиевті – Әнуар Дүсенбиев (220), Әбілмәжін Жұмабаевты – Әбілмәжүн Жұмабаев (46), Төлеужан Исмаиловты – Төлеужан Ысмайылов (104; 184; 195), Төлеужан Ысмаилов (126), Төлеужан Исмайылов (191), Бейсембай Кенжебаевты – Бейсенбай, Бейсембай Кенжебайұлы (44), Немат Келімбетовті – Немет, Немат Келімбет (273), Исраил Сапарбайды – Исраил Сапарбаев (302), Қапан Сатыбалдинді – Қапан Сатыпалдин (184), Асқар Сүлейменовті – Асқан Сүлейменов (220), Юрий Тыньяновты – Юрий Таньянов (180) деп жазып, оқырмандарды әбден шатастырады. Бұдан бөлек 1986 жылдың соңында Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) бірден-бір себепші болған Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевті – Михаил Сергеевич Горбочев (205), Тоқаңның майдандас досы Ерназар Смайыловты – Ерназар Исмаилов (288), ағайын інісі Құттыбай Қалыбаевты – Құттыбек Қалыбаев (290), ақиық ақын Тоқаш Бердияровтың барлық кітаптары, альбомдары мен қолжазбаларын үптеп кеткен Жанар, әлде Жанат Медетованы – Жанар, әлде Жанат Меденова (288) деп қате жазады.
Енді Төреғали Әліпұлы Тәшеновке тоқталайық.
Тоқаңды көрмеген, оны толық танып-білмейтін Төреғали Тәшенов ақиық ақын туралы ойына келгенін долбарлап жаза береді екен. Жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз:
Екі Келес, бір Талас,
Бал татыған жерің-ай.
Ағайының аралас,
Тату екен елің-ай, –
деп таңдана тамсанған киелі Келес пен сол өңірден түлеп ұшқан арқалы ақын Тоқаш Бердияровты білмеу тым ұят-ақ. Мәселен, оның «Тағдырлы Тоқаш ақын» атты мақаласында «Өзінің туған Келесінде ғана 70, 80 жылдықтары қарапайым ғана аталып өткен» (255) деген сөйлем бар. Дұрысы -- 50, 60, 70 жылдық мерейтойлары болу керек еді. Ақынның 80 жылдық мерейтойы тек оның есімін еншілеген № 127 жалпы орта мектебінде ғана атап өтілген. Сол Төреғали Тәшенов «Тосын Тоқаштың торқалы тойы» деп аталатын мақаласында «Содан бері өткен 30 жылдың ішінде бірде-бір кітабы басылып шықпапты» (315) деп соғады. Дұрысы – 26 жыл ішінде болу керек еді. 1989 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан ақын Тоқаш Бердияровтың «Что в сумке?» атты өлеңдер жинағы Бақытжан Қанапияновтың аударуымен орыс тілінде жарық көрген болатын. Сөз орайы келгенде ақынның тұңғыш қызы Эльмира Торқысбекқызы Бердиярованың алғашқы мамандығы – стоматолог (тіс дәрігері). Оның итальяндық ірі бизнесмен жұбайының аты-жөні – Лесли Поль, ұлының есімі Джакомо – Ескендір екенін де естеріңізге сала кетейік. Анасы итальянша даярлаған тағамдарының біріне өзінің ұлының атын қойған жағдайы тағы бар. Эльмираның екінші мамандығы – сумилие емес, сомелье (шарап ісінің маманы). Тоқаштың екінші қызының аты-жөні Зухра Құдайбергенова емес, Зухра Торқысбекқызы Бердиярова. Мұны тәптіштеп айтып отырғанымыздың себебі аталмыш кітапта бұлардың бәрі де (315) толық әрі нақты көрсетілмеген.
Ақын, Мемлекеттік және Қазақстан комсомолы, сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтары мен «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген баспа қызметкері, Шахимардан Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің Құрметті профессоры Есенғали Раушановтың «Теңіз-теңіз ойларда тербелдім көп...» деп аталатын арнау өлеңінің (322-323) тақырыбы қойылмаған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының иегері, Арыс қаласының Құрметті азаматы Аманхан Әлімұлының «Тоқаш көкеме» атты өлеңінің басындағы:
Жалғыз уыс топырақ
Туған жерден бұйырсын.
Тоқаш көкем.
... Көкем солай бір күні ақ құс болып
Ұшып кетті өзінің Келесіне.
