Рухани ақсүйек һәм ертоқым
Бүгін үйімнің жанындағы қоқыс жәшігінен ер-тоқым көрдім. Тазалық қызметкерлері әдеттегідей қоқыс жинап жүр екен. Қоқыс жәшігінен жартылай сынған, ескі, ағаш ер шығыпты.
Қалада оның қайдан жүргені, онда кімнің апарып тастағаны белгісіз. Бірақ маған бұл көрініс үлкен ой салды. "Ертоқым деген біз үшін тек қана бұйым емес қой" дедім ішімнен. "Ол тұтас бір тарих. Тіпті бізді осы күнге жеткізген басты дүние. Көшпендінің қанаты ат, қаруы қылыш, қарымы білек еді. Бірақ осының бірін де ертоқым болмаса ұрыс даласында дұрыс қолдана алар ма едік?! Қайдам...
Тіпті осы ертоқымды ойлап тапқан да біз. Қаладағы алтын тақтан, даладағы ерттеулі аттың тоқымын артық көретін қазақпыз ғой. Ескі болса да, оны қоқысқа тастауға болмас" деп ой түйгенім сол еді, әлгі тазалық қызметкерінің біреуі оны өз үйіне апарып, ары қарай не істеу керектігін атамнан сұраймын демесі бар ма?. Өзі бай болмаса да, рухани ақсүйек екен. Қатты риза болдым. Қандай қызмет атқарсақ та, қазақ болып қалайық ағайын!
Асхат Қасенғали
Facebook-тегі парақшасынан