Жұма, 20 Қыркүйек 2024
2804 0 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 09:08

«VOLKSFEST – 2017» фольклорлық фестивалі өтті

 

Астанада 11 шілде күні «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі шеңберінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін насихаттауға  арналған   «Volksfest – 2017» фольклорлық фестивалі  болып өтті.

Бұл іс-шара М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өткізіліп, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Осы мерекелік кештің концерттік бағдарламасын ұйымдастырған Қазақстандағы «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі қауымдастығы екенін атап өткен жөн.

Фестивальдің ашылу салтанатына ГФР Бундестагының депутаты, федеральдық үкіметтің қоныс аударушылар және аз ұлттар істері жөніндегі өкілі  Хартмут Кошик, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Қазақстандағы немістер үшін ең маңызды оқиғаға саналған «Volksfest» фестивалінің өзіндік ерекшелігі бар екені дау туғызбайды. Осы арқылы немістердің мәдениеті мен тілі республикалық және халықаралық дәрежеде көпшілікке танылды. Ұлтаралық келісім, достық пен рухани бірлікке негізделген бұл іс-шара шығармашылық әріптестікті одан әрі дамытуға сара жол салды.

ГФР Бундестагының депутаты, федеральдық үкіметтің қоныс аударушылар және аз ұлттар істері жөніндегі өкілі  Хартмут Кошик өз сөзінде Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының маңызына тоқталып, Қазақстандағы «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі қауымдастығының осындағы немістер мүддесіне мемлекеттік деңгейде қарайтынын атап өтті.

Қазақстандағы немістер республикамыздағы этникалық топтардың ішінде сан жағынан жетінші орынды иеленген. Олар Қазақстан мен Германия елдерін жалғастырушы алтын көпір ретінде танылған. Осы істің жүйелі үйлестірілуіне этностардың тарихи отандарымен байланыстардың сақталып, нығаюы қызметін басым дамытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы аса зор еңбек сіңіріп отыр.

Маңызды іс-шараның қонақтары мен қатысушыларын құттықтаған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Д.Қ. Мыңбай былай деді: «Осындай іс-шаралар арқылы біз болашақ ұрпаққа бай мұрамызды таныстырып, ежелгі сабақтастық тінін тереңге жалғастыра аламыз». Ол одан арғы сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі - осында тұрып жатқан барлық ұлттардың мәдениеті мен тілдерінің сақталуына  айрықша күш салынып жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында фольклорлық құндылыққа негізделген «Volksfest – 2017» фестивалі аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына тамаша концерттік-ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Осы кешті әрлендірген вокальды және хореографиялық бағдарлама да ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, неміс мәдениетінің құндылықтары жиналған барша қауымды тәнті етті.

 Мерекелік фестивальді өткізу барысында ағайындық, татуластық тінін одан әрі жалғастыру мақсатымен Германиядан арнайы қонақтар шақырылды. Сонымен бірге, театрландырылған іс-шараға Павлодар, Рудный және Қарағанды қалаларының шығармашылық өнерпаздары қатысып, ән шырқап, мың бұрала би биледі. Осы кеште қазақ және орыс тілдерінде де ән шырқалды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанда  тұрып жатқан этностардың қалыптасқан салт-дәстүрімен және әдет-ғұрыптарымен жұртшылықты кеңінен таныстыру әрі қазақстандық этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту. Сондықтан осы кештегі келісті іс-шара арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстан халқының бай тарихи-мәдени мұрасымен тағы бір мәрте кеңірек танысты.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

 

0 пікір