Есенғали РАУШАНОВ
деген өлең жолдарын эпиграф етіп бермеген (324). Кейбір авторлар туындыларының бұрын қай басылымда, яки кітапта жарияланғанын көрсетуді де ұмыт қалдырған.
Фотосуреттерге сөз жазуда да бірқатар олқылықтар орын алған. Сейфолла Оспан, Жұмекен Нәжімеденов, Тоқаш Бердияровтың аты-жөнін айтпастан, жай ғана «Қазақтың үш шыңы» дей салған. Мұны қаламгер қауым болмаса, былайғы жұрт қайдан білсін?! Тағы бірде ақынның үлкен қызы Эльмираның есімін елеместен, жай ғана «Тоқаң тұңғышымен» депті. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Келес өңірі, Қошқарата ауылдық округінің орталығы – Бесқұбыр ауылындағы мәдениет үйін Бесқұдық ауылы мәдениет сарайы деп қателікке жол берген. Өзбекстанның Жаңажол қаласын Янгиел ауылы деп көрсеткен.
Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің тілшісі, ақын Төреғали Тәшеновтің неліктен жиі жаңылыса беретініне таңданып, таңқалудан басқа амал таппай отырмыз. Кейде ол өзі бармаған, көрмеген нәрселер жайлы да долбарлап, жобалап жаза салуға құмар. Мысал дейсіз бе, жетіп-артылады. Мәселен, ол 2016 жылы 30 наурызда Қазақстан Жазушылар одағында өткен ақиық ақын Тоқаш Бердияровқа арналған «Көке» деп аталатын естелік кітаптың тұсаукесер рәсіміне келіп қатысқан жоқ. Алайда, өзі қызмет істеп, жалақы мен қаламақы алып жүрген басылымның 2016 жылғы 6 сәуір күнгі № 50 (2926) санында Ақтан Қоңыр деген бүркеншік атпен «Жаназық» деп айдар тағып, «Тоқаш томының тұсаукесері» атты бір-ақ абзацтан тұратын шап-шағын мақала жариялады. Біз оның Төре Ғали деген бүркеншік атпен де мақала жазатынын білеміз.
Ең алдымен айтарымыз бұл мақалаға дұрыстап тақырып қойылмаған. Әңгіме Тоқаштың томы емес, тек бір ғана жалқы естелік кітап жайлы болып отыр. Екіншіден, іс-шара шығармашылық одақтың фойесінде емес, шағын ғана бір бөлмесінде өтті. Үшіншіден, басқосуда тілек айтпаған жазушылар – Жұмабай Шаштайұлы, Талғат Сүйінбайұлы, Толымбек Әлімбекұлын сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті дегені өтірік. Төртіншіден, Сарыағаш ауданынан келген жерлес інілерінің (дұрысы – інісінің) аты-жөнін (Әбдісаттар Әліп) көрсетпеген. Бесіншіден, «Мұхтар Әуезовтен бастап көптеген көрнекті тұлғалардың (дұрысы – 44 автордың) зерттеу еңбектері мен естеліктері топтастырылған кітап қалың оқырман үшін құнды дүние екені анық» деген сөйлемде де нақтылық жоқ. Сонда атақты ақын-жазушы, ғалымдармен қоса-қабат ауылдың қарапайым тұрғындары да тұлға болғаны ма?! Әрине, бұл жерде біз кейінгілерінің беделін әсте түсіргелі отырған жоқпыз. Алтыншыдан, «Сондықтан министрлік тарапынан қайта басылып, кітапханаларға тарату жағы қолға алынуы тиіс» деген сөйлемде қай министрлік екенін жазуды ұмыт қалдырған.
Мақала жазуда жиі жаңылыса беретін тілші Төреғали Тәшенов оқырманды адастыруға, шатастыруға болмайтынын білмей ме екен?! Ол жіберген ағаттықтары үшін газет бетінде өз оқырмандарынан кешірім сұрауы керектігін ескерткіміз келеді. Киелі өнер адамдары, соның ішінде ақын-жазушылар жайлы жазылған естеліктер мен зерттеу еңбектерде оқырманды адастыратын жаңылыстыруларға, жаңсақтықтарға, әбестік мен әдепсіздікке жол беруге әсте болмайды деп білемін.
Құрметпен, Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің үздік диплом иегері, аталмыш жоғары оқу орнындағы Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант, 2016 жылы Шымкент қаласындағы «Азиат» баспасынан «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көрген «Тоқаш Бердияров «Талантымен талайды тамсандырған Тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты бірінші кітабының құрастырушы редакторы.